Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 07 Сәуір, 2023

Оразақ СМАҒҰЛҰЛЫ: БЕС МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР БІРТҰТАС ҰЛТПЫЗ

Ғылым математика сияқты дәл­дікті талап ететін жауапты сала. Ал қаржысы аз, қиындығы көп бұл жолда ғалым болып қалыптасатын тұлғалар санаулы. Ғасырға жуық ғұмырдың куәгері, қазақтың тұңғыш антрополог ғалымы, ҚР ҰҒА академигі және Болония ғылыми академиясының мүше-корреспонденті (Италия), тарих ғылымының докторы, профессор Оразақ Смағұлұлы жасы тоқсаннан асса да, ғылыми ізденісін тоқтатқан емес. Ол саналы ғұмырын ғылымға арнап, «Қазақстанның ежелгі және заманауи тұрғындарының краниология мәліметтері бойынша антро­пологиялық типін қалыптастыру мәселелері» тақырыбындағы кан­дидаттық диссертациясын қорғаса, «Қазақстанның этникалық антропологиясы» атты докторлық диссертациясында отандық ғылым­дағы алғашқы соматологиялық зерттеу қорытындыларын ұсынды. Қазақтың 50 ғасырлық тарихын зерттеп, мың жылдан кейінгі зерттеулерге мол мүмкіндік қалдырып отырған ғалымды аз-кем әңгімеге тарттық. 

– Оразақ Смағұлұлы, ғасырға жуық саналы ғұмырыңызды антропо­логия саласына арнадыңыз ғой. Алдымен айтыңызшы, 50 ғасырлық тарих қалай зерттелді?
– Бұл енді бір күндік жұмыс емес қой. 1952 жылы ҚазМУ-дың тарих фа­культетіне түсіп, студент атандым. Ізденісті сол жылдардан бастадым. Қазақтың антропологиясы туралы он шақты кітап жаздым. Мұны әлемде зерттеп жатқан ешкім жоқ. 1952 жылы антропология экпедициясында зерттеу жұмысымен айналыстым, бардым. Сондағы көргенім, қазба жұмыстарынан кейін сүйектерді қайтадан көміп кетеді немесе шашып тастап кете береді. Түсінгенім, тарихшы-археологтерге тек материалдық мәдени мұралар ғана қажет екен. Экспедиция аяқталған соң «сүйектерді зерттейтін біреу бар ма?» деп іздене бастадым. Алдымен, Алматыдағы мединс­титутқа барып, адам анатомиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Нұрыш Бөкейхановқа экспедиция кезінде көргенімді айтып, шашылып жатқан сүйектерді зерттегім келетінін жеткіздім. Ол қуана қолдап, мені мединститутқа да студент ретінде тіркеп қойды. Сөйтіп төрт жылда екі институтты қатар оқып бітірдім. 
Мәскеуде сегіз ай іс-тәжірибеден өттім, сосын аспирантураға түстім. Аспирантурада қазақтың құрылымы­нан бастап, 44 мың жылдық тарихын зерттеп, кандидаттық, сосын докторлық ғылыми дәрежемді қорғадым. Қа­зіргі уақытта Қазақстанның батыс жағынан тағы мыңжылдық сүйек та­былып отыр. Сондықтан қазір 44 мың жыл емес, 45 мың жыл дейміз. Марқұм академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауының арқасында бүгінгі қазақтар да толығымен зерттелді. Зерттеуде ешқандай саясат жоқ, тек бес мың жылдың ішінде Қазақстан жерінен қаңқа сүйектер қалай өсіп, қалай дамыды, сол сүйектердің қазаққа қандай қатысы бары зерттелді. Зерттеу барысында бұдан 5 мың жыл бұрынғы ата-бабамыздың сүйектерінің 30 пайы­зын сақтап қалғанын анықтадық. Сондықтан біз 5 мың жыл дейміз, ал археологияда мұны неолит, энеолит дәуірі дейді. Бұл дәуір адам баласының бүгінгі өркениетке алғашқы басқан қадамы болып есептеледі. Әлемде цивилизация бұдан 7 мың жыл бұрын неолит дәуірінен басталады. 
– Демек неолит дәуірінің сүйектері табылса, қазақтың 7 мың жылдық сүйек­терінің даму ерекшеліктерін дәлелдеуге бола ма?
– Болады. Біз бұған дейін еліміздің батысынан табылған сүйектерді зерттей келе қазақтың сүйегінің даму жолы 5 мың жыл деп айттық. Ал негізінен осындай сүйектердің тағы біршамасы табылса, қазақтың сүйегінің 7 мың жылдық даму ерекшеліктерін дәлелдеуге болады. Біз қазақтарды жүзіне, аймағына қарай зерттеп шықтық. Арасында қандай айырмашылықтары барын білгіміз келді. «Ерекшеліктері бар ма, не болмаса, бәрі бірдей ме?» деп тереңіне үңілдік. Зерттеу қоры­тын­дысында «тұтас ұлт үш жүзге бөлін­бейді, қазақтың 5 мың жылдық тарихы бар» деген қорытындыға келдік. «Қазақ халқы мен оның ата тегіне орай антропологиялық очерктер» деп аталатын еңбек қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде жарияланды. Бұл кітап әлемге таралды. Сол кітап үшін алты түркі мемлекетінің, екі мұсылман мемлекетінің (Иран және Пәкістан), басқа да сегіз мемлекеттің сыйақысын алдым. Еуразиялық құрлықта тұратын халықтың бүгінгі антропологиялық көне зерттеуінің бірінші тарауында 5 мың жылдық сипатталады. Сон­дық­тан «қазақ халқы жоқ деген немесе бертінде пайда болды» деген ұғым ешқандай шындыққа жанаспайтынын дәлелдедім. Мұндай жетістікке жетемін деп ойлағаным жоқ. Бірақ Құдайдың осы ісіне тәуба.
– 50 ғасырлық еңбекті зерттеуге кімдер көмектесті?
– Жалпы антропологияға мамандануыма Қаныш Сәтбаевтың әсері зор болды. Маған ең көп көмек көрсетіп, кеңес берген – ресейлік антрополог ғалымдар Георгий Дебец, Яков Рогинский, Виктор Бунак. Солардың арқасында бүкіл қазақты зерттеп шықтым. Міне, осындай адамдардың ақыл-кеңесі қазақтың көне сүйегі арқылы бүгінгі қазақты зерттеуге мүм­кіндік берді. Мұндай зерттеу әлемде жоқ. 
– Бұл туралы «Қазақтың шығу тегі» атты жинағыңыз бар ғой. Зерттеудегі адамдардың жас ерекшеліктері мен еңбектің жаңалығы қандай болды?
– Бұл кітапқа байырғы қазақ же­рінде қола дәуірінен бастап, кешегі XX ғасырға дейінгі, яғни 4 мың жыл ме­­­кендеген тұрғындардың бас сүйек құ­ры­лымдарын зерттеген ғылыми талдау енді. Оның бәрі кестелермен, карталармен, суреттермен нақтыланды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының 40 ғасырлық антропологиялық тарихы ғылыми анықтамалармен толық дәлелденді. Осы дүниені жазуға жарты ғасырлық ғұмырымды арнадым. Алдымен ұлттың соматологиялық сипаттамасын анықтауға күш салдым. Мәселен, адамның бейнесі, бас сүйегі, құрылысы, май бүрмелері – соның бәрі ғылыми түрде зерттелді. Біз оған қалалықтарды емес, далалықтарды алдық. Өйткені популяциялық генетикадан алғанда, ауыл адамдарының генетикалық құрылысы аса өзгермейді. Осы жұмысымды 1966 жылы бастадым. Онда республикада 19 облыс бар еді, соларды толық аралап, сүзгіден өткіздім.
Ал адамдар 13 жастан бастап 60 жасқа дейін зерттелді. Сол 18-60 жас ара­сындағы ерлер мен әйелдердің бірегейлігі дәлелденді. Сосын 13-17 жас арасындағы алғашқы шыққан тіс бедерлерінің генетикалық ерекше­лігіне сүйеніп, қазақтың үш жүзге, әрбір аймақта бөлінбейтіні дәлелденіп жа­зылды. Сосын адамдардың қан жүйе­сінің анықтамасын жинадым. Тұр­ғындардың саусақ пен алақан тері бедерлерінің жеке қолтаңбалары алынды. Қазіргі қазақтардың антропологиясын зерттеудегі басты нәрсе – олардың бас пен қаңқа сүйектерін көне дәуірде өмір сүрген адамдардың морфологиялық анықтамаларымен салыстыру қажет. Осы зерттеуде қазақтар жүзге бөлінбейтінін көрдік, бұл биологиялық бөлінбейді және этнотарихқа бөлінбейді деген сөз ғой. Тіпті қазақ тілінде диалект жоқ. Мұны академик Нығмет Сауранбаев толық дәлелдеген. Әлемде мұндай халық жоқ. Мысалы, Швейцарияда 9 млн халық тұрады. Солардың 28 ауданы, 28 диалектісі бар. Швейцарияның жері Қазақстанның жерінен 66 есе кем. Мінекей, осындай санмен қарасаңыз, шығыстан батысқа дейін диалект жоқ. Бұдан артық не бірлік керек? Әлемде мұндай бірлігі бар халық жоқ. Түркімендерде қаншама ру болса, соншама диалект бар. Сондықтан біздің көнелігімізге ешкім қол сұға алмайды. Құдай маған соны зерттеуге күш берді. 
– Қазақтар – антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың бірде-біреуіне қосыл­майтын жеке-дара этнос дегеніңізді ғылыми дәлелдедіңіз ғой?
– Иә, мұндай ерекшелікпен жара­тылған халық әлемде кемде-кем. Өйт­кені біздің ата-бабаларымыз ешкімге ұқсамайтын керемет даму сатыларын білген.
 Өткен ғасырдың 1970 жылы жазылған «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» деп аталатын кітабымда бұдан 4 мың жыл бұрын көне қазақ жұртын мекендеген тайпалардың қаңқа сүйектерін қазіргі қазақтардың қаңқа сүйектерімен салыс­тырып, арасындағы антропологиялық, морфологиялық байланыстарды анық­тадым. Нәтижесінде он беске жуық халықаралық симпозиумда, Қытай, Жапония, Үндістан, Түркия, Германия, АҚШ, Ұлыбританияда баяндамалар жасадым. Сөйтіп қазақ халқы өз елінде, өз жерінде тұрып жатқанына 40 ғасыр өткендігін ғылыми негізде дәлел­дедім, шетелде мұны мойындады, бірақ осы қазақтың 4 мың жылдық антропологиялық, генетикалық тарихына өз елімізде тиісті мән берілмей келеді.
1977 жылы «Этническая геногеография Казахстана» деген 10 баспа табақ еңбегім жарық көрді. Адамдардың қан жүйелерін зерттейтін ғылымды серология дейді.
– 60 жылдан астам уақытқа созыл­ған этноантропологиялық ізденістер қазақтың ата-тек тарихында тағы бір үлкен жаңалыққа алып келді. Нәти­жеге қалай жеттіңіз?
– Осы уақыт ішінде біздің экспедициямыз Қазақстанның шығыс-батыс, оңтүстік-солтүстік, орталық ай­мақ­тарының ауылдарына барып, үстінде шатыры бар көлікпен жүз мыңдаған жолдарды шимайлап шықтық. Мен қазақтың қай түкпіріне бармас бұрын жердің тарихы мен мә­дениетін, әсіресе шежіресін мұқият қарап, сол жерден шыққан Алматыда кісілер болса, олармен ауызба-ауыз сөйлесіп әңгімелерін жазып алатынмын. Мысалы, Ташкент қазақтарына барар алдында сол жердің тумасы, белгілі археолог Х.Алысбаевпен, маңғыстаулық Ғ.Айдаровпен, шығыс қазақстандық Б.Сахариевпен, т.б. адамдармен кез­десіп, үлкен дайындықпен бардым. 
Бүкіл Қазақстаннан жинап алған ма­териалдарымды сұрыптап, атап айтқанда Алтай мен Маңғыстау, Сол­­түстік Қазақстан мен Ташкент, Шымкент, т.б. аймақтардың қазақ­та­рын ара қашықтары 3000-2000 км, ең азы 1000 км салыстыра зерттеу нәти­желері күтпеген нәтиже берді. Сонда өркен жайған Алтай мен Маңғыстау қазақтарының ара қашықтығы 3000 км, Солтүстік Қазақстан мен Шымкент қазақ­тарының арасы 1000 км болса да, олардың арасында антро­поло­гиялық айырмашылықтары өте аз екенін дәлелдеп шықтым. Антро­по­логиялық конференцияларда қазақ­тың біртектілігі жөнінде жасаған баян­дамаларым шетел ғалымдарын таң­дандырды. Шетелдердегі мұндай зерттеулерде, мысалы, Бавария мен Силезияның немісі, Архангельск пен Воронеждің орысы арасындағы, т.б. халықтарда қазақтардағыдай бірегейлік көрсеткіштері өте төмен болған. Ең бастысы, бұл зерттеу қазір қазақтың арасында айтылып жүрген «қазақтың басы бірікпейді», «қырық құрау, қырық рулы елміз», «қырық тектен жаралған», т.б. сөздердің ешқандай негізсіз екенін көрсетіп қоймай, бір­тек­тілік жөнінен әлемде ерекше ел екенімізді дәлелдеді.
– Осы орайда «Қазақстанның этни­калық жағрапиясы» атты кітабыңыз­дың жолы неге кесілді?
– Генетикалық маркерлермен Алаштың біртектілігін айқындаған «Қа­зақ­станның этникалық жағрапиясы» (Этническая геногеография Казахстана, 1977) еңбегі баспадан шыға салысымен жолы болмады. «Қазақтың бүкіл руларын тізіп жазған», «Қазақты ерекше халық етіп көрсеткен», «Бәріміз бір совет халқы болдық, мұндай зерттеулер не үшін керек?», «КПСС-тің ұлт саясатына қарсы», т.б. жалалармен кітап қоймасынан шы­ғартпай 2000 тиражы түгел өртелді. Са­наулы даналары ғана ғалымдардың қолына тиген, бұл кітапқа сұраныс ерекше еді. Бірақ ол кезде кітабым өртенді деп қайғыратын уақыт болған жоқ. «Бас­тан құлақ садаға» деген. Итжеккенге, Колымаға жер аударып жіберсе не істер едім? Мына жүзмыңдаған сүйектерімді кәмпескелеп, зертханамды жауып тастаса не болар еді?» деген оймен шүкірге келіп, жұмысымды жалғастырдым. 
– Бұл ғана емес, 1986 жылы жел­тоқ­сан оқиғасы кезінде де кінәлілердің бірі бола жаздапсыз?...
– Иә, желтоқсан оқиғасы кезінде ең басты кінәлілердің бірі ретінде жан-жақтан жабылған жала мен арнаулы орындардың тексерісінде болдым. Екеуінде де Мәскеулік ғалымдардың ара түсуімен аман қалдым. 
– Адам сүйектерін зерттеу сіздің жолыңызға қалай әсер етті?
– Әсері шексіз. Осы ғылым саласын меңгергеннің нәтижесінде қан­шама адамдармен, Қ.Сәтбаевпен, Ленинградтағы, Мәскеудегі мамандармен таныстым. Мұны жалғыз өзім істедім деп айта алмаймын. Сол кісілердің ақылымен, айтқан жолымен жүрдім. Антропологиялық зерттеуге қатысты келешекте қазақты ешкім мазалай алмайды. Мен бұған бек сенімдімін. 
– Осы антропология саласында өзіңізден артық еңбек еткен адам жоқ екенін білеміз. Дегенмен, осы сала­дағы мамандар немесе өзіңіз тәрбиелеген шәкірттер бар ма? 
– Шәкіртім жоқ, тәрбиелемедім. 
– Неге мықты мамандар, оның ішінде өзекті саланың мамандары шәкірт тәрбиелемейді? Мысалы, демограф Мақаш Тәтімов те шәкірт баптамаған. Өзіңізде де шәкірт жоқ екен. Ендеше бұл саланың бүгіні мен болашағы қандай?
– Антропология саласы мектебінің негізін қалағаным рас. Бірақ ғылым біреуді жетектеп жүріп үйрететін нәрсе емес. Оған адам жүрек қалауымен келуі керек. Ал бұл саланың болашағы жақсы. Өйткені негізі қаланып берілді ғой. Енді 500 жыл өтсін, мың жыл өтсін, мына біздің зерттеулерімізді биология ғылымының әдістеріне салып зерттеуге толық мүмкіндік бар. Басқа елдерде ондай жоқ. Мысалы, ХХ ғасырда, үшінші мыңжылдықтың аяғында осы бүгінгі қазақтың түсі, бейнесі қалай өзгерер екен? Әйел мен еркектерде қан жүйесі қалай? Мыңжылдықта қандай өзгеріске ұшырар екен? Олардың алақан терілері қандай өзгерістерге ұшырайды? Міне, осының бәрін 1000 жыл өткеннен кейін де анықтауға толық мүмкіндік бар.
– Ал антропологияның қазіргі қо­ғамға қажеттілігі қандай?
– Шексіз ғой. Қазір барлық халық өздерінің қайдан шыққанын зерттеу-де. Әлемде 200-ден артық мемлекет бар, осынша мемлекет халқының қайдан шыққанын зерттеумен айналысады. Бірақ оған кәсіби мамандар керек. Бәрінде де мамандар жоқтың қасы. Мен Құдай беріп, қазақтың 50-70 ғасырлық тарихын көне сүйектер арқылы жасап отырмын. Бұл жай нәрсе емес, Құдайдың бізге берген бағы. «Енді ел болайық, халық болайық, бір болайық» десек осы бағытты жоғалтпауымыз керек. Біздің тұрып жатқан жеріміз ата-бабамыздың байырғы қонысы. Алтайдан Маңғыстауға дейінгі жерді 50-70 ғасыр иелік жасаппыз, біз соны қазір дәлелдеп отырмыз. Біле білсеңіз, мұны тарихшылар да жаза алмайды. Ешбірі дәлелдей алмайды. Бұл биологиялық зерттеу – ешқандай қалтқысыз дәлелді, нақты зерттеулер. 
– Ұлттық код деген ұғым бар. Бұл сіздің салаңызбен тікелей байланыс-ты. Жалпы осы ұлттық код ұғымын қалай түсіндіретін едіңіз?
– Ұлттық код биология ғылымынан алынған термин ғой. Тілді де, тарихты да код деп айта береді. Бірақ биологиялық код табиғи өсіп-өнген тіршіліктің ар­қасы. Оны адам қолымен жасамайды, табиғат сұрыптап жасайды. Мысалы, әлемде ешбір халық үш мыңжылдықта қалай өзгергенін білмейді. Ал мың жылда қазақ қалай өзгерді? Қазақтың тіс, дене құрылысына және алақан бедеріне қатысты толық анықтама бар. Зерттелген аймақтағы ерлер мен әйелдердің суреті арқылы мың жылда қазақтың қалай өзгерген бейнесіне көз жүгірте аламыз. Бұл нақты, дәлелденген зерттеу. Ешкім күмән келтіре алмайды. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

"Ana tili" газеті

1612 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз