Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 31 Қаңтар, 2023

Бір күнде танымал болған Айбар

Әлеуметтік желіде «Ұстазым» әнін айтып, хит болған оқушыны көрген боларсыңдар?! Ол – Алматыдағы №201 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы Айбар Нұрланұлы. Бейнежазбаны бір күнде 3 миллион адам көріпті. Әнді нақышына келтіре орындағанына қарап, өнер байқауларының жеңімпазы дерсің. Бірақ Айбар кәсіби түрде әнмен айналыспайды, бар болғаны үйде әкесімен бірге ән айтады екен. Талант деген осы! Жас әншімен танысып, хит болған бейнежазбаның қалай түсірілгенін сұраған едік.

– Мен жайлы «Ұлан» газетіне мақала жазамын деп сенім білдіргеніңізге рақмет! – деді Айбар. – Бұл бейнежазба 19 қаңтар күні түсірілген болатын. Біздің мектепте «Өз-өзін қоғамдық орындарда ұстау» атты кездесу өткен еді. Кездесуге әнші Самат Жанғазин келді. «Актерлік шеберлік» үйірмесіне қатысқаныма екі жыл болды. Балауса Самұрыққызы деген әнші апайым сабақ береді. «Ұстазым» әнін осы кісі үйреткен еді. Самат ағамен кездесуге ұстазым Арайлым Ерболатқызы апарды. Бейне-жазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге де жүктеген екен.

– Танымал болатыныңды білдің бе? 

– Жоқ, апай (күліп). Арайлым апайдың бейнежазба түсіріп, оны желіге жүктегенін білмеймін. Самат аға гитарасын шертіп, әнді білетін оқушы болса, бірге айтсын деді. Сол кезде әнге қосыла кеттім. Кейін әнші ағамыз TikTok желісіне салып, оны көп адам қараған екен. 

– Миллион адамның көргенін кім айтты?

– Үйге келсем әкем: «Балам, білесің бе, сенің ән салғаныңды 1 миллион адам көріпті», – деді. Алғаш естігенде таңғалдым. Қандай бейнежазба жайлы айтып жатқанын түсінбедім. Кейін көрермендердің жазған пікір-лерін оқып, жауап беріп отырдым. 

– Әнді мақаммен, әдемі орындадың. Вокалдан сабақ аласың ба?

– Жоқ, вокалға қатыспай-мын. «Актерлік шеберлікте» ән айтуды үйретеді. 

– Әнші болған қандай екен?

– Әнші болудың қандай екенін білмеймін. Өзіме ән айтқан ұнайды. «Домбыра тартасың ба?» – деп сұрапты. Өкінішке қарай, музыкалық аспапта ойнамаймын. Осы уақытқа дейін өнер байқауына қатысқан емеспін. Әкем екеуіміз ән айтқанды ұнатамыз. Алда байқаулар болса, бағымды сынап көремін. Мәнерлеп оқу сайыстарына қатысып, бас жүлде алғаным бар. 

– Танымал болған ұнай ма?

– Қызық сезім екен. Көбіне жауапкершілік басым. Сол үшін тәртібімді қадағалап жүрмін. «Хабар 24», «Еуразия» арнасы, «Таңшолпан» бағдарламасы мен туралы сюжет түсірді. «Tengrinews» сайты мақала жазды.

–  Бейнежазбадан кейін бірге ән айтуға ұсыныс жасағандар бар ма?

–  Болашақта Самат ағамен бірге ән айтамын. Әзірге жаңалық осы. 

–  Айбар қандай бала?

–  Өзімнің қандай бала екенімді білмеймін. Бірақ ата-анам мен үлкендердің үмітін ақтауға тырысамын. Сабақты 1-сыныптан бері тек «5»-ке оқып келе жатырмын. 

– Актерлік үйірмесінде қандай рөлдерді ойнадың?

– Мектепте өтетін әрбір іс-шараға қойылым қоямыз. Алғаш рет Желтоқсан оқиғасына қатысты қойылым қойдық. Мен батыр ағамыз Қайрат Рысқұлбековтің жауы-ның бірін ойнадым. Одан бөлек мектептегі іс-шарада жүзгізуші боламын. Мәнерлеп оқимын, ән айтамын, хормен ән саламыз. 

– Бауырларың өнерге жақын ба?  

– Ағам Абзал екеуіміз «Актерлік шеберлікке» бірге қатысқанбыз. Желтоқсан оқиғасы қойылымында ол Қайраттың рөлін ойнаған. Бірақ  ағам үшінші тоқсаннан бастап үйірмеге қатыспайды. Өйткені Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға дайындалып жүр. Інім мен қарындасымның өнерге икемі бар. Бірақ ән айтуға әлі ерте. Біз көпбалалы отбасымыз. Әкем Нұрлан жеке компанияда сату бөлімінің басшысы. Анамның есімі – Маржан. Қарындасымды қарап, үйде отыр. Өзім төрт ағайындымын. Арнұр деген інім мен Асыл-Ару атты қарындасым бар.  

–  Қайрат Рысқұлбеков жайлы не білесің?

– Қайрат Рысқұлбековтің өмір жолын білемін. 1986 жылы желтоқсан айында көтеріліске қатысқан. Қазақ елін өзге ұлт өкілі басқарғанына қарсы болған. Осы пікірін білдіріп, алаңға шыққан. Қайрат ағаның ерлігі ұмытылмайды. 

– Бос уақытыңда кітап оқисың ба?

– Әрине, оқимын. «Тұлға болам–2» кітап оқу сайысына қатысып, бесінші орын алдым. Жеңімпаз болғаным үшін велосипед сыйлады. 

– Осы байқауға отбасымызбен қатысып, жүлдеге іліне алмадық. Қалай дайындалдың?

– Сабақтан келгесін кітап оқыдық. Анам мен әкем әр бөлімді оқып болғасын, сұрақ қояды. Кітап оқу байқауына осылай дайындалдық. Отбасымызбен жеңіске жетіп, күшті сыйлықтар алдық. 

– Бейнежазбаға жазылған пікірлерді оқыдың ба?

– Иә, желіде ақ батасын беріп жатқан адамдарға алғыс айтамын. Жақсы тілектері өздеріне мың есе болып қайтсын. Бейнежазбаның хит болу себебі, әннің ұстаз туралы болуында деп ойлаймын. 

–  Бір топ оқушының ішінде сен ғана «Ұстазым» әнін шырқап отырсың. Басқа оқушылардың әнді білмегеніне ренжіген көрермендер де бар екен.  

– Бұл ән өте жеңіл. Өзім жүрекпен орындаймын. Мектептегі барлық ұстазымды жақсы көремін. Әсіресе, сынып жетекшім Бағлан Ахметханқызына құрметім ерекше. 

– Өскенде кім боласың?

– Алла қаласа, ән айтатын футболшы немесе футболды жақсы ойнайтын әнші болғым келеді. 

– Футболдан қай команданың жанкүйерісің?

– Испанияның «Реал Мадрид» клубына жанкүйермін. Команда да ең мықты футболшы Карим Бензема және жаттықтырушысы Зинедин Зидан бар.

– Әңгімеңе рақмет! Сәттілік тілеймін! 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №5
31 қаңтар 2023 жыл

514 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз