Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 16 Наурыз, 2023

Қ.Тоқаев: Халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты

Қасым-Жомарт Тоқаев «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде сөйлеген сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін елдердің еріктілерін Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырды.


«Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты.

Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген еріктілер келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар.

Еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан, мен Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын» , - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, түрік халқының апат аймағына еліміз әлеуметтік нысан салып беруге дайын екеніне тоқталды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз.

Осы орайда, апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге дайын екенімізді айтқым келеді. Бұл бауырлас Түрік халқына шынайы ілтипатымыздың көрінісі болатынына сенімдімін», - деді Қ.Тоқаев.


Фото: t.me/aqorda_resmi

355 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз