Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 30 Қаңтар, 2023

Аланның асуы

2022 жыл еліміздің спорты үшін елеулі оқиғамен аяқталды. Үстел теннисінен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында отандасымыз Алан Құрманғалиев қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Жерорта теңізі жағалауында жалауы желбіреген жарыста жеңімпаз атанып, үстел теннисі тарихындағы қазақстандық тұңғыш әлем чемпионы болды. Мысырлық Хана Годамен бірге аралас жұптар сайысында бас жүлде олжалаған отандасымызбен аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.

Атақты теннисші емес, боксшы болуды армандаған

Алан бала күнінен былғары қолғап киіп, Головкин сияқты әлемге әйгілі боксшы болуды армандаған. Бірақ 7 жастағы жеткіншектің бокс үйірмесіне қатысуға жасы жетпейді.

– Шыны керек, кішкентай кезімнен боксшы болуды армандадым. Өкінішке қарай, 7 жастан бастап алатын ешқандай бокс үйірмелері болмады. Сосын жасым толғанша бокс үйірмесінің жанындағы үстел теннисіне қатыса тұруға бел будым. Әу баста ермек үшін серік еткен спортыма бірте-бірте қызығушылығым да арта бастады. Бапкер де бірден баурап алып, боксты ұмыттырып жіберді. Ақыры боксшы емес, әлемге әйгілі теннисші болуды армандай бастадым.

Расында, Алан екі жыл бойы үздіксіз жаттығып, үстел теннисінің қыр-сырын толық меңгерді. Яғни жарыстарға тек 9 жасынан бастап қатысып, үлкен спорттағы алғашқы қадамын жасады.

– Кез келген спортшының ең алғашқы жарысы есінен кетпейді ғой. Менің де ең бірінші турнирім сәтсіздікпен басталған. Дегенмен сол жеңіліс жігерімді жанып, алға ұмтылуға күш сыйлады. Мықтылығымды мойындату үшін екі есе жаттығып, айла-тәсілімді арттыра түстім. Нәтижесінде келесі жарыстарда топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүрдім. Қазақстанның ең үздік спортшылары бас қосатын «Алтын күз» турнирінде жеңіске жетіп, алғашқы үлкен жетістігіме қол жеткіздім. Содан кейін ел біріншілігінде, әлемдік турнирлерде өнер көрсете бастадым. Жеңіс пен жеңілісті қатар көріп, шеберлігімізді шыңдай бердік.

Қазір еліміздегі үстел теннисі қарқынды дамығанын, жастардың қызығушылығы аса жоғары екенін көруге болады. Тіпті бұл спортты мектеп бағдарламасына енгізуге күш салынып жатыр, ал жас жеткіншектердің еркін жаттығуына жағдай жасалған. Бұл бәсекелестіктің жоғары деңгейде болуына септігін тигізгені анық.

– Иә, үстел теннисін серік еткен жастар өте көп. Президентіміздің өзі жақсы көретін спортты ел арасында кеңінен насихаттау үшін федерация өкілдері әр аймаққа арнайы барып жүр. Болашақта елімізді өрге сүйрейтін үстел теннисі шеберлері шығатынына сенімім мол. Қазірдің өзінде ішкі біріншіліктегі бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Әсіресе, Орал, Астана, Шымкент сияқты қалалардағы спортшылардың қарқыны қатты. Ағайынды Айдос, Дастан Кенжеғұловтар, Кирилл Герасименко, Сағантай Құрманбаев, Ескендір Харкилер сынды саңлақтар – басты қарсыластарым. Ал әлемдік аренада Франция, Қытай, Жапония өкілдері мықты.

Алан – ел чемпионатында көзге түсіп, спорт шебері нормативін орындаған ең жас теннисші. Жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде үздік шыққан ол – 14 жасында Қазақстан чемпионы атанған санаулы спортшылардың бірі. Қарсыластарының өзінен жасы әлдеқайда үлкендігіне қарамастан, сәтті өнер көрсетті.

– Әрине, жоғарыда айтқанымдай, ел біріншілігінде болсын, шетелде болсын, бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Жасөспірімдер арасында қанша топ жарып жүргеніммен, ересектер дуына еркін қосыла алмадым. 2021 жыл спорттық мансабымдағы үлкен жеңістер мен жетістіктерге жол бастады. Жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында алғаш рет жеңіліп, ересектер арасында алғаш рет топ жардым. Жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың финалында С.Құрманбаевқа есе жіберсем, ересектер арасындағы додада Д.Кенжеғұловтың мысын бастым. Осылайша, халықаралық додаларда да өнер көрсетуге мүмкіндік алып, бағымды сынадым. Еліміздің ғана емес, әлемнің ең үздік теннисшісі саналатын Кирилл Герасименкомен бірге ITTF Kazakhstan International Open турнирінің жұптық бәсекесінде жеңімпаз атандым. Кирилмен бірге ойнау арқылы тәжірибемді де, деңгейімді де көтердім. Өкінішке қарай, Доһада ересектер арасында өткен Азия чемпионатында бар өнерімді көрсете алмадым.

Президенттің құттықтауы қанаттандырды

Еліміздің спорт тарихында аты алтын әріппен жазылатын алғашқы теннисші Алан болмақ. Ол үстел теннисінен әлем және Азия чемпионатының медалін жеңіп алған алғашқы қазақстандық атанды. Сондай-ақ 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемнің ең үздік теннисшілерінің көшін бастап тұр. Одан бөлек, әртүрлі халықаралық жарыстардан барлығы 19 медаль жеңіп алған.

– Мен үшін ересектер арасындағы турнир де, жасөспірімдер бәсекесі де маңызды. Ешқайсысын бөліп-жармаймын. Әр жарысқа ерекше жауапкершілікпен дайындаламын. Лаостағы жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы Азия чемпионатына тек алтыннан алқа тағу үшін бардым. Өйткені бапкеріммен күніне екі уақыт жаттығып, тыңғылықты дайындалдық. Бабым да жақсы болды. Алғашқы айналымда жергілікті спортшы Алан Сангуанвоң Ксайпасеутті, тайландтық және үнді спортшыларын жеңгеннен кейін, сенімділік пайда болды. Бірақ жартылай финалда жапондық Такума Танимотоға қарсы ойында қателіктерге бой алдырып, жеңісті беріп қойдым. Еңбегімді елеп, Мемлекет басшысының өзі хабарласқан соң екі есе еңбектенуге кірістім.

Тунистегі турнирде де топ жаруды көздедім. Әрине, сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сайысқа түсетін әлем біріншілігінде осал қарсылас жоқ. Әрқайсысы – елінің үміт артқан спортшылары. Дегенмен жекелей сында тағы да алтынға сынық сүйем қалғанда сүрініп, тағы да жапон спортшысы жолымды бөгеді. Ал аралас жұп сайысында Ханамен алғаш рет бірге ойнадық. Шыны керек, бір-бірімізді бірден түсініп, қарсыластарымызды қапы қалдырдық. Ал финалда португалиялық Тьяго Абиодана және испаниялық Мария Берзосамен тартысқа толы қызық ойын болды. Осындай әлемдік додада еліміздің атын шығарып, үстел теннисінен шыққан тұңғыш чемпион болғанымда қуанышымда шек болмады. Еліміздің, бапкерімнің, ата-анамның үмітін ақтағаныма іштей риза болдым. Бұл биік белестердің бастамасы ғана.

Аланға хабарласқанымызда жаттығуда екенін, ұзақ сөйлесе алмайтынын айтты. Өйткені биылғы әлем чемпионатына ұпай жинайтын рейтингтік турнирге дайындалып жатса керек. Қазір ол ересектер арасындағы әлемдік рейтингке де кірді. Жас та болса өзінен үлкен, тәжірибелі спортшыларға тегеурін танытып, терезесі тең өнер көрсетіп жүр.

– Шыны керек, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан кейін ұзақ демалмай, бірден жаттығуға кірістік. Өйткені биылғы әлем чемпионатында өнер көрсету үшін рейтингімді көтеріп, тиісті ұпай жинауым керек. Қазір Қатарда өтетін рейтингтік турнирге дайындалып жатырмын. Олимпиадаға да аз уақыт қалды. Мақсатымыз – әлем чемпионатында, олимпиадада өнер көрсетіп, жеңімпаз атану. Аланның биік белестерді бағындырып, үлкен нәтижелерге қол жеткізуінде бапкерінің білікті еңбегі бар. Оған жеті жасынан бастап үстел теннисінің әліппесін үйреткен Эльмира Қайырқызы оның бойындағы талантты бірден байқаған. Үстел теннисінен ұлттық құраманың бас бапкері, әрі Аланның жеке жаттықтырушысы Эльмира Әлиевадан шәкірті туралы пікірін сұрадық.

Алан басқа шәкірттеріме қарағанда дарындырақ. Оның допты қатты жылдамдықпен соғуы, айналдыра шиіруі, үстелге дәл түсіруі және қарсыластың соққысына шапшаң бейімделіп, шебер қайтара білуімен ерекшеленеді. Шапшаңдығы мен ептілігі, шыдамдылығы мен шеберлігі әр жарыс сайын шыңдалып келеді. Сондықтан шәкіртімнің әлем чемпионатында сәтті өнер көрсететініне еш күмәнім болмады. Ол жарты жылдың ішінде 20-дан астам халықаралық додада сынға түсіп, бәрінен жүлдемен қайтты. Ол Оман, Франция, Польша, Чехия, Швеция, Ливан және Португалия елдерінде өткен жарыста жеңімпаз атанса, Хорватия, Словения, Қатар, Польша, Испания, Словакияда үздіктер қатарынан көрінді. 2022  жылдың қаңтарынан мамырына дейін жасөспірімдер арасындағы рейтингтің көшін бастаса, қазір екінші сатыда.

Әр спортшының арманы Олимп шыңын бағындыру екені белгілі. Біздің де мақсатымыз сол. Биыл үстел теннисі бойынша әлемдегі ең мықты мектептердің бірі саналатын Қытай мектебінде жаттығуды көздеп отырмыз. Шеберлігімізді шыңдап, тәжірибемізді арттырып, халықаралық жарыстарда  жеңімпаз атануға барымызды саламыз, – дейді бас бапкер.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2023

321 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз