Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Қыркүйек, 2023

Биологиялық қауіпсіздік

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»

Адамзат қауіпті вирустан қорғалған ба? 

2019 жылдан бастап дүние жүзін шулатқан, соның салдарынан миллиондаған адам қайтыс болған індетті жұрт ұмыта қойған жоқ. Оған дейін вирус деген қауіптің бар екенін білсе де, оны зерттеуші ғалымдар, лабораториялар, бүтіндей институттар жұмыс істеп келгенінен қалың көпшілік онша хабардар емес еді. «Ковид-19» тым тез таралып қойған жоқ, өршуі мен адам шығыны жөнінен барлық мемлекеттерді алаңдатарлық деңгейге жетті. Дамыған ХХI-ға­сырдағы ғылым да қапелімде мұндай індеттің алдында қауқарсыздығын көрсетіп алды.

Қазақстан ғылымы да сондай күй кешкенін «QazBio Pharm» Ұлттық холдинг» АҚ бас директоры Ерғали Әбдірайымов жасырмады. Оның айтуынша, індет біздің елімізде де бұрын жасырын жатқан мәселелердің бетін ашып берді. Дәлірек айтсақ, отандық ғылым да, ғалымдар да, тіпті қаншама іргелі зерттеулер де бар, бірақ соны өндіріске енгізетін тетік болмай келіпті. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей басшылығымен шұғыл шаралар қолға алынған. Ұлттық холдинг құрылыпты. Жамбыл облысының жерінде орналасқан Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтының аумағынан «OTAR BIO PHARM» зауытын салу ісі жедел түрде басталып кетіпті.  
Зауыт күні кеше салынғанмен, Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институты сонау 1958 жылы құрылған екен. Алға­шында (1956 жылы) мал ауруларын және өсімдік саласын зерттейтін екі лаборатория ашылған, кейін екеуі біріктіріліп, институт атанған. Сөйтіп институт құрылғанына биыл 65 жыл толыпты. Осы мерейтойға байланысты жақында Алматыда «Биотехнология және биологиялық қауіпсіздік: жетістіктер мен даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды. Конференцияға АҚШ, Франция, Сингапур бастаған оннан аса мемлекеттен ғалымдар қатысты. Зерттеушілердің пайымдауынша, дүниеде жаңа сипаттамадағы аурулар пайда болуда. «Оларға әр елдің ғылымы, ғалымдары дайын ба?» деген мәселе көтерілді. Әр мемлекеттің тәжірибесі, үйренетіндей жетістіктері талқыланды.   
Дегенмен бұл саладағы қазақстан­­дық ғалымдар мен аталған Биоло­гиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу  институтын, әріптес өзге мемлекеттердің де ғалымдары білетіні, еңбектеріне құрметпен қарайтыны байқалды. Себебі институт ғалымдары жетпіске жуық вакцина ойлап тапқан. Сол вакциналардың бірі дүниежүзіндегі ірі қара атаулының аса қауіпті ауыруын толығымен жоюға ықпал етіпті. Тағы бір вакцина қауіпті қой ауруына әлемде теңдесі жоқ делінеді. Ол бұрынғы Кеңес одағы елдерінде қазір кеңінен қолданылып келеді екен. Ғылыми-зерттеу институтында вирусология, биотехнология, гендік инженерия, микробиология, молекулярлық биология секілді аса маңызды салалар бойынша зерттеулер жүргізіледі. 
Содан да институттан 20 ғылым докторы, 114 ғылым кандидаты шыққан. Қазір 20 докторант Қазақстанда және шетелдерде оқып жатқан көрінеді. Ал «Ковид-19» індеті басталған кезде институт ғалымдары 47 күн бойы, үш кезекпен, үздіксіз жұмыс істепті. Соның нәтижесінде «Qaz Bac» вакцинасы жасалыпты. Қазақстанда да өзге дамушы елдер секілді, мұндай аяқ астынан лап еткен індет кезінде, бұрын салаға дұрыс мән берілмей келгендіктен, бастабында лабораториялық қауырт жұмыс үшін қарапайым бетперде, қолғап секілді заттар жетіспегенін ғалымдар жасырмады. Бір киген әлгі затты ертеңінде қайта тұтынғандықтан, кейбір елдерде ауруға шалдығып, тіпті көз жұмған қадірлі мамандар, талантты ғалымдар болыпты.
Әрине қазақстандық ғалымдардың ол еңбегі ақталды. Бір емес, бірнеше вакцина шығарыпты. Қазақстан «Ковид-19» -ға қарсы өз вакцинасын жасаған әлемдегі алтыншы мемлекет атанды. Сол жетістіктері үшін жеті ғалым атап айтқанда: Күнсұлу Закария, Ерғали Әбдірайымов, Мархабат Қасенов, Лесбек Құтымбетов, Мұхит Орынбаев, Күләйсан Сұлтанқұлова, Берік Хайруллиндер әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанғанын кезінде ақпарат құралдары жариялады. Бес ғалым «Құрмет» орденімен, институттың қырық­тай қызметкері «Халық алғысы» медалымен марапат­талған. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым саласына деген қамқорлығының арқасында және Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарияның кірісуімен 65 жылда институт ғалымдарына арналып, тұңғыш рет 180 пәтерлі үш үй, денешынықтыру-сауықтыру кешені салыныпты. 
«OTAR BIO PHARM» биофармацев­тикалық зауыты Орталық Азиядағы осы бағыттағы жалғыз зауыт екені айтылды. Онда қазір 120 адам жұмыс істейтін көрінеді. Зауыттан денсаулық сақтау мен ауылшаруашылық салаларына арналып түрлі вакциналар өнідірілуде. 
Еліміздің әр түкпірінен мал аурулары шықса немесе өсімдік кінәраттары байқалса, алдымен осындай ғылыми мекемелер іске кіріседі. Ғалымдардың айтуынша, елімізде ауық-ауық Сібір жарасы, аусыл, құтырық, күл (шешек) аурулары шығып тұрады. Сібір жарасы шыққан немесе шығуы мүмкін аумақтар белгілі. Ол жерлерде аурудың алдын алу шаралары жүргізіліп тұрады екен. Конго қырым қызбасы аталатын сырқат негізінен оңтүстік өңірлерге тән. Ал қалған жұқпалы аурулардың денінде таралатын белгілі аумақ болмайды. Шекара жоқ. Лезде шетел асып кетуі әбден мүмкін. Аса жұқпалы аурулар жел, ұшқан құс, жәндік, жан-жануар, адам арқылы да тарала береді. Мысалға бидайда болатын сары саңырауқұлақ Америкадан Австралияға егін алқабына барған фермер арқылы таралғаны анықталған. Мұндай мысалдар көп көрінеді. 
Атақты ғалымдардың бірі Алексей Моргуновтың айтуынша, Ресейде күздік бидайдың өнімі жоғары. Канадада мамыр, маусым айларында ылғал көп түсетіні бидай шығымына ықпал етеді. Ал Қазақстанда мамыр, маусымда емес, тамызда жаңбыр көбірек жауады. Бұл өнімге әсер етпей қоймайды. Моргунов келтірген тағы бір қызық дерек, жақында «Ресейдің ауыл шаруашылығы» атты кітап шығыпты. Кітапқа кілең шетелдік ғалымдардың зерттеулері енгізіліпті. Ресейде ауыл шаруашылығын зерттейтін ғалым жоқ секілді. Дәл сол сықылды Қазақстанның 1950 – 2020 жыл аралығындағы  климаттық өзгерістерін тек шетелдіктер, дәлірегі – немістер зерттепті. Қызығы, онда да бірде-бір қазақстандық ғалым жоқ көрінеді. Оны зерттеудің маңыздылығы ауа райы елімізде үздіксіз жылынып, көтеріліп келе жатқан көрінеді. Ауыл шаруашылығы саласында зиянкестердің көбеюі де соған байланысты болса керек. Зиянкестердің тұқымы тек топырақта қалып дамитындықтан, жылыну үдеген сайын олар сол өңірлерде көбейе бермек. Отандық ғалымдар мұндай салаға ден қою керектігі содан-ақ көрінеді. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған бидай кенесі пайда болғанын да сол ғалымның аузынан естідік. Мұндай кене сонау Американың Арканзас штатында бар болса керек. (Өзіміз жазда картоп жапырағынан жиі көретін Колорадо штатынан тараған колорадолық қоңыз секілді). Оны әрине ғалым білмесе, басқа ешкім білмейді. Кене вирус таратады, вирус өсімдікті өлтіріп тынады немесе өнім кемиді. Мұндай жағдайдың бәрінде әрине тек ғылым, ғалымдар көмекке ке­леді. Зиянкестер шетелдерден алы­натын түрлі ауыл шаруашылық өнімдері арқылы да таралатыны анық. Сондықтан оларды «кеденнен өткізе ме, жоқ па?» деген мәселеде мемлекет ғалымдарға сұрау салып отырғаны жөн.  
Қырғыз ұлттық аграрлық уни­верси­тетінің ректоры, академик Рысбек Нұрғазиев қазақстандық ғалым­дармен етене араласатынын айтты. Ғалымдарды шенеуніктермен салыс­тырмай, оларға жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды. Расында көрші Қытай Халық Республикасы ғылым деңгейін үздіксіз көтеру арқылы дамып, экономикасы әлемде екінші орынға шыққаны мәлім. Академиктің пайымдауынша, биологиялық қауіпсіздік дегеніміз – азық-түлік қауіпсіздігі. «Түрлі ауруларға шалдықпаса ауыл шаруашылығында өнім жақсы болмақ. Адамға малдан, иттен, мысықтан өзге де жан-жануардан түрлі аурулар жұғады. Бидайда, арпада, өзге де дақылдарда, бар­лық жанды жәндік атаулыда өзіне тән кінәраты болады. Ең алыс Америкадан Қазақстанға немесе Қырғызстанға адамдар ұшақпен он екі сағатта ұшып келеді. Олар өздері вирус алып келгенін білмеуі де мүмкін. Сонда әлгі вирус он екі сағаттың ішінде Жер шарының бір шетінен екінші шетіне жетіп қойды деген сөз. Сондай жолмен лезде тараған  «Ковид-19» індеті, Жер шарының біз ойлағандай ұлан-асыр емес, вирус үшін шағын екендігін дәлелдеді. 
– Адамнан адамға жұғатын сырқат­тарды білетін едік. Құс тұ­мауы, «Ковид-19» жануарлардан адамға жұғатын дерт-дербездің түрін көрсетті. Жабайы жан-жануарлардың, құс­тардың таралу бағыттары ғылымда белгілі. Сондықтан соны негізге алып, әлем ғалымдары бірлесіп жұмыс жасаудың маңызы артты» – деді академик Рысбек Нұрғазиев. 
Қазір әр елде жекеменшік лабораториялар да бар. Ғалымдардың сөзінен ескеретін бір жай, аса қауіпті індеттермен тек мемлекеттік лабораториялар айналысқаны жөн. Жеткілікті қаржы бөлінетіні өз алдына, ондай мекемелерде кәсіби мамандар жұмыс істейтіні өз нәтижесін бермек. Яғни ондай аса қауіпті, жұқпалы аурулармен ойнамау керек.  
Қысқасы, ғылымға белгілі сандаған вирус бар. Олардың аса қауіптілері тәжтажал секілді кез келген сәтте Жер бетін у-шу қылып, ылаң салуы әбден мүмкін. Адамзат ондай қауіп-қатерден қорғалмаған. «Ковид-19» індеті Қытайдың әлде Американың кесірінен тарағаны анықталмаған күйі қалды. Болашақта ондайға жол бермеу үшін, әлем елдерінің ғалымдары жиі ақпарат алмасып, бірлесіп жұмыс істеу маңызды. Түрлі саяси текетірестерге байланысты био­логиялық қауіп-қатер арта түс­песе, төмендегені байқалмайды. Әр ел ондай төтенше жағдайға дайын болуы уақыттың талабы деп түсіну керек.

607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз