Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Сәуір, 2023

Оқу үшін күніне жүз шақырым жаяу жүрген

Форумға қызу дайындық жүріп жатқанда жас тілшіміз Аяулым Құдайберген хабарласып: «Апай, жас тілшілердің атынан өтініш болып тұр. Форумда Мұрат ағай мен Айсәуле апаймен кездескіміз келеді, мүмкіндік бар ма?» – деп сұрады. Айсәулеге балалардың тілегін жеткізген 
едік, қуана келісті. Форум басталғанда Астанада Nauryz ұлттық телесериалдар бәйгесі өтіп жатқан еді. Бәйгеде «Міржақып! Оян, қазақ!» сериалы «Үздік тарихи сериал» атанды. Мұрат пен Айсәуле марапаттау  рәсімінде болып, жолдан келсе де, кездесуге кешікпей жетті. «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи сериалдарының режиссері Мұрат Есжан мен продюсері Айсәуле Әбілда редакциямызда болып, екі сағат бойы балалардың сұрақтарына жауап берді.

Алғашқы сөзді Мұрат бастады:

– Өздерің секілді мектепте оқып жүргенде «Ұланды» үзбей оқыдық. Сұлтан Қалиұлы ағамыз бас редактор болатын. «Ұланмен» бірге өсіп, тәрбие алдық. Бір-бірімізден қысылмай, еркін отырайық. «Қазір мына сұрақты қойсам ыңғайсыз болмай ма? Басқа балалар қалай қарайды?» – деген ой мазалап отырған шығар. Осындай ой бізде де болатын. Сұрақтың артықшылығы жоқ. Не білгілеріңіз келсе, соны сұраңыздар.

Режиссердің сөзі қамшы болды ма, балалар сұрақты қарша боратты.

Мұрат: Мен АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен киносценарий бойынша білім алдым. Айсәуле продюсер мамандығын оқыды. Сабақта эссені көп жазатынбыз. «Өзіңді бес жылдан кейін қалай елестетесің? Он жылдан кейін қандай боласың?» – деген сұрақтар қоятын. Қазақ әдебиетін экранизациялау деген мақсатымыз болды. Өйткені, әдебиетімізде мықты романдар бар. «Қыз Жібек» – лиро-эпостық жыр. «Менің атым Қожа» – повесть, «Гауһартас» – Дулат Исабековтің әңгімесі. Демек, мықты туындылардың барлығы экранға шыққан. Әлемдік фильмдер де осындай. Хәрри Поттердің өзі кітап. Бізде мықты шығарма көп. Неге соны экранға шығармасқа деген  ойды мақсат еттік.

Алғашқы жұмысымызға «Абай жолын» Мұхтар Әуезов қалай жазды?» деген сұрақ арқау болды. Жиырма бес жыл бойы ізденіп, қиналып, қудалау көріп жүріп жазған. Соны фильмге айналдыру идеясы туды. Абайды түсірген соң Ахмет Байтұрсынов туралы түсіруге ұсыныс айтылды. Міржақыпты өзіміз ұсындық. Өйткені, Ахметті түсіру кезінде Міржақып туралы деректер қызықтырды. Әдебиет пен тарих – бір-бірімен үндес тақырып. Алдағы уақытта қазақ әдебиетінің жауһарларын экранға шығаратын шығармыз. Ұлттық құндылығы бар, болашаққа қалатын дүние жасау ойда бар.

– Міржақыпты түсіру кезінде тағы қандай тұлғаны таптыңыздар? 

Мұрат: Бір-бірімен байланысып кете береді. Кейде жеке-жеке түсірмей, бәрін қосып, бас кейіпкер болатындай бір дүние түсірсек деймін. Жүсіпбек, 
Мағжан, Абайдың ізін көрген Тұрағұл, Әлкей, Қаныш деп жалғаса береді. Қонаевтың өзі Ахметпен кездескен деген ақпарат бар. Осының бәрін серия түрінде түсіруге болады. «Оян, қазақта» Міржақып аш халыққа мал жеткізуге бастамашы болады. Бірақ жетпіс бес мың бас малды айдап әкеліп таратқан – Жүсіпбек. Арада бес-алты жыл өткеннен кейін осы іс бойынша сот болады. Сот ұзақ уақытқа созылады. Жүсіпбекпен бірге журналист Ахметсафа Юсупов та сотталады. «Малды өз туыстарыңа таратып бердің, әділ бөлмедің. Неге елден қолхат алмадың?» – деп айыптайды. Жүсіпбек: «Өзі аш отырған халықтан қалай қолхат аламын? Қазақтардың арасында ондай хат жүрмейді», – деп жауап береді. «Мал таратуды сылтау қып, жасырын ұйым құрдың. Совет үкіметіне қарсы шықпақшы болдың» деген айыппен сот болады. Сот, аштық кезінде көмек беруі үлкен фильмге сұранып тұр. Іздесек, бірінен соң бірі қуалап кете береді.

ТӨРТ ДӘПТЕРДЕН ТҰРАТЫН СӨЗДІК

– Міржақыптың қандай оқиғасы фильмге сыймай қалды? 

Мұрат: Міржақып ұсталып, өлім жазасына кесіліп, түрмеде отырады. Ешкім ештеңе түсіндірмей, «Соловки» деген лагерьге айдайды. Арада бес жыл уақыт бар. Ол жерде біраз оқиға болады. Фильмнің ұзақтығына байланысты лагерьді түсіре алмадық. Ол жерде адамдар еркін жүріп, жұмыс істейді. Атамыз фельдшерлікті оқып алып, сол жерде дәрігер болады. Адамдарды емдей жүріп, сөздік жазады. Орысша білмейтін қырғыз, қазақ, өзбектер жүреді. Соларға ортақ түрік-қазақ сөздігін жасайды. Қазақ пен қырғыздың тілі ортақ, бір-бірін түсінеді. «Көмек» деп жазып, жанына «помощь» деп орысшасын жазады. Сөздігі төрт дәптер болады. А әрпінен П-ға дейін жазған. Сосын 1934 жылы Ғайнижамал баласы Әлібекті алып, бір ай жанында болады. Ол кезде рұқсат берген. Түрмеде қиналғанын Гаяға айтып берген. Бізге осылай жетіп отыр. Тарихшылар әртүрлі айтатын тағы бір оқиға бар. 
Мұстафа Шоқай Ақтеңіз арқылы кеме жібереді. Бір кісі келіп: «Кеме дайын, Еуропаға кетсең болады», – дейді. Ел жұрт, бала-шағасын тастап, кете алмаймын деп бас тартады. Негізі он сериялы болуы керек еді. Алты бөлімге сыйғызуға тура келді. Жақында телесериал негізінде толықметражды көркем фильм жарыққа шығады. Кинотеатрға барып көре аласыздар.

– Кино саласынан бұрын журналист болып жұмыс істедіңіздер. Журналистикаға деген махаббаттарыңызды кім ашты? Бұл салаға қалай келдіңіздер? 

Мұрат: Алматыдағы Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте оқыдым. Осы жерде «Ұланмен» байланыс бар. Ауылда оқып жүрміз. «Ұланның» соңғы бетіне:  «Алматыда қазақ тілін тереңдетіп оқытатын мектеп бар. Оған 7-сынып оқушысын қабылдайды», – деген тілдей хабарландыру шықты. Қалай баруға болады екен деп ойланып жүргенмін. Анам мұғалім болғасын білімін жетілдіруге қалаға жиі баратын. Әлгі мектептің мұғалімінің семинары өтіпті. Қысқасы, осы мектепке келдім. Үнемі шығарма, өлең жазамыз. 10-сыныптан бастап Журналистика деген сабақ басталады. Үмбетбай Уайдин деген марқұм ұстазымыз бар. ҚазҰУ-да, сосын мектепте сабақ беретін. Жазуға деген құштарлық оянды. «Хабар» агенттігінде «XXI  ғасыр көшбасшысы» деген бағдарлама болатын. Интеллектуалдық сайыста жылдық ойынға дейін қатыстым. Түсірілімге барамыз. Сол жердегі жұмысқа қатты қызықтым. Редакцияны, студияны көзбен көрген маңызды. Жарық қояды, грим жасайды, редакторлар жүреді. Студияға барып, «Анау не? Мынау не?» – деп сұрай беремін. «Түбі осы жерге келіп, тележурналист боламын. Сіздермен бірге жұмыс істеймін» деген мақсат қойдым. Мектеп бітірген соң көп ұсыныс болды. Ата-анам медицинаға барғанымды қалады. Бірақ журналист боламын деген шешімнен бас тартпадым. Оқып жүріп «Хабарға» жұмысқа келдім.

Айсәуле: Менің мамандығым – заңгер. Қызылорда облысының Арал қаласынанмын. Мен де «Ұланға» хат жазатынмын. Ол кезде әлеуметтік желі деген жоқ. Математика пәнінің мұғаліміне дейін «Ұланда» шыққан мақаланы талқылайтын. «Ұландағы» Алма апай: «Сен өлеңді дамыта түс. Талпын», – деп бірнеше рет жауап жазған. Қайтпай жаза беретінмін. Үмбетбай ағай секілді ұстаздар сабақ берген жоқ. Қарапайым мектепте оқыдым. Бір кинодан көріп, заңгер болғым келді. Жазудан гөрі сөйлеуге, аудиторияны игеруге жақсы болдым. Маған адвокат дұрыс дедім. «Ұланнан» Мұрат көрген мектептің хабарландыруын мен де оқыдым. Алматыға қатты барғым келген. Бірақ әкем Арал мен Алматының арасы алыс деп, жібермей қойды. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын сыныпта оқыдым. Заңгер болғым келсе де, ҰБТ-да қазақ тілі мен әдебиетін таңдадым. «Алтын белгі» иегері едім. Алматыға келгенде қызық ұсыныс түсті. «Алтын белгі» алған талапкер кез келген мамандықты таңдай алатын. Әдебиетке қызығып тұрып, заңгерлікке тапсырдым. Заң факультетін бітірдім. Бірақ адамның қызығушылығы қалмайды екен. Сол салаға қарай ізденсең болды. Ұлттық пікірсайыс клубы болатын, «Азамат» деген дебат бағдарламасы болды. Сол клубта жүрген жерімнен «Хабар» арнасына жұмысқа шақырды. Журналист болудың бір ғана жолы жоқ. Әртүрлі жолмен бару керек. Талабыңның ұшқыны болса, сол салаға баруға болады. Тек журналистиканы оқу керек деген нәрсе жоқ. Экономиканы оқып, осы салада журналист болуға болады. Заң, құқық саласын жазатын журналистер аз. Салалық журналистика жақсы дамып келеді. Мұратпен «Хабарда» жүріп таныстым. Кейін заңгерлік мамандық ұнап қалды. Магистратураға Америкаға оқуға 
баратын болдық. «Кино және ТВ продюсері» деген мамандық таңдадым. Ұнайтын екі мамандықтың ортасын таптым. 

–  Қазақтың мықты әйелдері туралы фильм түсіру ойда бар ма?

– Тапсырысқа байланысты. «Міржақыпта» әйелі Ғайнижамалды қамтыдық. Ол – алғашқы оқыған қазақ қыздарының бірі. 

–  Локация табу қиын болды ма? 

Айсәуле: Локация табу өте қиын. Зиялы тұлғалар тек жиналыс жасап отырмайды немесе күні бойы көшеде жүрмейді. Неге сіздер шетелдің киносын жақсы көресіздер? Өйткені, локация, киім, грим, бәрі мықты. Біздің кейіпкерлер көшеде ұзақ әңгіме айтып жүре алмайды. Оны түсірсек, сіздер көрмей қоясыздар. Егер Ахмет атамыз туралы фильмде осы күннің бір белгісі көрінсе, көрерменге қызықсыз. Өйткені, сіз Алаш әлемінен шығып кетесіз.Көрерменді ұстап отыратын – атмосфера, дыбыс, актер. Актердің тілінде акцент болса, көрермен қабылдамайды. Сол сияқты көп фактор әсер етеді. Ескі ғимарат көрсем, қуанамын. Кездесулерге шақырса, қарап, іздеп жүремін. Әр нәрсені әр жерден шұқып түсіруге мәжбүр боламыз. Сыртын бір жерде, ішін басқа жерде түсіреміз. Себебі іші мен сырты сәйкес келмейді. 1890 жылы салынған, 130 жылдық тарихы бар ғимарат таптық. Әскери штаб та, мектеп те, туберкулез ауруханасы да болған. Осы ғимараттың ішін түгел жөндеуден өткізіп, электр жарығын тартып, «Қазақ редакциясы» қылғанбыз. Кейін Міржақыптың Орынбордағы үйі еттік. Ахметте қабырғаларын бояған едік. Міржақыпта қабырға жапсырмаларын зерттеп, әрең дегенде қажетті түсқағазды таптық. Сериал түсіргенде қаржы жетіспейді. Ақша жеткілікті болса, Еуропа мен Ресейдің кез келген жеріне барып түсіруге болады. Ескі ғимарат өте көп. Семейде, Петропавлда ескі ғимараттар бар. Бірақ түсіру тобындағы елу, алпыс адамды апару қиын. 

Қазір актрисалардың көбі пластикалық ота жасайды. Ернін үлкейтіп, қасын бояйды. Қасына татуаж жасамаған апаны табу қиын. Ал бізге сол заманның бейнесін табу керек. Біз актер, актриса көп деп ойлаймыз. Көптің ішінен де қажет адамды табу қиын. Мұраттың жанында жүріп, көп нәрсені байқадым. 
Сосын Мұраттың жазғанын жаттау қиын. Сөйлеу тіліміз жеңіл ғой. Ахметтің сөйлеу тілі басқа. Оны кез келген адам жаттай алмайды. «Басты қатырмай жатта!» деп ақшасын да ертерек және молынан беріп, сылтау айтпайтындай жағдай жасай алмаймыз. Бізде тақалғанда бекітіліп жатады. Сериал 
индустриясында 8-9 айда дайындап әкелу керек. Өте аз уақыт. Үш-төрт ай сценарий жазылады. Негізі сценарийді бір айда жазуға болады. Бірақ біздің тақырыбымыз – Алаш зиялысы, тарихта қалған тұлғалар. Олардың өмірін сіздер жақсы біліп отырсыздар. Егер қате кетсе, бізді «жеп қояды». Өзіміз де обал жасағымыз келмейді. Іздену, адамдармен кездесу де уақыт. Екі ай дайындыққа кетеді. Локация қай жерде? Қандай киім киеді? Рөлге қай актерді 
бекітеміз? Түсіру, монтаж, тоғыз ай дегенде әрең үлгереміз.

ӨЗІМІЗ АЙЛЫҚ АЛМАЙТЫНБЫЗ

– Әлеуметтік желіге көп ақша төлеп, жайлауды жалға алғаныңыз жайлы жазып едіңіз.  

– Фильмді Алматы облысында түсіреміз. Камера, техника, мамандардың көбі осы қалада. Оларға осы жер ыңғайлы. Алматы –  кино индустрияның отаны. Өкініштісі, қала маңында тегін, бос жатқан жер жоқ. Біреудің мал жаятын жайлауы болып шығады. Ол жерге барып, заңсыз кино түсіре алмайсың. Түсіру тобын тоқтатып қойғанша, ақшасын төлеп, алған жақсы. Фазенданың иесін табамыз. Адам тұрмайтын жер. Адамдар үлкен кинода ақша көп деп ойлайды. Өзіміз әжетхана қазып, жарық орнатамыз. Киіз үй тігіп, су апарамыз. 

– Актерлерге еңбекақысын бере алмаған кездеріңіз болды ма?

Мұрат: Актерлерге ақша бере алмай қалған кезіміз жоқ. Келісімге отырған соң орындау керек. Өзіміз айлық алмасақ та, кісінің ақысын жеген жоқпыз. Айлық алмаймын деген бір кісі болды. Алаштанушы, кеңесшіміз Ұшқын Сайдрахманның еңбегін бір жылдан кейін бердік. Әзірге демеуші тапқан жоқпыз. Мүмкін сериал танылмаған соң шығар. Ойын-күлкіге құрылған жобалар тез танылады. Біздің сериал интеллектуал көрерменге арналған. Сыныпта отыз бала болса, оның бәрі бұл фильмді көре алмайды. Тарих пен әдебиетке қызығатын, білімге ынтасы бар балалар ғана көреді. Биыл ғана кәсіпкерлер танып, көріп жатыр. Ал біз осы күнге дейін «Абай жолын», «Ахметті» түсірдік. Айлықты актерге емес, өзімізге бере алмаған кезіміз болды. 

– Мұрат аға, жұбайыңыз Айсәулемен бір алаңда жұмыс істеу ыңғайлы ма?

Мұрат: Керісінше, Айсәуле болмаса, қиын болар еді. Үйде анаңыз әкеңізге ас-суын беріп, бәйек боп жүреді ғой. Сол секілді Айсәуле: «Мына жер ыңғайлы ма? Тоңып қалмадың ба?» – деп сұрап жүреді. Сол жағынан ұнайды. Өзің жақсы көретін адамыңның үйде де, жұмыста да бірге жүргені жақсы. Бұл кісі маған шабыт береді. 

– Сериалға көбіне театр актерлері түскен екен. Өнер адамдарын кино тілінде сөйлету қиын болмады ма? 

Мұрат: Тілдің екі түрлі компоненті болады. Сөйлемнің құрылысы сценарийде қалай болса, солай айтылады. Сөйлеу мәнері деген бар. Театрдың мәнері басқа. Интонациямен алысқа лақтырып сөйлейді. Көрерменге жету үшін кейбір реакцияларды қатты бадырайтып береді. Театрда актерге өмірдегідей ойна деп талап қоймайды. Театрда театрдағыдай ойнайды. Осыған қалыптасқан адам түсірілім алаңына келгенде сол ізге түсіп кетуі мүмкін. Біздің негізгі міндетіміз – осыны басып отыру. «Мына жерде қатты кетіп қалдыңыз. Мимикаңыз тым асып кетті. Даусыңызды бәсеңдетсеңіз. Қарапайым ойнаңыз» дегендей ескертеміз. Өйткені, «театральный болып кетті» десеңіз, көңіліне тиюі мүмкін. Ол сөзді қолданбай, сол мағынаны беруге тырысасың. Кадрдағы актердің қимылын дұрыс қою. Есіктен кіресіз, терезенің алдына барып, пердені ашасыз. Қимылдар логикаға сәйкес болуы керек. Айтып тұрған сөзді де адамдар өмірде айтуы мүмкін сөз болуы керек. Адам өмірде жай сөйлейді. Қарапайым әрі қарабайыр болуы керек. Театрда бір-екі ай дайындалады. Кинода уақыт та, ақша да жоқ. Түсірілім алаңына бірақ келеді. Бір-екі рет дайындалып, түсірілім басталады. Міндетті түрде қате болады. Бес, он рет қайталағанда өзі келеді. Әр қимылдың бәрі жазыла береді. Әр дубль сайын актер өзінің қателігін түсінеді. Режиссер ескерту айтады. Солай түзеледі. 

– «Болашақ» бағдарламасы жайлы сұрағым бар. АҚШ-қа ағылшын тілін жақсы біліп бардыңыздар ма?

Айсәуле: Мектепте ағылшын тілін жақсы оқыдым. Бірақ сөйлеуім нашар болды. Одан кейін университетте жоғалтып алдым. Оқуға түскенде алаң болатын дүние көп болады. Еркін сезініп, қыдырғың келеді. Қазақ тілі деп аттандауға ердік. Білімді қазақ болғанға не жетсін?! Тілдің зияны жоқ. Мұратта да орта деңгей. Ағылшынды өз ақшамызға Америкаға барып оқыдық. Университет оқуға қабылдағанда екеуміздің жұмыс істеуде тәжірибеміз болды. «Хабарда» жұмыс істедік, жасаған жобамызды жібердік. Америка жұмыс тәжірибесіне қатты қарайды. Осы тәжірибемізге қызықса керек, оқуға қабылдады. Шартты және шартсыз қабылдау деген бар. Бізді ағылшын тілін оқимыз деген шартпен қабылдады.

Америкаға барып, үш ай ағылшынша оқығанша, елде оқыған дұрыс. Мектеп, университет кезі – ең күшті уақыт. Бала-шаға жоқ, алаңдамайсың. Университетте шет тілдерін неге оқымадым екен деп ойлаймын. Оқу бітірген соң тәжірибе жинауға асығыңыздар. Ең бастысы, ағылшын тілін елімізден оқып алыңыздар. Менталитет, оқу деңгейіміз Америкамен салыстыруға келмейді. Өз ақшаңмен барғасын турист ретінде қарайды. Мұрат екеуіміз 
балаларды тастап, үш ай курс оқуға бардық. Әртүрлі ұлт өкілдері болды. Бірінші күні кафеге барғанда қандай тамаққа тапсырыс береміз деген сұраққа жауап іздедік. Ертеңіне келсек, тағы сол сабақты өтіп жатыр. Сөйтсек, топтағы бір бала келмей қалып, сабақ түсінбепті. Олар визасын созып жүре бергісі келеді. Біз секілді ағылшынды тез көтеріп алсам деген мақсат жоқ. Университетке түсу деген мақсатпен барып тұрмыз. Қазақ мұғалімдері сияқты саған үйретем деген мақсат жоқ. Біздің мұғалімдер IELTS тапсырғанда  аз ақшаға «сығып» алады. Америкалық мұғалімге бәрібір. Елдің экономикасына ақша түсіп тұрса болды. «Біз күнде кафеге баруды үйренеміз бе?» деп ренжігенім бар. Топтағылар бір күн қыдырайық дейді. Біздің мақсатымыз ол емес. «Болашақпен» тіл оқуға барғандар қиналып қалды. Тіл оқып жүріп, университетке түсе алмады. Себебі қыдырысы көбейіп кетті. Америка – қыдыруға арналған әдемі жері көп ел. Адам мақсатын ұмытпауы керек. Сосын барып алып даяшы болатындар бар. Жұмыс істеген жақсы. Бірақ адамда үлкен мақсат болу керек. 

– Америкада жастарға қандай жағдай жасалған?

Айсәуле:  Америка – капиталистік мемлекет. Сізді ақша көреді. Қазақ баласы келді деп жағдай жасамайды. Оқу үшін бәріне дайын. Бәрін зерттеген мемлекет. 

Мұрат: Біз «мына мамандыққа пәлен грант бөлініпті, шекті балл мынадай» деп айтамыз ғой, ол жақта ондай жоқ. Кішкене ұмтылсақ, мемлекет тегін оқытатынын білеміз. Жақсы оқыған адам грант ұтып алады. Әке-шешеміз ақша беріп оқытады. Америкада тегін оқу өте сирек. Бәрі ақылы оқиды. Ата-анасы балалары ес білгеннен ақша жинап, жеке есепшот ашады. Табысы жоқ адамдар жұмыс істейді. Өз ақшасын өзі тауып оқиды. Бір оқуды сегіз жыл оқуы мүмкін. Жарты күнге қойып алады. Күндіз жүк тасып, оқудың ақшасын төлейді. Ал біз оқудың қадірін білмейміз. Грантқа түсіп алып, оқымай 
жүреміз. 

– Елге қайтқыңыз келмеген сәттер болды ма?

Мұрат: Егер материалистік көзбен қарасақ, болуы мүмкін. Америкада маған кино түсіртіп қоймайды. Үш жүз миллион халқы бар. Бәсеке деген сұмдық. Қазақстанда үлкен қызметте болған қыз-жігіттер жүр. Америкаға барып, жүк машинасын айдап, даяшы болуға болады. Такси жүргізушінің айлығы елдегі ғылыми қызметкердің ақысынан жоғары болуы мүмкін. Бірақ екі өмірдің бірін таңдайсыз. 

Айсәуле: Америкада жұмыс істеп көрдік. Бізге ауыр болды. Екі мейрамханада фотограф болып жұмыс істедім. Сағатына ақша береді. Күнде келген туристерді суретке түсіресің, алдап сатуың керек. Шығармашылық адамы мұндайдан шаршайды. 

Мұрат: Microsoft, Google компаниясында жұмыс істеп жүрген қазақтар бар. Оларға шектеу қоя алмайсың. Америкаға барып, қабілетін ашып, тұрмысын жөндеп жатса, қуанасың. Қазақ азаматы шетте жүріп білім алса, бір ұшқыны болсын Қазақстанға пайдам тисе деген ой болу керек.

1757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз