Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 06 Наурыз, 2023

2050 ЖЫЛ: БІЗ ҚАНШАЛЫҚТЫ КӨБЕЙЕМІЗ?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Қазақ демографиясы қаншалықты өсім алып келеді? Жалпы халық санының өсуі бірінші қандай факторларға байланысты? Сарапшылардың айтуы бойынша, демографияға эконо­миканың жақсаруының әсері мол. Мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар жүзеге асып, жүйелі жұмыс істелініп отырса, елдегі демографиялық жағдайдың жақсаруына жанама түрде болса да ықпал етеді. Егер жалпы мемлекеттік тұрғыда ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған идеологиялық шаралар атқарылса, елдегі демографиялық өсімнің ортадан жоғары қарқын алуына әсері бар.

Ал біз қаншалықты өсімтал халықпыз? Еңбек ресурстарын дамыту орталығы қазақ ұлты алдағы 25 жылда қаншалықты өсетінін есептеп шығарды. Әрине, халықтың өскеніне қуану керек.

Орталық сарапшылары жасаған бол­жамға сүйенсек, Қазақстан халқының демографиясында жағымды көрсеткіштер бар. Халықтың орташа жылдық саны 2050 жылға қарай 8,2 млн адамға өсіп, 27,8 млн адамға жетеді.Бұл адам сенер­лік жорамал ма? Сарапшылардың есептеуінше, болжамның базалық нұс­қасында өсу қар­қыны жылына 1,1-1,4% шегінде өз­геріп отырады. Орташа жылдық өсу қар­қыны шамамен 1,3 пайыз шамасында болады. Орта­лық сарапшылары туу мен өлу ара­сын­дағы айырмашылықты да атап көр­­сеткен. 2022–2050 жылдар аралы­ғында жаңа туған нәрестелер саны 14,3 млн адамды, ал қайтыс болғандар саны 5,5 млн адамды құрайды. Осылайша, табиғи өсім 8,8 млн адам шамасында болып отыр.

Алдағы уақытта республиканың қай аймағында демографиялық тасқын күшейеді немесе қай өңірде халықтың өсімі кемиді? Орталық оны да есептеп шығарғанға ұқсайды. 2050 жылға қарай сегіз өңірдегі халықтың саны 869 мың адамға қысқаруы мүмкін. Олардың қатарында Абай (92 мыңға), Ақмола (80 мыңға), Қарағанды (99 мыңға), Қостанай (181 мыңға), Павлодар (100 мыңға), Солтүстік Қазақстан (182 мыңға), Ұлытау (15 мыңға), Шығыс Қазақстан (120 мыңға) облысы болуы мүмкін. Ал аталған аймақтарда демографиялық өсім неге кемиді, ол неге байланысты? Өкінішке қарай, сарапшылар мұның себебін атап көрсетпегенге ұқсайды.

Ал қалған өңірлердегі халық саны 9 млн адамға өсуі мүмкін. Оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында демографиялық өсім 4,2 млн адамға көбейеді деген болжам бар. Сонымен қатар тоғыз облыста демографиялық тасқын артады. Бұл, әрине жақсы, жағымды құбылыс десек те, ол қандай аймақтар? Дерекке жүгінсек, Ақтөбе облысы –326 мың, Алматы –800 мың, Атырау –350 мың, Батыс Қазақстан –112 мың, Жамбыл –657 мың, Жетісу –512 мың, Қызылорда –328 мың, Маңғыстау–723 мың және Түркістан облысы –994 мың адамға көбейеді.

Сарапшылардың болжауынша, алдағы 25 жылда қалаға қарай жылжитын­­дар­дың саны артады. Урбанизация проце­сінде өзгерістер болуы ықтимал. Атап айтар болсақ, 2050 жылға қарай урба­низация деңгейі 2022 жылғы 62 пайыз­дан 67 пайызға жетіп, өсуі мүмкін. Дерекке сенсек, қала халқының саны 6,6 млн адамға немесе 55 пайызға өседі деген болжам бар. Ал ауылдық жер­лерде өсім 1,5 млн адамды немесе 21 пайызды құрайды.

Тууға қатысты да жағымды көр­сеткіштер баршылық. Алдағы жылдары туу көрсеткішінің жылына 390 мың адамнан аз (пессимистік сценарийде 380 мыңнан аз) деңгейіне дейін бір­шама төмендеуі күтілетініне қарамастан, 2028 жылға қарай 400 мың жаңа туған нәресте деңгейіне қайта қол жеткізу мүмкіндігі бар. Ал 2036–2037 жылдарға қарай дүниеге келетін сәбилердің саны жылына 500 мың адамнан асып түседі. Қазақстанда жылдық туу көрсеткіші 2050 жылға қарай 600 мың адамға жуықтайды.Бұл, әрине өте жағымды көрсеткіш, қуанарлық нәрсе.

Бір қызығы, сарапшылар алдағы уа­қытта қала халқының өсімталдығына назар аударып отыр. 2022–2050 жылдар аралығында сәбилердің 64 пайызы қалалық жерлерде, 36 пайызы ауылдық жерлерде дүниеге келеді екен.

Сарапшылар халықтың өсімі барысында мынандай қызғылықты көрсеткіштер орын алатынын ескертеді. Мектеп жасындағылардың саны (6-18 жас) 2027 жылға қарай 5 миллионға дейін артады. Содан кейін шамамен он жылға тұрақтандыру байқалады. Алайда 2036 жылдан 2050 жыл аралығында өсу қарқыны қайта басталады да, 2050 жылға қарай олардың саны 6,5 млн-ға жетеді.

Әрине, Қазақстан халқы жас болып есептеледі. 2027 жылға қарай 15-28 жас аралығындағы жастардың саны 0,5 млн адамға өсіп, 4,1 млн адамды құрайтын болады. 2027–2033 жылдар аралығында қосымша өсім 900 мыңға жуық адамды құрайды. Ал 2033 жылға қарай жастардың жалпы саны 2022 жылғы 3,5 млн адаммен салыстырғанда 5 млн адамнан асып түседі. Алайда мына бір жайтты ескерген жөн. 1990 жылдардың аяғына дейін елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыр болғанын жасыра алмаймыз. Бұл жағдай 20-25 жылдан кейінгі демографиялық өсімге де кері әсер еткенін байқауға болады. Демек, аталған жайттарға қатысты 2024 жылға қарай жастар жұмыс күшінің саны 1,8-ден 1,7 млн адамға дейін азаяды деген болжам бар. Алайда 2030 жылға қарай оның саны 2,2 млн адамға дейін, ал 2035 жылға қарай 2,7 млн адамға дейін өседі. Осылайша, алдағы 13 жылда жастар санының өсуіне байланысты жұмыс орындарына деген қажеттілік 1 миллионға артады.

Халықтың саны көбейген сайын көпшіліктің экономикалық белсенділігі де артады.Еңбекке қабілетті жастан асқан халық саны 2030 жылға қарай 25 пайызға, ал 2050 жылға қарай 1,7 есе өседі. Демография туралы сөз қозғағанда, алаң­датарлық тағы бір нәрсе бар. Алдағы 25 жылда егде жастағылар халықтың басқа санаттарына қарағанда жылдам өседі. Бұл ашығын айтсақ, халықтың қартайып бара жатқанын көрсетеді.

2034 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің саны 10 млн адамнан асады деген болжам бар. 2000-жылдардағы «бэби бумы» кезінде дүниеге көп келген ұрпақтың еңбек нарығына келуіне байланысты 2030 жылдан бастап жыл сайынғы жұмыс күшінің өсу қарқыны тездеп, жылына 1 пайыздан асады. 2050 жылға қарай жұмыс күшінің саны де­мографиялық көрсеткіштердің динами­ка­сына байланысты 11-12,5 млн адамға жетуі мүмкін. Сарапшылар «бұл 2022 жылмен салыстырғанда 18-34 пайыз өсімге сәйкес келеді» деп отыр. Бірқатар өңірлерде (негізінен солтүстік, орталық және шығыс) жұмыс күші 25-тен 45 пайызға дейін қысқаруы мүмкін болса, Астана және Шымкент қалаларында ол екі еселенеді деген жорамал бар.

Расын айту керек, қазіргі уақытта демографияда жағымды көрсеткіштің бары көңілге қуаныш әкеледі. Дерекке жүгінсек, 2022 жылдың аяғында орташа есеппен алғанда, бір отбасында 5 бала, ал кей отбасында бір баладан бар. Ал халықтың санында баяу болса да, өсім бары көңіл қуантады. Қазір Қазақстан халқының саны 19 миллион 700 мыңнан асты. Өсім шамамен алғанда 1,3 пайызды көрсетіп тұр. 2022 жылы 250 мыңнан астам сәби жарық дүниенің есігін ашса, қайтыс болғандардың саны 13 мыңның шамасында. Ал Ресейде туудан гөрі өлім көп. Мұндай жағдай Қазақстанда 1990–2003 жылдар аралығында байқалды. Әсіресе, 1997–1998 жылдарда бір отбасында бір баладан болды. Қазір Қа­зақстан халқы көпбалалы отбасы болып саналады. Отбасы және балалар қазақ үшін ең қастерлі ұлттық ұғымға айналып барады. Осыған қуанайық.

1506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз