Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 05 Наурыз, 2023

Бүгін - Әлихан Бөкейханның туған күні

Бүгін «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы, саяси қайраткер, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. 

«Бөденеде мекен жоқ, қайда барса бытпылдық» дегендей, құрлықтың қақ ортасында қабырғалы халықтармен көрші тұрып, құрдымға қанша құласа да жұтылып кетпей бүгінге жеткен қазақтың тәуелсіз ел құру тарихында табанды күрес жүргізген Хан Кенеден кейінгі қажырлы қайраткері Әлихан Бөкейханға деген халықтық ықылас, ұрпақтық ізет қай кезде де қанымызда! Әлекеңнің хан тұқымы ретінде хақы бар халқының азаттығы жолында аса сауаттылықпен, риясыз ұлтшылдықпен жүргізген күресі тағылымға толы.

...Әлихан Бөкейхан Ленинмен бір уақытта Санкт-Петербург университетінің заң факультетін экстерн түрінде бітірген. (Әлімхан Ермеков)
...Әлихан Бөкейхан шығармаларының библиографиялық көрсеткіштерінің өзі 30 беттен тұрады. 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейінгі және 1927 жылға дейінгі мыңға жуық мақалалары мен очерктері 50-ден астам қазақ және орыс басылымдарында жарық көрді. Әлихан публицистикасы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақтың ғана емес, Ресейдің де тарихи оқиғаларының шежіресі. Ол өзінің мақала-очерктерін 30-ға жуық жасырын есіммен жариялады. (Сұлтан Хан Аққұлұлы)
...Әлихан Бөкейхан еңбектері ХХ ғасыр басында Оксфорд пен Сорбоннада, француз газеттерінде жарияланды. Қазақ эпостары туралы мағлұматтар келтіріп, қазақ халқын Еуропаға таныстырды. (Айгүл Ісмақова)
...Әлихан Бөкейхан 1908 жылы «Выборг манифестіне» қол қойғаны үшін жер аударылып, 1917 жылға дейін Қазақстанға келу құқынан айрылған болатын. Самарада тұрса да ұлт-азаттық қозғалысының теориялық-практикалық негізін қалады, 1909 жылы Абайдың кітабын шығарды, «Қазақ» газетінің ашылуына түрткі болды. Самарада масондық ұйым құруға себепкер болды.  
...1922 жылы Семейде ұсталып, Мәскеуге апарылды. Кеңес өкіметінің шешімімен үйден шығу құқығы шектеліп, 1937 жылы атылғанға дейін 15 жыл үйқамақта отырды. 
...1932-33 жылдардағы ашаршылықта Голощекинді Қазақстаннан кетіруге Смағұл Сәдуақасов бастаған топ әрекет жасады. Олар Сталинді қолдай қоймаған Троцкиймен, Зиновьевпен, Каменевпен байланыс орнатты. Сол кездегі Голощекиннің: «Мәскеуге іссапармен келген қазақ қайраткерлері пойыздан түсе салысымен Кремльдегі өкімет үйіне бармайды. Бірінші Бөкейхановқа барып, сонан кейін Кремльге барады» деген сөзі бар. Бұл Әлиханның үйқамақта отырса да саяси қайраткерлерге ықпалы қаншалықты болғанын көрсетеді (Мәмбет Қойгелді).
...Сталиннің 1925 жылы Казрайкомға жазған хатынан кейін Әлихан Бөкейхан «Шығыс» баспасы, одан кейін Орталық баспасынан қызметтен шығарылды. Жұмыстан босатылған Ә.Бөкейханның отбасын асырайтын қаржысы болмады. Баласы Сергей стипендиядан шеттетілді. (Кейін осы Сергей (шын аты Өктай) Жезқазғанды алғаш рет көтеріп, зерттеді. КСРО ғылым академиясынан «Большой Джезказган» кітабы шықты.) Бірақ, Қазақстанда жүрген қайраткерлер, арасында жоғары лауазымды адамдар да бар, орталарынан ақша жинап, ұлт көсемін көпке дейін қаржыландырып тұрды. Кейін олардың барлығы ОГПУ-дің «Бөкейхановқа жинаған ақшаға қанша қаржы қостың?» деген сауалына жауап берулеріне тура келді.
...Ә.Бөкейхан 1937 жылы 27 қыркүйекте ату жазасына кесіліп, үкім сол күні орындалған. Сүйегі Мәскеудегі 5 мың адам жерленген Дон зиратында крематорийге өртеліп, қойылған.

Думан АНАШ

 

938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз