Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Мамыр, 2023

Тегеурінді Темірбек

Темірбек Жүргенов есімін 1930 жылдардағы сталиндік репрес­сиямен байланыстырады. Себебі, оның өмір сүрген уақыты осы қанды қырғын жылдармен тұспа-тұс келген еді. 1924 жылы Т.Жүргенов Орталық Азия мен Қазақстан арасындағы ұлттық-мемлекеттік шекараны белгілеу мәселесі тақырыбында дипломдық жұмысын бастайды. 1926 жылы дипломын сәтті қорғап, еліміздің территориялық тұтастығының сақталуына зор үлес қосады.
 

Айта кету керек, Темірбектің дипломдық жұмысы шыққанға дейін елдің партиялық элитасы Жетісу мен Сырдария жерлері Өзбекстанға өтуі керек деген пікірде болған, бірақ Жүргенов бұл жерлердің Қазақстанға тиесілі екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген. Университетті тәмамдаған соң, Темірбек Жүргенов 1929 жылға дейін Қазақ педагогика институтының ректоры болып жұмыс істеген. 1929 жылы Тәжік АССР-нің қаржы халық комиссары болып тағайындалады. Кейін 1930-1933 жылдар аралығында Өзбек АССР-нің халық ағарту комиссары болып қызмет етеді. Ташкенттегі жұмысы кезінде Жүргенов бірнеше театр ашып, елдің мектептері мен жоғары оқу орындарының дамуымен айналысады. Тәжікстандағы жұмысы кезінде ол тәжік ғалымы, академик Садриддин Айнимен танысып, олар Фирдоусидің Шахнамесін қазақ тіліне аудармақшы болып шешеді. Қазақстанға оралған соң, ол өзінің ұстазы Тұрмағамбет Ізтілеуовті Алматыға шақырады, ол он айдың ішінде Фирдоусидің Шахнамесінің қырық мың жолын қазақшаға аударады.
Ол бар ғұмырын бай мен кедейсіз, барлық адам тең құқыққа ие жаңа өмір мен жаңа әлемді құруға арнады.
Т.Жүргенов қызмет еткен кезінде біраз білім ошақтары, атап айтқанда, Қазақ кен-металлургия институты (қазіргі Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), ветеринарлық институт және С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ашылды. Ағарту мәселелерімен қатар, Темірбек Жүргенов мәдениет мәселелерімен де айналысады, ол Қазақ АССР-і Өнер ісі жөніндегі комитетті басқарады. Комитет төрағасы лауазымында ол дарынды жастарды мейлінше қолдап, кейбір партиялық функционерлердің орынсыз тиісулерінен қорғап жүрген. [1]
1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді.
Жүргенов өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ халқына, еліне адал қызмет етті, қалың жұртшылық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие болды, ол кісінің ашқан қаншама білім ошақтарында қаншама түлек білім нәрімен сусындап, өмірге қанат қақты.
Ол барлық азап пен қорлыққа төтеп берді, ештеңені мойнына алған жоқ. Тіпті болмағасын НКВД қызметкерлері Қазақ мемлекеттік университетіндегі өрт туралы істі қолдан жасап, сол бойынша Қазақстанның мәдени жастарының көрнекті өкілі Шахзода Шонанованы іске тартады. Жүргеновті көп тергеп, ҚазМУ-дегі өртке кінәлісің деп айыптайды. НКВД қызметкерлері «ҚазМУ-ді өртеуді маған Т.Жүргенов тапсырды» деп айт деп Шахзода Шонанованы мәжбүрлейді. Жүргенов пен Шонанова камерада өздері ғана қалған кезде ол: «Шахзода, қарындасым, мен бар кінәні өз мойныма аламын», – дейді. Келесі жолы НКВД қызметкерлері әдеттегідей камераға келген кезде Шахзода атып тұрып: «Ғимаратты өртеген менмін», – дейді. «Шахзода, сен не істеп жатырсың?», – деп аңырып қалады. Бірақ, Шахзода алған бетінен қайтпайды. Бар кінәні өз мойнына алып, репрессия жылдары атылған алғашқы қазақ қызы болады.
Темірбек Жүргенов 1938 жылдың 25 ақпанында Алматыда атылады [1].
Жүргеновтердің арғы бабалары – Шөмекейдің Бозғұлынан тарайтын Сарғасқа руынан шыққан Жәрімбет би. Жәрімбет бидің есімі 1803, 1805 жылдары Ресей құжаттарында жазылып, оның Шөмекей руының айтулы 6 биінің бірі екені көрсетілген. Жәрімбет бүгінде ру атын алған. Жәрімбет биден туған Әлен, одан тараған Қуаң ірі бай болған. Қуаңнан – Жүрген, Тұрған, тағы басқа ұрпақтар өсіп-өнген. 
Жәрімбет бидің тікелей алтыншы ұрпағы болып табылатын Темірбек (Темірше) Қараұлы Жүргенов және Жүргеновтер әулетінен тараған ұрпақтардың кеңестік жүйеден көрген зорлық-зомбылықтары ауыр трагедиялық жайт. Әрине, оқырман қауым 1933-1937 жылдарда ҚазССР Халық ағарту комиссары болып қызмет істеген Т.Жүргенов туралы, оның 1938 жылы атылғанын, кейіннен есімі толық ақталғанын білері сөзсіз. Алайда, оның бірге туған інілері, әкесі мен Тұрған ұрпақтарының басына түскен зобалаңды біле бермеуі әбден мүмкін. Ұжымдастыру кезінде мал-жанды бір орталыққа ұйыстыруға қарсы шыққандар арасында Жүргенұлы Қара, оның балалары Қосжан, Досжан, Жұдырық баласы Нұржан болған. Жүргеннен – Қазыбай, Қара, Жұдырық т.б. балалар өсіп-өнген. Осы ұрпақтың ішінде Қара есімі ерекше құрметпен аталады. Қара Жүргенұлы 1858 жылы Қазалы уезіне қарайтын Қаракөл-Қуаңдария болысында көшпелі отбасында өмірге келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Жәрімбет, Әлен, Қуан да өз кезеңінің тұлғалы азаматтары болған. Есімі Сыр мен Арқаға бірдей таныс, Сыр сүлейлерінің ұстазы атанған Сарыбай Әзілкеш ақынның Болық қызбен айтысында: «…Ақ Болық жіңішке мен жуан қаңдай? Сыймайды-ау, камзолыңа сыбағандай! Мақтайсың оның несін, ей, Ақ Болық, Қоздатқан сексен мыңды Қуаң қандай?!» – деген жолдар бар. [2, 158 б]
Міне, сексен мың қой қоздатып, үш мың жылқы өргізген Қуаңның бел балалары Жүрген, Тұрған, Дәгір мырза. Байлығы демекші, ел аузындағы әңгімелерде XIX ғасырдың 40-50 жылдарында Қарақұмда Дәгір мырза қайтыс болғанда көш 40 күн еру болып, шатырлары күмбезді үй-там салайын десе, құмдақ жерде кесек құя алмайтын болады. Сонда Қуаң екі мың жылқының жалы мен құйрығын күзеп, күнде мың биені саудырып, құмды сүтке илеп, кірпіш бастырады. Осы әдіспен үй-там салғызып, ұсталардың тамағына 90 қысырақ байлатыпты. Сол үй-там сол кезден бері Дәгір тамы аталып келеді. Жәрімбеттен басталған билік, байлық иесі Қара Жүргенұлы 1928 жылы тергеуге ілінеді, ал оның үлкен балалары Қосжан мен Досжан тәркілеуден қашып, Қарақұмды паналаған. Мемлекеттік мұрағаттағы сарғайған құжаттар арасында Қара Жүргенұлы, оның баласы Ысқақ пен немересі Минараздың іс-қағаздары кездесті. Бұрынғы Жаркөл болысының ауылында тұратын Қ.Жүргеновті 1928 жылы 4 қаңтарда Қазы деген жерде малдарын алдын-ала есепке алып, оның жазда Мамытта, қыста Қазы мен Сырдария бойында болатындығын және 100 ірі жылқысы, 40 құлын-тай, 120 түйе мен ботасы, 50 сиыры бар екенін, қой-ешкісінің 500 басты құрайтынын іске тігіпті. Сонымен қатар, осы құжатта саманнан салынған үйі, 4 жалшы ұстайтыны, жеке күймесінің де барлығы тіркеліпті. Мұнда және оның жеке қыс қыстауы, жаз жайлауы, майса шабындығы оған бөтен ешкімнің малы жіберілмейтіні, 1919-1920 жылдардағы қызметі, 1926 жылы жеке қаражатымен мешіт салдырғаны да жазылған. Ақтөбе округтік комиссиясының 27-тамыз бен 4-қырқүйектегі қаулылары бойынша Қара Жүргенұлының мал-мүлкін тәркілеп, осы жылдың 27 қарашасынан қалмай (9 жанымен бірге) Қарқаралы округіне барып тіркелуі міндеттелген. Ырғыз аудандық тәркілеу комиссиясының мәжілісінде (4 қараша, 1928 ж.) №27 санды шешімімен Ысқақ Қараұлының мал-мүлкін тәркіледі. Минараздың шаруашылықтары бөлек емес, Қ.Жүргенұлымен бірге деп қаулы шығарған. Бұған қарсы Ысқақ Қараев, Миназар Ноғайұлы «біздің еншіміз бөлек» десе, 1928 жылдың 22-қарашасында А.Бейімбетов өз малдарының Досжан, Қосжан Қара балалары мен Қ.Жүргенов малдары ішінде кетіп отырғанын айтып, тәркілеу комиссиясынан малдарын қайтаруды сұрап арызданған. Қаншама арызданса да, олардың еншілері (мал-мүлкі) Қарамен бірге деп ұйғарым жасалған. 8 қараша 1928 жылы Ырғыз ауданында өткен жалпы жиналыста салық төлемегені үшін:1) Жүргенұлының малын алуға; 2) 6 құлынды бие, 2 бойдақ байтал, 1 айғырын алуға ұйғарым да жасапты. [2, 159 б].
Құжаттар дерегін қарап отырсақ, жазбалар түрліше болып, тіпті бір-біріне қайшы тұстары да кездеседі. Бұл кезеңнің (1928-1929 жылдар) нағыз аласапыран болып, байларды аяусыз қуғындағаны, тіптен олардың арасында кедейлер мен орташалардың да жапа шеккендері айқындала түседі.
Қ.Жүргеновтің 1928 жылдың 10 тамызында комиссиялардың есептеуінше 388 бас (ірі қараға шаққанда) малы болса, қазір 204, жасының 65-те екені құжатқа түскен. Тәркілеуге (ірі байларға) жатпайтынын айтып, Қара Жүргенұлы Қазақ үкіметінің басшысы Елтай Ерназаров пен Бүкілодақ ақсақалы атанған М.Калининге дейін арызданған. Алайда оның бұл арыздары қанағаттандырылмапты. Сондай-ақ ол арызында: «Мал шаруашылығымен айналысқаны, үш отбасында 14 жанның барлығын, мал бағудан басқа ешнәрсе білмегенін, көрмегенін, жазығының жоқ екенін айта отырып, Қ.Жүргенұлы Қазақ АССР Жоғарғы тәркілеу комиссиясына тағы да арызданған. «…Мені актілегенде Ырғыз ауданында едім. 27 тамызда байларды тәркілеу туралы шығарылған декрет бойынша ұстап отыр. Декреттегі заңға малым жетпейді, малымның саны – 66 ірілі-уақты жылқы, 18 түйе, 65 қой, 1 бұзаулы сиыр. Мені бай деп ұстап отыр. Тәркілеуге алдын-ала есептеген жоқ, қыстау, там да, қымбат мүлік те жоқ. Ырғызда ешбір жұмысқа араласқан емеспін. Болыс болғаным жоқ, қайта патшалық кезеңде 2 жыл Ырғызда абақтыда, түрмеде болдым. Ол туралы қолымда құжаттарым да бар. Алашорда кезінде кеңеске жақ болдым. Сол үшін Алашорда бастықтары А.Теміров, Қ.Сейдалин дегендер 300 түйе айып салып, малымды талады және өздері қашып кеткеннен кейін де менің басымды жауапкершіліктен шығармады. Кеңес кезінде жаман сөзге іліккен емеспін, жауапты болғаным жоқ. Жайыма көшіп жүрген шаруамын» (Әкесі хат танымайтын болғандықтан, әкесі Қара үшін, растап қол қойған баласы Ысқақ). 
Қара Жүргенов арызында жоғарыдағыдай баяндаса, 1928 жылдың 8 қарашасында Ырғыздағы №18 ауыл адамдарының жалпы жиналысында Қара хақында былайша жазылыпты: «Қара Жүргенов Николай заманында 3 жыл болыс болған. Болыс болып жүргенде өзінің хатшысы Зарқұм дегенмен қас болады. Сөйтіп айтысып жүргенде араға пара кіріп, Зарқұмды Сібірге айдатады. Ол да қарап қалмай Қара Жүргеновті 1902 жылы 24 айға түрмеге жапқызады. Сондай-ақ, Қараның кейбір озбырлықтарын тізбелеген» [2, 160 б]. 
Жүргеновтер әулетінің өмір жолдарын 45 жылдан бері зерттеп жүргендіктен, сол кезеңдегі құжаттардан Қара жайлы жазбалардың (байлығы, іс-әрекеті, қызметі) кейбірінің шындыққа жанасатынын аңғардық. Қ.Жүргеновтің жоғарыда үзінді келтірілген арызында болыс болғаным жоқ деуі өтірік те, 2 жыл түрмеде болғаны шындық. Өйткені, 1901 жылдың 25 наурызында Қара Жүргенұлы мен Қошпан Айтбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, №362 бап бойынша сотқа тартылып, ісі қаралған. Бұл жөнінде «Туркестанская ведомость» газетінде хабарлама да басылған. Қараның мәлімдеме арызында үш отбасының бірге екенін жазылса, баласы Ысқақ пен немересі Миназар Ноғайұлы: «…1923 жылдан Қарадан еншілерінің бөлек екенін, жеке малдарына салық төлеген түбіршектерінің (квитанция) барлығын, Ысқақта 24 жылқы, 13 түйе, 9 сиыр, 50 қой-ешкінің, Миназарда 14 жылқы,11 түйе, 6 сиыр, 30 майда малының Қ.Жүргеновтың малдарына қосылып есептелгенін айтып арызданған. Жергілікті ұйымдар мен тәркілеу комиссиясынан басқа Қазақ үкіметінің басшысына арызданған. Е.Ерназаров 1928 жылдың 30 қарашасында Ысқақ Қараұлы мен Ноғаев Миназарды тәркілеуден босатуды тапсырған. Бұл кезде Миназардың қарауында шешесі Сұлу, қарындасы Сымбат болса, Ысқақта екі жан ғана бар екен. Мұрағат деректері осылай дейді. Мұрағат құжаттарын қарап отырсаңыз, әке мен баланы, іні мен аға арасын шатастырған, бір біріне қарсы қойған деректер де бой көрсетіп қалады. Сондай деректің бірі Қараұлы Ысқақтың Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Ізмұқан Құрамысовқа жазған хатында: «Ізмұқан ағай! Ғапу ете көріңіз, аз ғана менің арызым бар. «Мақтаған кісідей, шаққан өлтірет» деп, нақақтан сорлап отырмын. Өзім екі бастан өткен заманда жас болдым, кеңес өкіметі басында ауыздығын аузынан сүйіп аққан жасынның бірі емеспін бе? Бір алжығанның қылмысына айырбастап, нақақтан түсіп, жас басым көктей солып, қыршыннан қиылып, құқығынан айыратындай жаңа өкіметке не жазығым бар? Әділеттілік келеді ғой деп едім, олай болмады. Аяғында осындай болдым. Енді Ізмұқан аға, ұрсаңыз да сізден басқа жылайтын адам таба алмадым. Өз қолыңыздан өлтіріңіз. Жаңа заңға қарсылығым емес. Біреу үшін күйіп барамын. Баяғыда екі-үш күн болса да етігіңізді тартып, төсегіңізді салған, қосшылық ақымды екі дүниеде сұраймын», – дейді. [2, 161 б.]. Әкесі мен баласын қарсы қойған кеңестік саясаттың нәтижесінде баласы бар кінәні әкесіне аударып, оны «алжыған», «біреу үшін» деген сөздерді еріксіз айттырып, жаздырып отыр. Бұл – 1928-1929 жылдар аралығында жүргізілген тәркілеудін көрінісі болса, 1930 жылғы шаруалардың кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілісі осы тәркілеуден, ұжымдастыру кезеңінде басталған. 
Қара Жүргенұлының ең үлкен ұлы Ноғай тәркілеуге жетпей қайтыс болған, одан кейінгі үлкендері Қосжан, Дос­жан Қарақұмға қашып барып, сарбаздар жасақтап, бүгінде «Қарақұм көтерілісі» деген атпен белгілі көтеріліс басшыларының бірі болған. Алайда кеңес өкіметі басшыларының тарапынан кеңшілік болады деген сөзге сеніп, ақыры түрмеге қамалды. Қараев Қосжан, Досжан екеуі ОГПУ алқасының 1932 жылдың 19 қаңтардағы қаулысымен атылған. Ал Қара Жүргенұлының өзі 1929-1933 жылдары Қарқаралы округіне жер аударылып, ақыры 1933 жылы Жалағаштағы №16 ауылға келіп, ашаршылықтан әупірім деп аман қалады. Кейін тыныш өмір сүріп жатқан Жүргеновтар әулеті басына тағы да зобалаң түседі. Ең алдымен, Қазақстан Халық ағарту комиссары қызметіндегі Темірбек Жүргенов 1937 жылдың 2 тамызында КСРО прокуроры Вышинскийдің санкциясымен ұсталып, қамауға алынып, РСФСР қылмыстық кодексінің 58-1а, 58-6, 58-7, 58-8 және 58-9 баптары бойынша айыпталған. 1937 жылдың 6 қыркүйегінде тергеушілерге берген жауабында Т.Жүргенов: «Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Себебі, ешқандай контрреволюциялық ұйымға мүше болғаным жоқ және ондай ұйымның бар-жоғы маған мүлде белгісіз» деген. Т.Жүргенов кейінгі жауаптарында тағылған айыптардың біразын мойындаған. Шын мәнінде оны зорлап мойындатқан. Сондай-ақ тергеушілердің ісіне республикалық басылымдардың жала жапқан мақалалары да көмектескен тәрізді. КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының көшпелі мәжілісінде Темірбек Жүргеновтің қылмыстық ісі қаралып, ату жазасына кесілген 19 комиссардың бірі болды. Үкім 1938 жылдың 25 ақпанында қазіргі Жаңалық ауылында орындалыпты. Алматыдағы Темірбектің ұсталуын күтіп отырғандай, Қармақшы аудандық НКВД бөлімшесін басқарған сержант С.А.Пяткин Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД басқармасына қатынас жолдап, Қара Жүргеновті 1 категориямен тұтқындауға рұқсат сұраған. Басшыларынан келісім алған Пяткин Қ. Жүргеновті 17-тамызда қамап, 16 қыркүйектегі Оңтүстік Қазақстан НКВД басқармасы «үштігінің» шешімімен атуға бұйрық шығарылып, ол үкім 1938 жылдың 25 қыркүйегінде Қызылорда қаласы маңында орындалған. 
Ал Темірбек Қараұлы Жүргеновтің өзі 1957 жылдың 18 сәуіріндегі КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының шешімімен толық ақталды. Алайда Д.Ермеков, М. Байділдаев, т.б азаматтардың ізденістері нәтижесінде алғаш рет Т.Жүргеновтің 70 жылдығы 1968 жылы аталды. Міне, содан бері 80, 90, 100, 110 жылдық мерейлі жылдары аталып өтуде. Көптеген мектептер мен мәдени орындарға, көшелерге Т. Жүргенов есімі берілді. Алматыдағы өнер академиясы Т. Жүргенов есімімен аталды. Жүргенов ұрпақтарының бірі Қосжанов Қиназар (1927-2000) ағайдың «Құдайға шүкір, біз бармыз» деп жазған мақаласы көп нәрсеге қамшылап отыр. 1937 жылы айы, күні көрсетілмеген қамаудағы Қ. Жүргенов туралы анкетада оның 1858 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда ауданында тұрғаны жазылып, отбасы мүшелері түзілген. Әйелі Кәмпит Демесінова – 49 жаста ұлдары: Қосжан Қараев – 29, Миназар Ноғаев – 17, Қараев Айназар – 12, Зағипа Қараева – 5 жаста деп көрсетіліп, айыптау құжатының №937 іс екенін де анық жазған. Міне, осындағы тізімде Ташкентте оқуда жүрген Биназар (Битай) Қуаңов есімі жоқ, ол 1920 жылы туылған. Қара Жүргеновті ұстап, үйіне тінту жүргізгенде (1937 жылдың 17 тамызында) мынандай заттары тізімге алынған: 
1.6250 сом ақшасы (1919 жылғы үлгідегі);
2.160 сом ақша (бұл ақша қайтарылып берілген);
3.Қойын дәптері (қазақтың руы жазылған);
4.Ақшаны айырбастау туралы Нарком Финге жазған арызы;
5.Пенсияға шығуы туралы өтініш қағазы көрсетілген. [2, 162 б.].
Қара Жүргенов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы «Қуғын-сүргін құрбандарының құқықтарын қалпына келтіру туралы» жарлығына сәйкес, 1990 жылы 28 қарашада ақталған. Осылайша әкелі-бала ақталды. Ақталса да олардың үрім-бұтақтарының жүрегінде орны толмас қайғы, ауыр жылдардың өксігі мен ащы запыраны қалды. Бұл ойларды Қараның кенжесі Зағипа Смағұлова мен немересі Қиназар Қосжановпен сөйлескенде анық аңғаратын едім. Жүргенов Қарадан тікелей тараған ұрпақтары – Қосжан, Досжан, Темірбек, Ысқақ. Алматыдағы Тау-кен институтының студенті Кәпназар, Айназар ОГПУ, НКВД құрығына түсіп, атылып кетсе, кіші баласы Биназар, немересі Миназар, Жұманазар соғысқа қатысып, майданнан Биназар (Битай) ғана аман оралады. Бір Қараның ұрпағынан (өзін қоса есептегенде) 7 адам атылса, Қарамен бірге туған Жұдырықтың баласы Нұржан (1893-1973) Владивостокқа 10 жылға жер аударылып, көп азап тартып, елге келеді. Жүргенмен бірге туған Тұрған ұрпақтары Қарақұлдың (1848 жылы туған) алымды туған баласы Пірназар Қарақұлов (1902 жылы туған) қазіргі «Жаңаталап» ұжымының алғашқы басқарма төрағасы болған тұсында Қараның баласы Ысқақпен бірге 1937 жылы 29 желтоқсанда НКВД үштігінің үкімімен ұсталып, 1938 жылдың 17 қаңтарында сотсыз атылған. Сондай-ақ, Қара Жүргеновтің немере інісі Жарасбай, оның ұлдары Смахан мен Ысқақ та Қарақұм көтерілісінде опат болады. Жүргеновтердің кейінгі ұрпақтары да қабілет-қарымы мол, сауаты бола тұра кеңестік кезеңдегі зорлықтан құтыла алмады. Т.Жүргенов жайлы жазылған бір мақаланың соңында: «...Социалистік қоғамның – қатыгез жүйенің қорлығы мен мазағына ұшыраған бір шаңырақтың тұқым-теберігі осылай түгел құрып, біржола жоқ болды» – деп жазылған-ды. Осыны оқыған Жүргеновтер әулетінің бірі, ұстаз Қиназар Қосжанов «Жұлдыз» журналы мен «Егемен Қазақстан» газеттерінде «Құдайға шүкір, біз бармыз» деп өзінің көкейінде жүрген ойларын ортаға салып еді. Біз де 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында бір әулеттен қаншама кісілердің кеңестің кесір саясаты нәтижесінде құрбан болғандығын нақты құжаттардағы деректермен сөз етуге ұмтылдық. 
Еңбек ардагері Оспан Есжанов (№16 ауыл):
– Мен 1929-30 жылдарда осы күнгі «Жаңаталап» ұжымын ұйымдастырушылардың бірі болдым. Кеңес өкіметінің сол кездегі саясатына іштей қарсы да едім. Үстімнен біреулер әңгіме айтып, бірнеше ай абақтыда жаттым. Абақтыдан кепілмен босанып шыққасын, Ташкент жаққа азғана ағайындарыммен көшіп кеттік. Діні бір, тілі бір – жақын болғанмен, басқа елдің аты басқа ел. Қышлаққа орналасып, ауылшаруашылық жұмыстарында зоотехник болып істедім. Ұмытпасам, 1931 жылдың басы болу керек (бұл кезде Заминде тұратынбыз) өзбек ағайындардың кейбір әділетсіздіктері Темірбек ініме баруға итермеледі. Қабылдауына кіріп, өз жағдайым мен ағайын жағдайын айтып, ол ел жаңалығын сұрасып, шұрқырасып тапсырмалар беріп жатты. Темірбектің тікелей қолдауы мен ұсынысы арқасында Өзбекстанның Самарқанд облысының Замин ауданында жылқы малын асылдандыруымен айналыстым, шаруашылықта бас зоотехник болып қызмет атқардым. Үкімет наградаларына да ие болдым. Ағайынмен араласып, бір қуаныштандым. Жауапты қызмет атқарып жүрген Теміршенің елге ықыласын, тілегін, қамқорлығын сонда көрген едім. 
Темірбек Жүргеновтің парталас досы Рахым Алшынбаев:
– 1916 жыл. Перовск (Қызылорда) қаласында Сауранбай болысқа қарсы кедей шаруалар көтерілісі болды. Осы көтеріліс жасаушыларды жазалау үшін Перовск қаласына генерал-губернатор Куропаткиннің өзі келген. Осы кезеңде оқып жүрген жас Темірбек халық өкілі ретінде генералға өзі келген. Сөйтіп көтерілісшілер Темірбектің арқасында жазадан аман қалған еді. Темірбек пен 1908-11 жылдары қазіргі Қызылорда облысының Тереңөзек ауданына қарасты Аламесек қыстағында екі кластық орысша-қазақша мектепте білім алдық. Мұғалімдер оған 5-тік бағаның үстіне қосу белгісін қоса қойып отыратын, ол сондай зерек, алғыр болатын! 
Немере ағасы Нұржан Жұдырықұлы:
– Ол тіке айтушы еді, жаңалыққа жаны құмар, ескіге үнемі қарсы тұратын. Онымен бірге туысқан болсақ та, бірге ойнап жүрсек те, ол жасаған игі істерді біз жасай алмадық! Зорлық, зомбылық көрген жандар көзі ашық Темірбекке жиі келіп сөйлесетін. Ерте кетті ғой, шырағым! 
Інісі Маштай Әбдіқұлов:
– Темірбекпен бірге ойнап, бірге өстік. Жас кезінде туған-туыстары, қатар-теңі, біздер Темірше деп атайтынбыз. Жазда қыр елі Ырғызда жайлап, қыста Сыр бойына қоныс тебетінбіз. Дәлірек айтқанда, Жалағаш ауданы, қазіргі «Жаңаталап» совхозының төңірегіндегі Іздібай өзегінің бойында «Қараның қыстауы» деген жерде отыратын едік. Қай жылы екені есімде жоқ, бірде әкелеріміз бізді Қауынбай молданың алдына жиып беріп, «тіл» сындыртты. Көп ұзамай ауылға Тұрмағамбет ақын (Ізтілеуов) келіп, біздерге дәріс берді. Оқуымыз бұрынғыдай емес, ұғынықты, көңілді бола бастады. Темірше бізден өзінің зерек, алғыр қасиетімен ерекшеленетін. Үлкендерден, ұстазымыздан естігендерін ұмытпайтын. Қайталап, тіпті қызықты етіп әңгімелеп те беретін. Содан да оны жанына жақын тартып, оған зор сенім артатын. Өзі жолаушылап, не басқа шаруамен кетсе, оқуды жалғастыруды Теміршеге тапсыратын. Ал ол ешқандай қысылып-қымтырылмастан, сабақтарды қайталап, тіпті өздігінен де оқытуға қабілеттілік танытатын. Өткірлік, өжеттік қасиеттері сол кездің өзінде-ақ қалыптаса бастаған екен-ау, деп ойлаймын бұл күнде. Тұрмағамбет ақын Теміршенің зеректігін әкесіне жиі-жиі қызыға әңгімелеп, оның Аламесекке (қазіргі Ақарық ауылы) барып оқуын жалғастыруына ықпал етті. Біз әртүрлі себептермен оқи алмадық. Темірше болса, өзінің ерекше қабілетін қанат етіп, қырандай қалықтап кете берді. Оның қайда оқығаны, қандай қызметтер атқарғаны, мемлекет қайраткері ретінде қалай танылғаны бізге сол кездің өзінде белгілі болатын. Ауыл-аймағымызбен қуанып, мақтан етіп жүретінбіз, тілеуін тілейтінбіз. Несін жасырайын, оқымай қалғанымызға өкінетінбіз. Сондықтан да біз оны әрдайым сол биіктерден көреміз, сол шыңдардан іздейміз. Жеңгеміз, Теміршенің зайыбы – Дәмеш Әмірханқызы Ермекованың тағдыры да бізге мәлім. Темкеңнен соң, көп ұзамай, ол да ұсталды. «Халық жауының әйелі» деген жаламен сегіз жылға сотталып, мерзімін өтеп қайтты. Асыра сілтеу кезеңінің қолшоқпарлары онымен де тынған жоқ, «жауыздың жақыны» деп Ысқақ, Кәпназар, Пірназар, Ысмақан, Ысқақ (Жарасбаев) деген інілерін де ұстатып, қайтпас сапарға аттандырып жіберді. Осы кезде бізді Теміршенің бауырына басып, тәрбиелеген баласы Жұбаназардың жағдайы көп алаңдатты. Дегенмен, ол жас та болса көп ұзамай елді, ағайын-туысты тауып, қуанышқа кенелтті. Бірақ, бала неме ғой, бірге ойнап, бірге жүретін ауыл балалары оны «жауыздың тұқымы» деп үнемі шеттетіп, намысына тие беретін болды. Бұған ызаланған ол «Отанға адал қызмет етіп, әке-шешемді қалай да ақтап аламын. Олар ешқандай да жауыз емес» деп, жасының толмағандығына қарамастан, өзі сұранып, майданға аттанды. Есіл ер содан оралмады. Кейіннен Темірбек те, Дәмеш жеңгей де ақталды. Жеңгей ағамыздың отын өшірмей, түтінін түтетті. Қызмет етті. Ол «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген дәрігері» деген құрметті атақтың иесі болды. Темірбектің туысқандарымен тығыз араласып тұрды. 
Еңбек ардагері Шахзада Жүсіпов:
– ...Қызылорда ұйымдары тарихын еске алғанда, айрықша 1918 жыл еске түседі. Қазіргі облыстық баспахана үйі бұрын Высшее начальное училище болатын. Мұндағы 200-ден аса шәкірттің төрттен бірі қазақ еді. Міне, олар 1918 жылы коммунистік жастар үйірмесін ашкан-ды. Бұлардын ішінде бүкіл Қазақстанға әйгілі болған Садықбек Сапарбеков, Темірбек Жүргенов, И.Тәжиев, Ілияс Қабылов, Жүсіпбек Арыстанов, Сара Есовалар бар-ды. Міне, солармен бір сапта болдым.1919 жылдан РКСМ мүшесі болған едім. 
Ақын Асқар Тоқмағамбетов:
– ...Мұғалімдер даярлайтын қазақ институты жанындағы партия, кәсіподақ ұйымы арнайы комиссия құрып, оған Түркістан орталық партия комитетінің және басқа орындардан уәкілдер қатысып, жиналыс болып, суретті жақсы салған, өлеңі жақсы шыққандардың бәйгесін ұйымдастырды. Комиссияда С.Ходжанов, Т.Жүргенов, М.Әуезов, Ғ.Жандарбековтер болды. 
Еңбек ардагері Шәймерден Басарұлы (№16 ауыл):
 – ...Біздер Сыр бойынан ауа көшіп, Тәжікстанның Қорғантөбе маңындағы ауылда тұрақтадық. Көбіміз аш-жалаңаш. Тәжікстанда жағдай біздің жақтан тәуір болғанымен, бұларда да аштық бар екен. Сөйтіп, шықпа жаным, шықпа, – деп, жүріп жатқанымызда, Ташкенттік танысымыз, осындағы қазақ үлкен әкім келді. Ақмешіттен дейді дегенді естіп бірнеше адам бардық. Сөйлеп тұрған адамды қарасам, жүзі таныс сияқты. Бір кезде батылым барып, сөйлестім-ау. Сөйтсем, №16 ауылдағы Қараның баласы Темірше екен. Жағдай сұрап, білгеннен кейін, қасындағы тәжік жігітіне тапсырма берді. Содан менің ғана емес, Қазақстаннан ауып келгендердің жағдайы дұрыстала бастады.
Т.Жүргеновтің «халық жауы» деп атылып кеткенін кейіннен естідім. Туған жерге 1960 жылдардың ортасында Тәжікстаннан көшіп келдім. Ақталғанын естіп қуандым, Нұржекең ағаның үйіне барып, Теміршеге бағыштап құранымды оқыдым. 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.https://world-nan.kz/kz/blogs/tau-tulga-temirbek-zhurgenov. Димаш Дүйсен «Тау тұлға – Темірбек Жүргенов».
2. Бауыржан Иманғалиев. «Темірбек Жүргенов» еңбегі. 
3.Тынышбек Дайрабай «Зобалаң құрбандары (Жүргеновтер әулетінің ақиқаты)»,158-162 б.

Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ, 
Қорқыт Ата атындағы университеттің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы  


"Aqiqat" журналы

1059 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз