Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Наурыз, 2023

ДЦП диагнозы қойылған балаларды аяққа тұрғызған маман

Ресми ақпарат бойынша Қазақстанда 19 мың балаға ДЦП, яғни «Балалардағы церебалды cал» диагнозы қойылған. Бұл жақсы көрсеткіш емес, бірақ қазір бұл дертпен күресудің жолдары қарастырылған. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 14 балаларды оңалту орталығы бар. Мемлекеттің қолдауымен диагноздан айығып шығу жолдары қарастырылып келеді. Бүгінгі  кейіпкеріміз – емдік дене шынықтыру маманы, қаншама баланың аяққа тұрып кетуіне көмектесіп жүрген Данияр Болатов.

– Ең алдымен өзіңіздің мамандығыңыз, жұмысыңыз жайлы айтып берсеңіз. Жалпы, қазір қанша баланың аяққа тұрып кетуіне себепші болып жүрсіз? 

– Мен емдік дене шынықтыру маманымын. Бұл салада жүргеніме он жыл болды. Соңғы уақытта балалармен көбірек жұмыс істеймін. Дәлірек айтсам, неврологиясы бар балалармен жұмыс істеп жүрмін. Біздің орталықта ем қабылдап жүрген ДЦП диагнозы қойылған 300-ге жуық баланың аяққа тұрып, жүріп кетуіне көмектестік. 

– Балалардың жүріп кетуіне осы емдік жаттығулардың қандай көмегі бар екенін айтып өтсеңіз...

– Балалардың аяққа тұрып кетуіне себепші болып жүрген – емдік дене шынықтыру. Ол әр балаға жеке дайындалады. Себебі, балалардың дене бітімі әртүрлі болады. Одан бөлек ДЦП-ның әртүрлі сатысы болады, осыған байланысты әр емделушінің ерекшеліктеріне сәйкес ем тағайындалады. «Бала қалай жүріп кетті? Жүре алмауына не себеп болды?» – деп сұрайтындар көп. Біз қолданатын әдістер буыны тартылып қалған балалардың буынын босатып, ал керісінше буындары әлсіреп жатқан балалардың буынын қатайтып, жүру биомеханикасын үйретіп, тепе-теңдік сақтауға жаттықтырамыз. Кейбір балалар-дың буыны қатаймай, мойнын ұстай алмайтын болса, оған бірден жүруді үйретпейміз. Себебі, емдік шаралардың өзіндік кезеңдері бар. Мысалы, бала 12 айға дейін қалай дамиды, тура солай емделуші жас ерекшелігіне қарамай, сол кезеңдерден өтуге тиіс. Егер сегіз айлық бала мойнын ұстай алмаса, оған ең алдымен осыны үйретеміз. Одан соң аунай алу, ішпен жорғалау, төрттағандап тұру деген секілді қимылдарды үйреніп, балаға тік тұрғызу жаттығулары жасалады. Осы кезеңдерден өткен бала жақсы нәтижеге жете алады. 

– Қазақстанда ДЦП диагнозы қойылған балаларға көмектесетін қандай орталықтар бар? Жалпы, Қазақстан осындай диагнозы бар адамдарға қандай көмек көрсетеді? 

– Қазір Қазақстанда оңалту орталықтары көбірек ашылып жатыр. Әрбір қалада үкіметтің көмегімен оңалту орталықтары қарқынды дамып келеді. Ең ірі оңалту орталығы – Астана қаласында орналасқан Ұлттық балаларды оңалту орталығы. Балалар арнайы квоталар арқылы емделуге мүмкіндік ала алады. 

– ДЦП-ны емдеп шығу  мүмкін бе? 

– Өкінішке қарай, ДЦП-ны толығымен емдеу мүмкін емес. Бірақ бала емдік шараларын үздіксіз алса, дұрыс бағытта емделсе, дені сау балалардың дәрежесіне дейін жетуге болады. 

– Пациенттердің жас ерекшеліктері қандай? Ең үлкен және ең кіші жастағы пациенттеріңізді айтсаңыз...

– Емделушілердің жас ерекше-ліктеріне келер болсақ, ең кішкен-тай емделушіміз бір айлық сәби болды. Ең үлкені – 28 жастағы қыз. Қазір осы екі пациенттің жазылып кетуіне күш салып жатырмыз. 

– Бұл салаға келуіңізге не себеп болды?

– Алғашында кәсіби түрде спортпен шұғылданғанмын. Көптеген жарақат алдым. Кейін тізе буынына зақым тиіп, ауыр жарақат алып, гипспен, балдақпен жүруіме тура келді. Сол уақыттан бастап түрлі видеороликтерді көріп, оңалту саласына қызығып, емдік дене шынықтыру-дың не екенін толығымен зерттеп, осы салада адамдардың аяққа тұрып кетуіне көмектесемін деп алдыма мақсат қойдым. 

– Баланың осындай диагнозбен тууына не себеп болады? Аналар аяғы ауыр кезде нені білуі керек? 

– ДЦП-ның себептерін туғанға дейін, туғаннан кейін деп бөліп қарастырады. Туғанға дейінгі белгілері: ауыр жүктілік, анасының салауатты өмір салтын ұстанбауы, әртүрлі генетикалық ауытқу, кіндікке оралу, асфиксия. Осы себептер аурудың пайда болуына әсер етуі мүмкін. Анасының созылмалы аурулары, мерзімінен бұрын босануы, анасының ағзасындағы жұқпалы инфекциялық аурулар да әсер етуі мүмкін. 

– Өз тәжірибеңізде кездескен ерекше пациент туралы айтып берсеңіз. Жалпы, пациенттеріңіз немен таңғалдырады, есте қалады?

– Тәжірибемде кездескен ерекше емделушімнің бірі – Әмина есімді сегіз жасар қыз. ДЦП гиперкинетикалық форма диагнозы бойынша ем алып жүр. Бір күні жаттығу жасап, жеткен кезде жылап жіберді. «Неге жылап жатырсың, Әмина? Бір жерің ауырып қалды ма?» – деп сұрадым. «Жоқ», – деп жауап берді. Қайталап сұрағанымда: «Маған бұл жаттығу ауыр болып тұр», – деп жылап жіберді. Сонда мен бұл балалардың шыдамдылығына, төзімділігіне таңғаламын. Олардың ұмтылысы ерекше. Олар әр нәрсені ақылға салып қарайды. Мысалы, Әмина ауыр жаттығуға басқаша қарайды, «осыны жасасам, жүріп кетемін, сауығып кетемін» деп, қанша жанына батса да тоқтамайды. 

– Осындай диагноз қойылған баласы бар ата-аналарға айтар ақыл-кеңесіңіз? 

– Ең бірінші, осындай диагноз қойылған балаларды емдік шаралардан үзбеу керек. Диагнозды білген сәттен бастап, емді бастаған жөн. Емдік дене шынықтыру, массаж, бассейн және логопедиялық ем-шаралар, дефектолог, эрготерапевт, психолог мамандармен арнайы жұмыс жасау керек. Сонымен қатар, он күн ем алса, 15 күн демалғаны жөн. Бірақ демалыс уақытында ата-ана біз берген тапсырмаларды үзбей орындап отыруы керек. Одан бөлек, бұл диагноз қойылған балалардың ақпаратты қабылдауы  өзгеше болады. Мысалы, дені сау балаларға қасық ұстауды 10–20 рет көрсеткеннен үйреніп кетуі мүмкін, ал бұл диагноз қойылған балаларға 100 рет көрсетіп үйрету қажет. Ата-аналар баласының қабілеттерін дамытуына күнделікті әрекет жасап отырса, жақсы нәтижеге қол жеткізеді. 

– Қазір ТикТок желісінде видеоларыңыз танымал болып кетті. Видеолардан кейін бала-ларды емге алып келген ата-аналар болды ма?

– ТикТок желісіндегі парақшаны ашқаныма төрт-бес ай ғана болды. Видеоларды жариялаудағы мақсатым – ата-аналардың мотивациясын ояту. Маған Инстаграм желісінен: «Балам аяғына тұрып кетті, көп рақмет, алғысым шексіз», – деп бір ата-ана жазған еді. Бірақ мен танымадым. Одан кейін ол кісі бәрінен үмітін үзіп жүргенде Инстаграмда менің парақшамдағы балалардың нәтижесін көріп, іштей сенім пайда болғанын айтып, жеткізді. Анасы сеніп, сол видеодан кейін баласын емдете бастаған екен. Бұл маған да шабыт береді.

Айдана ШАЛҚАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.
ҚазҰУ-дың 4-курс  студенті.

1589 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз