Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Сәуір, 2023

«Балалардың көңіл-күйіне үнемі мән беру керек»

Құндылықтар құбылып тұрған кезеңде өмір сүріп жатқанымыз белгілі. Бүгінгі өзекті дүние ертең-ақ маңызын жояды. Өмірдің ағымына қарай түрлі жаңашылдықпен де бетпе-бет келеміз. Айталық, қазір сан салалы педагогиканың медиапедагогика деген бағыты аса өзекті. Өйткені тұтас қоғам бас қатырып отырған медиасауат, медиабілім, буллинг, кибербуллинг, секілді мәселелер дәл осы бағыттың маңызын арттыра түсті. 
Рас, педагогиканың аталған бағыты дамыған елдерде әлдеқашан ғылыми тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да дұрыс жолға қойылған. Ал мұның маңызы біздің елде енді ғана байқала бастады. Педагогика ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Перизат Сейітқазы медиапедагогикаға елімізде алғашқылардың бірі болып назар аударғанын біреу білсе, біреу білмес... 

– Перизат Байтешқызы, әлем әлдеқашан бет бұрған, бірақ біз үшін бертінге дейін беймәлім саналып келген медиапедагогика ғылымын қолға алуға не түрткі болды?
– Кандидаттық жұмысым бас­пасөзбен байланысты болды. Дәлірек айтсам, қазіргі «Егемен Қазақ­стан» және «Жас алаш» газеттері тәуелсіздікке дейін, яғни 1960–1990 жылдары оқу-тәрбие үдерісіне қаншалықты мән бергенін, олардың  ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін зерттедім. Ол кезде газет-журнал, теледидар насихаттан бөлек, тәрбиенің де нақты құралы еді ғой. Онда адамгершілік, ақыл-ой, еңбек, дене, эстетика тәрбиеcіне ерекше көңіл бөлінетін. Педагогикада тәрбиенің түрі көп. Аталған басылымдарда солардың бәрі тегіс қамтылатын. Ал докторлық диссертациямды жазарда газетпен шектелмей, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарындағы оқу-тәрбие мәселесіне назар аудардық. Оның ішінде теледидар да, радио да, интернет те қамтылды. Докторлық жұмысым бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдарды оқу-тәрбие үдерісінде пайдалануды болашақ мұғалімдерге үйрету арқылы кадр даярлау тақырыбына арналды. Интернетке қолжетімділік артқан соң, таңдаған тақырыбыма қатысты шетелдік еңбектерді зерттей отырып аңғарғаным, дамыған елдерде медиапедагогика әлдеқашан педагогиканың іргелі бағытының бірі ретінде қалыптасқан екен. Осылайша мұның маңыздылығына көзіміз жете түсті. Қазір біздің бастамамызбен Қазақстанда медиапедагогика пәні көптеген жоғары оқу орындарында енгізілген және медиабілімге байланысты магистрлік, докторлық еңбектер жазылып жатыр. 
Қазіргі талаптарға сәйкес, басқа оқу орындары сияқты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінде де білім бағдарламаларына арнайы пәндерді ұсыну мүмкіндігі жоғары. Айталық, міндетті оқыты­латын пәндер бар. Сол секілді кафе­драның шешімімен қоғамның сұранысына байланысты қосымша пәндерді ендіруге болады. Міне, осындай мүмкіндік туған сәтте-ақ «Медиапедагогика», «Медиабілім негіздері», «ЖОО-да медиабілім берудің әдістері мен технологиялары» деген авторлық пәндерді енгіздім. Бұлар қазір үш деңгейде де – бакалавриатта, магистратурада, докторантурада оқытылады және деңгейіне байланысты күрделеніп отырады. Бір атап өтетіні, жоғарыда атап өткен қосымша пәндерге студенттер тарапынан қызығушылық өте жоғары. Қазақ тобының да, орыс тобының да студенттері өздеріне ұсынылғандардың ішінен үнемі медиапедагогикаға қатысты пәндерді таңдайтынын байқаймыз.  Аталған пәндердің қаншалықты өзекті екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. 
– Сонда медиапедагогика, яғни ғылымның бұл саласы нені қамтиды? 
–Бұқаралық ақпарат құралдары – насихат пен тәрбиенің құралы. Бірақ бұдан келетін қауіп-қатер де, туындайтын проблема да жетерлік. Қысқасы, медиапедагогика ақпараттан келетін сан алуан қауіп-қатердің алдын алуға, сүзгіден өткізуге, рухани иммунитет қалыптастыруға үйретеді. Бір кездері сары басылымдар қаптап кетіп еді ғой. Қазір де бар. Ал бүгінде сананы улап жатқан сайттардың санына жете алмайсыз. Журналистің міндеті – ақпаратты ұсыну болса, біздің міндетіміз – сол ақпаратты тиімді пайдалануға үйрету. Негізгі объектіміз балалар болғандықтан, біз даярлайтын мамандар оқушыларды бұқаралық ақпарат құралдары ұсынып жатқан өнімді қалай сүзгіден өткізу керегін үйретеді. Өкінішке қарай, бала керегін де, керек емесін де қабылдай береді. Мұның зардабы ауыр болып тұр. Қазір қоғамның өзекті мәселесіне айналған буллинг пен кибербуллинг те осыдан шығады. Балаларды ақпараттан қалай қорғау қажеттігін қазіргі ата-аналар да білмейді. Білмек тұрмақ бұған назар да аудармайды.Сол себепті оқушылардың бойында иммунитет қалыптастыру үшін болашақ мұғалімдерге медиапедагогиканы оқыту  арқылы медиақұзіретті маман дайындау өте маңызды. 
Медиапедагогика бағытындағы пәндер Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытылады. Бұған қоса шәкірттерім Павлодарда, Қостанайда, Арқалықта медиапедагогиканы пән ретінде оқытып жүр. Бірақ бұл біздің елге аздық етеді. Медиапедагогика еліміздің түкпір-түкпірінде оқытылуы тиіс. Осы бағыт бойынша мектеп мұғалімдеріне біліктілікті арттыру курстарын да ұйымдастырамыз.Осындай дүниелерді көбейту керек. Бұл – қазіргі заманның, қоғамның сұранысы. Ал сұраныс қалайда қа­нағаттандырылуы керек. Балаларды қаптаған ақпараттан қорғау үшін мұғалімнің өзі де медиақұзіретті маман болуы шарт. Сондықтан педа­гогикалық жоғары оқу орындарында медиапедагогика міндетті пән ретінде оқытылуы қажет. Бұған Ғылым және жоғары білім министрлігінің назар аудара бастағаны қуантады.
– Демек, медиапедагогиканы қазіргі қоғамның қызу талқы­сын­дағы буллинг, кибербуллингке қарсы күрестің бір жолы ретінде қарастыруға бола ма?
– Мүмкін, медиасауаттылыққа мән бермеуіміздің салдары дегеніміз дұрыс шығар. Өкінішке қарай, қазір Қазақстан балалар арасындағы суицид бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Бұл ойландыратын жағдай. Демек, біз балалардың медиа сауатын ашуға, оны қадағалауға осыған дейін мүлдем мән бермей келгенбіз. Қазір соның зардабын тартып жатырмыз. Кибербуллингтің алдын аламыз десек, медиасауаттылықты арттыруға тиіспіз. Яғни үлкендердің – медиамәдениетін, оқушылардың – медиасауаттылығын, мамандардың медиақұзыреттілігін көтеру керек. 
– Медиапедагогика шынымен кибербуллингтен қорғайтын болса, онда үкімет, министрлік бұған неге назар аудармайды? Неліктен оны міндетті пән ретінде оқытпайды?
– Енді ғана назар аударыла бас-тады ғой. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрлігі «Балаларға қатысты буллингтің алдын алу шараларын әзірлеу және оның өзекті аспектілерін зерттеу» деген тақы­рыпта бағдарламалық-мақсатты қар­жыландыру жобасын жариялады. Бұл жоба Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультеті «Педагогика» кафедрасы ғалымдарының және басқа да осы мәселе бойынша тәжірибелі мамандарының қа­ты­суымен зерттелу үстінде. Биылғы қаңтардан бастап жиырмадан астам адам осы жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Зерттеу тобы мектептердің ке­лісімімен еліміздің түкпір-түкпіріне ано­нимді анкеталар таратты. Қазір солардан келген жауаптарды жинақтап жатқан жайымыз бар. Кейін ауқымды талдау жасаймыз. Бұдан кейін ата-аналарға, мұғалімдерге арналған оқу құралдарын шығару жоспарланып отыр.Жуырда осы тақырыпта халықаралық вебинар өткіземіз. Буллинг, кибербуллинг бізге ғана емес, тұтас әлемге ортақ проблема. Өкініштісі, біз осыған кештеу мән бере бастадық па деп ойлаймын. Сон­дық­тан әлемдік тәжірибені зерттей отырып,  буллинг пен кибербуллингтің алдын алу шараларын  қабылдауымыз керек. 
– Сонда кибербуллингке жол бермес үшін не істеу керек?
– Отбасында, мектепте балаларға  мейлінше көбірек көңіл бөлу, олардың көңіл-күйіне үнемі мән беру керек. Ақпараттық заманда ата-аналар балаларымен сөйлесуден қалған. Буллинг кезінде балалар үндемей, іштен тынады, тұйықталып қалады. Ата-анасы сол сәтті өткізіп алса, опық жегені. Өкінішке қарай, қазіргі ата-аналардың бала тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыты жоқ. Уақыт тапса да жауапкершілікті сезінбей, жүрдім-бардым қарайды. Балалары оянбай тұрып жұмысқа кетіп, ұйықтап жатқанда жұмыстан оралатын ата-аналар да бар. Қазіргі балалармен тіл табысу өте қиын. Өйткені оны орта тәрбиелеп жатыр. Қандай ортаға түседі, сол ортаның ықпалы күшті болады. Баланың  тәрбиесіне, дамуына әсер ететін үш маңызды инс-титут бар – отбасы, мектеп және орта. Осының ішінде қазіргі кезде ортаның ықпалы зор болып тұр. Сол себепті бұл мәселеге кешенді түрде келу керек. Насихат жұмыстарын жандандыру да маңызды. Қазір кибербуллингке қатысты жақсы фильмдер шығып жатыр. Соларды тиімді пайдалану керек. Кино да тәрбиенің бір құралы емес пе? Киноны балалар ата-анамен бірге отырып көрсе, тіпті жақсы. 
Бұл жерде мұғалімдерге де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар көз алдындағы әрбір баланың бойындағы өзгерісті қадағалап отыруы тиіс. Алайда педагогтерді де кінәлау қиын. Өйткені біздің мектептерде күрделі мәселе бар. Мәселен, сыныптағы бала санының тым көп болуы. Айталық, бір сыныпта 10-15 бала отырса, олардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ал кейбір сыныптарда 20-25  балаға дейін отырады. Демек, балалардың барлығы бірдей мұғалімнің үнемі назарында болады деу қиын. Түптеп келгенде, осының бәрі буллингке жол ашып отыр. Өз-өзіне қол жұмсамаса да, баланың бойында агрессия пайда болады. Сондықтан шәкірттеріме «Балалармен жұмыс істейтін кәсіби маман ретінде де, болашақ ана ретінде де мұның қажеттілігін жүрекпен сезіну керек» дегенді жиі айтамын. 
Ересектер де буллингтің шырмауына ілігеді. Қазір цифрлық, яғни медиа сауатымыздың төмендігінен түрлі алаяқтарға жем болып отырған жайымыз бар. Қаржылық сауаттылық бір бөлек. Ал цифрлық сауаттылықтың бастауы медиасауаттылықта жатыр. Менің тұжырымым бойынша, медиасауатты адам жаңа деңгейге – цифрлық сауаттылыққа өтеді. Қазір бастауыш сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» деген қосымша пән оқытылады. Бірақ цифрлық сауатты­лыққа медиасауаттылық арқылы келген орынды болар еді. Өйткені бала ақпаратты сүзгіден өткізе білуі керек. Цифрлық сауаттылық демекші, 2017 жылы елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабыл­данды. Бағдарлама мемлекеттік мекемелерде жақсы жолға қойылған шығар, бірақ оның білім мен ғылым саласындағы игілігін кеш көрдік. Оның өзінде пандемия кезінде амалсыздан цифрлық форматқа көшуге тура келді. Әрбір төтенше жағдай – тың мүмкіндік деген сол. Мемлекеттік бағдарлама 2022 жылы аяқталды ғой. Қазір басқа кезеңге аяқ бастық. 
– 2019 жылы «Балаларды ден­сау­лығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заң күшіне енгенін білеміз. Бұл заңнан пайда бар ма?
– Әрине, бар. Тек осы заңның өзі ұзақ талқыланып барып қабыл­данды. Қателеспесем, бес жылдай тал­қыда жүрді. Неліктен бұлайша ұзақ талқыланды деп ойласам, мүдделер қақтығысы жүрген екен ғой. Мәселен, әрбір мультфильмге, әрбір бағдарламаға қомақты қаржы құйылады. Демек, бұл әлдебіреулер үшін табыс көзі. Енді сол өнімдер заңға сәйкес келмесе, эфирден алынуы керек. Осылайша, біз тәрбие мен білімді ақшаға айырбастап жібердік. Қысқасы, бізде заң бар, бірақ оның жұмыс істеуі нашар. Шындығында, мемлекет бұл бағытта көп шаруаны тындырды. Ең бастысы – заңымыз бар. Тек соны өзіміз жұмыс істете алмай отырмыз. Зерттеулерім арқылы халыққа осыны жеткізгім келеді. 
– Отандық ғылымның қазіргі жай-күйі туралы не айтар едіңіз?
– Ғылымға қай кезде де атақ қуып келетіндер бар және онымен саналы түрде айналысатындар бар. Алғашқылары қызығы басылған күні орта жолдан тоқтайды. Әдетте мұндайлардың көздегені – ғылыми атақ иелену. Қазіргі жастардың ғылымға деген қызығушылығы жоғары. Мемлекет тарапынан ғы­лымға жақсы көңіл бөлініп, жағдай жасалып жатыр. Гранттық қаржы­­лан­дыру, Бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобалары қарас­тырылған. Сондай-ақ жас ғалымдарды ынталандыруға бағыт­талған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалым­дардың зерттеулерін гранттық қар­жылан­дыру бағдарламасы жұмыс істейді. Бұлардың түпкі мақсаты – ғалым­­дарды тұрмыс-тіршілікке алаңдатпай, таза ғылыммен айналы­суға ықпал ету. Жастарды ғылыммен түбегейлі айналысуға ынталандыру керек. Өкінішке қарай, диссертациясын сәтті қорғаған ғалымдардың өзі кейде басқа салаға кетіп қалып жатады. Бұл жақсы үрдіс емес. 
– Үш жылда докторлық жұмысты жазып шығу мүмкін бе?
– Сұрағыңызды түсіндім. PhD туралы сұрап отырсыз ғой. Мұндай сұрақты аға буын жағы да жиі қояды. Бұл талап Болон жүйесін қабылдаған кезде әлемдік ғылыммен байланыс-та болу үшін жасалған дүние ғой. Шетелде ғалымдардың көбі философия докторы атанады. Ол бір мәселенің төңірегінде философиялық ой қорытуы керек. Докторлықты қазір үш жылда қорғауы тиіс. «Үш жылда қандай ғалым шығады?» деген заңды сауал туындайды. Шындығында, олар үш жылда ғалым болып шықпайды. Ғалымдыққа апарар жолға түседі. Одан кейін постдоктарантура деген бар. Міне, ғалымдық жолыңыз – сол. Ал оған дейін зерттеуді қалай жүргізу керегін үйренеді. PhD-дың мәні осында. Қазіргі буын осыны толық түсінеді деп ойлаймын. Рас, алдыңғы буын, яғни дәстүрлі форматта диссертацияларын қорғағандар жағы мұндай жаңашылдықты қабыл­дай қоймайды. Алайда, қазіргі жас ғалымдар болашақта мүлдем басқа ұрпақпен жұмыс істейтінін ұмыт­пауымыз керек және зерттеу жұ­мыс­тары да болашақты ескере отырып жүргізілгендігі дұрыс болады деп ойлаймын.  
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Ф.ҚАЙРАТҰЛЫ

1984 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз