Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 28 Мамыр, 2023

Жеке шекараны қалай құрамыз?

Қазір «жеке шекара» ұғымы психологияда жиі қозғалатын тақырыпқа айналды. Бұл туралы нені білуіміз керек? Адамның жеке шекарасының болмауы қандай қиындыққа алып келеді? Психолог Назигүл Аблахатқызымен осы тақырыпта сөйлестік.

– Қарапайым сөзбен айтқанда, «жеке шекара» дегеніміз не? 

– Жеке шекара дегеніміз – өзімізді іштей жайлы сезіну үшін жеке басымызды, жеке кеңістігімізді қорғау үшін орнатылған, көзге көрінбейтін сызық. Оны біз «ішкі шекара» деп атаймыз. Жеке шекара әр адамға жайлылық алып келу үшін керек. Егер адам өзін жайсыз сезінсе, бұл кейін күйзеліске әкеп соқтыруы мүмкін. Толығырақ айтар болсақ, физикалық шекара деген ұғым бар. Мысалы, бейтаныс адам сізге сүйкеніп тұрса, рұқсатсыз қолыңыздан ұстаса, жаныңызға келіп отырса, көз алмай қарап тұрса немесе телефоныңыздағы хабарламаға көз салып оқып отырса, бұл сізге жайсыздық тудырады. Мұндай қылықтар жеке шекараны бұзуға жатады. Жеке шекараны бала кезден құру керек. Сонымен қатар, эмоциялық шекара деген де болады. Егер бейтаныс адам немесе жақыныңыз сізге ашуланып, дауыс көтерсе, ол да сіздің шекараңызды бұзғанға жатады. Себебі, бұл сізге жайсыздық тудырып тұр. 

Жеке шекараны құру басқалардың сіздің өміріңізге араласпауына, өзіңізге сенімді болуыңызға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, біздің эмоциялық, физикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеді. Кейбір адамның санасында «жеке шекара» деген ұғым жоқ. Мысалы, ол біреудің затын рұқсатсыз алады, сұрамайды. Ондай адамдарда жеке шекара бала күннен қалып-таспағандықтан, өзгелердің шекарасынан рұқсатсыз өте береді. Өзгелер туралы жағымсыз сөз, өсек, әңгіме айту да жеке шекараны бұзуға жатады. Жеке шекараның бұзылуы психологиялық ауру-лардың пайда болуына әкеп соқтырады. Өзіңіздің жеке шекараңызды құрып қана қоймай, өзгелердің де шекарасына құрметпен қарау керек. 

– Жеке шекараны қалай құрамыз?

– Адамның жеке шекарасы анасының жатырында жатқан кезден басталады. Анасы жүктілік кезден бастап перзентіне жеке тұлға ретінде қарауы керек. Бала дүниеге келгеннен кейін де «ештеңе түсінбейді, әлі бала» деп қарау дұрыс емес. Балаларда бір жасқа дейін де сана қалыптасады. Сондықтан «ештеңе білмейді, түсінбейді» деп қарауға болмайды. Ата-аналар баланы тәрбиелеу кезінде көп қателік жіберіп, баланың жеке тұлға болып қалыптасуына кедергі жасайды. Балаға жеке тұлға ретінде құрмет көрсетпесе, оның жеке шекарасы мүлде болмайды. Балалар сөйлемесе де, әлі жүре алмаса да, өзіне ұнамайтын нәрсені эмоция арқылы көрсетеді. Осы тұста ата-ана баласына байыппен ненің қауіпті, ненің зиян екенін үйретуі керек. Ата-аналар психологиялық тұрғыда сауатты болса, баласы да сауатты болып өседі. Баланың физикалық қана емес, эмоциялық қажеттілігін де өтеуді ата-ана естен шығармағаны жөн. 

– Жеке шекараны кімдер бұза алады? Кімге бұзуға рұқсат етуге болады? Мысалы, отбасында жеке шекара сақталмауы мүмкін...

– Бала әрдайым ата-анасына тәуелді болады. Ата-анаға баланың шекарасын мүлде бұзбау мүмкін емес болып жатады. Мысалы, бала сабақ оқығысы келмей, ойынға қызығады. Сондай сәттерде балаға ұрыспай, сабырлық танытып, бірге үй тапсырмасын орындау керек. Бұл бала үшін өте маңызды. 1-сыныптан бастап қаламды балаңызбен бірге ұстап отырып, сабақ оқыңыз. Жеке шекараны медициналық, төтенше жағдайлар кезінде бұзуға тура келеді. Адам өмірін сақтап қалатын жағдайларда жеке шекара деп отырмайсыз. Дегенмен, ота жасайтын кезде де дәрігерлер міндетті түрде рұқсат сұрап, қолхат жаздыруы шарт. Сонымен қатар, қылмыстық әрекеттерді ашатын кезде, тінту, тексеру жұмыстарында, адамның қауіпсіздігін алдын алу шараларында жеке шекараны бұзуға болады. Бірақ оның да шегі бар. 

– Балаға «жеке шекара» құруды қай кезден бастап үйрету қажет?

– Дүниеге бала әкелуді ойлаған кезден бастап мұны қолға алу керек. Бала есейіп келе жатқанда үнемі әңгімелесу керек. Оған не ұнамайтынын, оның не қалайтынын толық білу керек. Одан бөлек баланы тыңдай білу өте маңызды. Баламен сөйлесіп, оның жеке шекара туралы ойын біліп, оны құруға ата-ана көмектесуі керек. 

– Көптеген адам жақындарының өтінішіне «жоқ» деп айта алмағандықтан, өз прин-циптерін бұзып, кейде өзіне ұнамайтын істі жасауы мүмкін. Бұл да жеке шекараның бұзылуы. Біз «жоқ» деп айтуды қалай, қай кезден бастап үйренуіміз керек?

–  Қай кезде «жоқ» деп айта алмасаңыз, сол сәттен бастап өзіңізбен жұмыс істей бастаңыз. Себебі, бұл бекер емес. Мысалы, кейбір баланың ата-анасы авторитар болуы мүмкін. Баласының пікіріне құлақ аспайтын, ешқашан тыңдамайтын адамдар. Өкінішке қарай, біздің қазақ мәдениетінде, тәрбиесінде осындай жағдайлар өте көп. Тек ата-анасының пікірімен ғана жүріп-тұратын, өмір сүретін балалардың саны көп. Байқасаңыз, кейбір адам жасы 30-дан, 40-тан асса да, әке-шешесімен ақылдасады. Бұл – бала кезден жеке шекараның қалыптаспауынан туындаған тәуелділік. Ата-анасына «жоқ» деп айта алмайтын балалар айналасындағы адамдарға да «жоқ» деп айта алмайтын болады. Егер сіз өзіңізге ұнамайтын істен бас тартпасаңыз, «жоқ» деп айта алмасаңыз, бірден оның себебін іздеп, өз психологияңызбен жұмыс істеп, жеке шекараңызды құруыңыз керек. 

– Жасөспірімдерге өзінің шекарасы болуы маңызды. Мысалы, мынандай оқиғаны қарастырайық. Мектепте, көшеде бөтен адам сыни пікір білдірсе, балалар бұны қалай қабылдауы керек? Мысалы, мектепте мұғалімдері «мынаны ки», «мынаны жасама», «дұрыстап отыр» деуі мүмкін немесе көшеде бейтаныс адам «Мынандай ауа райында неге жұқа киінгенсің?», «Тамақ жеу әдебін білмейсің бе?» деген секілді оғаш сұрақтар қоюы мүмкін. Осындай сәтте реакция қандай болуы керек?

– Әрине, барлық адамның өз шекарасы бар. Десе де, өзгелердің шекарасы басталған жерде оның шекарасы, құқықтары аяқталады. Бір бала үйінің еркесі болуы мүмкін, бірақ мектепте оған мұғалімдер ата-анасы секілді қарауға міндетті емес. Мұндай жағдайды әр адам әртүрлі қабылдайды. Бірі сын деп түсінсе, бірі ескертпе сабақ деп қабылдайды. Бұл осындай сынды айтқан адамның эмоциялық жеткізуіне де байланысты. Біреуі жаны ашып айтуы да немесе өкпе-ренішпен айтуы да мүмкін. Кейбір адам мұндай сөздердің бәрін сын деп қабылдайды. Себебі, оның санасында тек сын қалыптасқан. Оған дейін бұл баланы жиі сынап, ренжітсе, ол барлық сөзді сондай мағынада қабылдайтын болады. Егер бала өзіне сенімді әрі отбасында еркін өскен болса, мұндай пікірді жанашырлық бағытта қабылдайды. «Жеке шекарамды қорғаймын» деп мектеп тәртібін, заңды бұзуға болмайтынын ескеруіміз керек. 

– Адамның жеке шекарасы психологиялық, физикалық, эмоциялық болып бөлінеді. Қайсы бұзылған жағдайда біз көбірек қиналамыз?

– Қайсы бұзылса да, адамға дискомфорт береді. Сондықтан адам кез келген жағдайда өз шекарасын агрессиясыз, артық эмоциясыз қорғап үйренуі керек. 

– Жеке шекараның болмауы жасөспірімдер үшін қандай қиындық әкелуі мүмкін?

– Жеке шекарасы қалыптас-паған балаларда психологиялық, физикалық тұрғыда ақау болады. Физикалық тұрғыда біреуді ұру, итеру, бопсалау, төбелесу де жеке шекараны бұзуға жатады. Мұндай әрекеттер кейін зорлық-зомбылықтың ауыр түрлеріне жеткізуі мүмкін. Одан бөлек құпия мәліметтердің сақталмауы, біреуді рұқсатсыз суретке түсіру, аңду, буллинг, әлеуметтік желіде неше түрлі негатив пікірлер жазу да жеке шекараны бұзу боп саналады. Бұл жасөспірімдер арасында өте ауыр қабылданады. Психологиялық салмағы өте ауыр. Жеке шекараның болмауынан бала өзін қорқақ, осал сезінетін болады, кез келген нәрседен қорқып, тәуекелге барудан, қадам жасаудан жасқанатын болады, болашағына сенбейді... Мысалы, қазір бір-біріне қысым көрсетіп, қорқытатын жасөспірімдер туралы жаңалықтарды жиі көреміз. «Суреттерді жариялап жіберемін, анаңа айтамын» деген секілді алдамшы манипуляцияға жол беріп, бірін-бірі қорқытады. Сондай манипуляцияға еріп, жеке шекарасын қорғай алмаған жеткіншек депрессияға ұшырайды. Мұндай сәттерде ересек адам жанынан табылып, қорған болуы керек. Егер сіз жасөспірім шақта балаңызды қорғай алмасаңыз, оны қорғайтын арам ниеттегі, басқа ағым-дағы адамдар пайда болады. Сондықтан барынша сақ болу керек. Жеке шекарасы қорғалмаған бала уақыт өткен сайын әлеуметтік ортадан алыстап, адамдармен байланыс орнатудан қаша бастайды, яғни «социофобқа» айналады. Жеке шекараның болмауы адамның денсаулығына да, сана-сезіміне де, өмір сүру сапасына да қатты әсерін тигізеді. 

– Жалпы ата-ана баласына өтпелі кезеңде қандай қолдау көрсетуі керек? 

– Жасөспірім кезде адам осы өмірдегі өз орнын іздей бастайды. Өтпелі кезең – бала үшін де, ата-ана үшін де қиын кезең. Қазір баланы тек ата-ана ғана емес, қоғам, интернет тәрбиелеп жатыр. Сондықтан баласына дұрыс тәрбие беру ата-анаға өте қиын, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ата-ана күндіз жұмыста болған-дықтан баласына жеткілікті уақыт бөле алмайды. Дегенмен, кешке міндетті түрде балаңызға уақыт бөлген абзал. Баламен эмоциялық байланыста болу керек, оған барынша жылы қарым-қатынас таныту керек. Бала қандай оқиғаны айтса да, соңына дейін сөзін бөлмей, оған сеніммен қарап тыңдау керек. Себебі, ол өзінің көзқарасын, эмоциясын бөлісіп жатыр. Бала қателік жіберсе де ата-анасына жеткізуден қорықпайтын деңгейде сөйлесу керек. Оның қателігін ұрсып немесе ұрып емес, байыппен, ақылмен жеткізу керек. Өтпелі кезеңде баланың тамақ жеу рационына да мән берген жөн. Балаңыздың достарымен де қарым-қатынас орнату, оларды үйге шақырып, бірге тамақтану да өте маңызды. 

– Адам өзінің жеке шекарасын қалыптастыруда ұстану керек негізгі үш ережені атап беріңізші.

– Жеке шекараны қорғау – психологиялық денсаулықтың ең маңызды аспектісі. Ең алдымен, адам өзінің қалауын, қажеттілігін нақты білуі керек. Екіншіден, өз шекараларыңа сенімді болу. Біреу сізге ұнамайтын қағиданы ұсынса, өз шекараңызды қорғап, бас тарта білуіңіз керек. Өз шекараңыздан ұялмауыңыз керек. Үшіншіден, көмек сұраудан қорықпау қажет. Мамандарға, психологтарға жүгінуден қорықпаңыз. 

Психолог жеке шекара туралы қызықты ақпараттар айтты. Ал, сен, өз шекараңды қорғап жүрсің бе?

Сұқбаттасқан
Айдана ШАЛҚАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі

1745 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз