Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Наурыз, 2023

КӨШПЕЛІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ОРТАҚ

немесе барлық ежелгі халықтардың тарихы жылқыдан барып табысады

 

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
«Ana tili»

Тұжырымдама – тұғыр

Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабыл­дауында болған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов 2024 жылы елімізде V Дүние­жүзілік көш­­пелілер ойындарын ұйым­дас­тыруға дайындық жұмыс­тары туралы баян­дағаны хабарланды. 
Мемлекет басшысы осыған дейін ақпан айында, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановты қабылдағаны белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды міндеттеп, нақты тапсырмалар берген. Бұл ретте назар аударарлық мәселе – Ұлттық спорт түрлерін дамыту тұжырымдамасын жасауды ұсынғаны дер едік. Ондай құжат, әрине, ұлттық спорт түрлерін дамытуға оң ықпал етпек. Сондай-ақ, ат спорты ойындарында түрлі жарақат алатын жағдайлар да болып тұратыны белгілі. Президент оны да ескеріп, қауіпсіздік шараларын қарастыруды да тапсырған.
Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановтың айтуынша, Дәстүрлі садақ ату, Бәйге, Көкпар, Жамбы ату, Ауда­рыспақ, Теңге ілу, Құсбегілік, Асық ату, Тоғызқұмалақ федерациялары аталған қауымдастыққа біріктіріліпті. Сөйтіп үйлесімді түрде жұмыс жүргізу қолға алынған. Енді тұжырымдама бекітілсе, нақты жүйелі істер атқарылмақ. 
IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен өткізілген болатын. Көшпелілер ойындарының жабылу салтанатында Түркияның Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу эстафетаны Қазақстанның сол кездегі Мәдениет және спорт министріне табыстағаны есімізде. Әрине, бұл шешім, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясына Қазақстан жағынан берілген өтінімге байланысты шығарылған. 

Дүниежүзілік атануының сыры 

Көшпелілер ойындары алғаш, сонау 2014 жылы Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өткізілерде, түркі елдері мен халықтарына арналып ұйымдастырылмақ болған. Яғни, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әспеттеу, әлемге паш ету мақсатында. Алайда жариялана салысымен басқа елдерден қатысуға ынталылар көбейгені себепті, «дүниежүзілік» деп атауға тура келіпті. Сол алғашқы дүбірлі додаға жиырмадай елден, төрт жүзге жуық спортшы қатысыпты. 
Екінші, үшінші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2016 және 2018 жылдары да, дәлірек айтсақ екі жыл сайын Қырғызстанда өткізілген, яғни бұл қырғызстандық жоба ретінде басталған. 2018 жылғы ойындарда спорттың 37 түрінен, дәлірегі – қырғыздың 16, өзге де көшпелі халықтар спортының 21 түрін қамтыған. Түрлі қашықтықтағы ат бәйгесінің 8, күрестің 13, дәстүрлі садақ атудың 5, зияткерлік ойынның 3 түрінен бәсеке өткен. Алпыстай елден екі мыңға жуық спортшы қатысқан. 
Ал соңғы Түркияда өткен IV Дүниежүзілік ойындарға жүзден аса елден, үш жарым мыңдай спортшы бақ сынапты. Демек, көшпелілер ойындарын қызықтаушылар жыл сайын көбейіп, қатысушы мемлекеттер қосыла түскені, турасы – әлемдегі екі жүздей елдің жүзден астамынан спортшылар келуі таңғаларлық жағдай. Бұл дегеніңіз, көшпелілер ойындары халықаралық олимпиада деңгейіне көтеріліп қалғанын білдірсе керек. 
Осындайда көшпелілер десе мұрнын шүйіре қарау, күні кешеге дейін болғаны еске түседі. Дамушы халықтардың іш тартуы түсінікті. Ал дамыған Еуропа халықтарының қызығушыдан қатысушыға ауысуы қызық көрінеді. Өткен ақпан айында Түркияның Анталия қаласында болған асық ату сайысына Чехиядан, Германиядан, Румыниядан келген асықшылар қатысқаны таңғаларлық жаңалық деуге болады. 

Түркілік рухтың тірілуі ме?

Мұны әлде, КСРО-дан бөлінген тәуелсіз түркі мемлекеттерімен бірге Еуразия құрлығында түркілік рухтың тірілуімен байланыстыру керек пе? Олай дейтініміз ғалымдардың пайымдауынша Еуразияны қойып, Америка құрлығында ежелгі түркілердің ізі сайрап жатыр. Ежелгі түркілер қазақ жерінде жылқыны қолға үйретіп қоймай, зерттеушілердің пайы­мынша, атқа мінетін үзеңгі ойлап табуы – адамзат дамуының сапа­лық жаңа кезеңіне қадам басуы болды деседі. 
Алайда әлем тарихында ат бәй­гесі алғаш Грекияда өткенін білеміз. Қос доңғалақты арбаға жұп ат жегіп жарысқаны мәлім. «Грекияда ат жарысы біздің эрамызға дейінгі 680 -жылдары олимпиада бағдарламасына енгізілген» дейді көне тарих беттерінде. 
Отырықшы жұрттың дәл сол қос доңғалақты арба жеккен мер­ген­дері мен пілге мінген сайып­қыран­дары, көшпелілердің салт атты жауынгерлеріне жан алып, жан беріс­кен небір шайқастарда төтеп бере алмағаны да бізге аян. Соның өзі түркілердің сол отырықшы жұрттан әлдеқашан бұрын жылқыны қолға үйреткенін, нағыз көлік ретінде пайда­ланғанын, тіпті бәйгенің көкесі соларда болғанын айғақтаса керек. Оты­рықшылардың артықшылығы – соның барлығын өздері ойлап тап­қандай қылып жазып кеткенінде ғана. 
Дүниеде айдарынан жел ескен ең көп империя құрған түркілер. Бірақ оларды біз тек өзгелердің жазғанынан анықтай аламыз. Мысалға жай бір тізім жасап көруге болады. Сақ, Ғұн (Батыс, Шығыс Хун), Түркі қағанаты, Ұйғыр қағанаты, Хазар қағанаты, Ауар қағанаты, Бұлғар қағанаты, Қарахан қағанаты, Ғазнауи сұлтандығы, Салжұқ сұлтандығы, Хорезмшах мемлекеті, Моғол әулеті, Алтын Орда, Ұлы Темір ұлысы, Осман империясы деп кезінде дүркіреген он бес империяны атай аламыз. Бұл империялар қос құрлықтың әр қиырында ту көтеріп, бүкіл Еуразияны және Африканы да қамтыған. Сондықтан көшпелілер мәдениеті (ойындары) барлығына қызық көрінуі өткенге оралу ғана емес, түркілерден қалған жауынгерлік рухтың оянуы болар.
Тағы бір деректі айтпай кетуге болмас. Ғұндар туралы деректер Еуропа тарихында 160 жылдан басталады. 433 жылы Руғила қайтыс болған соң, билікке Бледа мен Еділ келеді. Ал 445 жылы Бледа өлгесін, Еділ патша жеке дара билікке ие болады. 452 жылы даңқты Римді тізе бүктірген, Еуропада Аттылы атанған бір Еділ патшаның өзі неге тұрады?! 

Ат үстіндегі арпалыс 

Ілкіде Қырғызстанда өткен ойындарда ат бәйгесінің 8, күрестің 13, садақ атудың 5 түрінен сайыстар өткенін айттық. Негізінен көшпелілер ойындарының бір-біріне ұқсайтын түрлері өте көп. Ойлы-қырлы жерлерден оп-оңай шауып жүре беретін көшпелілер үшін конкур деп аталатын кедергілерден қарғып өту сайысы бәлендей қиындық туғызбаса керек. Дегенмен кедергілердің шұғыл болғаны, әрине атты үйретуді қажет етеді. Конкур деген сайысу мағынасындағы француз сөзі болғандықтан, қайдан шыққанын да өзі айтып тұр. 
Ат жеккен доңғалақты арбаны бәйгеге, соғысқа пайдаланған елдер болғанын жоғарыда сөз еттік. Кейін келе қос доңғалақты тербелмелі арбаны желісті жылқыға жегіп, жарысатын сайыс түрі пайда болыпты. Бүгінде бұл да конкур секілді толып жатқан шарттары бар, халықаралық, тіпті олимпиадалық ойындарға енгізілген. 
Ат спортын еуропалықтар түр­лен­тіп қоймай, күрделендіргенін көреміз. Солардың бірі – стипль-чез. Бұл Англияда пайда болған, ағылшынның мұнара және қуғын немесе соңына түсу мағынасындағы сөзі. Бәйге жолы үш шақырымнан, жеті ша­қырымға дейін. Бірақ өте қиын кедергілер қойылады. Көлденең ағаш кермелер, айналып немесе секіртіп өтетін қабырға, шыбықтан тоқылған қоршау, тіпті су толтырылған шұңқыр, қазылған ор болуы да мүмкін. 
Ат үстінде өтетін сайыстың бірі – аударыспақ. Аударыспақ десе, қазақтың бәріне түсінікті. Бірақ бұл басында мал бағып жүріп еріккен қойшы, жылқышы, бақташылардың күш сынасқан жекпе-жегінен басталған сайыс түрі. Аударыспақты қырғыздар «оодарыш» деп атайды. Мұнда білекті жігіт пен алымды аттың үйлесімі жеңеді. Қарсыласын қандай әдіс-айла қолданса да аттан аударып тастау керек. Яғни «мынандай қулық жасауға болмайды» деген еш шектеу жоқ. Қарсыластардың бірі ерден ауса немесе денесінің бір мүшесі жерге тисе жеңілген болып есептеледі. Қазақ ондайды «Күш атасын танымайды…» деп түйіндейді. Өзбек ағайындар жеңімпазға «спорт шебері» деген атақ береді.
Тегінде қазақ ат бәйгесі туралы таңды таңға ұрып айтуға бар. Тай жарысы болады. Бірақ «қолы түсіп» ақсап қалады деп қазекең тай жарысына тым құмартпайды. Құнан, дөнен бәйгелер өткізіледі.Ал, бесті жылқыны біз көрген атсейістері «көз тиеді» немесе тағы басқа қырсық шалады деп бәйгеге қоспайды. Қалай дегенде, бесті жылқыны әспеттейтін бір әдет бар. Ал алты жасынан бастап тіпті аламан бәйгеге де қосуы мүмкін. Аламанға дейін бірнеше мәрте «қара жарыс» өткізіледі. Ол аламанға дайындық. Осы жолдардың авторы қара жарыстан аламанға дейін қанша жыл шабандоз болғанда, шеңберді айналып шауып көрген жоқ. Иә біз көрген нағыз қазақы бәйгеде, он бес немесе отыз шақырымға баяғы Ақан серінің заманындағыдай бәйге аттарын айдап кететін. Содан шаң кө­рінгеннен «ат келе жатыр» деген дүрлігіс басталады. «Алдыңғы ат қылаң болмай, баран болды» деп Ақан жырлағандай күй кешкен қазақты көресіз. Ең қызығы жүйрік жылқы да, үстіндегі шабандоз да небір ор, жыра тастақтан яғни жасанды емес, табиғи кедергілерден қарғып өтеді. 
Жамбы атуды зерттеушілер қазақтан шыққан сайыс деседі. Жамбы қазақтың төл сөзі. Өз ара алыс-беріске пайдаланатын, сыйлық ретінде ұсынылатын алтын не күміс құймасы. Ақ жамбы, алтын жамбы, асық жамбы, атан тұяқ жамбы, атбас жамбы, бесік жамбы, қой бас жамбы, қой көз жамбы, қой тұяқ жамбы, құлын тұяқ жамбы, тай тұяқ жамбы, түйе көз жамбы деген секілді түрлері көп. Дені күмістен құйылады. 
Ал сол жамбыны ату деген не дегенге келсек, салт атты мерген ұзын құрықтың басына ілінген нысананы (ол әрине алтын жамбы болуы да мүмкін) садақпен немесе мылтықпен атып құлатуы керек. Бұл сөз жоқ көшпелі қазақтың мергендікке баулу мектебі. Ат үстінде, қозғалыста келе жатып нысана ату оңай болмасы анық. Сонда да ептілік пен жылдамдыққа, мергендікке бастайтын жол. Қазіргі кезде садақтан гөрі, аңшылық бытыралы мылтықтар қолданылады екен. Біздіңше садаққа оралу оңды болар еді. Әрине шауып келе жатқан аттың үстінен мылтықтан емес, оқ садақтан атылса көрерменге де қызық.
Қап тауындағы және Орта Азияның кей халықтарында жамбы атуға ұқсас ойын түрі бар. Ол низаки нетум деп аталады екен. 
Қазаққа көкпарды да түсіндіріп жату артық. Бірақ сөздің төркіні – көкбөрі екенін жұрт біле бермейді. Ерте кезде үйірлі қасқырды не жекелеген бөріні ұшқыр әрі мықты аттармен сілесі қатқанша қуып, әлсірегенде соғып алатын болған. Қуғынға түскен қасқыр қайбір жазыққа қашсын. Небір күдір жерлерге, тау-тасқа беттейді. Оңай-оспаққа алдыра қойса, ол көкбөрі атана ма? Аттың да, жігіттің де сыналар тұсы. «Бәлен деген аңшы, түген деген атымен қасқыр соғып алыпты» деген ат-атағы дүйім жұртқа жететін болған. Дәл соған пара-пар мықтылықты қажет ететін ойын көкпар атанса керек. 
Көкпарды өзбек ағайындар – ұлақ, түркімендер – ұлақ тартыс, қарақалпақ пен қырғыз – копкар, ауғандықтар мен тәжіктер – бұзқашы деп атайды. Көкпаршылар ешкі ұшасын ортаға алып тартады. Кей халықтар сол ұшаны арнайы қазылған шұңқырға тастап, содан алып шығып, бір айналып, қайта тастап ойнайтын әдеттері бар. 
Күрес десе біздің есімізге қазақ күресі түседі. Қырғыздарда біздің аударыспаққа ұқсас, ат үстінде өтетін сайысы – күрес деп аталады. Олар ат үстінде кәдімгі белдеседі. Шамасы жеткені қарсыласын белінен ұстап, ерден жерге аударып түсіруі керек. Бұл да еріккен немесе ерегескен жігіттердің бәсекесінен пайда болған спорттық ойын.
Қазақта күміс алу деген ойын бар. Өзбек пен түркімен оны тенге-лю деп атайды. Ойналу тәсілі бірдей. Сызық бойына қойылған орамалдарды, шауып келе жатқан ат үстінен спортшы іліп әкетуі тиіс. Жинаған орамалдары және атының жылдамдығы бәрі ескеріліп барып қортынды шығарылады. Әрине ат үстіндегі адам, бір қолымен атты басқарып әрі орамалды да жинап алып үлгеруі шарт. Ол үшін жылдамдық, аттың да бауырына түскенде үрікпейтіндей үйретілген болғаны жөн. Әрі шарт бойынша ат сызық бойынан ауытқымай шауып өтуі қадағаланады. 
Аталған қазақтың күміс алу мен өзбек пен түркіменнің тенге-люіне ұқсас, қырғызда тыйын-энмей деген ойыны да бар. Қырғыздардың ерекшелігі – ат үстіндегі адамның теріп алуы үшін жол бойына түрлі-түрлі заттар қойылады. Ойын барысында аттан секіріп түсуге болмайды. 
Телеарналардан жыл сайын көрсе­ті­летін, қазақ киносының классикасына айналған, сценарийін Морис Симашко жазған, басты рөлде атақты Нұрмұқан Жантөрин ойнаған «Бейбарыс сұлтан» фильмінде, атты сарбаздар хоккей таяқшасымен доп қуып ойнайтын тұсы бар. Сол ойын қазіргі әзербайжан халқына тиесілі човган болса керек. Әзербайжаннан Парсы шығанағына, араб елдеріне, Үндістанға тараған. Сол секілді тә­жіктер мен гүржілер қызығып ой­на­ған. Човган кәдімгі көгалдағы хок­кей ойынын еске түсіреді. Яғни допты ұратын таяқшаны човган деп атайды. 
Қазақ күрес те біздің қанымызда бар жекпе-жек түрі. Арыдан айтсақ, ілкіде сөз еткен ғұн патшаларының бірі жеңісін тойлағанда «ээр-хүреш, ат-хүреш, ланса-хүреш, шабарман-хүреш, жебе-хүреш» жасапты. Бұл сол замандағы ғұн тіліндегі сөздер. Түсінген адамға осы сөздердің ішінде балуан күрес те, ат бәйгесі де, садақ ату да бәрі-бәрі бар. 
Егер қазақ күресінің шежіресін көктей шолып өтсек, 1928 жылға дейін өзіндік ережесі болмапты. 1938 жылы Алматыда өткен колхозшылардың спартакиадасының бағдарламасына енгізіліп, сайыс өткізіліпті. 1939 жылы Семей қаласында жалғасыпты. 1955 жылы жалпы ереже бекітіліпті. Осы жылдар ішінде қазақ күресі Орта Азия елдері арасындағы ережесі ең оңтайлы ұлттық күрес ретінде мойындалғаны байқалады. Тәуелсіздіктен кейін қазақ күресі белгілі дәрежеде дамып келе жатқаны дау туғыза қоймайды.
Сол секілді бір қыраттан түлкі қағып, бір биіктен шырға тартқан құсбегі қазақтар да, шүкір, бой көр­сетіп жүр. Саятшылық өнер де өз қалыбына түсіп, бір белден асты деуге болар.

Тамырға оралу 

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Мұндай дүниежүзілік дүбірлі ойынның алдында, біз жеке дара шауып келе жатқан ат секілді ел емес екенімізді еске түсірдік. Тереңірек ойласақ, басқа халықтармен ортақ дүниеміз аз емес. Пәлен ғасырдан бері басқалармен аралас-құралас тірлік кешіп келеміз. 
Көптен айтылып келе жатқан «Спорт – бейбітшілік елшісі» деген сөз бар. Бұл спорт арқылы ортақ құндылықтар жасау, халықтарды жақындастыру деген ұстанымды білдіреді. Дүниенің мүлдем басқа бір қиырындағы елдің өкілінің шеберлігіне тәнті боласың. Сол арқылы спортшыны ғана емес, оның елін де ұнатасың. 
Ең қызығы – барлық ежелгі ха­лық­­тардың тарихы жылқыдан барып табысады. Садақтан атылған әрбір жебе олардың өткеніне бастайтындай… Қазақ деген халық аттан түскен күні мойнына құлдық қамыт ілінгенін қайта-қайта еске салу – біздің міндет дер едік. Сондықтан да ат спорты туралы көбірек толғандық. Мәселе өз еліңде өтпек ата-бабаңның мұрасындай ойындарда жеңуде ғана емес, тамырыңа мықтап оралуда болып тұр. 

837 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз