Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Наурыз, 2023

Алтай алқалаған жазушы

Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары қазақ әдебиетіне тұғыры биік, тұрпаты бөлек сипаттағы тұрлаулы дүниелерімен, жеке дара талантымен жұртты жалт қаратқан бірегей жазушылар келді. Олардың тудырған қадау-қадау туындылары, әртүрлі тақырыпты әдіптеген, айтарын астарлап жеткізуді мақсат қылған, тың нәрсені қаузауға талпыныс танытқан легі бүгінгі күні де рух сардарындай салқар көште сап түзеп тұр. Туған жылы мен шығарманы тудырған жылы алыста қалған күндер демесеңіз, қай-қайсы болмасын біздің қоғамның әлеуметтік шындығын да, адамдар қолымен жасалатын сұмдығын да әшкере қылады. Бүгінгі күні көп оқылатын, кейіпкерлер кескінімен санаңда дөп тоқылатын жазушының дәл өзі Оралхан Бөкей екеніне танымы терең адамның таласы болмаса керек.

Шығармашылыққа бой ұрған қалам иесі ретінде Оралхан Бөкейдің шығар­машылығымен бала кезден таныспыз. Десе де көңіл қойып оқып, зер салып, қыр-сырына үңілуіміз бертін басталды. Қатты әсер еткен туындысы – «Кербұғы» әңгімесі. Алғашында мұнда не жазылған, не айтқысы келді деген ойлар мазалады. Кейін барып түсіне бастадық. Кербұғы әңгімесінің негізгі идеясы адамның еркін өмір сүруі, бостандықты аңсауы деп те қабылдауымыз мүмкін. Мұнда қазақтың езгіге түсуі, еркінен айырылған елдің тағдыры да жатыр. Сол шығармасында «еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ немесе еркіндік алған бұғылар тек қана о дүниеде…». Сыры не мұның? Оралхан оқырманға ой тастап отыр. Жазушы осы қарама-қайшы екі ойды ұштастырып берген. Мұны «Қайдасың, қасқа құлыным?» повесінде кеңінен жазады. «Мен бұғының көзінен өзімді көрдім, ал ол нені көрді екен?» деген жол бар.
Одан кейін «Ардақ», «Бура», «Қамшыгер» әңгімелеріне қарап жазушыны кейде «ақын ғой» деп ойланамын. Оралханның шығармаларында жыраулық дәстүр, номадтық сарын басым.  Мұнда ойды ой қуалап отырады да, тіптен тұңғиыққа батырып жібереді. Тілінің өзінде де айқын аңғарылып тұратын ерекшелік бар. Біздің шығармашылыққа ерекше әсер еткен жазушылардың біріншісі осы Оралхан Бөкей, екіншісі жазушы Талаптан Ахметжан. Біз бұл жазушылар Алтайды жырлап, Алтайдың табиғатын сипаттап отыр деп жалпылама айтамыз ғой. Ендеше, неге оқырманы көп? Неге Алтайдың адамдары ғана оқымайды? Жоқ, олай емес. Оның шығармасында, оқырманға ұнайтын реалды өмірмен қатар, лирика да, натурализм де бар. Осы тұрғыдан алғанда, оның туындылары құнды, шығармаларының тақырыбы қай кезеңде де оқырман үшін өзекті.
Шығыстан шыққан танымал жазушыларды ойға алайықшы. Мысалы, сол Алтайда туған Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан мен сұлу сөздің суреткері Талаптан Ахметжан, қазіргі қоғамда бізбен бірге өмір сүріп жатқан Әлібек Асқар мен тамаша талант иесі Асқар Алтай. «Оларды өзінің тұрғыластарынан не ерекшелейді?» десек, ол – ой. Яғни, ой тереңдігі. Одан кейін барлығы қиялшыл. Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасына үңілсек, мұнда бір ғана деталь арқылы адамның махаббатқа тұрақсыздығын, сезімнің адам өмірінде алатын орнын қалай астарлап жеткізген деп тамсанасың. «Жылымық» әңгімесінде де лирика сайрап тұр, адамның жан-дүниесінің жұмбағын ашып бергендей күй кешесің.
Оралханның шығармаларын оқып отырғанда, шебер жазғаны соншалық, бәрі оның өз басынан өтіп жатқан сияқты көрінеді. Одан кейінгі басқа жазушылардан ерекшелігі – тақырыпқа толықтай дендей білуі, соны сезінуі. «Айпара ана», «Өліара», «Үркер» повестері, «Өз отыңды өшірме» романы осы сөзіміздің дәлелі. Жазушының «Құм мінезі» деген повесі бар. Мұндағы ерекшелік – тақырыпты игеруі. «Біздің жақта қыс ұзақ» деп өзі айтқандай, қысы ұзақ болатын елде туып-өсіп, «Құм мінезін» жазып отыр. Шерхан Мұртазаның өзі таңғалады ғой. Бір жұмадан аз уақытқа ғана құмды өлкеге іссапармен барып келгеннен кейін осы туындыны жазған. Мұнда не байқалады? Шығармашылық адамда болуға тиіс қырағылық, байқампаздық. Жай адам байқамайтын, көрмейтін нәрсені Оралхан көріп отыр.
Үшіншіден, ол нәзік лирикалық желіні деталь ретінде пайдаланады. Мысалы, «Құм мінезі» шығармасында «Аспанда тағы да бір ұшақ ұшып өтті, ішінде кім кетіп бара жатыр екен» деп жердегі қойшы ойланады. Тағы бірде «Өз отыңды өшірме» романында: «Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жөңкіп жатқан пойыздар, оның ішінде кімдер кетіп барады екен?!» дейді. Мұнда не айтып отыр дейсіз ғой. Мұнда сырғып  жатқан сағатты,  көшіп жатқан күнді, жылжып жатқан жылды айтып отыр. Мұның бәрін нәзік бір иіріммен жеткізген.
Жалпы шығармашылық адамның ішінде «аттан» мен «алақайға», «аттан, айғайға» еріп кетпейтін протестік қарсылық болғаны ләзім. Осы нәрсе Оралханда қалай? «Қайдасың, қасқа құлыным?» шығармасында 70-80-ші жылдардың аяғында белең алған,  біздің санамызда сақталып,  күнделікті өмір тіршілігімізде біте қайнасып жүрген салтымыздан безіну, тілдің шұбарлануы сынды мәселелер көтерілген. Біреу сізге орыс тілінде сауал қойып, сіз қазақша жауап берсеңіз, «мамбет» деген сөзді еститін кезеңдер еді. Ол қазір де бар. Терең бойлай қарасаңыз, «Қайдасың, қасқа құлыным?» шығармасында биеден егіз боп туған құлынның сыңарын аңсап отырғанын емес, екіге бөлініп кеткен қазақты айтып отыр. Бірі – өзінің қазақылығын жоғалтпаған, бірақ мүсәпір, халі мүшкіл болып өмір сүріп жатқан қазақ. Екіншісі – жағдайы жақсы, бірақ өзінің дәстүрінен, мәдениетінен безініп, жаңа қазақ боп өмір сүріп жүрген кеңес адамы.
Қазақ өзі жылқы мінезді. Алыс кетсек, кісінеп, жақын келсек, айғырша айқасып, тай-құлынша тебісе кететін халықпыз ғой. «Қайдасың, қасқа құлыным?» дегенін «Қайдасың, қазағым?» деген мағынада қабылдасаңыз, шығарма шындығы ашылады. Мұнда Аналық, Қаршыға, Сарқыт деген кейіпкерлер бар. Сарқыт шалды тірідей, оның дүниелерімен – ұстаған заттарымен, киген киімі, пышағымен бірге көмуге кіріседі. Сонда Сарқыт ақсақал пышақты кері лақтырып жіберіп, «Иə, пышақты сендерге қалдырдым. Не жауыңа, не бір-біріңе жаратарсың», – дейді. Мұнда өшпенділік, қатыгездік, өкпе-реніш дегеннің өмір бойы кетпейтінін айтып отыр.
«Жетім бота» повесінде осындай бір детальді айтқым келеді. Теңіздің үстінде ботасын жетектеп қыз кетіп бара жатқанын суреттейді. Толқынға әні-міне, әні-міне батып кетердей болып бара жатқанын тәпсірлейді. Символикалық тұрғыдан алып қарағанда, теңіз дегеніңіз – өмір, толқын дегеніңіз – қоғамдағы келеңсіздіктер. Ол, шын мәнінде, сол кездегі мәңгүрттену, бұратана ұлт ретінде жаныштауға түскен қазақтың жойылып кету қаупі көз алдыңызға елестетеді.
Осыған ұқсас нәрсе «Атау Кереде» баян­далады. Оның екінші атауы «Қауіпті будан» ғой.  Тағы да шығармасын тереңдеп оқып қарасаңыз, мұнда аралас некенің қазаққа әкелер зардабы туралы айтады. «Христиан болсын, католик болсын, некелескен соң ислам дінін қабылдаса, мұсылман болып өледі» деген ойымыздың қате екендігін кейіпкер Нюраның әрекетімен көрсетеді. Ол мұсылман дінін қабылдап, бес уақыт намазын оқып, парызын өтеп жүреді. Ең соңғы, өлім сағаты соғатын сәтінде жастығының астында жасырынған иконасын алып, шоқынып барып дем шығарады. Қазір бұл – қоғамда талас-тартыста жүрген мәселе.
Аралас некеден туған балалар өздерінің не қазақ екенін, не басқа ұлт екенін дәлелдей алмай өтті. Тура осылай Нюраның баласы Ерік те не ара емес, не шыбын емес, әлдеқандай бір жәндікке айналып кетті. Неге? Себебі біздің қазақта «дүниеқоңыз» деген сөз бар ғой, дәл осы теңеу автордың қолтаңбасында басқаша бағытта өрбіп отыр. Бұл жерде адамның ғана емес, жануарлардың да будандасуының қаупін көрсетіп тұр. Бүгінде дамыған заман деп ат пен есекті, қасқыр мен итті шатыстырып жатырмыз. Арғымақ ат пен есек екеуін будандастырсаңыз, қашыр шығады.  Тұрқына қарасаң, аттан кіші, есектен үлкен болғанымен, жолда келе жатып көрінген нәрсені жеуі немесе ақырып-бақырып тұрып алуы мүмкін. Шын мәнінде тепе-теңдік сақталуы керек. Қазақ қазақ болып өмір сүруі қажет. Жылқы жылқы болып қалуы керек. «Классика» – ешқашан өмірден өшпейтін өміршең дүние. Әр оқыған сайын саған жаңадан ой түйіп береді.
Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» шығармасы астарынан да көп нәрсені аңғаруға болады. Мысалы, Абай қыстың өзін «басқан жері сықырлап келіп қалды» деп тірі бейнеге көшірді. Табиғатта болатын құбылыстарға адамның төтеп беріп, күресуі суреттеледі. Біздің қазіргі қоғамда күрескерлік деген жоқ қой. Ал мына «Қар қызының» кейіпкерлеріне қарасаңыз, жап-жас балалар мегзеген ойы мен өзара диалогтарымен ашылады. Заты адам болғанымен, табиғатпен астасып ғұмыр кешкен кейіпкерлер есебінде «Сайтан көпірдегі» образдар да оқшау ой тастайды. Меңіреу табиғаттың құрсауында, құшағында қалып, содан тірі шығу деген күрескерлік рухтың биік шыңы емес пе?! Автор Аспан шал образы мен қар қызы арқылы не айтқысы келді? Мұнда тағы оқиға желісі емес, ой тереңдеп кеткен. Сол сомдалған образдар арқылы жазушы бәрін ашық айтып отыр. Түсініп оқысақ, ішкі сырына үңілсек, табарымыз да, ойланарымызда да көп-ақ.
Оралхан Бөкей жазушылық қабілет-қарымын толықтай танытқан, танытып қана қоймай талантына бас идірген қаламгер. Әңгімелерінің әсері, суреткер сомдаған кейіпкерлер мінез-құлқы оқырманын ойландырып, тағы бір мәрте қайырылып соғуға мәжбүрлейді. Бәлкім, біз қызығып қарайтын, жазушының асқан дарынына балайтын да осы тұс болар. Оралхан шығармашылығынан үлкен орын алатын тағы бір дүние оның дарынын айшықтай түскен драматургия­сы деп білеміз.
Оның «Зымырайды поездар», «Құлыным менің», «Текетірес», «Қар қызы», «Мен сізден қорқамын», «Бармысың махаббат», «Екі әйелдің әңгімесі» сынды пьесалары пайым-парасатымен ерекше. Бір қарағанда өзінің проза саласында сомдаған туындыларын драмаға айналдыра салған-ау деген ой қылаң беруі мүмкін. Алайда атап өткен осынау сахналық қойылымдар қазақ театрын өзгеше сыңайда байытқан, мінезді, сөз саптауы мен өзін баптауын тұрғысынан алып қарағанда басқаша көрініс табады.
«Құлыным менің» екі бөлімді элегиясындағы Бозтайлақ, Дулат, Жан, Қаражан, «Текетірес» екі бөлімді драмасындағы Ақтан, Қаратан, Делқұл, «Мен сізден қорқамын» екі бөлімді қиялнамасындағы Тасжан, Вайра, Ақапа, Аспан-Қыз, «Бармысың махаббат» триптих-драмасындағы Сара мен Кан образдары қазақ театрындағы болымысы биік кейіпкерлер шоғырын толтырған айтулы дүние.  Драматург Оралхан «Екі әйелдің әңгімесі» пьесасында Күлия мен Күлпәш арасындағы диалогта көп шетін дүниенің сырын ақтарады. Бір қарағанда тұрмыстық нәрсе болып көрінетін кикілжіңнің өзінде адамдара арасындағы қатынас, адамның жан-дүниесі дегеннің бәрі қолмен ұстағандай мен мұндалап кетеді.
Жазушының шығармашылығына дендеген адамның өзі жоғарыда біз атап өткен кез келген туындысынан-ақ оның тереңдікпен, ізденгіштік қабілетпен барғанын ұғуы кәміл. Рас, Оралхан әңгімелері мен басқа туындыларын оқып отырып көп нәрседен хабары болғанын бағамдау қиынға соқпас. Арнайы оқу орнында білім алмаса да өз бетінше бағындырған белесі бір төбе. Бұл оқымай жазушы болуға болады деген сөз емес, әрине. Қатардағы «жазарман» атануға болады. Ал шын жазушы болып туады. Осы тараптан алғанда Алтайын жырлаған жазушы тумысынан талант деп танығанымыз дұрыс. Алтай түркі жұртының ту тігіп, қастер тұтып, қасиет қонғаны мекені болғандақтын, Оралханды Алтай алқаған сөз иесі десек артық емес. Сондан кейін ол асқақ, суреткер сомдаған кейіпкерлері де ешкімге ұқсамайды. Кейіпкерлерінің оны-мұны олқылықтан таза болуы да жазушыны даралай түседі.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,
жазушы, Оралхан Бөкей
атындағы сыйлықтың иегері

778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз