Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 31 Тамыз, 2023

Мал азығы мол ма?

Нұрболат Абайұлы,

«Ana tili»

Халқымызда «қыстың қамын жаз ойла» деген тәмсіл бар. Осы сөздің бір парасы мал азығына келіп тіреледі. Дәл қазіргі таңда еліміздің барлық аймағында мал азығын дайындау науқаны қауырт жүріп жатқаны белгілі. Тіпті көктем ерте келіп, жер тез қызып, табиғи және екпе шөп ерте көктейтін оңтүстік облыстарда үшінші, төртінші шабу жұмыстары жүргізіліп, науқан аяқталып та қалған жағдайы бар. 
Бұл жөнінде Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында да айтылды. Егін жинау науқанына дайындық барысы мен жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады. Оның айтуынша, биылғы қолайлы жағдай егін орағын уақтылы бастауға мүмкіндік берген. Бүгінгі күні рес-публика бойынша барлығы 2,4 миллион гектар немесе 14,1 пайыз дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналған. Орташа түсім гектарына 11,5 центнер болып, 2,8 миллион тонна астық бастырылған. Мұның бірінші, екінші сұрыптары ұнға тартылып, ел тұрғындарының қажетіне жараса, үшінші және төртінші сорттары мал азықтық жемге пайдаланылады.

 

Солтүстік облыстарда құрғақшылық

 

Жоғарыда айтылған ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жиналатын алқабы 24 миллион гектар болса, соның 13,7 миллион гектары бидай, 2,8 миллион гектары майлы дақылдар, 188 мың гектары картоп, 165 мың гектары көкөніс екен. Осы арада айта кетер бір мәселе, дамыған Еуропа елдерінде майлы дақылдардан асқа пайдаланатын май алса, қалдығынан мал азықтық жем дайындайды. Сондай-ақ көкөністердің адам жеуге жарамсызын өңдеп, мал азығына айналдырады. Өкінішке қарай, мұндай технология біздің елде әлі енгізілген жоқ. Сондықтан да Ауыл шаруашылығы министрінің баяндамасында бұл туралы ақпарат айтылмады. Есесіне министр мырза жетістіктерін тізбектеді. Әйтеуір сөзінің соңында бірқатар өңірлерде диқандар құрғақшылық пен егістік суының жетіспеушілігіне байланысты қиындықтарға тап болғанын тілге тиек етті. Осы ретте өңірлік ауқымды төтенше жағдай жариялау және шаруалардың шығынын жабу, субсидияларды жеделдетіп төлеу және несие мерзімін ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл негізінен Жамбыл облысындағы 6 ауданның дихандарына байланысты. Атап айтқанда, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас, Рысқұлов аудандарында егістік пен көкөніс алқаптарын суаратын су тапшылығы қатты сезілген. Себебі тамыз айының басынан бас­тап Қырғызстанның Киров су қоймасынан келетін су көлемі он есеге дейін азайған. Жылда шілдеден соң беті қайтатын шіліңгір ыстық биыл тамыздың ортасынан асса да аптабы басылар емес. Абырой болғанда көктем мен жаз басындағы жауын-шашынның мол түсуіне байланысты бұл өңірдегі көп жылдық шөп алқаптары өнім беріп, үш рет шауып алған. 
Қыста қар мол түсіп, көктем, жазы жаңбырлы болатын солтүстік облыстарда биыл құрғақшылық болып тұр. Әсіресе, Павлодар облысының бірнеше ауданына көктемде таситын Ертіс өзенінің суы жетпей қалған. Соның салдарынан мал азықтық шөп алқаптары жаз басынан-ақ өсуін тоқтатқан. Шаруалар дабыл қаққан соң Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов облысқа барып, өңір басшылырымен кездесіп, диқандардың шағымын тыдады. Өңір шаруаларының ұсыныс, талабын диқаншы Зейнолла Сәлменбаев төмендегіше жеткізді.
– Көктемде Ертіс суы кемерінен аз асты. Соның салдарынан тоғайдағы түбектерге қарғын су жеткіліксіз келді. Оның үстіне көктем мен жаз басында жаңбыр да аз жауды. Осындай себептерден тоғай мен қыр шөбі көтерілмей қалды. Мал азықтық шөп бар болғанымен бітік емес, және жылдағыдай бойлап өспеді. Селдір және жатаған шөпті шапқанымызбен жанар май мен техникалық шығындар өтелмейді. Ал егістік алқаптардың 30 пайызы күйіп кетті. Сондықтан Үкімет көмектесіп, өңірде төтенше жағдай жарияламаса жағдайымыз қиын.
Мұндай қиын жағдайға Қостанай облысы да тап келді. Бұл өңірде де жауын аз жауып, жаз ортасында «шегіртке шабуылына» ұшырады. Қайта диқандар дер кезінде дабыл қағып, Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы комиссия құрып, зиянкестерді жерден де, көктен де улаудың нәтижесінде, облыстағы 4,6 миллион гектар егіс алқаптың 500 мың гектары зардап шеккен. Бұл да аз шығын емес. Қостанай облысында егін орағы енді басталатындықтан, «шегіртке шабуылының» шығыны кейінірек белгілі болады...

Арзандатылған жанармай жеткіліксіз...

 

  Шаруаларды шаршатып отырған мәселенің тағы бірі, Үкімет уәде еткен арзандатылған жанармайдың жеткіліксіздігі. Көктемгі науқан кезінде жанармай бекеттерінде 295 теңгеден сатылып жатқан жанармайды Үкімет литріне 205 теңгеден белгілегенімен, шаруаларға жеткізу құнымен өңірлерде 250 теңгеден сатылған. Онда да шаруашылықтардың өңдейтін жер көлеміне қарай 1-2 тоннадан ғана берілген. Бұл жанармай бір науқаннан артылмайтыны және белгілі. Ал мұндай жанармай мал азығын дайындайтын уақыт пен егін орағына әр өңірге әр қалай бөлінген. Соған байланысты әр өңірдегі шөп бағасы да әр түрлі құбылып тұр. Мәселен, Атырау облысының Қызылқоға ауданында табиғи қоға шөбі биыл жауын-шашынның мол болуына байланысты бітік шығып, бойлап өскен. Сондықтан да облыс бойынша техника мен адам күшін жұмылдырып, 22 бригада шөп шабу науқанын атқаруда. Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әділет Шаймардановтың айтуынша, аудандағы шабындық алқаптың бәрі шабылып, тырмаланып және тайланған. 400-500 келі тартатын бір руллон шөптің құны 4-6 мың теңге екен. Ал оны көрші аудандарға тасымалдап жеткізгенде 15 мың теңгеге шығып кетеді екен. Шаруалар «бар мәселе жанармай мен техника бөлшектерінің қымбаттығында» деп отыр. Бірақ осы арада алыпсатарлықтың да шеті байқалады. Олай дейтініміз, батыстағы Орал облысы Бөрілі ауданында да биыл табиғи шөп бітік шыққан. Бұл аудандағы бірнеше шаруашылық лезинингпен жаңа техника алып, жеңілдетілген жанармайға да қол жеткізіпті. Қанай ауылдық окурігінің әкімі Есбол Бахиевтің айтуынша, шаруа қожалықтарына мемлекеттік жеңілдіктің бәрін жасай отырып, әкімшілік олармен мал азығы бағасын қымбаттатпау жөнінде келісімге келген. Онда бір руллон шөптің бағасы 6-8 мың теңгеден айналыпты. Ал «Бекболатов» және «Кузнец» шаруа қожалықтары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бір көлік шөпті тегін жеткізіп беруді міндеттеріне алған. Бұл енді үлгі алатын-ақ іс. Мұндайды халқымыз «ұйымдастыра білген ұтады» деуші еді.
Осы арзандатылған жанармай мәселесіне қатысты Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, егін жинау науқанын уақтылы жүргізу үшін 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті. Шілде-тамыз айларында 119 мың тоннасы немесе 28 пайызы өңірлерге жөнелтілген. Жанармай қозғалысын бақылау және ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша шаралар қабылданған. Олардың ішінде жеке ПИН-кодтарды белгілеу, дизель отынын сары, көк және қызыл түстерге бояу, жеке виртуал­ды қоймалар құру сияқты шаралар бар. Вице-министрдің мәліметіне қарағанда осы арзандатылған жанармайды жеткізуде тиісті органдар кешеуілдегенін байқауға болады. Себебі оңтүстік облыстарда мал азығын дайындау науқанының алғашқы орымы мамырдың соңы мен маусымның басында басталып кетті. Ал олар «арзандатылған жанармайды шілде, тамызда жөнелттік» дейді. Үкімет отырысында бұл мәліметті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мақұлдады. Сонымен қатар мал азығын дайындау науқанының жүзеге асырылу барысын баяндап берді. Облыс әкімдері «бәрі қарақаттай» деді. Оны енді қыс пен көктемде көреміз...
  Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов шаруа­ларға жеңілдетілген жанармай нарық­тық бағадан 15 пайызға төмен бағамен, яғни литріне 250 теңгеден 426 мың тонна дизель отыны бөлінгенін айтты. Сондай-ақ мал азығын дайындауға 140 миллиард теңге бюджеттік несие беру жоспарланыпты. Жаңадан жиналған астықты форвардтық сатып алуға 81 миллиард теңге тағы бөлінген. Мұның сыртында биыл мал азығын дайындауға арналған техника мен суару жүйелерін сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 миллиард теңге және бөлініпті. Мал азығын дайындауға биыл бөлінген қаржының көлемі қомақты-ақ. Алайда соның шаруаға жетуіне келгенде көңілге күдік ұялайды...

Техникаларының 70-80 пайызы тозған

 

Мал азығын дайындау ісінде және бір түйіткілді мәселе, ауыл шаруашылық техникаларының тозғандығы. Шаруалардың көпшілігі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары шыққан, колхоз, совхоздардан «мұраға» қалған Т-40, ЮМЗ-80 секілді тракторларды жамап, жасқап жүргізіп жүр. Олардың бөлшектерінің көбі Ресей мен Қытайдан келеді. Бағалары долларға тәуелді болған соң қымбат. Ресми мәліметтерге қарағанда, ауыл шаруашылығы техникаларының 70-80 пайызның тозығы жеткен. Үкіметтің «лизингтік бағдарламасын» шаруалардың бәрі түсіне бермейді. Ал аудан, ауыл әкімдері мен ауыл шаруашылық басқар­масының мамандары бұл мәселені диқан­дарға жеткілікті дәрежеде түсіндіре қоймайды. Бұл жөнінде бізге Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы «Сатылған» шаруа қожалығының басшысы Алмат Сатылғанұлы айтып берді.
– Осы лезинингке техника алу жолдарын оншақты жыл бұрын Алматыдан ауылға келген бір журналист ағамыз айтып берді. Қатты қызықтым. Себебі ол кезде ескі техниканы күнара жөндеп, қиналып жүргенбіз. Аудандық әкімшіліктегілерге барсам, ол туралы ақпаратты олардың өздері білмейді. Содан облыстық әкімшіліктен таныс тауып, құжаттарын жоғарыдан бастап жөндеттім. Сөйтіп, алты жыл бұрын осы бағдарламамен белоруссиялық жаңа тракторды агрегаттарымен алдым. Алғашқы жарнасы екі миллион теңгеден асты. Қалған жиырма миллион құнын мерзімінен бұрын төлеп бітірдім. Жаңа техника деген жанның рахаты екен. Көктемгі, жазғы, күзгі науқандарда тәулігіне 12-14 сағатқа дейін жұмыс істеген кездерім болды. Ол ескіре бастаған соң оны сатып, биыл тағы да лезинингпен одан да қуаттысын, жаңасын алдым. Жалпы жаңа техника алудан қорықпау керек. Күтіп, техникалық талаптарын сақтап жүргізсе жаңа техника 4-5 жыл бұзылмастан жүреді.
Иә, Алмат Сатылғанұлы секілді тәуекел ететіндер аз. Себебі біздің қоғамда ли­зингтік бағдарламамен техника алу үшін сауаттылық, пысықтық және тамыр, таныс керек-ақ. Сондықтан Үкімет бұл бағдарламаның насихатын көбейтіп, барлық шаруаға қолжетімді болу жолдарын қарастыруы қажет. Олай болмаған жағдайда ескі техникамен жұмыс өнімділігі артпайды, мал азығын жеткілікті дәрежеде дайындап ала алмайды. Ал оның соңы ел тұрғындары тұтынатын азық-түліктің қымбаттауына апарып ұрындырады.

 

«Азия даусы» аяқталуға таяу

 

Осыдан 15 жыл бұрын біздің ауылда шөп шабу науқанын «Азия даусы» деп атайтын. Ол кезде елдің бәрі жаппай техникаға көше қоймаған уақыт. Ауылда тұратын ата-анасына шөп шауып беру үшін қаладағы балалары еңбек демалысын алып, тамыздың басында елге оралатын. Әкелері шалғыларын шыңдап, айыр, тырмаларын сайлап, дайындап тұратын. Қаланың ыстығынан зәрезеп болған сабаздарың әр сайға барып шатыр, қос тігіп алып, таудың салқын ауасында шөп шабатын. Бала кезде машықтанған жұмыстарын құлшына істеп, қол шалғымен-ақ, қырдың шөбін тау қопарғандай шауып тастайтын. Жыл бойы қалада жүріп құрысып қалған бұлшық еттерін бір созып, рахаттанып-ақ қалатын. Малды ауылдан марқа қозы алдырып сойдырып, қымыз ішіп, ет жеп, қуаттарына қуат қосатын. Алматыда кездеспегендер ауылда кездесіп, бір-біріне көмектесіп, асарлатып шөп шауып, мәре-сәре болатын. Құдды шөп шабу науқаны олар үшін мерекедей еді. Сондықтан да ауылдың айтқыштары шөп шабу науқанын «Азия даусы» деп атап кеткен. Дәл сол уақытта Алматыда «Азия даусы» ән байқауы жүріп жататын. Ауылын сағынып келгендер кешке қымызға қызып алып, олар да «Ауылым» әнін шырқайтын. Ол өзінше қызық дәурен еді. Ауылда «шөп сату» деген істі естімейтінбіз. Керісінше, «кеше ана достың үйіне шөп жеткіздік, бүгін біздің кезек, ертең ана досқа апарамыз» деген әңгімелер айтылатын. Сонан соң бос шөпті көлікке кірпіштей етіп, қырлап басатын шеберлер туралы аңыздар желдей есетін. Ондай шөп басудың шеберлерін аттай қалап, шақырып алдыратын. Ол уақытта қол еңбегін ешкім пұлдамайтын. Бәрі бір-біріне көмектесіп жүре беретін.
  Содан кейін шөп шабу науқанын ауылдағы ел техникамен атқара бастады. Техника соншалық көп емес. Сонда да жан қинамайтын «жаңашылдыққа» тұрғындар тез үйренді. Бүгінде қол шалғы, айыр, тырма дегендерді емге таппайсыз. Техникасы бар бір шаруаның соңынан кезекке тұрып, оншақты адам жүреді. Техникамен шабады, тырмалайды, жинайды, тасиды, текшелеп жинайды. Осы тірліктің бәрін техникамен істеген соң, оның әрқайсысына жанармай мен жағармай жұмсалғандықтан, шөптің құны қымбаттайды. Мәселен, Алматы облысы Райымбек, Кеген аудандарында бір рулон шөптің құны 15-16 мың теңге. Таулы өңірлерде жаңбыр жиі жауатындықтан, шөп бітік шығады. Алайда таудағы шабыс­тарды қол шалғымен шаппаған соң мал табанында тапталып қалуда. Ал тепсеңдер мен жазықтардағы шөп техникамен шабылып, қымбаттап жатыр. Қарап тұрсаң, мал азығын дайындау науқанында Үкімет кемшілікке жол берсе, халықтың өзі екінші жақтан қымбатшылыққа себеп болып отыр. Мұны енді кім реттейді? 
 Қалай болғанда да тамыз айының соңына жеттік, яғни «Азия даусы» бітуге таяу...

5263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз