Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Қыркүйек, 2023

Ұмтыл Зарыққан: Өлең деген – сұлулықта ояну

– «Шын мәнісіндегі қаламгер – өз заманының жыршысы деп ойлаймын. Біз көктен түскен жоқпыз, кешегілердің жалғасымыз, бүгінгі заманның иесіміз» де­геніңіз бар. Өзіңіз қай ақынның қала­мы­на төселдіңіз, жазбасын жаныңызға жақын тарттыңыз?
– Көбіне бір күнгі ойың, бір күнге ұқсамайды. Қайшылыққа толы. Таңертең автобуста кетіп бара жатып ойлаған ойыңа, танымыңа, кеште сол автобуспен қайтып бара жатып іштей қарсы шығып бара жатасың. Өзіңмен өзің арпалысасың да жүресің. Өзіңнің ішіңе өзің түсіп кетіп малтығасың. Содан бір барақат табатындай. Соны бір демеу көретіндей. Айнала жүдеу. Сен жалғыз. Бейне іңір қараңғысында жортқан жалғыз атты жолаушы сияқтысың... «Басында Хазіреттің шәкірті едім, осы өлең орта жолдан бұзды білем» деп Ақан сері жырлағандай кеп қой біздікі де. Тұтас өмірімді, болашағымды әдебиетпен, поэзиямен байланыстырып көрмеген пенде едім. Есейіп, ержетіп қалған шағымда да алдағы тағдыр-тәлейім сөз өнерінің айналасында болады деп ойласам нетті? Дегенмен, әдебиетті, өнерді, әсіресе сурет, құснихат өнерін жаныммен жақсы көретінмін. Оқушы кезімде хаткерлік шеберлікті бір кісідей меңгергенім бар. Байтұрсынұлының әліп­биі хаткерлікке сұранып-ақ тұр ғой, шіркін. Бейне мешіт қабырғасында әс­петтеп, көркем жазылатын құран аяттарындай, ақ қағазға құснихаттың неше түрлі үлгілерін түсіретінбіз. Демек, өнерге деген, эстетикалық сұлулыққа деген құштарлықтың күретамырымда бүлкілдеп жатқаны аян болып тұр ғой... Бір күні. Бәрі сол бір күннен басталады. Қолыма жасыл мұқабалы, іші-сырты әдемі әдіптелген жыр жинағы түсті. Құныға оқи жөнелдім. Содан сол кітапқа арбалдым да қалдым. Нағыз өлең, нағыз поэзия тура осындай болуы керек деп шештім. Содан бастап сол кітаптың шалығы ұрды. Содан бастап поэ-зия әлемінің тұңғиығына бірте-бірте бойлай бердім. Шырмауықтай шырмалдым. Бір өлеңнен басқаның бәрі адыра қалды. Бұл белгілі ақын Мұрат Шаймаранұлының «Түнгі сарын» жыр жинағы еді. Менің көркем ойлау жүйемнің барынша нәзік һәм өміршең болып қалыптасуына жол ашқан бұл кітапқа мен қашан да қарыздармын. Бұл туралы «Әдебиет порталында» «Жасыл түнмен тысталған кітап» деген эссемде жазғанмын. Оны қайталамай-ақ қояйын. Содан кейінгі шығармашылық жолыма жарығын түсірген кітаптардың бірі – Омарғазы Айтанұлының «Сәукеле» атты жыр жинағы. Мен бұл кітапты жатақханада тұрғанымда бір апталық тамағымнан үнемдеп сатып алған едім. Содан бері жиырма жыл өтті. Әлі күнге бірге жасасып келеміз. Әлі күнге ондағы өлеңдердің құпиясын аша алған емеспін. Ынтызарлықпен ауық-ауық оқимын да жүремін. Бұл жинақты Омарғазы Айтанұлы қайтыс боларынан бір жыл бұрын өз қолымен дайындап, баспаға ұсынып кеткен болатын. Демек, ақынның жанына ең жақын, таңдаулы туындылары енгізілген. Омарғазы Айтанұлы – шын мәніндегі қазақ поэзиясының реформаторы. Ұлы суреткер. Ұлы ақын. Проза, поэзия, әдеби сын, драматургия сынды әдебиеттің барлық жанрында өнімді еңбек еткен тұлға. Омарғазытану, Омарғазы әлемін ашу бүгінгі әдебиеттану ғылымы үшін кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болуы керек еді. Сұрағыңызға орай, бұл екі кітапты арнайы, қадағалап айтып отырған себебім: бұлар менің тым жас, бейуаз бозбала кезімде оқыған, мол эстетикалық күш-қуат берген, көкжиегімді кеңейтіп, санамды сілкіндірген кітаптар. Егер  бала кезіңде, өнерге алғаш қадам басқан тұсыңда, поэтикасы биік, парасатты дүниелер оқымасаң, сол жер бауыр-лап қалған күйі қала бересің. Өйткені, бала кезіңде оқыған кітаптың беретін күшімен ешнәрсені салыстыруға келмейді. Одан кейін де небір ғаламат авторларға кезіктік. Оныншы сыныпта Лермонтовтың «Заманымыздың қаһарманы» романын үш рет қайталап оқығаным есімде. Жуықта қайыра бір оқып шықтым. Осы қатарға Байрон мен Фетепиді қосар едім. Бұлар мәңгілік ақындар, мәңгілік шығармалар ғой. Бұлар мені балаң кезімде, қанаттарымен желпіп зәу биікке талпындырған кітаптардың бір парасы. Шамамызша оқыдық, үйрендік. Бұл үдеріс еш уақытта тоқтатамайды. Өмір барда жалғаса береді. 
– «Ақынның жүрегін жарып шыққан өлеңі оқырманның көңілінен шықса, адамның жанын емдеуге, өмірді нұрлы етіп көрсетуге қызмет етеді» дейсіз. Ақын ақын болып туа ма?
– Ақын ақын болып туады. Ол және өз қасіретін өзімен бірге ала келеді. Яғни өз қасіретімен бірге туады. Қасіретті дүниеден ғана қасиетті өнер туса ләзім. Екеуі – егіз ұғым. Қасірет ол – әкең өліп жетім қалу, я, үйсіз-күйсіз жүру емес. Ол – парасатқа суарылған киелі дем. Өжет, өткір, өміршең, қайсар мұң. Ал ақынның қасіреті бодандыққа суарылса, ол енді трагедия. Ақын болып өлу – ол өз алдына бір ғанибет. Құдайдың сыйы.
– Өлең деген сіз үшін не?
– Жазушы Таласбек Әсемқұловтың тілімен айтсақ, өлең – эстетикалық ар-ұят. Өлең – «Сұлулықта ояну». Былайғы жұртқа асылық көрінер. Бірақ ақиқаты сол, өлең – Тәңірдің күбірі, ыстық демі. Құдай­дың сиясы. Ал біздің жазған-сыз­ғанымыз ол мүддеден шықты ма, көр жерді қаузап жүрміз бе, ол басқа әңгіме. Ақиқи пайымы – сөздің құдіреті мен киесінде. 
– Өлең жазғанда көбінесе қандай тақырыпты қозғағыңыз келеді?
– Тақырып мәселесіне соншалық­ты мән беріп көрмеппін. Жанымның әлдиін, ділімнің уілін бебеулете жазғым келеді. Өміршең болса дейсің. Ешкімді қайталамасам дейсің. Ішіңдегі үңірейіп жатқан үңгірді, бостықты толтырсам, адақтасам, арылсам дейсің. Ал бұл өте қиын. Қазір өлең туралы көзқарастар мен пікірлер айнымалы, құбылмалы һәм күрделі. Талап тым биік. Жазғаныңа қарап, қарадай құлазисың кейде. Безіп кеткің келеді. Жылдап жазбай кеткен кездеріміз де болды. Бәрібір, қайырылып қазығыңа қайта айналып келесің.. Басқа барар жер, басар тауым қалмағанда айналып өлеңге келем. Жарық жалғаннан тапқан панам, әзірге осы – қазақтың қара өлеңі.
– Бүгінгі қоғамда сөз арзан ба, қымбат па?
– «Сөзімнің салмағы кетіп, самалы қалды» дейді екен ғой бұрынғылар. Торыққанда. Қазір «Жеңілдігі көбіктей» (Жұмекен) сөздің, өнердің дәуірі жүріп тұр ғой. Абайда, Шәкәрімде, Мәшекеңде есті сөзді ұғарлық сұңғыла сана, нұрлы жүрек іздеп аһ ұрып өткені аян. Ал ол кездегі қазақтың кеудесі шалқақ, десі басым еді. Бүгінгі ұрпақтың сөзге иіп, жүйеге жығылатын мәрттігін көре қалсаң, жолында шейіт кеткің кеп тұратыны содан шығар. Бұл өзі қайыру бермес ұзақ әңгіме. Бір анығы – шын өнер қашанда азшылықтың бағы мен сорына ғана біткен. Оның досы – жалғыздық.
– Шын ақын қандай? Заманның шын­дығын дер кезінде басып айтатын ба?
– Шын ақын – шығармашылық потенциалын ең ұлы шындықтарға жұмсайтын ақын болса керек. Шын ақынның тағы бір кісілігі – құрбандыққа бара алу.
– Бүгінде қаншаға тарта өлең жыр­ларыңыз бар?
– Қазірге шағын екі жыр жинағым шықты. Әдеби танымдық мақалаларым да бір кітапқа жүк болып тұр. Өлеңді түйе боталағандай өте аз жазатын адаммын. Жанымды аяғандықтан емес, дұрысы өлең жазғаннан қорқам. Өлең жазу деген – өзіңді өзің тергеу, өзіңді өзің боршалау ғой. Оған ұзақ төзу мүмкін бе? 
– Өлең жазу үшін іштей дайындаласыз ба? 
– Иә, ішімде көп сақтаймын. Бауырымда ұзақ шайқаймын. Кейде қайта-қайта жөндеймін. Ал кейде шабыт деген дүниені қолыммен ұстап, көзіммен көріп тұрғандай нөсерлетіп аламын. Өкініштісі, ондай сәттер жиі бола бермейді. 
– Ақынның арманы?
– Менің арманым – қатардағы көп пенденікіндей қарапайым. Ел мен жердің, отбасымның амандығы, тыныштығы. Балаларымның адам ретінде жай ғана бақытты өмір сүруі. Ал іштегі қыжылым – өлеңімнің өзімнен бұрын көрге түспеуі. Сонымен бірге мен жыр жазған тілдің өміршеңдігі мен тазалығы. 
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Б.Сұлтанқызы

5806 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз