Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Наурыз, 2023

Киіз басу – күйзелістің емі

Халқымыздың қолөнері қазаққа ғана тән ұлттық болмысымыздың коды.  Құрақ құрау, кестелеу, ою оюлауды қазіргі заманмен бірге түрлендіріп, кәсіптің көзіне айналдырып отырғандар қаншама?! Көз қуанып, көңіл көншиді. Дегенмен кейінгі уақыттарда киіз басу деген төл өнерімізді сирек көріп жүрміз.  Сол үшін де айналаға бажайлай қарап, киіз басу өнерін халықтың арасынан іздеп көрдік. Ондай өнер иесін таптық та. Соның бірі – Гүлшара Қаражанова.

Ол қазір белді оқу орындарының бірінде ағылшын тілінен сабақ береді. Киіз басу – жанына жақын өнер. Өйткені бала кезінен анасының, үлкен әжелерінің, көрші апаларының киіз басқанын көріп өскен. Мұндай қолөнер түрімен айналысу арт-терапия екенін айтады. Қазіргі адамдардың күйзеліске тез түсетінін ескерсек, бұл арт-терапия бәрімізге керек пе деп ойлап қалатынымыз рас. Гүлшара ханым да бұл сөзімізді қостай кетіп, киізбен жұмыс істеудің айтарлықтай қиындығы жоқ екенін айтты. «Киіз басу үлгісімен бас киім, аяқ киім, үйге киетін қалың малақайлар жасағанды ұнатамын. Кейде машинаның орындықтарына шағын оюлы киіз көрпешелер жасайтыным да бар. Оны көрген адамдар жақсы бағасын беріп жатады. Өшіп бара жатқан өнерді қайта жаңғыртып жүргеніме өзім де қуанамын. Киізден жасалған аяқ киімге қойдың жүні жақсы, ешкінікі келмейді. Есесіне ешкінің түбітін бас киім немесе орамалға пайдаланамыз. Ал түйенің жүні бәріне жақсы келеді. Оның үстіне жылуды да өте жақсы ұстайды. Киіз басуға келсек, алдымен жүнді жуамын, ірілі-ұсақты қалдықтардан тазалаймын, тағы жуамын, содан соң кептіріп, түтуге дайындаймын. Жүн түту арқылы түрлі қалдықтардан тазартып, жүнді үлпілдек қылып аламыз. Арнайы қалыпқа келтіріліп қиылған қағаздың үстіне, тазартылған қой жүнін бірнеше қатарластырып қоямыз. Қатарлар көп болған сайын тығыздалып, төзімділігі күшейеді, 5-6 қатар болса, тіптен жақсы. Бір-екі қатармен киіз жұқа болып, арасы ашылып, тез жыртылады. Бірнеше қатар қойғаннан кейін бетіне пластмассалы немесе синтетикалы тор төсеп, үстіне ыстық сумен сабын араластырып, қайта-қайта илей бастаймыз. Бұл қатарлардың бір-бірінен ажырамастай болып жабысуы, байласуы үшін бұл өте керек әрекет. Осындай тәсілдермен киіз төсемдер жасалады (2-сурет).
Киіз аяқ киімді қалай жасайтынын айтқым келеді. Алдымен оған арналған арнайы форма істеледі. Киіз аяқкиімге көбіне қой жүні өте ыңғайлы. Оны жуып, дайындап, түтіп, кесілген қалыптың үстіне қатарластырып қойып, ыстық сумен, сабынмен жасалатын жұмыс процесінен өтеміз. Тек қалыптың шеткі жақтарына келетін тұстарын әзірге сулап, илемейміз. Өйткені ол соңында екі жағын біріктіру үшін керек. Арнайы қалыппен қиылған, киіз болып қалыптаса бастаған байпақ қиындысын іші сыртынан елеп алып, ортасына қолдан жасалған адамның аяғы типтес қалыпты салып, біріктіре бастаймыз. Сол кезде аяққа ұқсас қалып шардың ішінде қалғандай болады, жан-жағынан бітеледі. Оны тағы да жақсылап қалыпқа келтіре түсіп илеп, адамның аяғы киілетін жерін кесіп алып тастаймыз. Сөйтеміз де оны ыстық, қауіпсіз жылытқышта бір күн кептіреміз. Міне, киіз аяқ киім дайын (3-4-сурет)», – дейді біздің кейіпкер. 
Гүлшара Қаражанова құрақ құраумен де айналысады екен. «Құрақ – әрі үнемді әрі көздің жауын алатын әсем дүние. Қиынды маталарды жинап алып құрақ құрағанды жақсы көремін. Көбіне ши құрақ деген түрін құраған ұнайды. Мұнымен арнайы айналысып, құрақ көрпені қыз жасауына тігіп, кәсіп етіп жолға қойып отырғандар бүгінгі күні өте көп. Бұл да бір ұлттық өнердің өлмей, адамдармен бірге жасасып, бірге түрленетінін білдірсе керек», – дейді ол. 
Ақтөбедегі 1200-ге жуық бала оқитын қалалық көркемсурет лицейінде қазақ бөлімі балаларына композиция деген пән арқылы қазақтың төл өнері де үйретіледі екен. Оның ішінде осы киіз басу өнері де бар. Басында пилоттық жоба ретінде жүргізіліп, кейін балалар қызыққан соң, арнайы сабақ кестесіне енгізілген. «Оқушылар жасаған жұмыстардың басын құрап кереметтей өнер орталығын аштық. Оған қолдан жасалған, ұлттық қолөнердің небір көз жауын алар туындыларын жинадық (1-сурет). Орталығымыз лезде құлпырып шыға келді. Өзіңіз келіп көзіңізбен көрсеңіз, таңғалар едіңіз. Ол жерде де қолөнерден сабақтар үйретеміз. Үйренушілер айналасына қарап шабыт алып, бұл іске деген махаббаты артады. Бұл – өскелең ұрпаққа ұлттық өнерді сіңіріп өсірудің де бір тәсілі. Бізге өткен қаңтар айында Канада Елшісі келді. Төлөнерімізге таңғалып, таңдай қақты. Ши тоқу, киіз басу деген консулдың туған елінде мүлде жоқ екен. Ұлттық өнерімізді Канадаға апарып таныстыруға шақырды», – дейді лицейдің композиция пәні мұғалімі Ләйлә Таженова. 
Біз де төл өнеріміздің қалыс қалмағанына, дәуірлер өтсе де халқымызбен бірге жасасып келе жатқанына қуандық, болашағына сәттілік тіледік.

Элеонора Ыбырайқызы
«Ana tili»

165 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *