Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 05 Сәуір, 2023

Тәтті дауыстар тылсымы

«Қыздар айнаға қарап сыланған сайын өздеріне-өздері сұлу көрініп, мәз болады. Ал мен ше? Түрім болса мынау. Тым болмаса атымды да келістіріп қоя алмапты. Менің атым...»

Тентек Қожаның дауысы құлағыңызға бірден келе қалған болар. Ескірмейтін дауыс. Бірақ фильмді көріп отырып, Қожаның аузына қарап, өзі сөйлеп тұрмағанын, яғни фильмнің орысша түсірілгенін байқайсыз. Алайда фильм түсіріліп біткен соң Қожаның өзі дыбыстаған болар деген де үміт жоқ емес. Сөйтсек... Ол үлкен актрисаның, яғни Фарида Шәріпованың дауысы екен. Сол заманның киноөндірісінің талабы бойынша, фильмдердегі бала атаулының дауысын үлкен әртістер дыбыстапты. Қызығы, көпшілігін актрисалар дыбыстаған. Біз білетін фильмдердегі – Қожаның сыныптасы Жантас пен Жанарды да, «ет жейсіңдер ме?» дейтін Дәулетті де, алты жасар Алпамысты да, оның досы бұзық Қалиханды да, атаман Арманды да, ауылы Көктөбенің бөктеріндегі Арманды да – бәрін-бәрін актрисалар дыбыстапты. Ал неге актрисалар? Неге балалардың өз дауысы жазылмады? Қазіргі фильмдер мен мультфильмдердегі бала дауысы қалай дыбысталып жүр? Осы тақырып бізді қызықтырды.

СТУДИЯДАҒЫ ӘҢГІМЕ

Алдымен Алматыдағы дубляж студиясының біріне бардық. Біз барғанда, әйгілі «Торай Пиппи» мультфильмі қазақша дыбысталып жатыр екен. Қабырғада үлкен экран тұр. Онда мультфильм жүріп жатыр. Қабырғаның ар жағында әртістер оны дыбыстап жатыр. Қызық-ақ. Әртістер бір мүдірер емес. Құдды қуыршақ театрында отырғандайсың. Немесе жаныңда балалар ойнап отырған секілді. Бір әртістің екі-үш кейіпкерді дыбыстап жатқаны да байқалады. Жұмыс арасында режиссермен де, әртістермен де әңгімелестік.

Гүлназид ОМАРОВА, дубляж режиссері:

– Бұрын балалардың дауысын актрисалар дыбыстады. Фарида Шәріпова, Рая Мұхамедиярова, Гүлзия Белбаева, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, өзім де сол қатарда болдым, бәріміз балалардың дауысын салатынбыз. Бір күні бір фильмде бірінші сынып балаларының дауысын салу керек болды. Әлгі әріптестерімізбен әуелі өз дауысымызды жазып алдық. Сосын айналымға салып, кішкентай балалардың дауысындай етіп жасадық. Бәрін де синхронды жасайтынбыз. «Қазақфильмдегі» мультфильмдердің алғашқыларын мен жасадым десем болады. Себебі, 1983 жылы «Қазақфильмге» келдім. Бастапқыда, әрине, массовкада – жалпы сахнада жүрдік. Кейін рөл бұйырды. Жоғарыда аты аталған әріптестеріміз бар, біріміз мысықтың, біріміз күшіктің, енді біріміз тышқанның дауысын салатынбыз. Дыбыстауды сол аңдардың мінезін зерттеу арқылы шығаратынбыз. 

Қазір көркем фильмдерде балалардың өзі дубляж жасап жүр. Бір кездері таза қазақша сөйлейтін балаларды іздеп, «Шаңырақ», «Думан» ықшамаудандарының мектептеріне барып, әр сыныпқа кіргенмін. Тапқан балалардың дауысын жазып алып, ата-аналарымен сөйлесіп, жұмыс істегенбіз. Сол кезеңде дубляж режиссері мамандығын оқып алдым да, осы салада жұмысымды жалғастырдым. Қазір кейде ұлдың, кейде қыздың, кейде әженің дауысын салып жатамыз. Біздің мамандығымыз осы. Қолымыздан бар келетіні де осы. 

Қазір бірге жұмыс істеп жүрген Тынышкүл Сұлтанбердиева, Гауһар Әбжаппарова, Азамат Қанапия, Бақтияр Байсерік, Азамат Шарғын, Ерғали Төребаев, Рита Күмісқалиева, Динара Әбікеева, Гүлназ Әуесбай есімді актерлер бар. Бірақ соның ішінде мультфильмді ғана жасай алатыны бар, фильмге ғана бейімдері де кездеседі. Мультфильмді дубляждауға балаларды алмаймыз. Себебі дубляж жұмысы қарқынды жүреді, балаларды үйретуге көп уақыт бола бермейді. Сондықтан ол – кәсіби әртістермен ғана атқарылатын жұмыс. Кез келген актер дубляж жасай алмайды. Бұл жұмысты оңай деп айта алмаймын. Дубляждың міндеті – көрерменге сөзді дұрыс жеткізу.

Тынышкүл СҰЛТАНБЕРДИЕВА, актриса:

– Әйел дауысының ырғағы бала дауысына жақын. Бала дауысын салу үшін соншалықты зерттемеймін. Себебі, тәжірибе бар. Фарида Шәріпова, Рая Мұхамедиярова, Нүкетай Мышпаева апайлар дубляж жасап жүргенде, біз солардың қасында жаңадан үйреніп жүрдік. Ол кезде мынадай емес, синхронды дубляж болатын. Синхронды дубляж – киномен біте қайнасу, сөзбен бірге ентігу, күрсіну сияқты дыбыстарды салу. Ол кезде Қазақстанның дубляжы Кеңес одағы бойынша үнемі алда жүретін, бәйгелерде үздік шығатын. Солайша әуелде апайлардың артында 5-6 сағат массовкада отыратынбыз. Керемет кісілер еді ғой. Бәрін сол кісілерден үйрендік. Ол кезде тек көркем фильмдерді дыбыстайтынбыз. Мультфильмдер кейін келді. «Әртістер неге қартаймайды?» деген сөзді жиі естимін. Міне, жұмысымыз осы, жаның жас боп жүреді, бала даусын салу үшін бала болып өмір сүресің.

БАЛАЛАР ДУБЛЯЖ ЖАСАЙ АЛА МА?

Тәуелсіздік алғалы түсірілген фильмдердің көпшілігіне дубляждың қажеті болмады. Себебі, мемлекеттің қолдауымен түсірілген фильмдердің дерлігі қазақ тілінде түсірілді. Онда бала актердің өз дауысы жазылады. Қазір баланың дауысы керек туынды – мультфильм. Дубляжсыз мультфильм жасалмақ емес. Енді балалар дауысын неге баланың өзі дыбыстамасқа деген сауалға келелік. Бұрынғы талап басқа, қазіргі заман бөлек. Бірақ балалардың өздерінде де мәселе бар екен.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, «Қазақфильм» киностудиясының редакторы:

– Біз қазір балалардың өзімен жұмыс істеуге тырысамыз. Бірақ бұл жерде мынадай мәселе туындайды: балаларда тілдің бояуы кетіп бара жатыр. Ол бала түгіл, «Әуезовтің» актерлерінде де жойылып барады. Бұған эстраданы кінәлар едім. Ол сөйлеу мәнерін құртып жіберді. Басқа да фактор көп. Қазақ қалалық болған сайын тілдің құнары жойыла береді. Талап та жоқ. Көп бала ң дыбысын айта алмайды. Ң-ы жоқтың дымы жоқ. Балаларды фильмге түсіруде де бір мәселе бар. Бай-бағландар продюсерге, кастинг директорына ақша төлеп, балаларын түсіртеді. Сөйтіп, талантты балалар тасада қалып қояды. Осындай нәрселер киноның талабын жойып тынды.

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ, режиссер, аниматор:

– Біз осыған дейінгі түсірген мультфильмнің бәрінде баланың рөлінде – баланы, атаның рөлінде – атаны, яғни әркімді өз жас шамасына лайық дыбыстаттық. Өйткені үлкен кісі баланың дауысын салса, бәрібір білініп қалады. Баланың өзіне тән табиғи дауысы бар. Мультфильмдерімізге «Балапан» арнасында ән айтып жүрген, өлең оқып жүрген балаларды шақырдық. Шыны керек, олармен жұмыс істеуге біраз уақыт кетті. Мұндай студияға бірінші рет келіп тұрған соң образды бірден алып шыға алмайды. Күлетін жерде күліп, жылайтын жерде жылай салу оңай емес. Жұмыс процесі ұзаққа созылса, тез жалығып кетеді. Сондықтан оларды қызықтырып отыру керек, мақтап отыру керек болды. Осылайша Мұстафа, Нұрсұлтан, Айтұмар деген балаларды үйретіп алдық. Келесі жобаларды оп-оңай алып шықты. Дубляжда баланың өз дауысы тұрса, кез келген фильм жарқырап шыға келеді. Мысалы, «Мұзбалақ» мультфильмінде баланы айдаһардан құтқарып алғанда, баланың күлген дауысы керек болды. Сонда режиссер дыбыстап тұрған баланы қытықтап жіберіп еді, сол дауыс өте сәтті шықты. «Ырысты ыдыстар» мульфильмін түсіргенде «Балапан» арнасына балалар дауысын жазамыз деп шарт қойдық. Арнадағы адамдар «кәсіби актерлердің, яғни үлкендердің дауысын жазыңыздар» деді. «Балалармен жұмыс істеу қиын, өздеріңіз бекерге қиналып қаласыздар» деді. Бірақ біз табандап тұрып алдық. Сөйтіп, балаларға дыбыстаттық. Кейін олар мультфильмді көрген соң риза болды, мультфильм эфирге балалар дауысымен шықты.

Кино, қайткенде де, ұрпаққа қалатын мұра. Бүгінгі ісіңе ертеңгі ұрпақ баға береді. Біз кешегі «Қожаны» бүгін қалай талқыласақ, бүгінгі фильмдерді де ертең солай сарапқа салады. Кешегі дауыс бүгінге жетті. Ал бүгінгі дауыс ертеңге жете ме? Жетсе, қалай жетеді? Дубляждағы бала дауысы жайлы естіген әңгімелердің бір парасы осы. Бұл төңіректе  бірқатар мәселе бар екенін, алайда оның да шешімі бар екенін аңғарғандаймыз.

Дайындаған Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2023

957 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз