Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 15 Наурыз, 2023

БАЛА – ӨМІРДІҢ БАҒЫ

Қазақ өзінің әр баласына сынай қараған. Ұлттық тәрбиеден ажырамаған. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру сынды қасиеттер жарқын болашаққа бастары айқын.
Осыған байланысты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы Нұрдәулет АҚЫШПЕН әңгімелескен едік.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен 2021 жылдан бастап елімізде балалар әдебиетіне көңіл бөліне бастағаны белгілі. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы жанындағы балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы ретінде осынау маңызды рухани бастамаға қатысты не айтар едіңіз?

– Бұл бастама шын мәнінде мәдени өміріміздегі елеулі оқиға болды.  Өйткені оның мәдени  өміріміздің осы саладағы  бағытына тигізіп жатқан әсері ауқымды.  Мәселен, ол уақытқа дейін қазақ балалар қаламгерлерінің саны 70-тің үстінде болса, Президентіміздің бастамасынан кейін  әдебиетіміздің бұл саласы бойынша жұмыс істеп жатқан авторлардың саны 200-ден асып кеткенін аңғардым.  Мәдениет министрлігі балалар әдебиетін басып шығаруға қатысты жедел түрде бірсыпыра игілікті шаралар атқарды. Оған қолдау көрсеткен бұрынғы мәдениет министрі А.Райымқұлованың белсенділігін атап өткеніміз жөн.Қазіргі министріміз Д.Абаев мырза осы жақсы істің жалғастырушысы бола алады деген сенімім нық. Президент бастамасы біздің Балалар әдебиеті кеңесіне де тың серпін берді.  Бұл әңгімеден шет қалып қоймауға тырысып, мүмкіндігінше тиісті жұмыстар жүргізу үстіндеміз.Түрлі іс-шаралар өткізуге мұрындық болдық. Министрлік тарапынан атқарылған түрлі жұмыстарға да ат салысып келеміз.

Тәуелсіздік жылдарындағы балалар әдебиетінің жай-күйі жөнінде республикалық конференция  өткіздік, түрлі дөңгелек столдар мен басқосуларға да белсене қатысудамыз. Қала мен ауылдардағы түрлі кітапханалар мен оқу орындарына жиі барып, балалар әдебиетін насихаттауға қатысып жүрміз. Осы жұмыстардың барлығын Кеңес мүшелері қоғамдық негізде, ақысыз-пұлсыз атқаруда.

– Бүгінгі балалардың бойында қатыгездік басым болып барады деген пікірлер жиі айтылуда. Бұл мәселе жөнінде сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Иә, бұл өзекті мәселе жөнінде түрлі ақпарат құралдары неше түрлі сорақылықтарды тауып алып, қалың бұқараға жария етуде. Сондықтан қатігездік басым деген сөздің жаны бар. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой. Өзегімізді өртейтін бұл мәселе өз алдына ұзақ әңгіме.

– Демек, айтылып жүрген пікірлермен келісесіз ғой. Нұрдәулет аға, сіз өзіңіз де балалар жазушысы ретінде танымалсыз. Сондықтан да мынандай бір сұрақ қойғым келіп отыр. Сіздің шытырман оқиғалы шығармаларыңызда кейіпкерлер тағдырына қатысты  шиеленісті тұстардың өзінде осы қатігездік нышаны байқалмайды. Мәселен, «Тау ішіндегі тауқымет» атты жинағыңызға енген, оқиғасы аса қызықты «Киелі көлдің қарақшылары» деп аталатын хикаятыңыздағы жас кейіпкерлердің қарым-қатынасында мейірбандылық басым. Бұндай ұстанымның өзі жаһандану дәуіріндегі өмір шындығына, жаңағы айтқан ойыңызға  қайшы емес пе?

– Белгілі бір дәрежеде қайшылық болуы да ықтимал. Бірақ біздің ұлттық әдебиетіміздің мақсаты зорлық-зомбылықты қызықтап, соны насихаттап, имандылыққа жат нәрселерді насихаттап кету емес. Керісінше, бала тәрбиесі күрделі болып отырған бүгінгі заманда  ондай теріс моральдық-психологиялық ағымның алдына көркем әдебиет мен өнер мүмкіндігінше эстетикалық тосқауыл қоя  алуы тиіс. Қандай жағдайда да мен  жазушы ретінде де осы позицияны ұстанып келемін. Оқырманды қызықтырамын деп, жазған шығармама қатігездік пен имансыздықты тықпалай беруге қарсымын. Ондай ұстаным – жас оқырманның адами түсінігі мен психологиясын бүлдіретін рухани терроризм.

– Балалар әдебиетіне, балалар кітабына көңіл бөлудің астары үлкен екенін түсінеміз. Бүгінгі бала – ертеңгі ел иесі болатын азамат. Ендеше ел Президенті бастаған шара белгілі бір жылда ғана аталып өтетін  науқаншылыққа айналып, кейін ұмытылып қалып  жүрмей ме?

– Рас, біздің рухани әлемнің жүйелі түрде өркендемеуіне бөгет болатын нәрселердің бірі – осы науқаншылық. Сондықтан осынау тамаша бастама тоқтап қалмай, үнемі жалғасын тауып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Тек қатып қалған шеңберіне салып жібермей, формаларын ауыстырып отырсақ. Мәселен, бір жылды «Бүлдіршіндерге арналған суретті кітапшалар жылы» десек, келесі бір жылды «Балаларға арналған ән мәтіндері жылы»  деп атасақ. Сөйтіп жалғастыра беруге болады. Бірақ солардың бәрінде ұстаным жалғыз болуы тиіс: ол – жас оқырманды көркем әдебиет арқылы тәрбиелеу.

– Бүгінгі балалар әдебиетінде еңбек етіп жатқан әріптестеріңіздің кейбірін атап өте аласыз ба? Оқырмандардың кейібірі олардың есім-сойларын біле жүргендері дұрыс қой.

–Оның рас. Басқа оқырман қауымды былай қойғанда, бүгінгі таңда балалар әдебиетіне қалам тартып жатқан жас талапкерлердің арасында да алдыңғы толқынды біле қоймайтындар кездеседі. Балалар әдебиетіндегі қомақты өзгерістерді тіпті өздерінен бастағысы келетін жас қаламгерлер де жоқ емес. Әдебиетте дәстүр сабақтастығы деген ұғым бар екендігі белгілі. Жаңаша бірдеңе жазғысы келетін жастарымыздың алдыңғы шежірені, дәстүр сабақтастығын сызып тастауға асығуы көрегендік, көргендік бола қоймайды. Сондықтан да алдыңғы буынның жекелеген өкілдерін саналы түрде атап өтуді жөн көріп отырмын.

Осы арада өзімнің прозашы әріптестеріме ғана тоқталып кетсем деймін. Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жылдың ішінде қазақ балалар прозасының төл кадрлары Роза Әбілқадырова, Тұрдақын Жексенбай, Пернебай Дүйсенбин, Шәкен Күмісбайұлы, Нарбинь Кенжеғұлова, Бейсенбай Сүлейменов, Толымбек Әбдірайым, Жеткерген Әбдіреев, Ділдар Мамырбай, Қанат Қайым, Жаңабек Шағатай, Болат Үсенбай, Қайым-Мұнар Тәбей, Сабырбек Олжабай, Әлібек Файзуллаұлы, Айса Хамзин, Сәбит Дүйсенбиев, Дүйсен Мағұлұмов, Кеңес Оразбек және т.б. өздерінің жаңа шығармаларын ұсынды. Өкінішке қарай, бұл авторлардың біразы бүгінгі таңда  ортамызда жоқ.

Тәуелсіздік жылдары жақсы шығарма-ларымен көрінген Баянғали Әлімжанов, Есенәлі Ерәлі, Махмұтбай Әміреұлы, Нағашыбай Мұқатов, Сәуле Досжан, Толыбай Абылаев, Райхан Мәженова, Көсемәлі  Сәттібай,  Зира  Наурызбаева, Есей Жеңісұлы, Бағдат Айтмұқаева, Нұрлан Қалқа және т.б. – балалар әдебиетінен басқа салаларға да қалам  тартатын  қаламгерлер.

Олардың ізін ала шыққан Алмат Исаділ, Мейірамкүл Жаңбырбаева, Алтынай Амангелді, Мұхаметқали Қалмаханбет,  Бейбіт Сарыбай, Ғалымбек Қалибекұлы, Ж.Кенжалиев, Әлібек Байбол, Елдос Тоқтарбай, Зәуре Төрехан, Мейіржан Жылқыбай, Ернұр Сейдахмет, Гүлжан Аманкелдіқызы, Есболат Айдабосын, Нұрлан Құмар, Адина Жүсіп, Айдарбек Байділда, Марат Құлибайұлы, Нұрсила Оспанова, Көкбөрі Мүбарак (бұлар шығармалары көзімізге түскендері ғана) тәрізді жас қаламгерлер уақыт өткен сайын балалар әдебиетінің төл кадрларына айналып келеді. Болашақта олар бағалы дүниелерді ұсынатын әлеуетке ие деген  үмітіміз бар.  Олардың қаламынан ұлттық болмысымызды бейнелеп жеткізетін түрлі жанрдағы шығармалар өмірге келуде.

Әрине, жас буынның жазғандарының бәрі маңдайлары жарқыраған талантты туындылар  десек, артық айтқандық болар еді.

Жалпы балалар әдебиетімен айналысатын қаламгерлердің идеялық тұрғыдан өзектілігін жоғалтқан кейбір ескі сарыннан арылғаны дұрыс та болар. Жаңаша көркемдік талдаулар жасай алатын, креативті ойлауға бейім жас қаламгерлер өсіп келеді. «Балалар әдебиетін» трендке айналдырайық деп жүрген қаламгерлеріміз бар. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, қандай жағдайда да ұлттық ділімізден, салт-дәстүрімізден қол үзіп кетуге болмайды. Өйткені кейінгі буын өкілдері арасында ондай тенденцияның орын ала бастағанын жасырмағанымыз жөн.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Олжас  ЖОЛДЫБАЙ

893 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз