Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 13 Наурыз, 2023

Айналаң айна екенін біле жүр

– Мама, мен неге достарым-мен көшеде жүрмеймін? 
– Көшеде не істейсіңдер?
– Дүкеннің алдына жиналып, әңгіме айтып тұрғымыз келеді.
– Сосын...
– Сосын ойнаймыз...
– Білесің бе, балам, қараусыз қалған балалар ғана көшеде көп жүреді. Ал есі дұрыс адам үйінде отырады. Сабағын оқиды, үй шаруасына көмектеседі. Дүкенге әке-шешесі жұмсағанда ғана барады...

Анасы баласына көп мысал келтіріп, неліктен көшеде бей-берекет жүруге болмайтынын түсіндірді. Көшеде қараусыз жүрген балаларды ниеті жаман ересектер темекі шегуге, ішімдік ішуге үйрететінін, үйінен ақша алып шығуға жұмсайтынын, осының бәрін орындамаса «қызсың» деп келекететінін, сөйтіп, «көшенің тәрбиесін» үйренетінін айтты. Бәрінен де көшеде сенделіп жүрген балалармен дос болса, бұл да солар сияқты сенделуден басқаны білмейтін адамға айналатынын қайта-қайта айтты. Баласы түсінгендей, ойланып қалды. Баласын жаман ортадан сақтағысы келген анасының әрекетіне сүйсініп-ақ қалдық...  

Үй мен көшенің тәрбиесі ешқашан ұштасқан емес. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы ұғым. Тәртібі нашар балаларды – «көшеде өскен», ал үйінен шықпай өскендерді «үйкүшік» дейді. Көшеде жүргеннің бәрі бұзылған деуге келмес, әрине. Көшеде, аулада балалармен бірге ойнаған балалар әлеуметтенуі тез. Яғни тіл табыса білуге, жауапкершілікке, өзіне сенімді болуына, кең ойлай алуына, физикалық тұрғыдан жетілуіне балалармен қарым-қатынас жақсы әсер етеді. Алайда «көшеде өскен» мен «үйкүшіктің» ортасында қалмас үшін адам өзіне орта таңдай білу керек.

«Бәріміз бір әлемде өмір сүреміз. Неліктен кейбір адамдар бір нәрсені ғана көреді, ал басқалары мүлде басқа нәрсені көреді? Неліктен кейбір адамдардың айналасында тек бақытсыз, мұңды адамдар, ал басқалардың айналасында бақытты, көңілді және қуанышты адамдар бар? Мұның бәрі ортасына байланысты деп ойлаймын», – деп пікір білдіріпті «Ақ желкеннің» Инстаграм парақшасындағы бір оқырман. 

Ең жақын деген бес адамың жалқау, еріншек, тоғышар болса, сен де сондайсың. Егер ең жақын бес адамың күшті, табанды және әлеуетті, табысты болса, сен де табыстысың. Өйткені адам ортасына қарап бой түзейді. Сенбесең, айналаңдағы адамдарыңа қарашы. Өмірге өкпелі, шағым айтқанды ұнататындармен араласа отырып, сен де солай істей бастайсың. Іші тар адаммен үнемі байланыста болсаң, жомарт болуды тоқтатасың. Өйткені адам сырттан келетін энергияны еріксіз қабылдайды. Қаласаң да, қаламасаң да, қоршаған орта сенің «меніңді» қалыптастырады. Біреумен қарым-қатынас жасай отырып, сен оның интонациясын, сөйлеу мәнерін, ым-ишарасын, кейде тіпті ойлау тәсілін де қайталайсың. Енді біреумен араласқаннан кейін жан дүниең қуанышқа бөленіп, нұрланады, ал екіншісімен кездескеннен кейін қандай да бір себептермен көңілің түсіп, өз-өзіңе сенуді доғарып, мұңайған күйде қалатыныңды сезесің. Бұл – өзара энергия алмасу деп аталады. Әлеуметтік желідегі белсенді психологтардың көбі айтып жүргені де осы нәрсе. Ортаның адамға әсер етуіне тереңірек қарасақ, түрлі мысалдарға тап боламыз. Егер ортаңда шылым шегетіндер көп болса, сенің де шылым шегуді бастап кетуің қиын емес. Егер ішімдік ішетіндер мен нашақорлар көп болса, сен оны қалыпты деп ойлай бастайсың. Яғни айналаңдағы адамдардың іс-әрекетін бейсаналы түрде көшіресің.

Сәлима САТЫЛҒАНОВА, отбасылық психолог:

Ортасыз адам болмайды

Адамның бәріне белгілі бір қалыптасқан орта керек. Жай ғана керек емес, ауадай қажет. Әсіресе жасөспірімдер тұлға ретінде қалыптасуы үшін орта болғаны дұрыс. Ол орта позитивті, жасампаз идеяға толы болуы мүмкін немесе негативке де толы орта болуы ғажап емес. Негізі жасөспірім орта арқылы бәсекеге қабілетті болуға дағдыланады. Өзге адамдардың ойлауы, жүріс-тұрысы, тіпті спортпен айналысқаны да оған әсер етеді. Ойын тиянақты жеткізуге, өзінің бойындағы ерекшелігін түсінуге, табиғи болмысын қабылдауға, коммуникативті дағдыларын қалыптастыруға, өзге адамға жанашыр болуға ортасы үйретеді. Ал деструктивті ортаға түсетін болса, бұл оған қиындық тудырады. Ондай ортаға түссе де жасөспірім шекарасын қалай қорғау керек екенін үйренуі мүмкін. Алайда жасөспірімде негатив ортада қалуға да немесе позитив орта іздеуге де таңдауы бар. 

Баланың нашар ортаға түсіп қалғанын қалай білуге болады? Алдымен отбасындағы адамдарға қатыгездік пайда болады. Өзіндік «мені» төмендеп, тіпті тамаққа тәбеті болмай, арықтай бастайды. Бұрын сабағын жақсы оқыған болса, үлгерімі нашарлайды, сабаққа кешігеді, жеке бас гигиенасын сақтамайды, депрессивтік кезеңге тап болады. Бұл – оның ортасына көңілі толмай, жанайқайын сыртқа шығара алмай жатқанының көрінісі. Бұл жағдайды ата-ана тез байқап, шара қолдануы керек. Бірақ оған қатаң бақылау жасағаннан гөрі, деңгейіне түсіп сөйлесіп, түсіністік танытқан дұрыс. «Неге сен оқымайсың? Апайың неге маған телефон соқты?» деп баланы кінәлау артық болады. 

Негативті ортадан алыстап кетудің бірнеше тәсілі бар. Ондай ортадан бала бірден бас тартып кете алмайды. Себебі, өзін кінәлі санау сезімі оянады. «Достарын» қимайды. Балалық шақтан алыстағысы келеді, ересектердің қатарына қосылайын десе, өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз. Осының бәрін ескеріп, мұғалімдері де, ата-аналар да жұмсақ сөйлесіп, бетін бері қаратып алу керек. Жасөспірім шақтың қиындығы да осында. Баланы спортқа баулу, бірге саяхаттау ата-ана мен баланың қарым-қатынасын бекіте түседі. «Темекі тартпа, арақ ішпе» деп айта бергеннен гөрі, іс-әрекетімен үлгі көрсеткеннің әсері молырақ. 

Ортаны қаламайтын адамдар да бар. Мұндай жағдайда психолог, психиатр мамандардың көмегіне жүгінген абзал. Өйткені ол балада аутизмнің элементтері немесе әлеуметтік желілерге тәуелді болу, өн бойында әйтеуір бір қорқыныш сезімі басым болуы мүмкін. Ортаға бейімделмеген баладан сақ болу керек. Ертерек демеп жіберсе, ерте қатарға қосылады. Ортасыз адам толыққанды адам болып қалыптаспайды.

Адам өзімен пікірлес адамдармен араласу керек екен. Неге? Мысалы, арықтауға бел байладың. Осыған байланысты көптеген мақала, сұқбат, кітап оқыдың да, қандай диета ұстайтыныңды анықтадық. Тіпті бір апта диета ұстадың. Бірақ достарың мазақ етіп, ата-анаң сөге бастайды. Ал сені досың немесе анаң қолдап, бірге диета ұстайтын болса, көпшіліктің сын-ескертпесіне қарсы тұра алу әлдеқайда оңай болады. Әрі өзіңді сенімді ұстайсың. Қанша жерден өмірімізге өзгеріс енгізгіміз келсе де, әлі де басқалардың пікіріне тәуелдіміз. Бұл – факт. Ал егер ешкім қолдамаса ше? Ондай да болуы мүмкін ғой... Бұл жерде сені ешкім де, сен де ешкімді құтқармауың мүмкін. Сондықтан оларға үлгі көрсете білген абзал. Адамның ойлауы дамыған кезде, оны өткен-кеткен оқиғалар мазаламауы керек.

Егер ортаны қажет етпейтін адамдарды білсең...

Бір қызығы ортаны қажет етпейтін адамдар да болады екен. Бірақ ол адамның психологиялық сипаты бар болып шықты. Басқа адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде ыңғайсызданатын, қорқынышты сезінетін әлеуметтік антипатиясы бар адамдардан көпшілік ортадан алыстап кететін көрінеді. Өзін-өзі бағалауы мен өзіне сенімі төмендеген, жан жарасы бар, ауыр дағдарысты бастан өткерген адамдар да орта іздеп әуре болмайды. Сосын тек жұмыс пен үйдің ортасында жүретін адамдарда да ортаға шығып, адамдармен араласуға уақыты аз екен. Сондай-ақ әртүрлі қызығушылықтары немесе хоббилері бар адамдар да ортадан алыстап кететін көрінеді. Өйткені оның қызығушылықтарын ешкім елеп-ескермейтін болғандықтан, өз жөнімен жүргенді жөн көреді.

Ортаң өзіңе ұнамай жүрсе, қалай өзгертуге болады?

1. Сенің алға жылжуыңа кедергі жасайтын, сеніміңе нұқсан келтіретін, үнемі сынап-мінеп, армандарыңды бұзуға тырысатын адамдар – дұшпандарың. Тіпті ол сенің досың немесе туысың да болуы мүмкін. Көпшілікке қарсы шығу әрқашан қиын. Тілеулес емес адамдармен аз араласыңыз және олардың теріс әсерінен өзіңді босатып алуға тырыс. 
2. Ең күшті мұғалім тап. Айналаңда ондай тұлғалар бар. Мысалы, миллионерлер, бизнесмендер, көшбасшылар...  Танымал бизнесмендердің оқығандарын мұқият зерттеңіз. Сенің жағдайыңда олар не істер еді? Күшті адамдар мен әлсіздердің айырмашылығы неде? Мықтылар «жеңесің» дейді, ал әлсіздер «жеңілесің дейді.
3. Мықты адамдарды іздеп, олармен араласуға тырыс. Оларды қалай табуға болады? Тренингтерге, біліктілікті арттыру курстарына, іскерлік жиындарға бар. Мақсаты бар, іскер адамдармен көбірек сөйлес. Бір күні өзің де солардың қатарына қосыласың.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы

2772 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз