Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 18 Қыркүйек, 2023

Павлодар облысында екі оқушыны алып кетпек болған ер адам он тәулікке қамалды

Павлодар облысындағы Кенжекөл ауылында бірінші сыныптың екі оқушысын алып кетпек болған ер адамның ісіне қатысты сот отырысы өтті деп хабарлайды Kazgazeta.kz Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.

Ақпараттық порталдың мәліметінше, Кенжекөл ауылында мас ер адам бірінші сыныптың екі оқушысын алып кетуге тырысқан.

Жергілікті пабликтерде қыздың анасының видео өтініші тарап, онда ол облыс әкіміне және білім беру басқармасының басшылығына балалардың қауіпсіздігі үшін мектепке күзет қоюды сұраған болатын.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Кенжекөл ауылындағы мектеп ауласында былапыт сөйлеп, кәмелетке толмаған балаларға тиіскен облыс тұрғынына қатысты іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды.

"Сотта 14 қыркүйекте ер азамат Кенжекөл орта мектебінің ауласында айналасындағыларға сыйластық танытпай, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, кәмелетке толмаған балалардың мазасын алып, сол арқылы ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды", - делінген сот хабарламасында.

Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындады. Сондай-ақ оның кінәсі учаскелік полиция қызметкерінің, куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.

"Сот оны ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады",– деді қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметінің өкілдері.

 

298 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз