Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 07 Сәуір, 2023

Көрермен көп келетін театр

Келесі айда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының Астанаға гастролдік сапары басталады. Ал Әуезов театры қандай репертуармен бармақ? Біз осыған орай М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма теат­рының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбекке бірқатар сұрақ қойған едік. 

– Еркін Тілеуқұлұлы, 1-7 мамыр ара­лығында Астанаға гастрольдік сапармен барып, Қ.Қуанышбаев театрында бірнеше қойылым қоймақшы екенсіздер. Жалпы гастроль аясында көрерменге ұсынылатын спектакльдер қалай таңдалып алынады? 
– М.Әуезов театры республи­камыздың барлық қалаларында, оның ішінде Астанада да бірнеше рет гастрольде болды. Соңғы жылдары пандемияға байланысты жұртшылықпен жүздеспей қалдық. Алдағы уақытта екі жақты іс-шара өткізбекпіз. Қ.Қуанышбаев театры Алматыға, ал біз Астанаға барып өнер көрсетсек деп отырмыз.
Бұл бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы, оның алдында Абайдың 175 жылдығы өтті. Әр театр шама-шарқы жеткенше жаңа қойылымды сахналап жатыр. Әр қойылымның шығармашылық ерекшелігі болады. Тәжірибе алмасу үшін осының бәрі үлкен сабақ. Сол себепті де гастрольді жоспарлап отырған жайымыз бар. Астана жұртшылығына жеті спектакль қоямыз. Бұл оңай емес. Қаншама декорацияны жеткізу, қызметкерлерді апару, осының барлығы Мәдениет және спорт министрлігінің қаржылай қолдауымен жүзеге асып жатыр. 
– Әр қойылымға жеке-жеке тоқтала кет­сеңіз?
– Театр ұлы жазушының атын алып жүргеннен кейін қай аймаққа гастрольмен барсақ та, сахна шымылдығын сол кісінің шығармасымен ашу дәстүрге айналған. Бірінші күн Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» спектаклімен басталады. Екінші күні көрермендерге «Менің сүйікті періштем» комедиясы ұсынылады.Бұл көрерменнің ыстық ықыласына бөленген, классикалық үлгідегі Бернард Шоудың әлемдік жауһар драматургиясын әдемі жеткізген туынды. Үшінші күні қазір көрерменнің сұранысына ие болып отырған «Қара» драмасын тамашалайды. Бұл Абайдың 175 жылдығы қарсаңында қойылған ұлы ақынның қара сөздерінен жасалған өзіміздің спектакль. Театрымыздың үлкен, кішісі, барлық буын өкілдері қатысқан ерекше қойы­лым. Бұл Абайдың қара сөзі арқылы сахналық қойы­лым жасалған шығармашылық тұғыры бөлек туынды.Төртінші күні – А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасы. Қойылым бүгінгі заманның өзекті мәселелерін арқау етеді. Жастар арасындағы көкейкесті мәселелер, отбасын құрудағы түйткілдер сөз етіледі. Бесінші күні қойылатын – Бертольт Брехтің «Пері қатын» драмасы. Бұл әлемдік классиканың қазақ театрына келуінің ерекше көрінісі. Басты рөлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова ойнайды. Мұны былайша айтқанда, Бертольт Брех мектебінің қазақи түрленуі деп айтуға болады. Алтыншы күні Астана көрермендеріне «Қан мен тер. Ақбала» трагедиясы ұсынылады. Бұл соңғы жылдары көрерменнің ғана емес, театр сыншыларының ерекше талқысына түскен қойылым. Көпшілік КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алған «Қан мен тер» трилогиясымен екеуін шатастырып жатады. Бұл жас режиссураның, бүгінгі театр соны тәсілдерін пайдаланылып, сахналанған спектакль. 
Соңғы күні, яғни 7 мамырда жеңіс күнінің қарсаңына Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» драмасы сахналанады. Ардагерлерге, сондай-ақ жастар үшін де жеңістің мәні, маңызы осы қойылым арқылы көрінеді. 
Әуезов театрының абыройы, танымалдылығы негізінен кәсіби, білікті актерларымыздың, мықты режиссерлік мамандарымыздың арқасында жалғасып келе жатыр. 100 жыл­дық мерейтойы жақындап келе жатқандықтан, Әуезов театрының қай спектаклі де театр, сахна өнеріне көзқарасы бар қай көрермен үшін де қызықты деп ойлаймын. 
Тек қана гастроль емес, Астанада әртүрлі фестивальдер өтеді. Әуезов театры Астана халқы үшін жұмбақ емес, бүгінгі таңда ақпараттың молдығына байланысты біздің репертуармен толыққанды таныс. Репертуарымызға осы жолы Астана жұртшылығына бұрын көрсетілмеген қойылымдарды таңдауға тырыстық. 
– Сіздердің қойылымыңызға алматы­лық­тар­дың билет таппай қалатын кезі болады. Ал ас­таналық көрермендер қалай қабылдар екен?! 
–Қазіргі таңда біз «көрермен болмай қалады» деген уайымнан арылғанбыз. Ticketon.kz сайты арқылы Алматыдағыдай қарқын болмаса да, Астана жұртшылығы әр спектакльге қазірден билет ала бастады. 
– Күні кеше Әуезов театрында «Кассандра таңбасы» атты жаңа премьера өтті. Болашақта тағы қандай шығармалар сахналанбақ? 
– Театрымыздың ең үлкен жоспары – 2026 жылы өтетін театрдың 100 жылдық мерейтойы. Жүз жылдыққа орай, ең алдымен, Үкімет, Министрліктің қолдауымен театр ғимаратын күрделі жөндеуден өткізсек деген жоспар тұр. Қазір құжаттамалар дайындалып жатыр. Бұйырса, осы күзде театрда күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Кеше, 4-сәуірде Шыңғыс Айтматовтың өмірінің соңында жазған «Кассандра таңбасы» атты шығармасының премьерасы өтті. Спектакльде адамзаттың рухсыздану мәселесі отбасылық құндылықтардың қадір-қасиетімен қабаттастыра көрсетіледі. Заманауи ғылыми-техникалық, технологиялық жетістіктер мақсатты түрде ізгілік, адамгершілік жолына бағытталмаса – үлкен қасіретт пен алапат катаклизмге соқтыруы мүмкін.Небір апаттардың бастауы – тексіздік. Айтматов өсиеті бүгін де аса өзекті. Философиялық терең ойға негізделген, жалпы адам баласының «қайда бара жатырмыз, қайдан шықтық, тегімізді қаншалықты ұстап тұрмыз, қаншалықты ажырадық?» деген тақырыпты қамтитын қойылым.Артынша «Еңлік-Кебекті» сахнаға шығармақшымыз. Бұл 100 жылдыққа дайындықтың алғашқы қадамдарының бірі. Өткен ғасырдың басында қазақ театрының шымылдығы осы Еңлік-Кебек арқылы ашылғаны тарихқа мәлім. Барлық күш-жігерімізді салып, 100 жылдыққа қызу дайындық үстіндеміз.
– Бұл қойылым мүлде жаңа нұсқада қойыла ма?
– Жаңа шешім мен орындаушылар, жаңа режиссура, былайша айтқанда, классикалық драматургияның соны үлгісі болады.
– Жыл басталғалы үш ай өте шығып, бірінші тоқсанды да аяқтадық. Ал көрермен көңілінен шыққан ең үздік қойылым деп, қайсысын атар едіңіз?
– Біріншіден, театрда жұмыс істегеннен кейін көрермені көп қойылым деп ешқайсысын алға шығарып, бөле-жарып атай алмаймыз. Өйткені барлығы аншлагпен өтіп жатыр. Қай-қайсысын алсаңыз да билет жоқ, алдын ала сатылып кетеді. Өзіңіз де білесіз, былтыр Ticketon.kz нәтижесін шығарған кезде «Көрермен ең көп келетін театр» деген номинация бізге бұйырды. Қай спектакліміз болсын, көрерменнің ыстық ықыласына, сүйіс­пеншілігіне бөленіп отыр. Әсіресе спектакль аяқ­талғаннан кейінгі көрерменнің ықыласы керемет. Бұл театрда жұмыс істейтін әрбір қызметкердің, актердің, режиссердің бақыты ғой деп ойлаймын. Көрерменмен арадағы қауышу жоғалмаса деймін. Ticketon.kz театрға көрерменді қуып әкеле алмайды.
Бұл, ең алдымен, театр өнерінің қоғамдық маңызының артқандығын көрсетеді. Сонымен бірге қазіргі көрермен шынайы өнерді бағалайды.Демек халық шынайы өнерді бағаланып отыр. 
–Театр күрделі жөндеуге жабылса, халық іздеп, сағынатын болады. Бұл тұрғыда көрер­мен­мен байланысты үзбеудің қандай да бір жолы қарастырылып жатыр ма?
– Әрине, күрделі жөндеу екі жылға жоспарланып отыр. Біз қазір жол картасын жасадық. «Көрерменмен байланысты үземіз, ойынымызды тоқтатамыз деген ойымыз жоқ. Осы уақытқа дейін сағынып қалған өңір-өңірді аралап, гастроль жасау, Алматыдағы әріптестеріміздің сахнаcында спектакльдерімізді көрсету секілді жоспарымыз бар. Біз бір күн де көрерменсіз отырмаймыз. Ол біздің негізгі мақсатымыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Бағдагүл Балаубаева

2213 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз