Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 31 Тамыз, 2023

Әділ Әжиев, архитектор-урбанист: Әркімнің ойында «арман қаланың» сызбасы бар

Астанада сәулет-құрылыс жұмыстары қызу жүреді. Тұрғын үй құрылысы да көп. Сонымен қатар мәселе де баршылық. Мысалы, көпшілікті қаладағы аялдама, жүргізуші жолағы, жаяу жүргінші жолы жағдайы алаңдатады. Өйткені қала көшелері кең, сәйкесінше көлік жылдам жүйткиді. Осы орайда архитектор-урбонист Әділ Әжиевпен сұхбаттастық. Алматының бас жоспарын құруға қатысқан маман елордадағы бірнеше мәселенің басын қайырды. 

– Әділ, Archode жобасында жұмыс істегеніңізді білеміз. Осы орайда Ас­тана қаласының архитектуралық ДНҚ-сы дейтіндей ғимараттар бар ма?
– Иә, Archode жобасы аясында Алматыны айшықтап тұратын ғимараттарды анықтадық. Жобаның мәні де  осында жатыр. Алматыда қаланың тыныс-тіршілігін, аурасын сездіретін көне ғимараттар бар. Оны заманауи нысанға айналдырып, жөндеу жұмысын жүргізудің қажеті жоқ. Сол үшін белсенді жастар бірігіп, мұндай нысандарды сақтап қалғымыз келді. Жастармен бірге біраз іс бітірдік деп ойлаймын. Мысалы, 2007 жылы АҚШ-қа work and travel бағдарламасымен барғанымда, Нью-Йорктегі жергілікті дүкендерден архитектура объектіне айналатын қаншама кітап табуға боларына таңғалдым.   strand 8miles of books дүкенінде бірнеше сағаттап отырғаным есімде. Елге келген соң табысымды кітап сатып алуға жұмсадым. Кейін аталған жоба аясында 200-ден астам ағылшынша кітаптарды алдырттық. Мұны өнер мұражайын әсемдеуге қолдандық. Маған үлкен тәжірибе болды. Ал Астанаға келсек, елорада бірнеше жобамен айналыс­тым. Басқа да архитекторлармен бірігіп жұмыс істедік. Қаладағы аудандарды зерттеп, тұрғындардан сауалнама жинадық. Қауіпсіздік, жайлылық  жайында сөйлестік. Бірнеше жылдар бойы қалада тұрып, зерттемегеннен елордадағы архитектуралық код болатын ғимараттарды білмеймін.
– Жарнамадан «арман қала» контексін жиі кездестіреміз. Ал  «Арман қала» атауы архитектура тілінде нені білдіреді? 
– Меніңше, әркімнің ойында өзі қалағандай «арман қаланың» сызбасы бар. Біреу зәулім ғимарат пен тоқтаусыз зырлайтын жолды ұнатуы мүмкін. Байқасаңыз, қазақстандықтар Дубайға барғанды жақсы көреді. Оларға қаладағы аспанмен таласқан ғи­мараттар мен көз жауын алатын дүние қызық. Ендігісіне Нью-Йорк ұнайды. Аталған қалада да Дубайға ұқсас зәулім ғимарат көп, түрлі саябақ бар әрі айналасын су қоршап жатыр.  Басқасына Копенгаген сияқты жаяу жүргіншіге бар жағдай жасалған қала ұнайды дегендей. Осындайда әлемде туристерге арнап бар жағдайды жасаған қалалар да кезігеді. Ал мұндай жер келушінің көңілінен шыққанмен, тұрғындарға ұнамайтыны белгілі. Меніңше, «арман қала» дегеніміз - қолжетімді кеңістік, қауіпсіз аймақ. Қарапайым тұрғынға да, зейнеткерге де, балаға да, мүгедекке де бірдей жағдай жасалған демократиялық аумақ. Жол қозғалысы ретті, жаяу жүргінші жолағымен алаңсыз діттеген жеріңе жететін орта. Қазір қалада самокат пен мопед көп. Бұл айтарлықтай қауіпті. Оған қоса қаладағы таза ауа мәселесін де ұмытпау керек. Сондай-ақ «Арман қалада» қоғамдық көліктің ыңғайлы болғаны соншалық, адамдар жеңіл көлікті ойына да алмауы керек. Автомобильді тек қала сыртына шыққанда қолданса жетіп жатыр. Оны да сатып алмай, ұзақ және қысқа мерзімде жалға алу жағын қарастырса деймін. Архитектура шеңберінде түсіндірсем, «арман қала» инклюзив, жайлы, халық игілігіне қызмет ететін жер. Жоғарыда айтқанымдай, әлеуметтік санаттың бәріне ыңғайлы мекен. Айта кетерлігі, құрылыс жұмыстарын жүргізерде ұзақ уақытқа шыдайтын материалдарды қолданған дұрыс. Көбінесе, жаңа құрылыс бірнеше жылдардан соң сыр беріп жатады. Сондайды болдырмау үшін барынша қадағалау керек. Елімізде бірқатар қала әлі жас. Соның ішінде Астанаға көпшілік көз тігіп отыр. Сондықтан осыған дейін жіберген қатені түзетіп, ойымыздағыдай «Арман қаланы» қалай тұрғызуға болады?. 
– Жаңбырдан кейін елорданың Венецияға айналатыны бар. Осы проблеманың шешімі бар ма? 
– Мәселенің түбі заманауи кәріз жүйесінің болмауына келіп тіреледі. Қала жазықта орналасқан. Салыстыра отырып айтсақ, Алматыда қаланың төменгі жағын су басады. Өйткені жоғары бөлікте құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жаңбырдан кейінгі су жерге сіңбей, төмен жақтағы көшелер мен үйлердің арасын шайып кетеді. Алматыда да жаңбыр суына арналған кәріз жүйесін жасау жолға қойылмаған. Бұл мәселені арық қазу арқылы шешкісі келгенімен, болмай жатқаны көрініп тұр. Меніңше, елордада инженерлік құрылысты дамытып, жаңбыр суына арналған кәріз жүйесін іске қосу керек. Кәрізге жиналған суды қайда жіберу керегін, пайдаланудың жолын ойлап тапса деймін. Мысалы, жазда бау-бақшаны сол сумен суғаруға болады. Оған қоса қыста жиналып қалған қарды ерітіп, жинап, кейін түрлі мақсатта пайдалануға болады. Өйткені еліміздің түрлі аумағында су жетіспеу проблемасы байқалып жатыр. Сондықтан қолда бар ресурсты кәдеге жаратпақ керек. Жаңалықтардан биыл елордада су тапшылығы болғанын, жиі су беру тоқтағанын білеміз. Жалпы, оңтүстік аймақта да бұл проблема бар. Егіс егетін, бау-бақша суаратын тұрғын үшін де алаңдарлық мәселе. Сондықтан білікті мамандар қар суын, жаңбыр суын өңдеп, белгілі бір нысанда қолданатын жүйе жасауы керек. Байқасаңыз, солтүстік аймақтарда қар қалың түседі. Әрі көктемге дейін ерімей, үйіліп жататыны тағы бар. Астананың өзінде әкімдік қарды тазалап, арнайы көлікпен қала сыртына апарып төгеді. Ал көктемде қалаға жақын елдімекендерде қалың қардан су басу және тағы басқа проблема болады. Мұның алдын алып, бір жүйеге келтіру өзекті. Жоғарыда айтқандай, көктемде Астанадағы қар ерігені заманауи кәріз жүйесі мәселесімен тоғысады. Тұрғындарға жайлы қала салу үшін осы екі мәселені реттеу керек. Тіпті, кәріз жүйесі туралы мысал әл-Фарабидің трактаттарында да кездеседі. 
– Бұдан кейін тұрғындар қауіп­сіздігі бірінші орында тұрады. Әсіресе, мүгедектердің мүмкіндігі маңыз­ды. Осы орайда қалада жерас­ты жолы, аялдама мен жүргінші жолағы талапқа сай ма? 
– Жалпы тұрғындарға жайлы қалада жерасты жолы болмағаны жөн. Әрине, кейбір аумақта, вокзалдың маңына жерас-ты жолы керек. Жайлы қалада алдымен жаяу жүргінші жолағы мен қоғамдық көлік, содан кейін ғана автомобильге басымдық береді. Мұның бәрі дұрыс түзілген архитектура жобасы мен ландшафт дизайнына байланысты. Қала ортасында автобан салып, жылдамдықты асыратын көліктің көбей­гені дұрыс емес. Көше­дегі жол тора­бы тығыздалған сайын жылдамдық азаяды. Әр бұрылыс сайын бағдаршам қойып, түрлі амалды қолдану керек. Адамдар өзін жайлы сезінуі, қауіпсіз ортада жүргенін білгені маңызды. Мысалы, елорда көшелері кең әрі үлкен. Бұл көліктің барынша жылдам жүруіне жағдай жасайды. Тұрғындарға келесі бұрылысқа жету үшін бір-екі шақырым жаяу жүрген ұнамайды. Сондықтан өздеріне қалай ыңғайлы, солай жолды кесіп өтеді. Мұның қауіпті екені айтпаса да белгілі.  Сондай-ақ қалада жаяу жүргінші жолына да аса көңіл бөлінбеген. 
– Елордадағы жаңа аудандардың жағдайымен таныстыңыз ба? Көлді жасанды құрғатып, оның орнына тұрғын үй салудың зардабы бар ма?
– Тұспалдап тұрғаныңыздың кіші Талдыкөл екенін жақсы білемін. Бұл жайын­да бірнеше рет мәлімдеме жасадым. Табиғат ананың адамға берген сыйын қолмен жоқ ету дұрыс емес. Қала ландшафтын бұзу қателік. Елорданың табиғи ландшафтын сақтап, көркейту керек. Өйткені Астанада жер көп. Неге қолда барды кәдеге жаратпай, жоқ нәрсені жасауға бейімбіз? Керісінше саябақ салуды, демалыс орындарын көбейтуді қолға алу керек. Қала ішіндегі экожүйе таптырмас ресурс екенін білген дұрыс. Экожүйеге қатысты БҰҰ ұсынысы барын ұмытпайық. Экономика мен экологияға да зауалын тигізеді.  
– Қалада ЛРТ-ға қатысты сауал көп. Бірі құрылысты тоқтату керек десе, ендігісі ЛРТ жолағын трамвай жолағына айналдыру қажетін айтады. Сіздіңше жобаның келешегі бар ма?
– Әуелден ЛРТ жолағын эстакадада емес, төменнен жүргізу керек-ті. Электрлі трамвай жолына ұқсатып, әуежай мен вокзал арасын қосуға болады.  Инженерлерді тартып, ЛРТ-ны жер арқылы жүргізіп, инфрақұрылымды жоба жасасақ, әлдеқайда арзанға түсер еді. Рельстер арқылы өту жолын реттесек, эстакадаға қарағанда тиімді болмақ. Өйткені эстакаданың құрылысы да, оған шығып-түсу де күрделі әрі қызмет көрсету бағасы қымбат. Не дегенмен, ЛРТ жобасын соңына дейін жеткізу керек. Әлемде өз бағасынан әлдеқайда қымбатқа түскен құрылыс нысандары бар. Мысалы, Сидней опера театры өз бағасынан шамамен он есеге қымбатқа түсті. Мұнымен тоқтамай опера театры салынды. Қазір қаланың ең көрікті ғимараттарының бірі. Сол сияқты біз де жоғарыдағы жобаны соңына дейін жеткізіп, нәтижесін көруіміз керек. Оған қоса бетон бағаналарының бос тұрғаны да қаланың ажарына сын. 
– Заманауи ландшафт архитектурасынан 100 жылға артқа қалғанымыз рас па? 
– Астана – мүмкіндіктер мекені. Бұл қалада заманауи ландшафт архитектурасын еркін дамытуға болады. Мұндай архитектура түрінде адамдар қолында барын кәдеге жаратады. Сол жердегі барды барынша гүлдендіріп, халық игілігіне ұсынады. Осындайда кіші Талдыкөл мәселесін көтеретініміз содан. Керісінше, билік Талдыкөлді көркейтуді назарға алуы керек-ті. Ол жерді құрғатып, түрғын үй салу уақытша табыс әкеледі. Кейін бәрібір жобаның дұрыс емесіне көзі жетеді. Ал құрғақ жерден саябақ жасап әлек. Миллиондаған қаржы салып, жоқтан бар жасауға құмармыз. Ол жерді тұрақты суғаруың, ақша мен ресурс жұмсауың керек. Біз бұдан ешқандай пайда таппаймыз. Заманауи ландшафт архитектурасының мәні – бар дүниенің барлық жақсы жағын көрсетіп, дамытып, пайдалану. Жайлы дүние жасау, қолжетімді қызмет көрсету бағасын ұсыну тағы бар.  Әлемнің дамыған елдері де осы әдісті ұстанады. Сол арқылы турист тартуға тырысады. Табиғи экожүйе – таптырмас байлық. Архитекторлар да осыны алдыңғы орынға қоюы керек. Қаладағы мүмкіндіктерді заманауи технологияның көмегімен демеп, халыққа жағдай жасауға болады. Мысалы, Талдыкөл маңында құрылыс көп. Бірақ тұрғындарға кедергі жасап жатқан жоқ. Неліктен? Себебі көл суы ауаны ылғалдандырып,  құрылыстан шыққан шаңды басады. 
– Егер елордадағы кез келген жобамен айналысуға мүмкіндігіңіз туса не істер едіңіз? 
– Жоғарыда айтқанымдай, Астанада бірнеше жобамен айналыстым. Бірақ көбінесе архитектурадағы жолым Алматымен байланысты. Кез келген жобаға кіріспес бұрын барынша зерттеу жүргізу керек. Сол сияқты елордада жоба жасаудың жолы түссе, қаладағы кем-кетік пен артықшылықты барынша зерделеймін. Әзірге мұндай мүмкіндік туған жоқ. Алайда ойымда жүрген бірнеше ұсынысты айтайын. Мәселен, елорданы желден қорғау үшін жасыл желек отырғызу қолға алынған. Меніңше, қала халқын түгелдей қамтамасыз ететін агрокешен керек. Қала сыртында орналасқан кешен адамдарды жұмыспен қамту проблемасын шешуге көмектеседі. Қазір көп нәрсе автоматтандырылған дегенімізбен, айтқандай жұмыс орны керек. Әрі жеміс-жидек, көкөністерді алыс аудандардан тасу тиімсіз. Қала тұрғындары балғын өнімдерді тұтынуға құқылы. Егер мүмкіндік болып жатса, ел көңілінен шығатын осындай кешен құрылысына атсалысар едім. Одан бөлек, қалаға әлі де бірнеше көпір керек. Оң мен сол жағалау қатар дамуы керек. Сонда қаланың заманауи көшке ілесіп, барынша дамып жатқаны білінеді. Екі араны қосатын көпір бұған мұрындық болар еді. Оған қоса халық та екі жағалауға жету үшін әуреге түспей, артық энергия тауыспайды. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Айзат Айдарқызы

2472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз