Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 09 Сәуір, 2023

Миым сау болсын десең...

Ми нейрондарының қалыптасу процесі тек балалық шақта жүреді деген миф бар. Бұл миф XX ғасырдағы ғылыми еңбектер негізінде пайда болған. Себебі ескі еңбектерде ми жасушалары адамның жасы ұлғайған сайын жұмысын тоқтатып, қалпына келмейді деп тұжырымдалған. Ал соңғы зерттеулер мидың жаңа нейрондар қалыптастыра алатын қабілетін дәлелдеді. Естіген, көрген-білген ақпаратты өңдеудің нәтижесінде, жасқа қарамай мидың даму процесі жүзеге аса береді.

Ми – біздің сөзіміз, көзқарасымыз, түсініктеріміз. Кез келген органды ауыстыруға болады, ауыспайтын ми ғана. Біздің саналы және бейсаналы әрекеттеріміз мидың сигналына тікелей байланысты. Сондықтан миға бей-жай қарауға болмайды. Энергия мида. Миыңыз шаршаған болса, бірнәрсе істеуге, ойлануға зауқыңыз соқпайды.

Байқасаңыз, ғалым, жазушы, әйтеуір білім қуған адам жасы ұлғайса да даналығын жоғалтпайды. Бұл өмір бойы жаңаны оқып, үйреніп, зерттеп, танып-білумен миға жасалған жаттығудың арқасында. Демек, мидан сапалы өмірге бағыттайтын сигнал алуға күш салу өзімізге байланысты. 

Ми – адамның басты органы. Мида адамның іс-қимылына жауапты бөлік бар. Қозғалысқа жауапты ми бөлігі жұмысын тоқтатқанда, адамның қандай ауруға ұшырайтыны белгілі. Басқа органдардың сау болуы қаншалықты маңызды болса, мидың саулығы да соншалықты керек. Неврологияда «мидың денсаулығы» деген ұғым бар. Мидың саулығы эмоциялық және физикалық болып бөлінеді. Эмоциялық саулығы стрестен сақ болу, негативке жол бермеуге байланысты. Ал физикалық денсаулығы физикалық әрекеттерді талап етеді.

Дене органдарына тағам жетпесе, бұлшықет жинау мүмкін емес. Тура сол сияқты дені сау емес ми дами алмайды, қоректенбеген мида жады дамымайды. Миды қоректендіретін азық-түліктер бар. Әрине, ол азық-түліктерді күнде пайдалану міндетті емес шығар. Бірақ, миға витамин жеткізетін бірнеше түрі рационда болғаны дұрыс. Ми жақсы көретін азық-түліктің қатарын бастап тұрған – көкжидек. Содан кейін авокадо, семга балығы, кокос майы, грек жаңғағы, қара шоколад, куркума. Қанға да, денеге де керек су миға да аса маңызды. Омега 3 майы, В витамині бар тағамдарды да ұмытпаған жөн. Ұмытшақтық, үнемі шаршау сезімі В витаминінің тапшылығынан болады. Ал миға дәрумен бергенде ол дамуға дайын тұрады.

Миды жақсартатын екінші фактор – спорт. Кейбір мектептерде сабақ бас-талар алдында жаттығу жасау міндетті. Бірақ мұғалім де, оқушылар да не себепті жаттығу жасау керегін түсініп жатпайды. Шын мәнінде бұл мидың жұмысы үшін. Жүру, жүзу, бұлшықет жаттығуларының өзі миға спорт. Сонымен қатар, ми йогасы (brain yoga). Екі қолды айқастырып, құлақтың ұшына баяу массаж жасау. Осы қалыпта отырып-тұру. Бұл не? Біз жазғанда бір қолымыз, шайнағанда бір ғана жақ жұмыс істейді. Ми йогасында қолды айқастырғанда екі қол, сәйкесінше мидың оң және сол жақ сыңары қатар жұмыс атқарады. Отырып-тұрғанда екі аяқ пен бел сигнал алады. Құлаққа массаж істеп жатқанда ми сигнал алады. Осылайша мидың бес бірдей бөлігі бір мезгілде қызмет атқарады. Ми йогасын немқұрайлы қабылдау қате дер едік. 

Невролог мамандар бұл фитнесті үзіліссіз 6 ай бойы, ең болмағанда күніне 1-2 реттен орындауды ұсынады. Әрі бұл – ми сыңарларын, ойлау қабілетін, жадыны жақсартатын және жылдам оқуға көмектесетін техникалардың бірі.
«Басым жарылғалы тұр», «миым істемей тұр» дегенді айтып та, естіп те жүрміз. Нашар ұйқы, көп ойлану миға салмақ салғанда солай болатыны анық. Себебі бұл кезде миға оттегі жетпей қалады. Оттегіні миға тасымалдау үшін «терең тыныстау» техникасын қолданамыз. Аты айтып тұрғандай, терең дем алып, мүмкіндігінше ұзақ демді ұстап тұрамыз. Шаршағанша осылай жалғастырамыз. Осылайша миға оттегі барады.

Мидың сау болуы – сапалы өмір сүрудің кепілі. Кейде күні бойы ешнәрсе істемесек те шаршап тұрамыз. Бұл кезде мәселе миыңызға демалыс, қорек, оттегі немесе жаттығу жетпей жатқанында болуы мүмкін. Сондықтан миды сақтау өз қолыңызда. Бізге соншалықты әмірі жүретін мидың жұмысын жақсарту қызықтырса, америкалық университеттердің ми туралы лекцияларын тыңдауға кеңес беремін. 

Жазира БЕКБОЛАТОВА

2692 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз