Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 17 Наурыз, 2023

Ақшаны қалай көбейтеміз?

Ақшаны бірнеше жолмен көбейтуге болады, бірақ оны «дұрыс» көбейту белгілі бір принциптер мен ережелерді сақтауды талап етеді. Ақшаны дұрыс пайдаланудың ең жақсы тәсілдерінің бірі – қоғамға пайдалы бизнес бастау. Акциялар, жылжымайтын мүлік немесе инвестициялық қорлар сияқты активтерге инвестиция құю уақыт өте бай болуға  көмектеседі. Дегенмен, тәуекелдерді азайту және кірісті арттыру үшін зерттеу жүргізіп, ақылмен инвестициялау өте маңызды.

Ақшаны дұрыс қолдану заңды сақтауды, қоғамға құндылық қосуды, ақылмен инвестициялауды және көп жұмыс істеуді талап етеді. Бай болу уақыт пен күш-жігерді қажет ететінін есте ұстаған жөн. Сондықтан қаржылық шешімдерде шыдамдылық пен тәртіпті сақтау өте маңызды. Осы тұрғыда қаржылық сауатымызды ашу үшін қазақ тіліндегі ақпарат аз екенін атап өтейік. Көркем сөйлеп, жазу үшін ең алғаш әріпті әліппеден үйренгеніміздей, ақшаны да дұрыс жинау мен жаратуды өзінің әліппесінен бастау керек. «Инвестиция әліппесі» деген кітап бар. Авторлары: Ерқанат Әбени, Бауыржан Шурманов, Ербол Азанбек. Авторлардың айтуынша, бұл жоба коммерциялық емес, ол жастардың қаржылық сауатына бей-жай қарамайтын азаматтардың демеушілігі арқасында жүзеге асқан. 

Кітап университеттерге тегін таратылады. Оқу орын-дарына Алматыдан алып кетуге болады. Ол үшін Talentcorpkz@gmail.com поштасына жазсаңыз болды (Оқу орнын көрсетіңіз, содан кейін Сізге кітаптарды алып кетуге болатын мекенжай мен байланыс деректері жіберіледі). Сондай-ақ кітап интернет дүкендер желісіне түсіп, өзіндік құнынан төмен, бар болғаны 990 теңгеден сатылып жатыр.

«Инвестиция әліппесі. Ақшаны қалай көбейтеміз?» – барлығына түсінікті, қара-пайым тілде жазылған прак-тикалық нұсқаулық. Авторлар 87 инвестициялық кітапты талдап, қоғамдық пікір көшбасшыла-рымен кездескен, Forbes Kazakhstan өкілдерінен инвес-тициялау принциптері, ақшаға деген көзқарасы туралы сұрап, сонымен қатар трейдингтегі жеке тәжірибесін айтып берген. Бұл – қаржылық сауат пен замандастарымыздың өмірінен алынған мысалдар мен тәжірибеге сүйеніп жазылған Қазақстандағы алғашқы іргелі еңбек. Кітапта инвестициялаудың қарапайым тәсілдерін, ақшаны көбейтудің, қаражатыңызды жоспарлаудың және биржалық сауданың әртүрлі құралдарын таба аласыз, оларды кез келген адам, кез келген жерде пайдалана алады.

Бұл кітап несімен құнды?

Бауыржан Шурманов: 
– Кітаптың құндылығы өзіміздің өмірде көрген тәжірибеміз, достарымыздың практикасы мен инвестиция саласында көп жыл бойы жұмыс істеген адамдардан сұқбат алып, өмірде пайдалануға болатын мысалдарды жаздық. Мысалы, ақшасы көп, бірақ телефоны арзан досым бар. Оған ақшаң жетеді ғой, неге айфон алмайсың деп сұрадым. «Оны не істеймін, мүмкіндігім болса да өзіме керек нәрсені ғана аламын. Маркетингтің құрбаны емеспін», – деді. Осындай мысалдарды оқу арқылы, оқырмандарымыз бір нәрсе сатып алар алдында ойланар деген оймен жаздық. Қазір  жастардың көбі телефонды кредитке алады, оның ақшасын төлей алмай, телефонды ломбардқа өткізеді. Өзін көрсету үшін көп нәрсе істейді. Ақша таба алатын кісілер, қалталылар басқаша ойлайды. Олар: «Бұл зат шынымен маған керек пе, керек емес пе, бұдан маған қандай пайда бар?» – деп өзіне сауал қояды. Бірінші олар балаларын ойлайды. Ол қалай дейсіз ғой? Біздің достарымыздың арасында қымбат көлік мінетіндер мен қарапайым көлік мінетіндер бар. Қымбат мәшине иесі өзінің абыройын ойлайды, жұмысқа шіреніп барғысы келеді. Ал балалары қарапайым мектепте білім алады. Ал екінші досымызда керісінше. Ол бүкіл тапқан-таянғанын балаларына арнайды. Олардың жақсы білім алуы үшін қосымшаларға апарады. Міне, осындай үлгілі оқиғаларды жаздық. Тағы бір досым жалақысын жаратудың тиімді жолдарын іздеп, бес жылдың ішінде пәтер алды. Ал бір достарым ақшаны көп тапса да, оны қалай жинауды, үнемдеуді білмеді. Олар үнемі кафеден тамақтанатын, қыдыратын.

Ербол АЗАНБЕК: 
– «Мына кітабыңды сатып алсам, қаржылық сауатым бірден артып кете ме?» – деп сұрады бір досым. Жоқ, себебі  ол өмірге келгенде, ол мектепте оқығанда оны ешкім қаржылық сауатқа тәрбиелеген жоқ. Ақшаны алғаш үлкен қалаға келгенде ғана қолыңа ұстадың. Ол көп сома емес, қарапайым күнделікті ішім-жемге жететін ақша. Оқу бітірдің, бірден айлығы көп жұмысқа орналаса алмадың, табысың шығындарыңды жапқандай өмір сүрдің, үйлендің. Отбасылы болған соң шығын екі еселеп кете бастады, ал шығынның орнын толтыратын ешқандай кіріс жоқ. Сосын ол адам кредит алады. Кейін кредит төлейді, үйді де ипотекаға алады, солай жалғаса береді. Міне, осындай күйде болған адамның бірден қаржылық сауаты артып кетпейді. Бұған себеп, ол адам іскерлік газет-журналдарды оқымайды, ақшаға, экономикаға қатысты ақпарат алмайды. Оның оқитыны – Инстаграмдағы танымал адамдардың не ішіп, не жеп жатқаны, көлік жарнамаларын қарап, оны ақшасы жетпесе де қиялданып телефонына сақтап алады. Әлбетте, кітапты оқысам  болды, байып кетем деген нәрсе жоқ. Осы күнделікті өмірің-нен, іс-әрекетіңнен сабақ ала отырып, кітапты түсінсең ғана қаржы мәселесінде сауатты боласың.

Ақшаны көбейту туралы

Ерқанат Әбени:
– Ақша көбейту деген бір жағынан оңай, бір жағынан қиын. Ақша тәуекел мен жақсылап ойлануды қажет етеді. Мысалы, шаңғы тепкенде рақаттанып, адреналин аламыз. Бірақ құласаңыз, басыңыз жарылуы не аяқ-қолыңызға зақым келуі мүмкін. Шаңғымен дұрыс сырғанауды үйренгіңіз келсе, бірінші дұрыс құлауды үйретеді. Инвестицияны үйренгенде тап солай. Бәрі бірден бола салмайды, оған төзім мен сабыр, сосын білім керек. 

Арнұр Байболат, 10-сынып оқушысы, оқырман:
– Өзім де қаржы мен инвестиция тақырыбын біраз зерттеп, білгенім бар. Бірақ «Инвестиция әліппесі» кітабының орны бөлек екен. Бұл – мен оқыған қазақ тіліндегі қаржы туралы ең түсінікті кітап. Сонымен қатар, инвестиция, экономика туралы түсіну де, айту да қиын сияқты. Бірақ кітапты оқығаннан кейін, оның оңай тілде жазылғанын көріп, қаржы туралы жақсы түсінік қалыптастырдым. Қаржылық психология туралы да біраз ақпарат алдым. «Неге адамдардың бәрі бай болмайды?» деп ойланушы едім. Бұл сұрағыма  осы жерден жауап таптым. 

Балалар есейген сайын, оларға ақшаны басқару жауапкершілігін үйретіңіз. Оларға түскі асқа, жолыңа, достарыңмен бірге қыдырып кел деп беретін ақшаны бергенде, үнемдеуге және ақылмен жұмсау керек екенін ескерткен дұрыс сияқты.

Балалардың ақша туралы түсінігін қалыптастыру шыдамдылықты, жүйелілікті және білімді күшейтуді талап ететін үздіксіз процесс. Ерте бастау, көрнекі құралдарды пайдалану, үлгі көрсету, үнемдеуге ынталандыру, ақша туралы ашық сөйлесу және оларға жауапкершілік арту арқылы сіз балаларға өмір бойына жақсы қаржылық әдеттерді дамытуға көмектесе аласыз.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №11
14 наурыз 2023 жыл

698 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз