Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 28 Қаңтар, 2023

Тарих сабағын емес, тарихты сүйемін!

Заман талабына ілесу, оған бейімделу – заңды әрі өте дұрыс қасиет. Өйткені жаңа ұрпақ дүниеге жаңа талаппен келмек. Ал олардың талабына алдыңғы буын жауап бере алмай жатса, ұрпақ арасындағы алшақтық күшейе береді. Біз тарихты, классикалық әдебиетті білмегені үшін жастарды кінәлауға әуеспіз. Бірақ жастар үлкен болып көрген жоқ. Ал үлкендер жастық шақты бастан кешкен. Сондықтан олардың кеудесіндегі ерекше талапты алдыңғы буын ұмытпай, ұғынуға тиіс. Еліміздегі орта мектептердегі бағдарлама бірдей. Бұл балалардың барлығы дерлік бірдей деңгейде білімді болып шығады деген сөз емес. Өйткені осы тұста оқыту әдісі деген маңызды фактор бар. Яғни ұстаз жеке білімінен бөлек өзінің оқыту әдісімен ерекшеленуге тиіс. Нені оқыту бір бөлек маңызды болғанда, оны қалай оқыту керектігінің маңызы тіпті ерек.

Тарихты үшке оқыдым...

Мен ол жігітті Instagram желісінен жолықтырып, көзқарастары мен жастарға тарихты жеткізудегі тәсіліне тәнті болдым. Ол бәріміз білетін тарихи деректерді ерекше және жастарға қызықты форматта жеткізеді. Сонымен қатар тарих пен этнографиядағы біз білмейтін, тіпті мән бермеген дүниелерді айтады. Жалпы оның контентін үш топқа жіктеуге болатын сияқты. Міне, осы үш тақырып бойынша Нұрқожа Ерсайын жастарға тарихты мектеп бағдарламасынан бөлек стильде таныстырып жүр. Оның ерекше әдістері мен ойлары жөнінде әңгіме өрбіту мақсатында сұқбатқа шақырдық. Тарихшы, блогер Нұрқожа Ерсайынмен әңгіме оның мектептегі кезеңінен басталды.

– Мектепте тарихты үшке оқыдым. Тарихтың өзі қызық болғанымен, тарих сабағы өте қызықсыз еді. Өйткені соғыстар мен хандар жайлы ғана айтамыз. Ханның туған жылы, хандық құрған уақыты мен өлген жылы. Меніңше, тарих тек хандар мен батырлардан және соғыстан тұрмайды ғой. Маған сол кезеңдегі халықтың түсінігі мен тұрмысы қызық. Ал ол туралы тарих оқулықтарында мағлұмат өте аз. Сондықтан болса керек, тарихи ғимараттарды реставрация жасау мамандығына оқуға түсе салып, тарих туралы өзімше іздене бастадым.

– Шыңғысхан туралы материалыңда «ол заманда ұлт туралы түсінік жоқ. Ұлт түсінігі XVIII-XIX ғасырларда пайда болды» дейсің...

– Иә, «ұлт» түсінігі осы ғасырларда пайда болып, мемлекет пен ұлттың сәйкесуінен ұлттық мемлекеттер дүниеге келе бастады. Бұл тенденцияның бастауында – Франция тұр. Одан ары АҚШ тенденцияны қолдап, әлемге таралды. Бірақ біздің түсініктегі ұлт пен олардың түсінігіндегі ұлт бір-біріне сәйкес келмейді. Олардағы «ұлт» сөзі (национальность) – біздегі азаматтық ұғымына сәйкес. Біздегі «ұлт» ұғымымен олардың «этнос» сөзі сәйкеседі. Яғни «этникалық қазақ» дегеніміз – қазақ ұлты. Ал «қазақ» деп тұтас Қазақстанда өмір сүретін мемлекет азаматтары аталады. Біздің территорияда  өмір сүрген, тіпті бүкіл әлемдегі хандықтар мен патшалықтардың бәрі дерлік белгілі бір мүддемен бірігіп, бір басшыға бағынған тайпалар бірлестігі ғана болатын. Ұлт түсінігі қалыптасқанша...

– Біз Әбілқайыр хандығы, яки көшпелі өзбек хандығынан бөлініп, Қазақ хандығын құрдық. Бөліне сала өзімізді «қазақ» деп атадық па?

– Жоқ, бірден атағанымыз жоқ. Жалпы Өзбек хандығы деген дұрыс емес. Алтын Орда кезінде Өзбек ханның болғанын білесіз. Оның Ордада өзінің ұлысы болды. Солар өздерін Өзбек ханның ұлысымыз, кейіннен белгісіз себептермен ұлыс адамдары өзін «өзбек» деп атай бастады. Жалпы ол шақтарда ұлысты ханның атымен атау ыңғайлы болатын. XV ғасыр жылнамашыларының деректерінде Керей мен Жәнібекпен бірге бөлінген 20 мың адам өздерін өзбек-қазақ деп атайды деген деректер кездеседі. Ал толық қазақ деп атай бастаған заман кейінірек болған.

– Бүгінгі өзбек халқы бұл этнонимді қалай сақтап қалды? Бір халық сияқтымыз. Тіпті тіліміз де өткен ғасырдың орта шеніне дейін бірдей болған деген деректер кездеседі...

– Германияның оңтүстігі мен солтүстігіндегі екі тіл де неміс тілі деп аталады. Олардың айырмашылығы өзбек пен қазақтың тілі секілді. Осы негізде өзбек тілі мен қазақ тілін бір тіл, жалпы түркі тілі деп атасақ болады. Ал олардың бұл этнонимді сақтап қалуы қызық құбылыс. Меніңше, біз өзімізді өзбек деп, олар өздерін басқаша атағаны дұрысырақ болар еді. Өйткені көшпелі өзбек хандығына олардан гөрі біз жақынбыз. Қай тұрғыдан алып қарасақ та. Өйткені олар парсылармен көптеу араласып, тұрмыстық және тілдік, мәдени жағынан көп өзгеріске түсті.

Төреде туыс жоқ...

– Атамнан бір қызық әңгіме естіп едім. Ол кісіге өзінің Шығыс жаққа барып келген атасы айтып беріпті. Сонда сөз арасында «Керейлер де біз секілді қазақша сөйлейтін халық екен ғой» деп таңданып отырады екен. 

– Мұндай таңданыстар болғаны рас. Өйткені қазақтар қанша көшпенді болғанымен, өздеріне берілген территория ішінде көшіп жүрді. Бір-бірін таңсық көрді. Жалпы қазақтың Тәуке хан тұсында үш жүзге бөлінуінің өзі қателік болды ма деймін. Өйткені үш жүз – үш мемлекет сияқты болатын. Өз ханы мен өз заңдары, билері бар... Ал тұтас бір ханға бірігу тым қиын еді. Өйткені билікте төрелер, ал төрелерде бауырластық аз Һәм олардың әрқайсысы баяғы Шыңғыс бабасындай жеке дара билегісі келетін...

– «Билер институтының жоғарылап, төрелердің билігінің әлсіреуі – қазақ хандығының ыдырауына басты себеп болды» деген пікір бар.

– Меніңше, ол қате. Біздегі Шыңғысханнан кейінгі соғыстың көп болуы мен басымыздың бірікпеуіне Шыңғыстың бір қателігі себеп. Атақты ханның жалғыз әрі ең үлкен қателігі осы шығар. Ол балаларына билікті бөлгенде, төрт ұлына үлестірді. Төрт ұлыс пайда болды. Соғыстың бәрі осы ұлыстар арасында болған. Кейбір тарихшылар Шыңғысхан абсолютті монархиялық билікті сақтап қалуы керек еді дейді. Бәлкім, сол кезде мұнша көп соғыс болмас па еді? Кім білсін?! Жоғарыда айтқанымыздай, әрбір төре Шыңғыс бабасын үлгі тұтып, алып империя құрғысы келді. Олай болмаған күннің өзінде, хандыққа таласатын екі сұлтан болса, оның әрқайсысын қолдаушы бар. Яғни бірі хан болса, екінші сұлтан оған бағынғысы келмей, соңындағы халқын бөліп алып кете беретін. Сонымен, бітпейтін бөлінулер мен бітіспес соғыстар... Алтын Ордада 20 жылда 23 ханның ауысуын білесіздер ғой. Былайша келгенде сол бір-бірін өлтіріп жатқан ханның бәрі бір-біріне аға-іні, тіпті әкелі-балалылар емес пе? Міне, төреде бауыр жоқ деген осы. Ал ешкімді бауыр көрмей, жеке билік құруға амбициясы бар билеуші ешкімге бағынғысы, кішкентай ғана елді басқарып отырғысы келмес. Бірақ бір қызық нәрсе бар. Егер төрелердің осындай қасиеттері болмаса, қазақ хандығы құрылмас та ма еді? Өйткені Керей мен Жәнібек Әбілқайырмен араздасып көшкен еді...

Адамзатты қола дәуіріне көшпенділер көшірді...

– Жақсы. Енді қазақ һәм тұтас көшпенді өркениетін әлемдік контекстте қарасақ. Батыс пен Шығыс. Екі алып өркениет. Көшпенділер осының қайсысына жақын? 

– Көшпенділікті аралық өркениет деп танимын. Тіпті біздің нәсіліміз де аралық түрге жатады. Бізді Оңтүстік Сібір, Тұран нәсілі деп атайды. Яки монголоидқа да, европеоидқа да жатпаймыз. Антропологиялық тұрғыдан алып қарағанда, біздің бойымызда екі нәсілдің де белгілері бар. Дегенмен Шығысқа жақындау сияқтымыз. Өйткені Шығыстағы үлкен діндер бізде де болды. Қазақ даласында буддизмнің үлкен ошақтары болған. Діні бір болу деген сөз – танымы ұқсау деген сөз емес пе? Сондықтан біздің мәдениетті шығыстық өркениеттің жемісі деуге толық негіз бар. Христиан дінінің де болғаны белгілі. Бірақ ол несториандық бағыт. Ол бағытты христиандардың басым бөлігі мойындамайтын. 

– Түркілік һәм көшпенді өркениет адамзат өркениетіне қандай үлес қосты? Бастыларын санамалап берсеңіз.

– Адамзат өркениетіне көшпенділердің қосқан басты үлесі деп – металлургия өндірісін айтар едім. Бұл туралы көпшілік біле бермейді. Дегенмен белді ғалымдардың дәлелдемелеріне сүйенсек, металл өңдеу мен өндіруді біздің ата-бабаларымыз бірінші жолға қойған. Яки тас дәуірінен адамзатты қола дәуіріне көшірген біздің бабалар болды деп нық сеніммен айта аламыз. Біздің даладағы металлургия бергі ғасырларға дейін өте жоғары деңгейде болған. Оған орыс әскерлерінің сауыт-саймандары, ондағы Құран сүрелерінің бедерленуі дәлел. Яғни орыстарға қарағанда біздің мұсылман даласында қару-жарақ жасау ісі өте биік деңгейде болды. Олар бізден сатып алып отырды немесе арнайы жасатты. Кейіннен славяндар қару-жарақ, сауыт-саймандарды көшіріп жасай бастады. Ондағы Құран аяттарын сәндік үшін деп ойлап, ол жазуларды да қате көшірген болатын. 

Одан кейінгі басты үлесіміз ретінде жылқыны қолға үйреткенімізді айта аламыз. Үзеңгіні ойлап табудың өзі адамзат тарихын мүлде өзгертті. Енді атты әскер ат үстінде шауып келе жатып-ақ садақ ата алатын болды. Өйткені ат шауып келе жатқан, үстінде селкілдеп отырған адам садақ көздей алмас. Ал үзеңгіге шірене тұрған адам тізе амортизациясы арқылы бірқалыпты күйін сақтай алатын. Сонымен қатар үзеңгі атқа мығым отырып, ат үстінде қылыштасу мен найзаласудың орайын келтірді.

Десек те бұл жаңалықтың бәрі дерлік бүгінгі күн тарапынан өте елеусіз көрінеді. Өйткені көбі қолданыстан шықты. Дегенмен адамзат дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Көшпенділер өркениеті адамзатқа сыйлаған соңғы жаңалықтың бірі ретінде – құрама садақты айта аламыз. Мысалы, ағылшындардың садағын алып қараңызшы. Жіңішке ағашты иіп, екі ұшын біріктірер жіп тарта салған. Ал көшпенді садағы бірнеше материалдан құралып жасалды. Ол жеңіл, әрі өте ықшам, сонымен бірге серпіні орасан зор болатын. Жалпы біздің даладағы соғыс жүргізу тәсілі негізінен садаққа негізделгендей. Көшпенділер әскері өте мобильді болатын. Бір қарағанда жаудың оң қапталында болса, лезде екінші қапталына ауысып қаша жүріп садақпен соғыс салатын. Ашығын айтқанда, көшпенділер өз жерлерін садақтың арқасында аман алып қалды десек қателеспеспіз...

Бір жағынан бұл соғысты әділетсіздеу деп атауға болатын шығар. Дегенмен тарихта жекпе-жекпен шешілген соғыстар бар. Біздің ойымызда жекпе-жек біткеннен кейін жаппай соғыс болады деген түсінік қалыптасып қалған. Көп жағдайда солай болған. Бірақ жекпе-жекте жеңілген батырдың әскері шегініп, жеңілісін мойындап кететін соғыстар да болды. 

– Көшпенділіктің культ болған заманы туралы деректер бар...

– Иә. Әсіресе қытай халқында. Бір замандарда оларды көшпенділер билеп, көшпенді болу һәм көшпендіше киіну мен өмір сүру модаға айналған болатын. Қызығы, қытайдың көптеген музыкалық аспаптарының түп негізінде көшпенділік аспаптар жатыр. Олардың киімдері мен қару-жарақтарында да көшпенділерден көшірілген белгілер көптеп кездеседі. Сонымен бірге біздің жылнамамыз да ұқсас. Қытай жылнамасында «айдаһар» жылы бар емес пе? Қазақта ол – «Ұлу» жылы. Негізінде «ұлу»  – айдаһар деген сөз. «Ұлы» сөзіне сәйкес келеді. Қытай айдаһарды «лу» деп атайды. Ол біздің «Ұлу» сөзінен алынған. Моңғолдардың да тілінде осы сөзге ұқсас. Айдаһар тотемінің кімнен кімге барғаны толық белгісіз. Меніңше, айдаһар – түркі мен қытайға ортақ. Бастауы тым бұлыңғыр. Дегенмен екеуінің де өркениетінде ол үлкен орын алады. Қызығы еуропада сақталған карталарда біздің жер – Тартария деп белгіленген. Неміс мифтерінде бізді – ақ айдаһардың ұрпақтары деп атайды.

Дуэйн Джонсон, Тор, Локи – біздің туыстар

– Қытаймен қаншама ғасыр бойы іргелес көршіміз. Бірақ біздің Алаш қайраткерлері Қытайды асып, Жапонияны зерттеді. Аралда өмір сүретін бұл халық өздерінің тамырын біздің даладан тарататынын білесіз...

– Иә. Бір кездері Алтайдан ауып келгенбіз дейтін. Жапон ғалымдары соңғы зерттеулерінде өздерін Балқаш көлінің маңын мекендегенбіз деп дәлелдеп жүр. Толық зерттеп қарағаным жоқ. Бірақ жапондардың мәдениеті мен тұрмысы, киімдері мен атқа мінуіне дейінгі аралықта көшпенділерге қатты ұқсайтынын ескере отырып, олардың біздің даладан кеткенін нық сеніммен айта аламыз. Қызығы сол, көшпенділерге тән қасиетпен олар да қазіргі аралдарын басқа халықтан тартып алған. Айт атты халық өмір сүретін ол аралдарда. Бүгінгі славяндарға ұқсас халық болатын.

Қысық көзді нәсілміз ғой. Біздің нәсіл негізінен Сібір жерінде пайда болып, жан-жаққа таралғанын айттық. «Моана» атты мультфильмді көрген боларсыз. Полинезия аралдарында өмір сүретін теңізші халықтар туралы. Солар да біздің туыстарымыз. Ол халықтан шыққан Дуэйн Джонсон, Джейсон Момоа секілді актерлер де сәйкесінше қан мен нәсілдік тұрғыда бізге жақын болып келеді. Осылай тереңдей берсек, жер бетінде бүкіл халықтар бір-біріне туыс болып шығады...

– Туыс демекші, Еуропа халқының көпқұдайлық дінді ұстанғанын білеміз. Солардың ішіндегі Скандинав халықтарының құдайларының түп-тамырын сіз түркіден тараттыңыз.

– Иә. Логикаға сыяды. Тарихшылар бір ауыздан осы болжамның дұрыстығын айтып жүр. Олардың мифтерінде Тор, Локи (қазір Marvel фильмдері арқылы бізге етене таныс) сынды құдайлары – өзге елден келген адамдар. «Ас» елінен келді дейді олардың мифтерінде. Және олар өте үлкен, бойы биік таутекеге арба жегіп келді делінеді. Енді қазақ даласындағы таутекенің қасиетті аң болғанын, ежелгі бабаларымызбен бірге жерленген аттары таутекенің мүйізімен әшекейленіп жерленгенін білеміз. Яғни аттардың парадтық формасы сондай болғаны болса керек. Жылқыны қолға үйретіп, дөңгелекті ойлап тапқан көшпенділер арбаны да ерте ойлап тапқан. Енді пазлды құрар болсақ, аттарына парадтық форма кигізіп, оларға арба жеккен екі прототүркілік көшпенді батыр викингтер еліне барған делік. Олардың бойында керемет жаугершілік қасиеттер бар. Бәлкім, Тордың балғасы «шоқпар» болған шығар. Міне, осындай сәйкестендірулердің нәтижесінде оларды біздің даладан кеткен батырлар деп болжам жасауға болар...

Бөрілі байрақтан – қыранды байраққа

– Жарайды, бүкіл жер жүзіндегі туыстарды түгендеп болсақ, елге қайта оралайық. Бір бейнеңізде қазақ хандығының туы туралы сөз еттіңіз...

– Қазақ хандығының туының қандай формада, қандай түсті болғанын анық айта алмаймыз. Өйткені әр ханның өз туы болған. Тарихи фильмдерде көк түсті абстракциялы суретті бір туды көтеріп жүрміз. Ол біздің ту емес (1-суретті қараңыз). Ол – түрік суретшісінің қиялынан туған ту. Қазақтың әр тайпасының өз туы, байрағы болды. Ал ортақ ту ханның қолында. Ал хан туында төре таңба тұруы кәдік. Бір діңнен шығып, үшке бөлінген мұндай таңба көп жерде биліктің таңбасы саналады. Түркілерде, оның ішінде оғыздарда... Кейін ол төрелерге ауысқан. Қазақ қожаларының да таңбасы осыған ұқсас. Яки ол діни биліктің белгісі. Тіпті Украинаның бүгінгі гербін есіңізге түсіріңізші. Ол да осы таңбаға қатты ұқсас. Сонымен, қазақ туының түсі әртүрлі болған. Әрбір хан әртүрлі түсті ту көтергенімен, барлығында осы таңба болғаны сөзсіз. Бір жағдайда ғана түс ортақ болады. Ол – қызыл! Соғыс кезінде қанға батырылып алынған ту түсі. Бұл дәстүр әлі күнге бар. Әр мемлекеттің соғыс жағдайында көтерілетін туы бар. Қазақстанның туының түсі қызыл болып, күн мен бүркіт қара түске боялады. 

– Бөрілі байрақ қайда қалды?

– Жалпы «байрақ» – моңғол сөзі. Ол тудың ұстынына байланысты. Ал жалау – матасы. Бұрындары қазақ туының ұстынында бөрі басы болатын. Бүгін ол тұста қыран тұр. Яки бұрын бізде бөрілі байрақ болды. Қазір қыранды. 

– Біздің халықтар сеніп жүрген бір мифтер бар. Және сол мифтердің анығына жеткісі де келмейді. 

– Дұрыс айтасыз! Мысалы,  ІІ Екатерина: «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады» депті. Мұндай сөз ешбір тарихи деректер мен еңбектерде кездеспейді. Болмаса, Наполеон айтты дейтін: «Маған тек қазақтардан әскер жинап берсе, мен тұтас Еуропаны жаулап аламын» деген сөз бар. Бұл екі сөз де шындыққа мүлде жанаспайды. Тағы бір материал дайындап жатырмын. Ол «Шыңғысхан Отырарды жаулаған жоқ, азат етті» деп аталады. Әрине, жоғары деңгейде айтылып жүргенімен, жастарға таныс емес. Парсы тілінде жазылған сол заманғы жылнамада: «Шыңғысхан Отырарды азат етті» деп жазылған. Біз ол еңбекті білеміз. Бірақ орысша нұсқасынан оқыдық. Меніңше аудармашы әдейі қателескен сияқты. Өйткені Шыңғысты қазақтан, жалпы түркіден алыстату керек деп тапқан. Сосын тағы бір өтірік бар. «Біздің бабаларымыз сары, көк көзді болған» дейді. Біздің бабаларымыз дәл біз сияқты болған.

Америка ашылып жатқанда Қазақ хандығы құрылды

– Енді бірнеше қызықты әрі қысқа сұрақтарға жол берсек. Қазақ қалаларында кімдер өмір сүрді? 

– Көшпенді болдық. Бірақ бірлі-жарым саудамен, басқа да қалада керекті мамандықтармен айналысқан адамдар болды. Дегенмен қала тұрғындарының басым бөлігі саудаға жақын халықтар болатын. Ал қазақтар онда керекті заттарын алып, көңіл көтеру үшін баратын. Жалпы көшпенділер даласындағы қалалар бүгінгі ойын-сауық орталықтарының қызметін атқарған сияқты. Mega Park, Shymkent Plaza секілді...

– Тарихымызда сонша көп соғыстық. Бірақ даламызда қару-жарақ жасайтын зауыт жоқ. 

– Қазақтың ұсталарына зауыт керек болған жоқ. Қазірдің өзінде қазақы ұсталармен араласамын. Олардың тұтас қару жасайтын құралдарын бір түйеге артып көшіп кете беруге болады. Ал пешті кез келген жерден қазып, ары кетсе жарты сағатта жасап алады. Яғни қазақтың ұстаханасының өзі көшпенділікке әбден бейімделген. Осындай мобильдікпен зауыттың қажеті жоқ. Кез келген киіз үйдің жанында немесе соғыс даласында құрадарын жайып жіберіп, қару-жарақты жасай береді.

– Әңгімеңіз үшін алғыс айтамын. Соңғы сұрақ. Бұл жолды қалай және не үшін таңдадың? 

– Жоғарыда айтқанымдай, маған хандар мен соғыстар қызық емес. Маған халықтың тұрмысы мен танымы қызықтау. Мен тарихты оқыту әдісі ескірді деп білемін. Мысалы, бірнеше күн бұрын «Тарих-марих» атты жобаның авторлары бір бейне шығарды. Ол бейнеде қытайша ән айтылып жатады. Соңына қарай мынадай сөз бар: «Егер Абылай хан болмағанда, сіз мына әнде не туралы айтылып жатқанын түсінер едіңіз». Бітті. Абылайдың қазақты қытай басқыншылығынан құтқарғанын түсінеді кез келген бала. Жеңіл, логикалық жұмбаққа ұқсайды. Бұрын адамдар тұлғаларға табынатын. Қазір қарапайым адамдар, кішкентай кейіпкерлер маңызды саналады. Сондықтан енді тарихты сол халықтың жалпы тұрмысы мен танымынан бастап оқытқан дұрыс шығар. 

Оның үстіне біздің мектеп бағдарламасындағы тарихта бірізділік жоқ. Ойлаңызшы, қазақ хандығының құрылуын 8 сыныпта өтсе, Колумбтың Американы ашқанын 7 сыныпта өтеді. Былай келгенде, бала екеуі де XV ғасырда болған оқиға екенін біледі. Бірақ екеуін санасына сіңіріп, қабыстыра алмақ емес. Өйткені біз қазақ тарихын дүние жүзі тарихынан жұлып алып, жеке-дара оқытатындаймыз. Бір жағынан, осы олқылықтардың орнын толықтырып, екінші жағынан, өзімнің сүйетін жұмысыммен айналысып жүрмін. Иә, мен тарих сабағын емес, тарихты сүйемін!

Сұқбаттасқан
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2023

720 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз