Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 08 Мамыр, 2023

Қарашаш Рахымжанқызы: Ілеспе аудармашының ойы ұшқыр, сөздік қоры бай болуы шарт

Елімізде көптеген халықаралық іс-жиындар өтіп жатады. Сондай-ақ Сенат қабырғасында депутаттар мен басқа да ресми тұлғалардың күнделікті сөйлеген сөзін жедел аударып, олармен ілесіп отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндай жұмыс аудармаға әбден машықтанған және үйренген кәнігі маманның ғана қолынан келеді. Ал олардың жұмысын көпшілік біле бермеуі мүмкін.  Осындай қабырғалы іргелі жиындарда ілеспе аударма жасап жүрген тәжірибелі мамандар кімдер? Қазақы мақалмен сөйлейтін кейбір депутаттардың сөзі орысшаға қалай аударылады?Ілеспе аударма жұмысының қиындығы неде? Бірнеше тіл білсе де, кез келген адам неге аудармашы бола алмайды? Бұл сауалдардың сырын біз Парламент Сенаты аппараты Редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Қарашаш Рахымжанқызымен сұхбат барысында аңғардық.

– Қарашаш Рахымжанқызы, ілес­пе аударма саласына қалай келдіңіз?
– Мен 1999 жылы мемлекеттік қызметті  Мемлекеттік кіріс ми­нистрлігі Кеден комитетінің жетекші маманы ретінде бастадым. Журналистика факультетін бітірген соң маған аудармашы болу қиынға соққан жоқ. «Әрине, әр саланың өз қиындығы, ерекше термині бар» дегендей, сол тұстарда үйренетін нәрсе де аз болған жоқ. Ал ілеспе аударма жасауды 2005 жылдары бастадым. Ол уақытта бізде бұл аударма түрі әлі дами қоймаған еді. Премьер-Министрдің кеңсесінде бас сарапшы-аудармашы болып жұмыс істейтінмін. Бір үлкен жиын тіл, мәдениет мәселесіне арналып, қазақша өтетін болып, сонда орыс тіліне аударма жасау қажет болды. Әріптесім екеуміз ілесіп аударатын болдық. Бұрын көрмеген, сырын білмейтін аппаратты игеруге тура келді.Алғашында қорқыныш, сасқалақтау болды. Жұмыстың аты жұмыс қой. Тапсырма берілген соң, орындау керек. Жиын сәтті өтті. Уақыт өте келе мұндай сұраныс көбейе түсті. 
2008 жылы Парламент Сенатының аппаратына жұмысқа ауыстым. Нағыз ілеспе аударманың ортасы осында екен. Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова Редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары еді.Осы кісі ілеспе аудармаға кәсіби маман ретінде төселіп, шыңдалуға баулыды. Парламент заң шығарушы орган болғандықтан, экономиканың, жалпы өмірдің сан түрлі саласына қатысты заңдармен жұмыс істеудің өзіндік ерекшелігі бар, қиыншылығы да жоқ емес. Апта сайын өтетін Сенаттың жалпы отырыстарында, басқа да іс-шаралардың барлығында қазақшадан орысшаға және керісінше ілеспе аударма жасаймыз.
Қазір осы бағытта жұмыс істеп жүрген, қазақша-орысша аудармашы­лардың көпшілігі осы Камал Әбіл­қасымқызы апайымыздан дәріс алды. 2006–2007 жылдары Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл комитеті ұйымдастырған арнайы курстарда көптеген аудармашылар білімін, машығын шыңдады. Менің білуімше, ондай курстар қазір жоқ.
– Ілеспе аударма жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған машықтанып, мамандану үшін қанша уақыт керек? Бұл салаға қаншалықты жас­тар келіп жатыр? Қазақстанда ілес­пе аударма мамандары тапшы ма?
– Ілеспе аударма саласында жас­тар аса көп емес. Бәлкім, жоғару оқу орындарында арнайы факультеттердің жоқтығынан болар.Тіл білімі мамандары осы саланың қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жинақтағанша біраз уақыт қажет.Тәжірибе алмасу өте маңызды.Министрліктерде мұндай мамандар көп болмаса да, ара-тұра жиындарға қатысып жүретіндері бар. Кәсіби дағдысын, машығын шыңдау үшін тәжірибе алмасудың да орны бөлек. 
Бүгінде шынымен тапшы болып отыр. Себебі оларды арнайы даярлайтын факультеттер, курстар жоқ. Ал республикалық және халықаралық деңгейдегі барлық іс-шараларда ілеспе аударма талап етіледі. Өзіңіз білесіз ғой, ілеспе аударма – сан алуан тілдерде сөйлейтін адамдардың ойын жеткізіп, пікір алмасуына мүмкіндік жасайтын көпір іспеттес. Сондықтан тіл мамандарының, жазбаша аударманы меңгерген аудармашылардың ілеспе аударманың қағидаттарын оқып-үйренуі, машығын шыңдауы үшін арнайы курстар жұмыс істейтін болса, осы сала білікті мамандармен толыға түсері сөзсіз деп ойлаймын. 
Ал алқалы жиындардың қазақ тілінде сөйлеуі тіліміздің қолданылу аясын кеңейте түсетіні анық. 
–Аударма жасап жатқан сәтте қызықты оқиғалар болып тұра ма?
–Біз ауқымды халықаралық деңгейдегі іс-шараларға көп қаты­самыз. Соның бірі ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін атағым келіп отыр.Үшінші съезден бастап былтыр қыркүйек айын­да өткен жетінші съезге аудармашы ретінде тұрақты түрде қатысып келемін. Қазақ тілінде айтылған сөздерді орыс тіліне аударамыз, біздің аудармамызды тыңдай отырып, мамандар басқа шет тілдеріне аударады. Мен осындай мәртебелі жиындарды ерекше толқыныспен, мақтанышпен аударамын. Жоғары мінберден шыққан қазақ үнін, Президентіміздің, Сенат Төрағасының, республикамыздың басқа да лауазымды тұлғаларының сөздерін басқа халыққа жеткізу үлкен мәртебе деп санаймын. Қазір мұндай жиналыстардың аудармасы бірден тікелей эфирден беріліп жүр.
Дәл осындай жиындардағы жауап­кер­шілік те тиісінше аса жоғары. Ай­тылған ойды бұрмаламай, барынша толық беру қажет. Себебі менің қате­лесіп айтқан ойым басқа тілді ауди­то­рияға да бұрмаланып жетеді ғой. Сол се­бепті мұндай іргелі халықаралық жиын­­дарға тыңғылықты дайындық керек. 
Әрине, дайын баяндама, тезис-сөздер болса, оларды алдын-ала сұра­тып алып дайындаламыз.Сөздерін алдын-ала бермейтін немесе залдан аяқ астынан сөйлейтін жағдайлар жиі кездеседі. Кез келген тосын жағдайға дайын болуың қажет.
Жұмыс барысында қызықты сәттер, түрлі оқиғалар болып тұрады. Есімдері елге танымал тұлғалы аға-апаларымыз мақал-мәтелдеп, әсірелеп, қазақтың әдемі тілінің майын тамызып сөйлегенде олардың мағынасын еш төмендетпей, тыңдаушыға жеткізу оңай шаруа емес. Сондықтан қазақ мақал-мәтелдерінің, қанатты сөздерінің орысша баламасын үнемі жадымызда ұстаймыз. Аудармашы үшін аса қажет дүние бұл. Сөзің жалаң болмай, әсерлі шығады.
Жаңа атап өткен съездерде әртүрлі діннің өкілдері сөз алады. Ислам дінінің басшылары өз сөздерінде Қасиетті Құран аяттарынан үзінділерді тілге тиек ететін сәттер жиі болады. Қандай тақырыптағы әңгіме болса да аудармашыдан ерекше ұқыптылықты талап ететіні түсінікті, ал дін мәселесі төңірегіндегі әңгімелерге келгенде, ерекше абайлылық, сақтық қажет. 
Бұл тамаша, қызықты да қиын жұмыс аудармашының денсаулығына кері әсер етіп, зиян келтіретіні дәлелденіп, расталған. Аударманың осы түрінің мамандары ұшқыштармен, экстремалды спортшылармен, каскадерлермен бір қатарға қойылады. Осының өзі бұл мамандықтың ауыртпашылығын, жүктемесінің орасан зор екенін көрсетеді. 
Адам жүйкесіне тікелей әсер етіп, қан қысымының жоғарылауына, қалжырап шаршауына, кейде есту қабілетінің нашарлауына, тамақ ауруына алып келеді. 2-3 сағат үздіксіз аударма пультінде бұлбұлша сайраған адам жастыққа басы тие қор ете қалатыны сөзсіз. Бұл жұмыс адам организмін қаншалықты қалжырататыны осыдан-ақ көрінеді. Бірнеше жылдар бойы оған көзіміз әбден жетіп келеді. 
– Ілеспе аударма сәтінде кәнігі маман ретінде нені қаперге алу керек? Оның белгілі бір шарттары мен заңдылықтары бар ма?
–Ілеспе аудармашының білімін айтпағанда, ойы ұшқыр, шапшаң сөйлеуі, сөздік қоры бай болуы шарт. Әрине, ең негізгілердің бірі – дауыс. Дауысың жағымды, жайлы болса, аудиторияны баурап аларың сөзсіз. 
Сонымен бірге оратордың сөйлеу жылдамдығы да жұмыстың сапасына тікелей әсер етеді. Тым шапшаң сөйлейтін адамның аузынан шыққан сөздер легін қағып алып, бұлжытпай жеткізу үшін әжептәуір тер төгуге тура келеді. Әрине, байыппен сөйлейтін шешеннің сөзін емін-еркін ойланып, нақышына жеткізіп аударатын сәттер ерекше ләззат сыйлайды. 
Әр адамның жұмыс істеу стилі бөлек қой. Десе де, осы аударма түрін қамтамасыз ететін адамдар үшін міндетті талаптар: жұмыс істеп отыр­ғанда артық дыбыс шығармау, қағазды сылдырлатпау, микрофонға жөтелмеу, не басқа артық қимылдар жасамау. Бұл өте маңызды. Камал апайымыз да соны талап ететін. 
– Кәнігі аудармашы ретінде әріп­тес­теріңіз, аға-әпкелер туралы бірер сөз...
–Біздің бөлімімізде зейнетке шыққан тәжірибелі кәнігі аудармашы аға буын өкілдері аз болған жоқ.Мен осында алғаш жұмысқа келген кезде Камал апамыз бастаған Есенқұл Сафуани, Орынбек Жолдыбай, Талғат Аминов, Еркін Нарбаев сынды майталман мамандардан үлгі алып, жетілдік.
Осы ретте орын алған бір оқиғаны айта кетейін. Бір халықаралық іс-шара үстінде ұлты қырғыз кісі сөз сөйледі. Қырғыз тілінен тікелей аудармашы болмай, ол кісінің сөйлейтін сөзін маған әкеп берді.Тыңдай отырып, тілдердің ұқсастығы бар, шамалап түсініп, сол кісімен ілесе отырып, орыс тіліне аударып шықтым. Менің орысшамды басқа тіл мамандары іліп әкетіп отырды. 
Тағы бір қиын тұсы – қазақ және орыс тілдеріндегі сөйлемнің құ­ры­лысына байланысты. «Аса ұзақ сөйлемдерді соңына дейін тыңдаймын» деп, айтылатын жалпы ойды жоғалтып алмау маңызды. Ондай кездерде сөйлемнің аяқталғанын күтіп отырмай, ойды екіге бөле отырып аударамыз.
Бұл істің тыңғылықты болуындағы маңызды тағы бір шарт – командамен жұмыс істей білу. Үлкен жиындарда жұппен отырамыз. Екінші адам жылдар, сандар мен негізгі сөздерді жазып отырады.Бірге жүрген әріптестеріміз соған әбден машықтанған. 
Өзім еңбек етіп жүрген бөлімде қазақ тілінен орыс тіліне аударатын Әшім Маржан, Еркежан Құрманғалиева, орыс тілінен аударатын Ербол Әбдірәсілов, Гүлнар Сейітханова, Балмира Сейдахметова сияқты білікті әріптестерімді атағым келіп отыр. Бәрі де бірінен бірі асып түсетін тәжірибелі мамандар. Қазір Парламент Мәжілісінде де білікті, білгір аудармашылар көп.
– Өз жұмысыңыздан ләззат алатын сәттер бола ма?
– Әрине, алдында да айтып кеттім ғой. Кейде сөйлеуші адамның көңіл-күйіне елітіп, сонымен бірге қанаттанып немесе қынжыла сөйлеп кетесің. Еріксіз оратордың қимылын қайталайтын кездер де болады. Дінбасыларының былтырғы съезінде біздің еліміздің бас мүфтиі өз сөзінде Құран аяттарынан бірнеше үзінділер келтірді. Баяндаманы дайындап алатын уақыт болғандықтан, орыс тілінде өте әсерлі, әдемі аударма шықты.
Әрине, бұл біздің әбден машық­танған күнделікті жұмысымыз ғой. Десе де, еңбегің еленіп, бағаланып жатса, құлшынысың да арта түсіп, бар ынта-жігеріңмен еңбектенесің емес пе. 
Бірақ кейде аудармашылардың жұмысын жете бағаламай жататын жағдайлар да кездеседі. Менің ойым­ша, тіршіліктің барлық саласынан хабардар болып қана қоймай, оның қыр-сырын түсіну қиынның қиыны. Мен үнемі күліп айтып жүремін, «кейде мұнайшы, кенші болып жердің астына да түсеміз, ұшқыштармен көк аспанды да шарлаймыз», – деп. Осының бәрі шыңдалған білімді, мол тәжірибені, жетілген дағдыны талап етеді.
– Сұхбатыңызға рахмет! 

Әңгімелескен 
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
"Ana tili"

2247 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз