Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 19 Сәуір, 2023

Өнер үшін бәрін де құрбан етесің

Жетіген аспабын елге жаңаша стильде дәріптеп жүрген талантты жанның бірі – Тұрсынай Әлібекқызы. Карантин уақытынан бері әлеуметтік желіде белсенділігін көріп, өнеріне таң-тамаша болып жүргеніміз жасырын емес. Кейіпкеріміздің жұмысы таңғы онда басталады екен. «Ұландық» оқырман үшін алтын уақытын қиып, сегізден бұрын кездесуге келгеніне риза болдық.

Шығармашылық орта шабыт сыйлайды

– А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде домбыра аспабы бойынша білім алдыңыз. Ұлттық арнаға берген бір сұқбатыңызда жетіген аспабына қызығып, домбырадан жетігенге ауысқаныңызды айтасыз. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға тапсырғанда, неліктен жетігенді емес, домбыраны таңдадыңыз? 

– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория-сында жетіген аспабын оқыту бағдарламасы бар. Жетіген аспабына тапсырамын деп дайындалсам да, сол уақытта ойламаған жерден домбыраға тапсыруға тура келді. Неліктен десеңіз, біріншіден, жетігенге түсетін адам саны өте аз болды. Екіншіден, өзім домбыра аспабын он екі жыл бойы үйреніп, осы саланы зерттеп-меңгергендіктен, домбыраға тапсыру оңайырақ болды. Әрі қарай оқып-ізденуге де жеңіл сезілді. Домбыраға оқуға түссем де, жетігенімді тастаған жоқпын. Домбыраға қарағанда, жетігенге барынша көңіл бөліп, ізденісте жүрдім.

– Репертуарыңызда қанша күй бар? Көбіне-көп жетігенге лайықталған ән әуендерін орындайсыз. Кез келген күйді жетігенге лайықтауға бола ма? Бір шығарманы жетігенге салуға қанша уақытыңыз кетеді? 

– Күй не болмаса басқа шығарма деп жіктеп, санамалап, есептеп көрмеппін. Өзім лайықтаған оншақты шығарма бар. Көбінесе шетел шығармаларын кавер нұсқасында түсіріп жүрмін. Қазақ күйлеріне әлі ден қойып, өңдей қойған жоқпын. Күй қоржынымда өңделіп дайын тұрған күйлер ғана бар. Соларды орындап, парақшамда жариялап тұрамын. Қазір шетелдік әндерді өңдеп жүрмін. Жеке тәжірибем бойынша айтсам, алдымен шығарманы өн бойыңа сіңіріп, жақсылап тыңдау керек. Өзім Ютуб желісінен тыңдаймын. Таңдап алған не ұнатқан шығармамды жаныма әбден сіңіру үшін кемінде екі-үш күндей қайталап тыңдаймын. Одан кейін жетігенге салып, өңдеймін. Үйде бір дайындалып аламын. Содан соң студияға жаздыруға барғанда, тағы да пысықтап, бір күнде дайындап шығаруға болады.

– Бала кезіңізде танымал адам болсам деп арманда-ған екенсіз. Бала біткеннің арманы да солай ғой. Қазір танымал болудың жүгі де ауыр екенін сезесіз бе?

– Жер-жаһанға танымал болып кетпесем де, жеке шығармашылық ортам бар. Әлеуметтік желіде де мені қолдайтын өз аудиториям қалыптасқанына қатты қуана-мын. Білмеймін... Аса қатты ауыртпашылықты сезіне қойғам жоқ. Керісінше, сондай ортамның бар болуы шығармашылық, тұлғалық дамуыма күш-жігер, шабыт сыйлайды.

– Қарбалас өмір, қу тіршіліктен шаршайтын кездер болады ғой. Жаныңыз шаршағанда қалай демалғанды ұнатасыз?

– Жұмысым адамды зорықтырып, шаршап-шалдықтыратын ауыр жұмыс деп айта алмаймын. Әрі қалаған ісім болса, ол іске деген махаббатым, сүйіспеншілігім болса, онда қалай шаршауға болады?! Иә, кейде ауыр күш түсетін сәттер де туады. Қандай да бір іс-шаралар, кештерге дайындық, түсірілімдер көптеп өтетін шақ болуы мүмкін. Ондайда ұйқыны қандырып, демалған дұрыс деп санаймын. Адамға күш-қуат беретін негізгі дүние – ұйқы. Ұйқым дұрыс болса, басқасы да дұрыс болады. Мен үшін маңыздысы – осы. Одан соң негізгі мақсаттарымның бірі – шетелге шығу. Қазір жиі-жиі шетелге шықпасақ та, іссапармен барып тұрамыз. Шетелге шығу арқылы да демаламын десем болады. Ойдағы уайымды, жаман энергияны сыртқа тастап, елге жаңа серпінмен, жаңа көзқараспен, жаңа тыныспен ораламын. Шетке барып келгенде, бұрын тындырып жүрген шаруаңның түкке тұрмайтынын, одан да жоғары мүмкіндікке қол жеткізуге боларын түсінемін. Дамуға, жаңа жобаларды атқаруға шабыт алып қайтамын.

Актер де болып кетеміз

– «Алатау» этнофольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісісіз. Ансамбль жайлы, ұжымның жетістігі туралы сөз өрбітсек.

– Ансамбль «Алатау» дәстүрлі өнер театры құрылғаннан кейін бір жыл өткен соң ашылды. Ашылған уақыттан бастап ансамбль құрамында жетігеншімін. Одан соң ансамбльдің көркемдік жетекшісі болып тағайындалдым. Бұдан бері де екі-үш жыл өтіп кетті. Ал енді  ерекшелігіне оралсам, ансамбль өзге топтардан мүлдем бөлек, артықшылығы да көп. Музыканттардың талантын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ең басты артықшылығымыз – театрда істеген соң әртүрлі спектакль, концерттер, қойылымдарда актер де болып кетеміз, түрлі импровизаторлық қабілетімізді де көрсетеміз. Мысалы, бізде ешқандай нота болмауы мүмкін. Әрине, композитор бізге орындалатын шығармаларды жазып, қаңқасын ұсынады. Біз одан бөлек те өз үлесімізді қосып, музыкалық шығар-маларды еш қиындықсыз орындай береміз. Бұдан бөлек, шығармашылық ұжым былтыр бірнеше мегаполис пен қалаларға бір айлық гастрөлдік сапарға  шықты, шетелге, түркі елдеріне, көршілес елдерге де шығармашылық концерт беріп қайттық.

– Өзіңіз айтқандай, театр актерлері әрі музыкант, әрі әнші, әрі биші болып, жан-жақты шеберлігін көрсетіп жүр. Сіздің де әншілік, актерлік қабілетіңіз бар екенін жақсы білеміз. Өзіңізді басқа қандай қырыңыздан дамытып жүрсіз?

– Қазір бар назарымды тек жетігенге қойып жүрмін. Мектепте оқып  жүргенде, сазсырнай аспабын да меңгерген едім. Өкінішке қарай, ары қарай жетілдіріп, қолға алмаған соң қалып қойды. Енді сол аспапқа қайта қызығып жүрмін. Аспапты кәсіби түрде үйреніп, қолға алсам деген мақсатым бар. Жетігеннен бөлек адырна дейтін аспапқа да қызығып жүрген жайым бар. 

– Тамаша! Біз үшін адырна мен жетіген екеуі ұқсас боп көрінеді. Жетіген мен адырнаның айырмашылығы неде?

– Формасына қарап айтса, жетігенді көлденеңнен қойып ойнайтын болсақ, адырна аспабы арфа аспабына ұқсас боп келеді. Ал музыкалық жағына назар аударар болсақ, екі аспаптың мүмкіншілігі мүлде бөлек. Жетіген аспабы адырнаға қарағанда әлдеқайда жоғары дамыған дей аламын. Адырна аспабын орындаушылар әзірге өте сирек.

Сазсырнай, адырна мен қылқобызды меңгерсем...

– Фортепианода ойнай аласыз. Тағы қандай аспапты меңгергенсіз? Осыншама аспапты алып жүру қиын емес пе?

– Аспаптың бәрін бірдей алып жүрген жоқпын. Басты орында, әрине, жетіген тұр. Қазір сұранысқа байланысты концерттерге домбырашыларды іздейді. Сол кезде мені құрамға қосады. Жетіген мен домбыра, одан соң фортепианоға көңіл бөліп жүрмін. Ары қарай адырна және сазсырнайды жетілдірсем деген мақсат бар. Осы аталған бес аспапты мектеп кезінде жақсы меңгерген едім. Одан соң, жоғарыда айтқанымдай, жетігенге қызығушылығым артып, бір бағытпен ғана жұмыс істеп кеттім...

– Домбыраны күніге тартып, жаттығу жасап, дайындалып жүрмесе қол қатып қалады, техника нашарлайды дейміз ғой. Сіз күнде дайындаласыз ба? Дайындыққа қанша уақытыңыз кетеді?

– Шынымды айтсам, күнде дайындалмаймын. Он екі жылдық білімім мен тәжірибемнің әсері де болуы керек, қай кезде домбыраны қолға алсам да, қолым жақсы жүріп тұрады. Концерттерге бір-екі сағат қалған кезде ғана дайындаламын. Біріншіден, он екі жылдық еңбегімнің нәтижесі болар. Екінші жағынан, Алла берген дарынымның арқасы болар... 

– Ансамбль кештерінен бөлек, жеке шығармашылық кеш беруді жоспарлап жүрсіз...

– Қазір ретро стильдегі әндерді жетігенге лайықтап, өңдеп шығарғым келеді. Алдағы аптадан бастап іске кірісіп кетпекпін. Күзге қарай жеке шығармашылық кешімді берсем деп жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, жоғарыда айтқанымдай, сазсырнай, адырна, қылқобыз сынды ұлттық аспаптарды кәсіби тұрғыда меңгеріп, жетіген үнімен үйлестіріп, жаңа коллаборациялар жасасам деген ниет бар.

Жігіттер жетігеннен қашпауы керек

– Жігіттер арасында танымал жетігеншілерден кімді атар едіңіз?

– Бүгінде халық жетіген аспабын тек қыздар орындай ма дегендей таңырқап жатады. Қазір бұл түсінікті өзгертіп жүрген жастар жетерлік. Жігіттер де бұл аспапты ойнап жүр. Қазір өз еліміз түгілі, шетелді мойындатқан «Тұран» этнофольклорлық ансамбліндегі жетігенші  Ержігіт Әлиевті айтсам болады. Өте талантты жетігеншілердің бірі. Жігіттер жетігеннен қашпауы керек. Ержігіттен өзге жігіттер үлгі алса деймін.

– Адырнада да, жетігенде де тек қыздар ойнайды деген түсінік қалай қалыптасқан? Адырнаны жаугершілік көне заманда аң аулау үшін пайдаланған дегенді естиміз. Тарихи аңыздарға сүйенсек, аспапты ерлер ойнаған екен.

– Меніңше, аспаптың әлі де дамымағанының кесірінен секілді. Мысалы, жетігеннің, адырнаның нақты пайда болу тарихын білмейміз. Бір қарияның жеті баласы жұт кезінде қайтыс болады. Сол кезде ақсақал ағашқа жеті асық қойып, жеті ішек байлап, ұлдарына арнап жеті ән шығарған екен. Міне, содан жетіген аспабы пайда болған деген аңыз бар. Бәлкім, жетігеннің тарихы басқа болар. Біз оның ерте заманда қалай пайда болғанын нақты айта алмаймыз. Сондай-ақ, жетігеннің өз күйлері қалыптаспаған. Өткен заманда жетігенде қандай шығармалар орындағанымызды білмейміз. Қазір тек домбыраның, қобыздың күйлерін жетігенге лайықтап орындап жүрміз. Жетігеннің нақты өз күйі жоқ.

Шәкірт қабылдамаймын деп шештім

– Жадыра Мүсірепова қандай ұстаз? Өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп жүрсіз? Ең басты қағидаңыз.

– Бүгінде осындай жоғары дәрежеге жетуіме, шығармашылық дамуыма, концерттерде өнер көрсетуіме себепкер ұстазым деп білемін. Егер ұстазым болмағанда, жетігенде ойнап, осы аспапты дамытып жүрер ме едім, жүрмес пе едім, қайдам?! Жадыра Мүсірепованы жолықтырмай тұрған кезде де жетігенде ойнағанмын. Алайда аспапқа деген ерекше қызығушылық болмаған екен. Жетігенде ойнасам, дамытсам деген ойым болды, не істеу керегін білмедім. Оныншы сыныпта оқып жүргенімде, ұстазыммен таныстым. Жақсы жетігенші болуымды қалаған жанның ең алғашқысы  – Жадыра Мүсірепова. Қазір өзімнің бес шәкіртім бар. Бір жерде ұстаз болып жұмыс істемеймін, оқу орында-рында ұстаздық етпеймін. Себебі орындаушылық қабіле-тімді дамытып, жастық шақта өзімді жан-жақты жетілдіргенім жөн. Үлкен сахналарды көруім керек, әлемді көруім керек. Осы кезеңдерден өткен соң, бұдан да керемет ұстаз болатын шығармын. Ұстаз болып үлгеремін деп ойлаймын. Бұдан тыс әлеуметтік желіде маған өтініш білдіріп, оқысам, жетігенді үйренсем деген оқырман бар. Қазір оқушыларды сараптайтын болдым. Өйткені бірі келіп бір қатысады да, көп ұзамай кетіп қалып жатады. Ондай тұрақсыздықты ұнатпаймын. Ұстаз болу – өте қиын. Жүйке-жүйең де шаршайды, бар күш-жігеріңді саласың. Соны түсінбей, бір-екі айдан соң жетігенді тастап кететіндер бар. Кез келген ұстаз оқушысының жетістікке жеткенін, биіктен көрінгенін қалайды. Сондықтан да оқушыларымды сараптап оқытамын. Маған саннан бұрын сапа маңызды. Қазір сол себепті де бес шәкіртімді ғана тәрбиелеп келемін. Оқуға шәкірт қабылдамаймын деп шештім. Өзімді дамыту үшін, репертуардағы шығармалар санын көбейту үшін шәкірт алуды тоқтатып отырмын.

– Әр бейнежазбаңызды әзірлеу үшін үлкен дайындық жасайсыз.  Әр жұмысыңызға жеке костюм таңдап, әр киімге ерекше талғаммен қарауыңыз таңдандырмай қоймайды. Құпия болмаса, ұлттық киімдерді қайдан алдырасыз?

– Видео түсірудегі басты мақсат – жетіген аспабын дамыту, халыққа таныту, соны халыққа ұлттық киіммен ұштастыра отыра жеткізу. Домбыра аспабын бүкіл әлем таниды. Ал жетігенді білетін адам өте аз. Әлемді айтпайын, өз қазағымыздың арасынан білмейтіндер табылады. Бүкіл қазақ үйінде жетіген үнін күнде тыңдайды деп ойламаймын. Сондықтан да жетіген аспабын қазаққа ұлттық нақышта жеткізсем деген ой туды. Еңбегімнің нәтижесін көріп, сұранысқа ие бола бастаған соң репертуарыма шетелдік шығармаларды да біртіндеп қосып жүрмін. Ұлттық киімдерді айтсам, осы театрдағы костюмдерімді пайдаланамын. Болмай жатса, жалға аламын. 

– Байқаймын, әр киіміңізді қайталап кимейсіз. Жалға алу қалтаға ауырлық салмай ма?

– Өнер үшін бәрін де құрбан етесің. 

 – «Сенімен бірге» атты қайырымдылық іс-шарасын өткізіп жүрген едіңіз. Мұндай идея қалай туды?

– Қазір бұл іс-шараны өткізіп жүрген жоқпын. Осындай қайырымдылық іс-шарасын өткізу, қайырымдылық қорын ашу бала күннен бергі арманым болған. Өкінішке қарай, қазір ауыр кеселмен күресіп жүрген балалар көбейіп кетті. Сондықтан бүлдіршіндерге бір тамшы болсын пайдамыз тисе екен деген оймен оқырманыммен бірге қаржы жинап, бірнеше қайырымдылық іс-шарасын өткіздік. Әзірге қазір бұл жобам тоқтап тұр. Келешекте жалғасын табады деген сенімдемін.

– Жетіген аспабы жайлы тың ақпар бергеніңіз үшін көп рақмет! Оқырманға айтар тілегіңіз...

– «Ұлан» газеті аты аңызға айналған газеттердің біріне айналып, ғұмыры мәңгі болсын! Мектеп қабырғасынан оқып жүрген газетіміздің бірі ғой. Бала кезде «Ұланның» бетіне шықсақ деген арманымыз болатын. Міне, бүгін бір арма-
ным орындалып отыр. Бала-ларға шын жүректен тілейтінім –
мол денсаулық пен теңіздей терең білім. Әрдайым алға ұмтылып, жарқын болашаққа қадам басуларына тілектеспін!

Айсұлу СЪЕЗХАН, 
«Ұланның» жас тілшісі. 

1830 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз