Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 29 Мамыр, 2023

Ақмола облысы өткен жылы 2,2 млн тонна астық экспорттады

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артып келеді. Өткен жылы облыс 2,2 млн тонна астық экспорттады.

Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың мәліметінше, облыс - еліміздегі ең астықты аймақтардың бірі саналады.

Облыс диқандары жыл сайын 5 млн гектардан астам жерге дәнді және бұршақ дақылдарын сеуіп, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуге сүбелі үлесін қосып келеді.

«Өткен жылы ақмолалық диқандар рекордты көрсеткішке қол жеткізіп, 5,3 млн тонна астық жинады. Гектар түсімі 11,6 центнерден айналды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1 трлн теңгеден астам болды. Бұл - еліміздегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі», - деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, өңірде 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару көлемі де артып, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 113,8% құраған.

Осылайша былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыс шаруашылықтары мен кәсіпорындары 432,2 млрд теңгенің өнімін экспорттады.

«Атап өтерлік жай, экспортқа тек шикізат қана шығарылмай, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері көптеп шығарыла бастады. Өткен жылы экспортқа шығарылған бүкіл ауыл шаруашылығы өнімдерінің 12,8 пайызы өңделген ауыл шаруашылығы тауарлары болды. 2022 жылы облыс шаруашылықтары 2,2 млн тонна астықты экспортқа шығарды. Алыс-жақын шетелдерге шығарылған астық көлемі 11 мың тоннаға, ұн көлемі 103,4 мың тоннаға артты», - деп толықтырды Қасым Итқұсов.

Сонымен бірге, Ақмола облысының бірқатар аудандары елордада азық-түлік белдеуін құру бағдарламасына қатысып жатыр.

2022 жылы азық-түлік белдеуін құру бағдарламасына қатысты 17,5 млрд теңгенің 32 инвестициялық жобасы жүзеге асқан.

«Өткен жылы 104 мал фермасын құру жоспарланған еді, іс жүзінде 111 мал фермасы құрылды. Осы мақсат үшін 4,5 мың бас ірі қара сатып алынды. Сондай-ақ, 2,4 мың басқа арналған 11 сүт өндіру фермасын құру жоспарланса, іс жүзінде 11 ферма құрылып, жоспарланған меже орындалды. Соңғы жылдарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге жете көңіл бөлініп, бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Өңдеуші саланы дамыту үшін облысымызда қажетті жағдайлардың бәрі бар. Ең алдымен, шикізат жеткілікті және өңдеуші кәсіпорындар құруға қажетті қаржы да бар», - деп түйіндеді басқарма басшысы.

Фото: ашық дереккөзден

255 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз