Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 22 Ақпан, 2023

«Қағаздағы фильм» қалай түсіріледі?

Кино – құрама өнер. Бір фильм жарыққа шығуы үшін ондаған, жүздеген адам жұмыс істейді. Режиссер, актер, оператор, суретші сияқты өнер иелерінің тоғысуымен фильм өмірге келеді. Дегенмен фильм алғаш қағазға түсіріледі. Яғни сценарий. 
Соңғы кездері отандық фильмдердің күрт көбейгені байқалады. Бұрын кәріс пен түріктің телехикаяларын көрсетуден босамайтын телеарналарымыз өз өнімдерін – фильмдері мен телехикаяларын маусым сайын көптеп ұсына бастады. Осыған қарап актер болғысы келетін, фильм түсіргісі келетін жасөспірімдердің көбейгенін байқаймыз. Ал фильмнің ең алғашқы жұмысы – сценарийі. Ендеше, сценарийдің қалай жазылатыны жөнінде мамандармен әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, қаламгер, «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян қазақ» телехикаяларының сценарисі:

КЕЗ КЕЛГЕН РЕЖИССЕР СЦЕНАРИСТ БОЛА АЛМАЙДЫ

– Кез келген өнердің заманға оңтайлануы деген бар ғой. Қазіргі заманның сценаристке қояр талабы қандай?

– Қояр талабы өте ауыр. Қазіргі қоғам қым-қиғаш, күрделі қайшылықтарды ашып көрсетті. Әлеуметтік желінің өзі бұрын біржақты қарайтын нәрсені жан-жақты қарауға үйретті. Себебі, пікір әртүрлі, көзқарас әртүрлі. Сондықтан бірбеткей, біржақты, толық-қанды жағымды немесе жағымсыз тұлға жасау мүмкін емес. Кезіндегі бір мұратқа тоғысқан тұлғалардың өзінде де қайшылықтар көп. Мысалы, өзіміз жазып жүрген Алаш тақырыбына келелік. Ол жерде идеяны алып шығу үшін, сол тұлғаның тұтас болмысын көрсету үшін қайшылықтарды көрсетуге тырысамыз. Ал қазіргі қоғамды жазар болсақ, бір тұлғаның әртүрлі қырын ашу мәселесі бой көтереді. Бірінші талап – әрқилы пікірді ескеру. Соның ішінде адамның жанын, көксеген арман-аң-сарын алып шығу өте күрделі екенін байқаймыз. 

– Қазір режиссер көп, сценарист аз дейді кино мамандары. Кез келген режиссер сценарист бола алмай ма?

– Шынында да, сценарист аз. Әсіресе қазақтілді сценарист жоқтың қасы деуге болады. Кез келген режиссер сценарист бола алмайды. Сценаристің міндеті, ойлауы, адам жанындағы драманы табуы бөлек. Режиссер соны қалай алып шығамын, қандай сахнамен алып шығамын, қандай актерді аламын дегенге баса назар аударады. Режиссердің ойлауы бөлек дүние. Екеуін қатар алып жүрген мамандар да жоқ емес. Мысалы, бірге жұмыс істеп жүрген, осы саланы шетелде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген Мұрат Есжанды сценарийден режиссураға келді дей аламын.

– Әлемге әйгілі фильмдердің артында әдебиет, яғни әдеби шығарма тұрады. Ал әдебиетсіз фильм жасау мүмкін бе?

– Бұған келісуге де, келіспеуге де болады. Себебі, әдебиетте болатын драма кез келген фильмде болады. Драмасыз ешқандай фильм жасалмайды. Драманың төркіні – әдебиет. Ал театрдан бөлек, әдебиеттен бөлек, киноны жаңа өнер ретінде қарап, арт-хаустық фильм жасаймыз деп жүрген режиссерлер баршылық. Әдебиетсіз фильм жасау мүмкін емес дейтініміз – драма мәселесі. Ал мүмкін дейтініміз – фильмде әдебиетте жоқ жанрлар кездеседі. Мысалы, фантастика әдебиетте болғанымен, фильмдегі көрінісі басқа. 

– Сценарийде шымыр диалог тудыру үшін қолданатын қандай да бір әдісіңіз бар ма?

– Тәсілдері көп. Оның негізгісі – кейіпкердің ерекшелігі. Кейіпкер мінезі ашылмаса, оған диалог беру мүмкін емес. Кейіпкер қалай сөйлейді, қалай ойлайды – соның бәрі анық болған кезде оқиғаға қарай сөйлетеміз. Барынша табиғи сөйлетуге тырысамыз. Беталды шешен сөйлете беруге болмайды. Өз басым артық сөзге бармай, дәл сөйлетуге тырысамын.

– Оқырмандарымыз – жасөспірімдер. Кино әлеміне келсем дейтін балалар қазірден қандай болу керек?

– Әдеби кітаптарды молынан оқығандарын қалар едім. Өйткені оқырман әдеби кейіпкермен, Әкім Тарази ағамыз айтқандай, «шахмат ойнағандай» күйде болады. Сосын адамдармен сөйлесу барысында ерекше сөздерге құлағын түріп жүру керек. Соларды түртіп алып, жазып қойса, болашақ фильміне материал болмақ.

Әсел КӘРІБАЙ, сценарист:

СЦЕНАРИСТ АДАМ ЖАНЫНЫҢ ЖҰМБАҒЫН ШЕШУГЕ ТАЛПЫНУ КЕРЕК

– Сценарий өмірге қалай келеді? Режиссер немесе фильм авторы сценаристке қандай талап қояды?

– Сценарий, алдымен, идея, түпкі ой формасында өмірге келеді. Ол дәнекке ұқсайды. Кейде автор есінде қалған, басынан өткен не естіген оқиғасының кішкентай ғана сюжетін үлкен туындыға айналдыруы мүмкін. Әдетте фильм автордың көкейінде сайрап, визуал тұрғыда елестеп тұрады да, бірақ жазуда қиналуы мүмкін. Мұндайда сценарист онымен бір толқында болуы керек. Ойын түсініп, сюжетін дамытып, тігісін жатқызып, сауатты, шымыр дүние жазып шығуы керек.

– Осы кезде сценарий өмірге қаншалықты жақындайды? Көпшілік жаппай көріп жатқан фильмдердің сценарийі (әсіресе кассалық фильмдер) өмірден әлдеқайда алшақ сияқты...

– Арамызда өмір сүріп жүрген қарапайым адамдарды кейіпкер ғып алғанда шынайы, өмірге жақын фильм шығады. Олардың армандары, проблемалары, жақсы-жаман қылықтары көршіңізге, жұбайыңызға не ауылдасыңызға ұқсауы мүмкін. Олардың психологиясына тереңірек үңіліп, ішкі тартыстарын, қайшылықтарын, мұңын бере алатын сценарий жазу үшін шеберлік керек. Адам – өте күрделі жаратылыс, ал адам өміріне жақын фильм түсіру үшін оның жұмбағын шешуге талпыну керек болады.

– Андрей Тарковский: «Сценарист деген мамандық жоқ, сценарист – киноны жақсы түсінетін жазушы, не сценарий жаза алатын режиссер», – депті. Бізде осының қайсысы көп? Оларды қалай бағалайсыз?

– Киноны жақсы түсінетін жазушы бар деп айта алмаймын. Бұрын, иә, болған. Қазір жазушыларымыз әңгіме жазудан аса алмай жатыр ғой. Ал өздері жазатын режиссерлер көп. Кейде әлсіз фильм содан шыға ма деймін. Кино тілінде жаза алатын жазушы мен жақсы режиссерлер арасында байланыс болмай жатқан сияқты.

– Өзіңіздің сценарий жазуға келуіңіз кездейсоқ па, әлде дайындығыңыз болды ма?

– Сценарист болам-ау, кино саласында жүрем-ау деген ой болмаған. IV курста оқып жүргенде мектептен бері таныс ағайым «Хабар» телеарнасына сериал түсіретінін айтып, соған сценарий жазуға ұсыныс жасады. Мен филологияда оқып жүрген соң, «жазу қолыңнан келеді» деп сенім артты. Сол сериалды жазып жүріп, жалпы сценарийдің құрылымын үйрендім. Әлі де үйреніп жүрмін, ізденіс үстіндемін.

– Ал сценарист болсам дейтін жасөспірім нені білу керек? Берер кеңесіңіз қандай?

– Ескі фильмдерді көп көру керек, кітапты көп оқу керек. Жалпы классиканы сіңірген дұрыс. Сосын айналадағы адамдардың (ата-анамыздың, достарымыздың) іс-әрекетін сырттай бақылап, мінездерін саралап, ойға түйіп жүрген жақсы.

Жоғарыда кассалық фильмдердің көбейгенін байқадық. Қазақтілді көрермен үшін бұл қуантарлық жағдай. Бірақ жалғыз әттеген-айы – сценарий. «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» дейтін сөз бар еді ғой. Шоу-бизнес өкілдері жаппай түсіріп кеткен фильмдерді көргенде, шебер қиыстырғанына ғана бас шайқап қайтасың. Ал олар өмірден әлдеқайда алшақ... Сондықтан болашақта фильм түсіремін дейтін жасөспірім, жоғарыдағы мамандардың пікіріне назар аудара жүргейсің.

Дайындаған 
Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2023

948 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз