Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Қаңтар, 2023

Біздің бағыт

Әр ұрпақ өзінен кейінгіні жақтырмайды. Бұл – заңдылық. Кейінгі ұрпақ өзіне дейінгілердің, арғылардың, бұрынғылардың, ежелгілердің игі дәстүр-салтын сақтай алмайтыны, өзінше өзгертетіні, жаңаша бірдеңе қосып, өңін айналдырып жіберетіні үшін кінәлі. Қазіргі үлкендер жастарды дүрмекшілдігі үшін ұнатпайды. Сірә, өркениетті қоғам туралы алғаш ойланған адамның қалағаны әлемнің қазіргі келбеті болса керек.

Бүгін шыққан ән сол мезетінде жаһанға тарап кетеді. Әні, Африканың бір түкпірінде қара бала Паскаль Летублонның Friendship композициясына билей бастап еді, қасында тұрған екі қарадомалақ қосыла жөнелді. Қимылдары неткен үйлесімді! Ең бастысы, осындай бейнебаяндарды Тайланд, Аргентина, Бермуд аралдары, Франция, несін санамалап отырмыз, бүкіл әлемнің тұрғындары сәт санап ғаламторға жүктеп жатыр, жүктеп жатыр. Legion Dance, Coffin Dance сияқты би түрлері әлемге ортақ. YouTube, Instagram желілерінің қысқа видеолар бөлімінен олардың сан миллиард сипатын көруге болады.

Anivar деген лақап аты бар әншінің «Ты мой свет» деген әні ТМД аумағында тіпті танымал. Қазір ерінбегеннің барлығы өзінің сүйікті ұлын, қызын, жігітін, атасын, әжесін түрлі қуанышына орай осы әннің ырғағымен, кейде тіпті арнайы торт пісіріп құттықтайды. Нигериялық әнші Remaның (шын аты – Дивине Икубор) Calm Down әнінің кең таралғаны сонша, кез келген бұрыштан естіледі. Noelgoescrazy есімді Тик-Ток қолданушысы осы әннің ырғағымен төрткүл дүниеге танылды. Бейқам тұрған адамның қалта телефонын тартып алғансып тұрып билей жөнелетін, артынша күләпара астынан шөмеледей бұйра шашын бұрқ еткізетін бозбаланы білмейтін жастар аз шығар, сірә... Қазір оның жазылымшыларының саны 22,1 млн-нан асты, жүктеген видеолары 385 млн лайк жинады.

Ал жақында Қатарда аяқталған әлем чемпионатында BTS тобының мүшесі Чонгук шырқаған Dreamers әні трендке айналып жүре берді. Тіпті қазақ комментаторларының бірі қателесіп BTC тобы деген еді, әлеуметтік желі қолданушылары оны жерден алып, жерге салды. О заманда бұ заман, Чонгукты білмегені несі?..

Қазір әлеуметтік желілерде осы Чонгуктың әлем чемпионатының ашылу салтанатында билеген биі сәнге айналып барады. Ұлы да, қызы да, тіпті жасы да, жасамысы да аяғына Чонгукше «керзі етік» киіп алып, алқын-жұлқын билеп жатыр, билеп жатыр... Әлем жаппай лайк, әлем жаппай жарқ-жұрқ... Барын салып, бақанын асып жатқан жұрт. Осының бәрін көре жүріп, аталарымыз, апаларымыз, аға-тәтелеріміз уайымдайды, ақыр аяғы өзіміз де алаңдаймыз. Әлем біртекті болып бара жатқан жоқ па?

Иә, кез келген жаңа нәрсе, ол шынында да жаңалық болса, бірден әлемнің игілігіне айналып кете баратын заманға жеттік. Оны тоқтата алмаймыз. Тоқтатамын деп талаптану да ақымақтық. Қоғамдық көлікте Xiaomi телефонының ойнақы қоңырауы естіле қалса, жұрттың жартысы қалтасын қарманады. Жұмысқа жаңа тұрған жас адам екі немесе үш айлық жалақысын шашау шығармай, аш қалса да тырысып жинап, Айфонның соңғы – 14-үлгісін сатып алады. Смартсағаттар да күнделікті өмір игілігіне айналды. Баяғыдай құлаққабын шұбатып тағып жүретін ешкім жоқ, көшеде өзінен-өзі сөйлеп кетіп бара жатқан адам көрсеңіз, құлағында шағын да ыңғайлы құлаққабы барына сене беріңіз.

Міне, осынша өмір игілігін көріп жүрген, трендтен қалмауға тырысатын, кез келген жаңалықты тез сіңіріп алатын балақай ертең қандай мәдениетке қызмет етеді? Бізді алаңдататыны осы. Осы мақаланың ұстынын ойлай жүріп, «Той-думан», «Жұлдыз FM», т.б. радиоларды тыңдап көрдім. «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» 24 сағат қазақы танымды насихаттайды ғой, оларға сөз жоқ. Ұққаным мынау  – қазіргі қазақ жастары тіл нәрін сезінуден қалып бара жатыр екен. Бұл қорқынышты.

Raim&Artur-дың – «Мы дискотека из девяностых», MADI-дің – «Девушка из города Караганда», т.б. сәнге айналған әндердің сөзіндегі ала-құла ұйқас, орысша-қазақша оралым қазір заңдылық ретінде қабылданады. «Сержан-братан», «Ангел-хранитель», «Сәке», т.б. сериалдарды Қазақстан ғана емес, жалпы ТМД өте сүйсініп қарады, бірақ онда да – шұбар, қойыртпақ, акцентке толы тіл.

Ең жаманы, заман шындығын шынайы береміз деп ақындар да, сазгерлер де, режиссерлер де, кейіпкерлер де балағат сөзді экранға еркін шығарып жіберді. Тұздықтап тұрып боқтайды бәрі. Кешегі 20 жыл әрідегі ғана көркем тіл, кестелі әзіл, балағаттың өзін түрлендіріп, тігісін жатқызып жіберетін шеберлік қайда? Біздің шығармашылық еркіндігіміз шығармашылық тоқырау болып кетті ғой, ағайындар... Сондықтан ба, тілі енді шыққан балақай жетпістегі ақсақалдан да асырып балағаттай алады. Біздің бала, бозбала күнімізде қыздардың, үлкендердің көзінше боқтық араластыра сөйлеу қорлық еді, қазір – сән. Әкесіндей адамның қасынан 14-15 жастағы бозбалалар оп-оңай орысша-қазақша «мат» кестелеп өте береді. Біздің бағыт осы ма еді?

Онсыз да қатал әлемге дүрмекке ілесіп, тілімізді шұбарлап, балағат сөйлеп қосылып жатырмыз, қосылып жатырмыз. Әлем ойлау жүйесі, санасы, қызығушылығы, тіпті балағаты да бірдей адамдар шығаратын инкубаторға айналып барады. Осындай дәуірде ұлттың сипатын сақтауға тырысу да әпенділік сияқты. Әні, бүкіл Қазақстан «Құпия Санта» ойнап жатыр, бір-бірінің үйіне «Түрлі-түсті кеш» жасап қонаққа барады. Жас жағынан шектеу жоқ, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін дүрмек ішінде жүр.

Байқаймыз, саны аз ұлттар осындай дүрмекке тез жұтылады. Өйткені өзінің жалпы жаһанға ұсынатыны аз. Тіпті жоқтың қасы. Әлеуметтік желілерде сәнге айналған қазақ тіліндегі видеоларды қараңызшы, саусақпен санарлық. Германияға көшіп барған немістердің «Шудың бойында» әніне биі, «Бауыр керек», «Мың алғыс, әке», т.б. оншақты әнге орай түсірілген, әбден жауыр болған тренд-бейнеүзіктер... Басқа не бар? Демек, тілдің нәрін сезінбейтін ұрпақ әлемге ештеңе ұсына алмайды. Ұсынғаны сол – бүкіл әлем көрсін деп қазақша видеоның тақырыбын орыс немесе ағылшын тілінде жазып қоятыны. Демек, біз ең креативке толы қысқа видеоны да ұсына алмайтын ұрпақпыз. Тұтынушы ғанамыз.

Біздің бағыт – білім, білім жинауға құштарлық болуға тиіс. Ұрпақ білімді болса ғана төрткүл дүниеге жаңалық ұсына алады, жұртты өзіне қарата алады. Білімді ұрпақ, білімді отбасы, білімді әулет, білімді қауым, ақыр аяғы, білімді қоғам трендтің жақсысын тез сіңіріп, жаманынан дереу бой тартып, балағатқа толы шындықты босағадан аттатпай, дегдар сипатқа бой ұрады. Әй, бірақ ол арман ғой...

Жұрттың бәрі білім жинайтын болса, Calm Dоwn-ның қызығын кім көреді? Кім әлеуметтік желідегі қаралым санын көбейту үшін ардан аттайды? «Ақ желкеннің» оқырманы осы алаңымызды түсінер ме екен? Әлде Абай атамызша «жартасқа бардым, күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық» болып шыға ма?..

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2023

449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз