- Таным
- 19 Қыркүйек, 2023
Цифрлы қазақ тілі: қоғамның кәдесіне жарасын деп...
Қазіргі қазақ тілінің дамуы мен қолданылу аясында тілдік жаһандану, тілді демократияландыру, тілді сәнге айналдыру, сөйлеудегі интолеранттылық, сөйлеу агрессиясы және т.б. үдерістер бар. Мұндай жағдайда қазақ тілінің әдеби үздік дәстүрлері негізгі тірек болады. Оның бірі – қазақ тілінің мәтіндік және лексикографиялық қорын қамтитын ірі тілтанымдық ІТ ресурс – Қазақ тілінің ұлттық корпусы қоғамның сұранысына сай құрастырылды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры А.М.Фазылжанның жетекшілігімен жүзеге асқан «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» көпшіліктің, әсіресе мұғалімдердің игілігіне жарап тұр.
Мектеп бағдарламасы бойынша қазақ тілінде ең бірінші оқушының тіл байлығын жетілдіруге басымдық беріледі. Оқушының сөз байлығын арттыру үшін ол оқып отырған әрбір сөзінің мағынасын танып-түсіне білуі қажет. Қазақ тілінің өзге тілдерден ерекшелігі – көпмағыналығында. Бір сөз әрбір мәнмәтінде әртүрлі стильдік, т.б. қызмет атқарғандықтан оқушы мәтінді оқи отырып, айтылмақ ойдың мәнін түсінуде қиналмас үшін Ұлттық корпустың пайдасы зор. Оқушы Ұлттық корпусты қолдана отырып, сөз мағынасын танып, мағынаның кодын аша біледі. Қазақ тілінің ұлттық корпусын құрастыру идеясын ұсынған белгілі ғалым А.Жұбанов пен Э.Сүлейменованың тілегі де осы болса керек.
Qazcorpus.kz – қазақ тілінің мәтіндік, құрылымы мен мазмұндық жүйесін қамтитын әмбебап платформа. Корпустың құрылымын рәсімдеуші ғалым А.Жаңабекованың ұйымдастыруымен қазір ұлттық корпуста қазақ мәтіндерінің көлемі – 31 миллионнан асты. Оқушы сөзді іздеу жүйесінен теру арқылы мәтіндердегі қолданысын көре алады. Таңдаған сөздің үстін басу арқылы мағынасымен танысады. Мәселен, шығармашылық жұмыстарында «Сарбауыр» сөзінің мағынасын түсіну қажет болды.
Сарбауыр1 – қой ауруы
Сарбауыр2 – самаурын мағыналары бар екенін анықтай алады. Мұнымен қоса, кіріккен, күрделі, төл сөз екенін, яғни лексика-семантикалық белгіленімімен таныса алады.
Қазақ тілінің ұлттық корпусында негізгі корпустан тыс, мәдени ішкорпус, мақал-мәтелдер ішкорпусы, тарихи ішкорпус, параллель ішкорпус, ономастикалық ішкорпус, жарнама ішкорпусы, Ахмет Байтұрсынұлы ішкорпусы, ауызша ішкорпус, диалектологиялық ішкорпус бар.
Бұл сайттың қоғамға пайдасы қандай? Корпус қазақ сөзін тану үшін керек. Мұғалімдер мен оқушылар қазақтың материалдық-рухани мәдени атауларының мағынасын тану үшін «мәдени ішкорпусты» жиі қолданады. Себебі онда бейнетүсіндірілім бар.
«Мақал-мәтелдер ішкорпусын» да оқушылар жиі қолданады. Себебі белгілі бір тақырыпқа мақал-мәтел табу тапсырмасы көп беріледі. Сол кезде сайтқа кіріп, тірек сөзді жазу арқылы мақал-мәтелді табады. Мақалдың мәнін түсінбесе, сол мақалдың үстінен басқанда оның мазмұны көрінеді. Мысалы: қамшы сөзіне қатысты мақал-мәтелдерді іздеп көрелік:
Қамшы сөзіне қатысты 72 мақал-мәтел табылды. Соның ішінде «Айтқызған – жаманның ісі, қамшылатқан – шабанның ісі» мақалының мәні былайша түсіндірілген: «Жаман адам қамшыламаса жүрмейтін шабат атқа ұқсас» делінген.
«Тарихи ішкорпуста» мәтіннің түпнұсқасы ұсынылады. Мысалы: еңбек сөзі қандай тарихи еңбектерде кездесетіні туралы толық мәлімет алуға және ол еңбектерде қандай мағынада жұмсалғанын тануға болады. «Еңбек» сөзіне қатысты 50 тарихи құжаттан мысал табылған. Соның алғашқысы ретінде Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» араб графикасындағы түпнұсқасы ұсынылған.
«Параллель ішкорпус» белгілі бір сөздің көркем шығармадағы мәтіндердің қазақша-орысша аудармасын салыстырмалы ұсына алады. Мысалы «салық» сөзін жазып көрдік. Бәріміздің танымымызда салық – налог. Бұл – тура мағынасы. Бірақ қазақ тілінде салық (бетіне салық салу) – шіркеу болу, кемшілігін бетіне басу мағынасында көркем шығармада жиі кездесетіні және ол орыс тіліне қалай аударылғанын көруге болады.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында «салық» сөзі 18 рет кездескен екен.
Бетіме салық – позор
«Қодар сұмның қылығы сырт елдің алдында менің бетіме салық болса, осы елге, өз келеңе келгенде, осы отырған бәрімізге салық» Если гнусность негодяя
Кодара заставила меня краснеть
перед другими родами, то в нашем племени
это позор для всех, кто собрался здесь!
Позор нам всем!
«Ономастикалық ішкорпуста» кісі есімі (антропоним), жер бедері атауы (ороним), елді мекен атауы (ойконим), су атауы (гидроним), өсімдік атауы (фитоним), мифоним, т.б атаулар ажыратылып көрсетіледі. Мысалы: «Еңлік» сөзі антропоним ретінде – 21 рет, фитоним ретінде – 18 рет қолданылғаны және мағыналық түсініктемесі көрсетілген.
Қазақ тілінің ұлттық корпусы – оқушыға энциклопедиялық білім беретін тілтанымдық цифрлық қор деп баға берер едік. Бүгінде Корпустың ішкі ресурстары толығып жатыр. Мәселен, мағыналас сөздердің қоры – синонимайзер рәсімделіп жатыр:
Синоним әдемі
Лексикалық синоним келбетті, шырайлы, әсем,
кескінді, ажарлы, көркем, әрлі, реңді, өңді, ару, сұлу, көрікті
Фразеологиялық синоним айдай сұлу;
айдай таза, күндей нұрлы;
үріп ауызға салғандай;
ай десе аузы бар, күн десе көзі бар
Аймақтық синоним зипа, сиықты, райлы, қияпатты, бәденді келімді
Ұлттық корпус омонимайзермен де толығатын болады.
Биыл Институт директоры А.М.Фазылжанның идеясымен картотекалық қор іске қосылды. Tbikartoteka.kz Тіл білімі институтының қоғам сұранысына орай жасаған пайдалы дүниесі болды. Тек тілтанушылар ғана емес, оқушыларда да, қаламгерлерде де белгілі бір сөзге мәтіннен мысал іздеу жағдайы жиі кездеседі. Сол сөз кездесетін көркем шығармалардан үзінді алу үшін картотека қорын пайдалану тиімді әрі оңтайлы болып отыр. Мысалы: «Сарқыт» сөзіне қатысты мысал терейік:
Бұл цифрлық ресурстың пайдасы – оқушы қажетті сөзіне қатысты көркем шығармалардағы бейнелі қолданысын, тура мағынадағы қолданысын, астарлы мәндегі жұмсалымын ажырата алады. Мысалдың көптігі мағыналарды өзара салыстырып, көпмағыналардың қалай пайда болатынына тәжірибе жүзінде көз жеткізеді.
Қазақстандағы цифрлы қазақ тілінің негізгі базасы, яғни қазақ тілінің сөздік қорымен толық танысуға мүмкіндік беретін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ІТ ресурстарын пайдаланушылар қатары көбейіп келеді.
Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Лексикология бөлімінің
меңгерушісі, филология
ғылымының кандидаты
760 рет
көрсетілді0
пікір