Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 25 Сәуір, 2023

Кинорежиссер боламын десең...

«Сәлем, замандас достарым! Сәлеметсіз бе, Ұлан ата! Есімім – Бекзат. Өзімді көптен алаңдатқан сұрақ бойынша жазып отырмын. Сәл күнде 9-сыныпты бітіремін. Болашақта режиссер болып, отандық киноиндустрияның дамуына үлес қосқым келеді. Сол үшін мобилографияны меңгеріп алғаныма біраз болды. 10-11-сыныпқа қалмай, колледжге түскім келеді. Бірақ, мен қалайтын режиссура колледждің оқу бағдарламасында жоқ екен. Кино өнеріне жақын мамандықтың біріне тапсыра салсам, қалай болар екен? Мобилографияны білемін ғой. Алдағы уақытта да дамыта жатармын. Кейін режиссураға келуім қиынға соқпайтын шығар. Әлде мен қателесіп отырмын ба? Ұлан ата, түлектерге сан тараптан жол нұсқап келесіз. Осы жолы маған да көмегіңіз керек».

Жоғары оқу орындарында режиссураны қалай оқытады? Мобилографияны меңгеріп, режиссер болу мүмкін бе? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін бірнеше тараптан жауап алдық. Алдымен режиссер Данияр Саламаттың шеберлік сабағы негізіндегі сұқбатәңгімесін ұсынып отырмыз. Данияр Саламат өздерің көріп өскен «Бәйтерек», «Кішкентай», «Әкем екеуміз» сияқты кинотуындылардың сценарисі әрі режиссері.

Данияр САЛАМАТ:

Кинорежиссер төрт талапқа сай болуы керек

– Кинорежиссер болуды мақсат еткен адам төрт талапқа сай болуы керек. Бұл төрт ұстаным режиссураға жол ашады. Енді сол төртеуін таратып айтайық.

КӨП ОҚУ

Бар өнердің бастауы – әдебиет. «Өнер алды – қызыл тіл» дейді бабаларымыз. Оқу керек. Әуелі қазақ әдебиетін міндетті түрде оқуыңыз керек. Ұлт әдебиеті арқылы ғана өз ұлтыңыздың салт-дәстүрін, ұстанымын, табиғатын, тұрмысы мен мінезін танисыз. Түрлі типтік образдарды, тағдырларды ажырата аласыз. Пролог, сюжет, шиеленісу, оқиғаның шешімі, фабула секілді әдеби категорияларды санамен түсініп, теориялық біліміңіз қалыптасады. Егер орыс немесе әлем әдебиеті арқылы киноға келсеңіз, тамырыңыз әлсіз болады, жел қуған жаққа қарай аунап кетуіңіз мүмкін. Көркем туындының алғашқы сілемдерін салуға көмектесетін – әдебиет. Әдебиет сөзбен салынған сурет болса, кино – сөздің суретке айналуы.

СҮЮ

Әдебиетті көп оқыдың. Қайшыласқан сан тағдырмен жолықтың. Солар үшін күйіндің, солар үшін жыладың. Сен енді оларды жақсы көруге тиіссің. Ұлтыңды жақсы көруге тиіссің. Әсілі, шығармашыл адам ұлтына қызмет етеді. Жаһандық мәселені қозғамас бұрын өз ұлтыңды зерттеуің керек. Халқыңның тарихын, басынан өткен сан қақтығысты, еліңнің ішіндегі кейбір нәзік тақырыптарды, жүрегінің лүпілін, даласының сазын, тауларының күрсінісін сезініп, түйсінуге елігесің енді. Әлем күн болса, ұлт – соның шуағы. Ұлтыңды білсең, сүйсең, әлемдік құндылықтарға қосыла аласың. Сосын сол өзің сүйген жұртты алақанға салып, адамзат зердесіне ұсынатын киноны жақсы көріп, сүюің керек. Ісіңе ынтық сезім болмаса, таза, шынайы дүние шықпайды.

ІЗГІЛІККЕ ҰМТЫЛУ

Көп оқыдың, көркемдік ұстанымың мен қиялың қалыптасты, еліңді таныдың, оларды жан-тәніңмен сүйесің. Олардың тағдырын бейнелейтін киноны жақсы көресің. Енді сен ізгілікті жырла. Жаның, шығармаң ізгілік шашсын! Халқыңның, адамзаттың жүрегін қозғаған қасіретін сезінуге тырыс. Осы үшеуі бойыңнан табылса, режиссерсің! Енді қалған біреуі оп-оңай!

МАШЫҚ

Оқыдың, еліңді таныдың, көркем ойлай аласың. Ізгілік тұнған сан сюжет басыңда. Болды, сен – режиссерсің! Қалғаны – машық қана. Кәсіптің қыр-сырына үңілу. Ол – арнайы оқу орнына түскенде, кино көру барысында және қолыңа камера алып іске кіріскенде пайда болатын тәжірибе. Есіңізде болсын, «машықпен» ғана кино түсіріп жүрген жанның бәрі режиссер емес. «Оқу-іздену», «жақсы көру (сүю)», «ізгілікке ұмтылыссыз», тек «машықпен» ұзаққа бара алмайсыз. Әйгілі данышпан кинорежиссер А.Тарковский: «Сценарий жаза алмаған режиссер – режиссер емес, жай ғана иллюстратор», – демекші, әдебиетті оқымаған, елін, адамзатты, мамандығын шын сүймейтін, ізгілікке атүсті қарайтын режиссер – режиссер емес, жай ғана алаяқ. Ал мобилограф деген басқа мамандық, оның киноға қатысы жоқ.

РЕЖИССУРАҒА ҚАЛАЙ ТҮСЕМІЗ?..

Байқаған болсаңдар, Данияр аға «оқу міндетті емес» деген жоқ. Керісінше, тәжірибе жинап, режиссер болып қалыптасудың бірден-бір кезеңі оқу орнында өтетінін айтты. Демек, жоғары білім бұл салада да маңызды. Кино саласындағы мамандықтарға тапсыратын талапкерлер жиі таңдайтын оқу орны – Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы. Академияның Кино және телевизия факультетінде Экрандық өнер режиссурасы кафедрасын басқаратын Бакеева Мадина Қайратжанқызынан режиссура мамандығына оқуға түсу бойынша ақпарат алдық.

– Режиссураға оқуға түсетін талапкер қандай емтихандар тапсырады?

– Кино және телевизия факультетінің Экрандық өнер режиссурасы кафедрасында режиссура білім беру бағдарламасы үш траектория бойынша оқытылады: телевизия режиссурасы, көркемфильм режиссурасы және анимациялық фильм режиссурасы. Әр білім беру бағыты бойынша шығармашылық емтиханның қалай өтетіні оқу орнының сайтында жарияланып, жаңартулар енгізіліп отырады. Бірінші шығармашылық емтихан – эссе. Үш сағатта берілген бес тақырыптың біреуіне эссе жазады. Бірінші емтиханға талапкер осы уақытқа дейін жинаған портфолиосын әкелсе болады. Екінші турда билеттегі сұрақтарға жауап береді. Сұрақтар қазақ кинематографиясы, Қазақстан тарихы мен әдебиеті негізінде құрастырылады. Ал анимация траекториясында ертегі беріледі. Алты сағатта сол ертегі бойынша раскадровка салады.

– Тапсыратын талапкер көп пе?

– Режиссураға түскісі келетін талапкерлер жыл сайын артпаса, кеміп жатқан жоқ. Биыл да консультацияға білімді, ізденімпаз, шын қызығатын балалар келіп жатыр. «Біз, мысалы, шетелдік мына фильмді отандық аудиторияға былай ұсынсақ» деп мысал келтіріп, салыстырмалы түрде идеясын айтып келетіні қуантады. Кейінгі жылдары телевизия және кино режиссурасына қарағанда, анимацияға тапсыратындар көп. Себебі, анимация кейіпкерлерін жасау қазіргі жастарға ұнайды екен. Айтпақшы, кинорежиссураға тапсыратындардың көпшілігі – қала балалары. Ауыл-аймақтан келетін балалар көбіне актерлік шеберлікке тапсырады. Әрине, қала немесе ауыл деген дискриминацияға жол жоқ. Десек те, ауыл балаларының көбірек келгенін қалаймыз. Олардың ойлау деңгейі, көркемдік шеберлігі ерекше.

– Мемлекеттік гранттан бөлек, ректор гранты, ішкі гранттар қарастырылған ба?

– Бәсеке жоғары. Бәрі тегін оқығысы келеді. Ең болмаса үш талапкердің бағы жансын деген мақсатта, шығармашылық емтихансыз грант жеңіп алуға мүмкіндік беретін «Таланттар шоғыры» байқауын биыл екінші рет ұйымдастырдық. Байқауды дәл осы Кино және телевизия факультеті ұйымдастырады. Режиссураның үш бағытына да бір-бірден грант ойнатылады. Алдағы жылдары да бұл байқау жалғаса береді.

– Оқу барысы қалай жүреді?

– Оқу ісінде теория мен тәжірибе қатар жүреді. Сабақтарды белгілі, тәжірибелі режиссер мамандар жүргізеді. Жоғары оқу орнында сол салада еңбек еткен маманнан сабақ алғанға жетпейді. Оқу және өндірістік тәжірибені телевизияда, «Қазақфильм» киностудиясында, өзге де кино компанияларда өте алады. Академиялық ұтқырлық бойынша Нью-Йорк киноакадемиясында бір семестр білім алып келіп жатқан студенттеріміз көп.

– Редакциямызға жазған оқырманның сұрағын қойғым келеді. Мобилографияны меңгерсем де, режиссураны оқуым керек пе деп сұрайды...

– Әрине (күліп). Қазір жастар iphone болса, бәрін түсіре беремін деп ойлайды. Сапалы видео түсіруге болады, әрине. Бірақ, кино деген – өнер. Мәдениеттің бір саласы. Ал мобилография – заман ағымы. Режиссер түсірумен ғана шектелмей, жан-жақты болуы керек. Сол себепті бірінші шығармашылық емтиханға эссе жазуды енгіздік. Тіл байлығы, цитаталарды орынды қолдана білуі, идеясын жеткізе алуы, ойлау деңгейі содан көрінеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

2444 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз