Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 17 Наурыз, 2023

Қалалық өркениетке көштік пе?

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

1926 жылғы бүкілодақтық халық санағы бойынша Қазақстанның аумағында тұрған тұрғылықты халықтың 8,3 пайызы қалаларда, ал 91,7 пайызы ауылдық жерде тұрыпты. Ал қазіргі уақытта ауылда 7,5 миллионнан астам адам немесе ел халқының 38,2 пайызы тұрады. Жүз жылға жуық уақытта осынша өзгеріс болған. Бүгінде рухани астана Алматы мен Астананың айналасындағы қазақ ауылдарының да саны артты. Олардың аттары да, заттары да қазақы болмысқа айнала бастады. 

Атап айтар болсақ, Есіл, Нұра, Байқоңыр, Сарыарқа, Қосшы, Наурызбай, Алатау, Жетісу, Медеу, Алмалы, Әуезов, Думан, Шаңырақ, Ұлжан, Байбесік, Өжет, Тұздыбастау, Белбұлақ болып жалғаса береді. Осылайша көшпелі өркениет қала мәдениетіне сіңісіп келеді. Сонау 1989 жылы Алматы қаласы мен облысында алғашқы Наурыз мерекесін өткізгеннен бас­тап, бұл үрдіс өзге қалалар мен аймақтарда да жалғаса бастады. Ал еліміз тәуелсіздік алған соң оңтүстік, орталық, батыс облыстардың аудан, ауыл атауларының бәрі қаза­қыланды. Соңғы 30 жылда ауылдан қалаға көшу барлық аймақтарда жаппай жүзеге асты. Керісінше, қалалардағы өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі тарихи отанына көшіп кетті. Соның нәтижесінде, облыс орталықтарының бәрі дерліктей қазақыланды. Солтүстік пен ­шығыс облыстар да ішінара қазақы атау­ларға ауысты. 1989 жылы ше­тел­дегі отандастарымыздың алды елге орала бастады. Алғашқы көш Баянөлгейден бет түзеді. Одан кейін Қытайдан қандастар келді. Олар демографиямыздың өсуіне ғана емес, қазақы салт-дәстүріміздің де жаңғыруына зор үлес қосты. Қалалардағы тұрғындар да қыста соғымбасы беріп, көктемде бір-бірін наурыз көжеге шақыратын болды. Балаларының тұсауын кесіп, тұсаукесер той, қыз ұзату той, үйлену той жасау үрдісі көбейді. Осы тойларға керекті жабдықтарды жасайтын «Шеберлер» ауылы қалыптасып, базарда оларды саудалайтын арнайы қатарлар бой түзеді. Мектептер мен орта және жоғары оқу орындарында да ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, жас ұрпақ та ұлттық құндылықтармен сусындай бастады. Соның нәтижесінде бүгінде бес уақыт намазын оқитын, ораза ұстап, ауызашар беретін ұрпақ қалыптасты. Олар сәбиіне халқымызға белгілі батырлардың, ақындардың, билердің атын қоятын болды. Бүгінде қалалардағы мұсылмандардың барлығы қайтыс болған туыстарын молда шақырып, мұсылманша жаназасын шығарып, ислами дәстүрмен жерлейтін болды. Көшпелі өркениеттің қала мәдениетімен тұтастай астасып кеткені жөнінде белгілі этнограф ғалым Болат Бопай да өз ойын ортаға қосты. 
– Қазақ халқының көшпелі және отырықшы мәдениеті орасан зор өзгеріске ұшырады деп айтуға болмайды. Қазір даладан қалаға, көшпенді тұрмыстан, отырықшы тұрмысқа ауысқанмыз рас. Бірақ қазақ халқының өркениеті бү­тіндей өзгеріп кетті деу дұрыс емес. Халықтың салт пен дәстүрі, өркениеті мен өнері қалада тұрса да жалғасын тауып атқарылып жатыр. Мереке, мейрамдар, әдет- ғұрыптар баяғы бағзы замандағы қалпын еш бұзған жоқ. Көшпелі тұрмыста қалай атқарылып келсе, қала мәдениетіне үйле­сімді түрде атқарылып келеді. Әсіресе қазақ салт-дәстүріндегі қонақжайлылық, келін түсіру, қыз ұзату, бала тұсауын кесу. Қонақ шақырып күту, баланы бесікке салу, қырқынан шығару, құда күту, ұрын бару, бата алу, торқалы той жасау,топырақты өлім жөнелту, тағы басқалардың бәрі лайықты жалғасын табуда. Керемет дәстүрлер бағзы заманда қыр сахарасында қалай атқарылса, дәл солай, қалада да, далада да атқарылып келеді. Егер, біз ұлы ұлттың дәстүрінен айрылсақ, тілі мен ділінен айырылсақ, онда ұлттық рухтан айырыламыз. Ұлттық рухтан айырылсақ ұлт, мемлекет болып өмір сүруден қаламыз. Бір ұлттың қалада тұруы мен далада тұруымен өркениеті өзгеріп кетпейді. Ол –ұлт өмірінің алтын тірегі. Бәрінен маңыздысы ұлт мінезі өзгермеуі керек. Тектіліктен айырылсақ, ұрпақ тәрбиесінен айы­рыламыз. Біз соны білуміз әрі терең түсінуміз керек. Қай ғасырда жасасақ та, қандай ортада өмір сүрсек те, қандай тәлім тәрбие алсақ та, қандай білім ортасынан оқысақ та, ұлтық мінезімізді, ұлтық болмыс- бітімімізді жоғалтпаумыз керек. Біз сонда ғана әлем алдындағы өнері мен өркениеті дамыған және тарихы толық сақталған, салт-дәстүрі бұзылмаған, тілі мен ділі жоғалмаған ұлы ұлт, беделді мемлекет болып қасқайып тұрып өмір сүре аламыз. Ұзақ болашаққа да дұрыс бағыт-бағдар жасай аламыз. Бүгінгі ғылым ғасырында, жаһандану дәуіріне де жұтылып кетпейміз. Өйткені ұлттық рухы мықты ұлт қана осылай өмір сүре алады.

295 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз