Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 18 Наурыз, 2023

Әлихан Смайылов Ұлыбритания СІМ басшысымен кездесу өткізді

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанаға алғашқы ресми сапармен келген Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Сыртқы істер, достастық және даму істері жөніндегі министрі Джеймс Клеверлимен кездесу өткізді. Бұл туралы Үкіметтің Баспасөз қызметі хабарлады. 

Келіссөздер барысында тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту, инвестициялар тарту, халықаралық көлік дәліздерін дамыту, бизнесті қолдау, энергетика және білім беру салаларындағы өзара ынтымақтастық және басқа да бірқатар мәселелерді қозғады.

Премьер-Министр Ұлыбритания Қазақстанның Еуропа құрлығындағы негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Мәселен, өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 60%-ға өсіп,  $1,8 млрд-тан асты. Сондай-ақ Біріккен Корольдік Қазақстанның ТОП-10 инвесторының қатарына кіреді: 2005 жылдан бастап республикаға шамамен $16,5 млрд тікелей инвестиция салынды. Оң өсу  үрдісі соңғы жылдары да жалғасуда.

«Қазақстан Үкіметі Ұлыбританиямен барлық бағыттар бойынша өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ниетті. Бұл тұрғыда Стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы Қазақстан-Британ келісімін қабылдау маңызды қадам болмақ», — деді Әлихан Смайылов.

Ол өзара сауданы кеңейту аясында Қазақстан Ұлыбританияға 100-ден астам тауар позициясы бойынша $800 млн-ға жуық сомаға өнім экспортын ұлғайтуға дайын екенін айтты. Бұл ретте энергетика бойынша «жасыл» сутегі өндіру жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру, ал логистикалық салада – Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту қызығушылық тудырады.

Сонымен қатар Премьер-Министр республикада инвестициялар тарту және бизнес жүргізу үшін жағдайларды жақсарту жөніндегі жұмыс туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Атап айтқанда, ол жаңа Салық кодексін әзірлеу, кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайту және цифрландыруды енгізу жөніндегі шаралар, сондай-ақ АХҚО артықшылықтары туралы хабардар етті.

Өз кезегінде Джеймс Клеверли Қазақстан Ұлыбританияның Орталық Азиядағы маңызды сауда серіктестерінің бірі әрі Біріккен Корольдік елімізбен барлық өзара тиімді бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін атап өтті.

«Ұлыбритания мен Қазақстан орнықты әрі берік қарым-қатынастың негізін қалады, менің ойымша, ол барынша даму әлеуетіне ие. Бұл бізге алдағы қадамдарымызды, келешекте қандай перспективалар ашылатынын талқылауға мүмкіндік береді», — деді Джеймс Клеверли.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы экологиялық таза сутегі мен аса маңызды минералды шикізат дамыту саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды.

346 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз