Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 18 Қыркүйек, 2023

Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың жеңімпазы анықталды

Алматыда Бибігүл Төлегенова атындағы ХІІ халықаралық вокалистер конкурсы аяқталды.

Вокалистер байқауы – Орталық Азиядағы бірінші конкурс. Әлемнің үздік әншілері бақ сынайтын байқауға 66 өтініш түскен. Олардың арасында 14 өнерпаз ақтық сынға жолдама алды.

«Конкурстың қатысушыларын, жас талантты орындаушыларды шын жүректен құттықтаймын. Бұл байқау Орталық Азия елдеріндегі классикалық өнердегі жалғыз жоба болғандықтан біздің конкурсқа қатысу үшін алыс және жақын шетелдерден көптеген талант иелері келіп, кәсіби опера және концерттік камералық әншілер жиналады. Бұл – біз үшін жетістік, қуаныш. Осы жолғы конкурс әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Конкурста жаңа есімдер аталды. Классикалық өнердің жас қарлығаштары қанат қақты», - дейді Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова.

Он екінші рет өткен айтулы байқауда әзербайжандық Махир Тагизаде топ жарды. Жүлделі орындарға ие болғандардың ішінде қазақстандық вокалистер мен Қытайдан, Армениядан келген өнерпаздар бар.

«Қуанышым қойныма сыймай тұр. Мен өз елімде және басқа да көптеген халықаралық конкурстарға қатысқанмын. Бұл жолы Алматыда, Қазақстанда, Бибігүл Ахметқызының Отанында өткен байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазақстанды екінші үйім деп санаймын. Конкурс талабы бойынша біз қазақ романсын орындадық, одан өзге өзімнің жеке қалауым бойынша финалда «Абай» операсынан ария орындадым. Қазақтың классикалық музыкасын орындау жаныма рахат сыйлайды», – деді бас жүлде иегері Махир Тагизаде.

Арнайы сыйлық астаналық Хайрулла Айбек, Қытайдан келген Ю Жоянға, сондай-ақ ресейлік Виктория Ивановаға бұйырды.
Айта кетейік, Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер конкурсы 2001 жылдан бері әр екі жыл сайын өткізіліп тұрады. Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының мерейтойлық 90-ашылу маусымының аясында өткізілді.

176 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз