Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Ақпан, 2023

Еңбегімен елге үлгі Сұлтан

Елімізде білімді де білікті жастар көп. Сондай жастардың бірі – Жетісу облысының белсендісі Сұлтан Сапар. Айтуынша, дебат пен еріктілік жетістікке жетуіне себепкер болыпты. Өзін әр қырынан шыңдап, құрдастарына үлгі болған Сұлтанмен сөйлескен едік. Кейіпкеріміз әуелі өзін таныстырудан бастады: 

– 2020 жылдан бастап Талдықорған қаласындағы Zhansugurov колледжінде білім алып жүрмін. 3-курста оқимын. Сонымен қатар  Жетісу университетіндегі Жастар орталығының маманымын. Пікірсайыс алаңынан да алыс емеспін, тәжірибемнің арқасында облыстық пікірсайыс ассоциациясының президенті болып сайландым. Қазір дебат клубымызда 300-ден астам тәрбиеленуші бар. Бұдан бөлек қала, облыс көлеміндегі іс-шаралардың ұйымдастырушысы болып үлгердім.

Ойжарыс алаңына аяқ басқаныма үш жыл болыпты. Негізі дебат ойындарына кездейсоқ келдім. Турнирге көрермен болып барып, қатты қызықтым. Бірден маған арналған бағыт екенін түсіндім. Осылай дебатқа қызығуым артты.

– Дебатқа қатысу арқылы қандай қасиеттерге ие болдыңыз? Немесе бойыңыздағы қай қасиетті одан ары дамыта түстіңіз?

– Дебат жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, бойымдағы жасырын жатқан қасиеттерді одан ары дамытты. Кез келген ортада еркін сөйлей алатын болдым. Ойымды толық әрі нақты жеткізе аламын. Шешен сөйлеудің арқасында әңгіме кезінде адамдарды өзіме қаратып, тыңдата аламын. Диалог барысында әңгімелесушімен әртүрлі тақырыпта ой өрбітіп, әңгімені қызығырақ ете алатын болдым. Бір сөзбен айтқанда, дебат  дүниетанымымды ашуға септігін тигізді.

– Жетісу облысының пікірсайыс ассоциациясы қашан құрылды және сіз келгелі бұл ұйымда қандай өзгерістер болды?

– Облыстық пікірсайыс ұйымы былтыр жазда ашылды. Алғашқы президентімін. Ал өзгерістерге келсек, ассоциация ашылмай тұрып дебатты тек студенттер арасында өткізетін едік. Жаз айынан бастап қатарымызға оқушылар да қосылды. Оларға білгенімізді үйретуге дайынбыз.

– Пікірсайыс ойындарынан басқа өзіңізді қай бағытта шыңдап үлгердіңіз? 

– Дебат ойындарынан бөлек, еріктілікпен айналысамын. Адамдардың жылы жүзін көріп, алғысын алу мені ерекше сезімге бөлейді. Сол арқылы еріктілік бағытына құлшынысым артады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық  «Жыл волонтері-2022» номинациясының иегері атандым.

2020 жыл бәрімізге қиын болды. Президентіміз сол жылды Еріктілер жылы деп бекіткен соң, еріктілік бағытына қызыға бастадым. Игі істермен айналысып, елдің алғысын алғаннан артық сезім жоқ шығар. Маған қай саланың да қызығы мен шыжығы қатар жүргені ұнайды, тек ортаң жақсы болса болғаны. Волонтерлікке бет бұрғанымда қолұшын созып, білмегенімді үйреткен жандарға алғысым шексіз.

– «Жыл волонтері» атанғаннан кейін өміріңізде қандай өзгеріс болды?

– Әрине, адамдарға белгілі бір атақ, мақтау қағазы үшін көмектеспеймін. Барлық жасаған ісім жүректен шығады. Алайда, еңбегім бағаланғанына, еш кетпегеніне ризамын. Меніңше, мұндай номинациялар мен секілді еріктілердің саны артуына көмектеседі, олардың бойындағы рух пен құлшынысты оятады. Бірақ, нағыз ерікті үшін қиын кезде көмек берген адамының ыстық ықыласынан артық мадақ жоқ деп ойлаймын.

Мөлдір ТҮКТІБАЙ

«Ұлан» газеті

1093 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз