Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Қыркүйек, 2023

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың кесек те кемел шығармаларының талайын арнайы жазып-танып қойғандықтан бұл жолы екі елеулі туындысын қамтумен шектелсек дейміз. Олар – сұрапыл соғыс қызып тұрған кезеңдегі терең тылдағы қала, атап айтқанда, Әулиеата өмірінен хабар беретін «Көшкен үйдің қонысы қайда» повесі мен беріректегі бейбіт өміріміз – 1960 жылдардағы әлеуметтік өміріміз хал-ахуалын таныстыратын «Түнде атылған оқ» повесі.
Мезгілі жөнінен кезек берсек, алдымен автордың «Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесімен танысу орынды. 

 

«Бет қарыған салқын желден ұйқысы шайдай ашылған жолаушы әйел басын жұлып алды. Есін жия алмай, екі көзі шарасынан шығып, жан-жағына үреймен қарай берді. Ақылға келе алмай дағдарды. Ол есік-терезесі мықтап бекітілген оңаша бөлмеде жатқан жоқ па еді? Онда мынаусы несі? Дәл маңдайында мыс табақтай бір нәрсе жалтырайды. Иә, қалқыған кәдімгі ай. Сонау жақта белестеніп, қарлы-қарлы төбешіктер созылып жатыр. Қарауытып қара үйлер тізіледі. Әлде далада жатыр ма? Жоқ, олай емес. Міне, бөлменің төбесі, қабырғасы, бұрыштағы темір төсектің басында жылтырап тұр. Есі кіре бастаған әйел енді байқады. Қақпақты қос терезе жақтауымен жұлып алынған. Бүкіл қабырға үңірейіп тұр. Елсіздегі иесіз үй тәрізді. Үрейі кетіп шошынған әйел одеялын кеудесіне тартып қызына қарай жамбастай сырғыды. Бар даусымен айқайлады. Бірақ ешкім естімеген тәрізді. Клава қайда, неге жауап қатпайды ол?! Осы сәтте қалқыған айдың қара таңбасына қыбырлап жан біткендей болды. Бара-бара ұлғайып барады. Міне, жақындап та қалды. Сөйткенде терезені кернеп біреу аттап өтті. «Ой, Клава, қаш! Құтыл!» – деп талықсыған әйел шыңғырып жан-жағын сипалай бастады. Бұл адамдар қайда? Ол орнынан тұрмақ еді, үстін сояудай қара қылшық жүн басқан аюдай албасты ұзын сапты айбалта ұстап өзіне төніп тұр екен. «Клава!» деп айқайлап бұрылғанша көзінен от жарқ ете түсті. Қызы неге жауап бермейді. Тентек-ау өзі… Жаңа ғана осында жүр емес пе еді. Қайда кетті. «А, папасын қарсы алуға кеткен бе? Ой, жаным-ау, ол мұнда қайдан жүр. Құтқаруға келген бе? Алеша, тірімісің, жаным?! Сағындым сені! Тағы да кетіп барасың ба? Осы бір болмашы секундта оның көз алдына тірлігіндегі ләз­затты жайлар жарқ етіп елестеп өтті. Тағы да кең дүние қарауытып барады. Әлдекім тұншық­тырып буындырғандай. Екі құлағы дамылсыз шыңылдайды. Ышқынып ауа қармап еді, жылымшы жас қанның исі келді. Бұдан кейін ол еш нәрсені сезбеді. Бұл – соңғы тынысы еді.
Құбыжық көлеңке тастаған толған ай қанды кештің куәсі болудан тайсалғандай қалың қоңыр бұлт арасына кіріп бара жатты… (IV том. 137-138-бет).
Алдағы кешер ғұмырың түгіл күні ертең не болады, мұны болжау қиын. Әсіресе үйреншікті жерің, еліңе көшіп, жаңа жат жерге, білмейтін бейтаныс елдімекенге келсең...Сонау қиыр орыс даласының бір қаласынан көшіп келген кеңес әскері полковнигінің семьясы – әйелі Пелагея Архиповна мен жас қызы Клава Әулиеата қаласында қонған алғашқы түнде-ақ жантүршігерлік қазаға ұшырады. Бұған басты желеу олардың бақуатты болуы, былғары қос чемоданның бағалы мүлік-мүкәмалға толы болуы дейміз бе? Жоқ, әрине. Бұған басты себеп – «біз де өздеріңдей майдангер отбасымыз» деген тілі тәтті, діні қатты, қылмыскерлермен сыбайлас Столетовке сеніп қалуы. «Сырын білмегеннің сыртынан жүрме» деген осы. «Бұл жерде олар ешкіммен байланысып үлгерген жоқ, іздесе де таппайды» деп есеппен қақпан құрған. Жай қылмыс емес, қатыгездікпен екі адамды қасақана өлтіру. Жас қыз Клава бірден өліп кетсе керек, ал оның анасы, кексе әйел қарсыласып, баққысы келгендей. Бірақ үсті-басын қылшық жүн басқан, айуан аюдай дүлей күш иесі сәл де мұрсат берсін бе? Жүрегі селт етпей кісі қанын төгу – кәсібі секілді. Полковник әйелінің жантәсілім сәтін психологиялық тұрғыдан қапысыз жеткізген жазушы мұндай санаға сыймас қылмыстан аспандағы ай да бетін басқанын баяндайды: «Құ­быжық көлеңке тастаған, толған ай қанды кеш­тің куәсі болудан тайсалғандай қалың қоңыр бұлт арасына кіріп бара жатты» (138-бет).
Алайда түнгі аспандағы ай ұялғанмен, мына Пелагея Архиповна қызымен бірге оп-оңай өлтірген бас қылмыскер «Дикарьдің» беті бүлк етпейді, қолы қалт етпейді. Бұл - сұмдық қылмыстың басы екен. Ол кездегі орташа қазақ қаласын қорқынышқа бөлеп, талай рет дүрліктіріп жүрген де сол. «Қобызшы шалың», «Қара маскаң» да, құрбандарын өлтіріп қана қоймай, екі көзін ағызып, қарнын жарып, ішегін шұбатып кететін. «Қара мысығың» да – сол. Шаһардағы үлкен бір сауда дүкенін түгел тонатып, машинаға тиеп әкетіп, үптеткен де – сол. Ахуал аса күрделі. Із-ілік қалдырмайды. Куә­гердің көзі тез құртылады. Мәселен, полков­ник Серегиннің әйелі мен қызын Столетов үйіне апарғаны үшін ғана бүкір арбакеш – Калмыков «Қара мысықтың» құрбанына айналды. 
«Қара маска» мұндай қылмыстарды не үшін жасайды? Даусыз байлық, ақша иемдену үшін. Шалқыған рахат өмір!...
Дегенмен, ұрлықтың түбі – қорлық, қыл­мыстың түбі – қанды сәйкес жаза. Жазықсыз төгілген қан жібермейді. Обал оңдырмайды. 
Қысқасы, қандай да бір қылмысқа да құрық бар. Сыртқы түсінігі мол, ішкі түйсігі терең майор Жүсіпов басқарып, дұрыс бағдар көрсеткен бір жылдай ұзаққа созылған іздестіру жұмыстары, қылмыс жасалған орынды жан-жақты зерделеп, базарды байқау, іске қатысуы, шатысуы мүмкін барша күдіктілерді аңдып, аңғару әрекеттері ақыры жақсы нәтижеге жеткізді. 
Алдымен осынау парасатты повестке бекер берілмеген «Көшкен үйдің қонысы қайда?» деген ат-есім алдыңғы шепке қайтадан шықты. Майдандағы офицердің Әулиеатаға көшіп келген отбасы жолдағы бір қалада түсіп қалмапты. Темір жол бекетінен түскен оларды бүкір арбакеш Столетов үйіне түсіріпті. Қырсыққанда іздеп келген таныстары табылмай, қонақ үйде орын жоқ болып, қала шетіндегі Талас өзені жағасындағы осы үйде түнеген Пелагея Архиповна мен оның қызы Клаваны «Қара тұрақтар маска» қапыда өлтіріп жібергендіктен, олар қонысынан айрылған. Яғни қалада тіркеліп те үлгермеген. «Қара маска» көздерін жойғанмен, оның «қосағы сылқым сұлу Галина Сусликова қала басшысының орынбасары Мари­ниске сыйлаған алтын портсигар полковник Серегиндікі болып шықты. 
Аталмыш повесть асыл өзегін құраған қатерлі қылмыстың ошағы – жалғыз бас, сегіз аяқты осьминогтің бір тармақ – аяғын қолға түсіріп алған, сол аяқ қалған тармақ – аяқтарды тауып алуға көмектесіп, жалғыз басын жоюға да жәрдемдесері даусыз ғой. Сондай жаңа желі – жеті аяқтың бірі саудагер өзбек Абдулходжаевтың тармағы. «Қыли барон» оған тоналған дүкеннің қымбат тауарларын сатуға бергені, оның қисапсыз пайда тапқаны анық. Ол енді Ташкенттегі ұлын үйлендіру үшін, тойын өткізбек болып, қымбат жасауын, жасырын милиция қызметкері Сейілбектің машинасына тиеп, жолға шығады. Есебі дұрыс шықса, ол осы жолы «Қыли барон» қармағынан да құтылып, мол ақшаға кенеліп, жеке-дербес қам-қаракетке көшпекші. Алайда Абдулходжаев сапарының тегін емес екенін сезген әрі оның «Қыли барон» сыбайласы екенін әшкерелеуге бел буған Қылмыстық істер басқармасы қызметкерлері бақылауына алынған-ды. Әзірге күдік туғызбай қаладан шығарып, орта жолда ұстауға шешім қабылданған. Межелі жерге жетпестен аңдушылар күтпеген шешім қабылдап, көлікті тастап, пойызға ауысып мінген айласы да оны құтқара алмады. Ол сылтаумен келесі бекетте-ақ тұтқындалып, бар мүлкі қолға түседі. Мұны «Қыли барон» жандайшаптары қалай біліп қойғанын қайдам, барлық іздестіру, барлау-қадағалау тобының жетекшісі лейтенант Петр Петрович Кузьменко трубканы көтерген еді, таныс қыздың дауысы естілді: «Қазір ғана біреу шыршыққа телеграмма берсе керек: «Сапар сәтсіз болды, жездең қазына үйінде» депті. Кузьменко телеграмма берген адамның аты-жөнін сұрағанда өз құлағына өзі сенбеді. «Калмыков дейсің бе?» деп қайталап сұрады. Қалай, бүкір арбакеш тіріліп келген бе бұл дүниеге» (200-бет).
Мұндай тосын жаңалыққа, әккі де әбжіл қарсыластың бәрін біліп, сыбайласын сақтандырып отырғанына қалайша қайран қалмайсың. Жезде – Абдуходжаев. Жеделхат алушы – Өзбекстандағы Галина Сусликова. Оған хабар беруші – о дүниеден «тіріліп» келген – Калмыков. Мықты да сенімді көмекшілерінің бірі қамалып, тықыр таянғанын ұққан «Қыли барон» енді қақпанға түспей құтылып кетуге жанталасады. Оның бұл қам-қаракеті де жойқын. Біраздан бері жалғыз қамқоры Аркадий Столетовтің ауласындағы шошқа қорасының цементтелген жертөлесінде – жер асты інінде жатқан ол осы араға таяу Талас өзені арнасына қарай жер асты жол үңгірін қазуға кіріседі. Не деген қайрат?! Оның мұндай айрықша қимыл-қаракеттен де тайынбайтынын білген майор Жүсіпов дер кезінде шұғыл шешім қабылдайды. «Ол жатқан мекенді қоршап, дереу тұтқындау қажет!». Кузьменко бастаған топ Аркадий Антоновичтың үйіне келді. Столетов пальтосының жағасындағы уды тістеп, өмірмен қоштасты. Әрине, ендігі нысана – ауладағы шошқа қора. 
Не істеу керек? Жертөледен ешкім дыбыс қатпаған соң, шошқаларды шығарып, еденді дәрімен қопаруға тура келді. Цемент есік жуан білік темірмен айқастырылып бекітілген екен. Жертөледе адам тұрған сияқты. Балауыз шам, жаңа тартылған сигардың қалдығы жатыр. Сигар тартушы әлдекімге ашуланған түрі бар. Сигардың тістер жағын шайнап, жапырақтап тастапты. Кептірген балықтың құйрығы да сызды топыраққа араласқан. Кузьменко жан-жағына бір сәт қарап, өзімен жертөлеге бірге түскен милиционер мен әскери бөлімшеден қопарғыш дәрі алып алып келген жас қазақ жігітіне қияр тұздалған үлкен бөшкені қозғайық дегендей белгі берді. Үшеуі үш жақтап, тартқылап, тырмысып, бөшкені әрең қозғады. Бочка тасасынан үлкен үңгір көрінді. Кузьменко еңкейіп, қол фонарь сәулесін түсіріп еді. Жарық жетпеді. Үңгір ирелеңдеп түпсіз кеткен.
Кузьменко сәл құлақ түріп тұрды да, пистолетін кезеп, үңгір ішіне кірді. Тізерлеп отыруға ыңғайлы апан іші барған сайын тарыла берді. Бір сәт жүргеннен кейін еңбектеуге тура келді. Тағы біраз жылжығанда, үңгір төбесіне тірелген жалпақ темір ұшырасты. Құпия есік тәрізді. Кузьменко қазақ жігітінің күрегін алып, қалқанның жан-жағын жамбастай жата қазып, құлатты. Үлкен екі чемоданмен тірелген екен. Сәл тыныстан соң тағы жылжыды. Бұл жақтың топырағы борбас екен. Сусып мойынға құйылады. Құлап, басып қалу қаупі де бар. Ауа да тарыла бастады. Алға тағы жылжып құлақ түріп еді, гүрілдеген үн естілді. Ызалы аю үні тәрізді.
Кузьменконың аяғын құша келе жатқан жас қазақ жігіті «алға мені жіберіңіз» дегендей белгі беріп, алға ентелейді. Терең тылда мұндай оқиқаға тап болғанына қуанышты сияқты. Кузьменко қол фонарь сәулесін жылт еткізгенде, маржандай ақ тістерін көрсетіп, ақсия күлді. Кузьменко «болмайды» дегендей бас шайқап, аяғымен сес берді. Қараңғы үңгірмен тағы жылжыды. Аздан соң адам үні айқын естілді. Пистолет кезеп, қол фонарь сәулесін түсіргенше, Кузьменконың самайын ыстық нәрсе қарып өткендей болды. Мылтық атылды. Қабаттасып келе жатқан милиционердің жер тырмалап ыңқылдаған дыбысы естілді. Кузьменко ту қараңғылықты нысанға алып, пистолетпен қатарынан екі оқ шығарғанда, қатты гүрсіл естіліп, әлде құлап түскендей болды. Үңгірге жарық түсті. Аю тәрізді мақұлық бар бойын көрсетіп, тәлтіректеп, үңгірден шығып барады. Үрген овчарка дауысы естілді. Үңгірден жүгіре шыққан Кузьменко қатты таңданды. Үсті-басын бір сүйем жүн басқан аса зор денелі албасты аяғынан жаралы болғанына қарамастан, жортып барады. Ту сыртынан басы көрінбейді. Күжірейген желкесі ғана байқалады. Бұта-бұтаны орғыта аттап, жалды желкесіне жармасқан көкжал төбетті сілімтік күшіктей қыңсылатып лақтырып жіберді. Алдынан келген екінші овчарканы пистолетпен үнін өшірді. Әрбір қимылына көз ілеспейді. Беті қайтқан азулы төбет байбалам салып айнала осқақтағаны болмаса, жуыр емес. 
Қалың тоғай ішіне бой жасырып кіре берісімен, қосарлана шыққан қатты дауысқа «Қыли барон» пистолет кезеп, жалт қарады. Сол кезде жан-жағынан алты адам келіп жармасты. Пружинаға тигендей алтауы да серпіліп шыға келді. Сәтті минутты күткен Сейілбек білекті көздеп тағы атты. «Қыли барон» сусып түскен пистолетін сол қолымен ала бергенде, бүкіл қоршау бригадасы үстінен басты. Мойнына темір тұғыр салынғанда ғана әл берді ол. Өзін қоршаған топ адамға қанталаған көзімен тесе қараған «Қыли барон» екі иығынан дем алып:
– Ах, сұмырайлар, үлгеріп жеттіңдер-ау. Ымыртта кезіккенде біртіндеп шабақтар едім, - деді де, ызалы кеудесін көтеріп: – атыңдар мені, жас қан исін аңсадым! Жас қан! – деп, терең сайда жаңғыртып айқай салды...(4-том).
Тағы да қайталасақ артық емес: «Не деген қайрат! Не деген айбат! Сонымен бірге «Не деген нойыстық!» Шамасы, бүгінгі күннің бұл найсап барымташысы өзін батыр, арман да алдамшы дүние қожайыны сезінеді-ау. 
Бәлкім, әлем әдебиетінде де етенесі жоқ, егізі табылмас сара таңдалған мұндай сәтті сомдалған дүлей қылмыскер бейнесі, төл болмыс-бітімі жақты да жақсы ашылған. Дөй қанішер тұлғасы – жазушы Кемел Тоқаевтың тың жаңалығы, тамаша табысы деп білеміз. 
Ал осындай жалғыз куәсі жоқ, қалдырған ізі көмескі, құпиясы көп, адам қаны судай шашылған, сондықтан халық ашынған сұмдық қылмыстарды күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер бойы зерттеп, барлап, күдікті орындарды шарлап, тергеп-тексеріп қателеспей ашқан соң Абдулходжаевты, сұмпайы Столевтовты, сылқын сұлу Сусликованы қолға түсірген, ақыр соңында аюдай алып, қорқау қасқырдай қауіпті, дүлей де дөй «Қыли баронды» құрықтай алған майор Жүсіпов, лейтенант Кузьменко, сарабдал Сейілбектерді бұлардан осал, олқы деп қалай айтарсың?! 
Асылы, адам баласының ең асыл, қымбат қазынасы өмірдің қамалы – бейбітшілік, тыныштық. Сондықтан да бейбіт өткен әрбір күнің – берекелі, тыныш өткен әрбір түнің – мерекелі. Майор Жүсіпов бастаған майталмандар тартулап, қамтамасыз еткен, міне, осындай тынышта құт пен ырыста алдағы уақытта иеленгеннен кейін Жамбыл жерінде, Әулиеата елінде Пелагея Архиповна, Клава секілді кінәсіз кісілер өмірі жойылмайтын шығар, «Көшкен үйдің қонысы қайда?» деген күпті сұрақ қойылмайтын шығар...

«Түнде атылған оқ» 

«Түн. Дала шырттай қараңғы. Жауын себелеп тұр. Аспан төрінде найзағай жалт етіп, бұлтты тіліп, шатыр-шұтыр ете қалады. Мүлгіген орман үсті бір сәтке жарқырап ашылып, қайта түнереді. Мырзаш қос ауыз мылтығын иығына асып, босағада тұрған. Ол жан-жаққа көз тастап, құлақ түрді. Жауған жаңбыр сенектің төбесіне тырс-тырс тамады. Жат дыбыс жоқ. Әлден уақытта шақпақ тағы шақты. Өткір жарықтан әуеден құлдилап түскен адамның тұлғасы көрінеді. «Бұл не? Адам ба өзі?» – Мырзаш мойнын созып, анықтап қарап алмақ еді. Орманды мылқау қараңғылық басты. «Самолеті апатқа ұшыраған біреу болды. Мынадай найзағай ойнаған күні кісі ұша ма, тәйірі. Жазым болса қайтеді?» – Мырзаш әбігерленіп қараңғы аспанға қадала қарады. Кісі түскен орман тұсын шапшаң болжап алды да, солай қарай беттеді. Қара орманның сол жақ тұмсығында «Қорқау үңгір» аталатын алаң бар. Ашаршылықта қорқау қасқыр ұя салып, күшіктесе керек. Айналасы жылым, батпақ. Мырзаш қарт «Қорқау үңгірін» шамалап, төте жолмен қия тартып келеді. Тоқтап-тоқтап құлақ түреді. Әлден уақытта жылым жақтан біреудің ырсылдап, ентіккен үні естілді. Мырзаш дауыстады.
– Ей, бұ қайсың? Бермен қарай жүр. Аржағың жылым, өлесің. 
Қарт сәл бөгеліп жауап күтті. Ешкім үндемеді. «Әлгінде дыбыс беріп еді. Осы немені жылым тартып кетті-ау!» – деп, өкінішпен асыға басты. Төбеде найзағай ойнады. Біреудің бүкшеңдеп, жүгіріп бара жатқаны көрініп қалды. 
– Әй, бері кел, қорықпа! Мен орманшымын! – деді.
Орман іші қаратүнек. Аяқ астында қураған шыбықтар шырт-шырт сынады. Мырзаш қарт ұйысқан қалың бұталарды көтеріп, өзіне жол аршып, кісі көрінген жаққа бұрылды. 
– Тоқта, атам! – деген дауыстан қатты шошып, селк етті. Қарсы алдынан біреу бетіне жарық түсірді. Шал шақшиған жа­рық­тан бетін қалқалап, қарағайды тасалай берді. Иығынан мылтығын сыпырды.  
– Қозғалма, атам! – деген әмірлі үн тағы естілді.
– Кімсің өзің? Мұнда неғып жүрсің? – Қарт мылтығын кезей бергенде, жарық жақтан оқ атылды. 
Түнде атылған оқ қара орманды жаңғырт­ты. Мырзаш кеудесіне біз сұғып алғандай сезінді. Жандырып күйдіргендей. Сол сәтте есінен айырылып, талықсып құлап бара жатты...» (1-том, 224-бет). 
Сұлу, сәтті, күрт күтпеген шиыршық атқан оқиғалы бастау. Сыртқары ормандағы табиғат көрінісі ғана емес, шым-шытырық өмірдің сәулесі мен түнегі араласқан шатыр-шұтыр еткен өмірдің бір суретіндей. Қараңғы түнде бір оқ атылды. Өзіне жәрдемдеспек құт­қармақ болған адамды көктен түскен белгісіз қонақтың жайратып салуы неліктен? Өз-өзінен жұмбағы тез шешілер құпия бар ма? 
Қапыда атылған оқ Мырзашты құлатты, өлім кемесіне мінгізе жаздады. Ақиқатында да ахуал аса күрделі, қатерлі болатын. Десек миллиондаған қисап-есептерді жаңылыспай шеше алатын миы, «нұрлы ақылы», мылтықсыз майдан күрес практикасында жинаған білік-тәжірибесі, зерек зерде түйсігі, жері-елінің амандығын сақтап дамытуға деген махаббат, жауапкершілігі жеңбейтін күш жоқ екен. Облыстық милиция басқармасының бастығы генерал Ерболат Мергенбаевтан бастап чекистер түгел жұмылып, іскерлік көрсетті, операцияны қапысыз ұйымдастырды. Тікелей жетекші майор Бөгенбаев, әсіресе лейтенант, кейіннен майор болған Талғат Майлыбаев, Бақытжан Әлтаев, тіпті қазақтың ару қызы Алтыншашқа дейін жіті зерделілік асқан шеберлік, психологиялық парасат, ерлік танытты.
Жағырапиялық жері де нақты, елі де кімдер екені мәлім деректі повесте қазақтың 1960 жылдардағы тыныс-тіршілігі, қам-қаракеті, берекелі тыныштық пен жасампаз еңбекті қалаған мүдде-тілектері шынайы бедерленген. Мамыражай, құтты, ынтымақты тұрмысты қызықтаған, қанағаттанған тыныс бар. Арнайы нысанасы етпесе де осындай бағдар-ауанды сездіре білу – жазушының ерекше бір жетістігі, шеберлік жемісі деп білсек, Батыс, АҚШ қарсы барлауының төтенше маңызды әскери тапсырмаларын арқалап жеткен жау барлаушысының кескін-келбеті, ұсқын-ұстанымы, аса ақылды да мейлінше сақ, кәнігі-кәсіби әрекеттер: тіпті тәнті етеді. Міне, сондықтан да бұлар – Амир Якубов – Наматханов жүрегі селт етпейтін жауыз Аркадий Черноносовтың қимыл-қаракеттері өте қауіпті де қатерлі. 
Сол себепті де «Түнде атылған оқты» оқып отырғанда еш бейтарап қала алмай, қобалжып Талғат Майлыбаев, Бақытжан Әлтаев, Алтыншаштармен бірге қуанып-қайғырып, өзінің осындағы от-оқиғалар ішінде жүргендей күйініп-сүйініп, жүрегің лүпілдеп отырасың. Соғыс кезінде тұтқындарды рахаттанып өлтірген Черноносовқа адамды өлтіру шыбынды өлтіруден де оңай. Ар азабынан ада, өзін сүйіп, көмектесіп жүрген жанға да титтей жанашырлық жоқ онда. 
Қанішер, қорқау Аркадий Антоновичқа қор болған орыс сұлулары – Зинаида Рябова. Глиновты да құрбандыққа шала жаздап, құл етіп жұмсаған ол Талғатты у беріп өлтіргісі келеді. Өзіне көмектескен Бақытжан Әлтаевты да атады. Тек ақыл көрсетіп, алдын-ала қам жасағандықтан да чекистеріміз тірі қалады. Ажал аранында, үнемі қас дұшпан қақпанында жүріп аман қалу, аман қалып қана қоймай аса ақылды, айлалы, күшті, жаудың өзін тұзаққа түсіру тек оқуға, айтуға оңай. Бұл ерекше ерлікке толы, шытырман да жеңісті операцияны Талғат Майлыбаев, Бөгенбаевтар ғана бастан кешірмей, жазушы Кемел Тоқаев та шебер жүргізгенін ескерсек, ол да қаһарман Махмұт Қожамияров, Мұхамед Жолбарысұлы – ерлігі мен еңбегін жасап, жүзеге асырды десек артық айта қоймаспыз, сірә.
Осындай шымыр да шырқау шығарманың соңына таман түнде тағы бір оқ атылды. Бірақ қатыгез жау Аркадий Антоновичқа қолынан қапысыз атылғанмен, қазақтың жас чекисін өлтіре алмады. Қалайша? Мұны білу үшін әрі бір өзі бір топ – отряд жұмысын атқарған аса әккі, қауіпті Черноносов қалай құрықталғанын білу үшін аталмыш шытырманды хикаяттың нұсқа да нық аяқталғанын келтіре кетелік: «Самолет бір сағат жиырма минуттан кейін Тараз аэродромына келіп қонды. Сол күні кешінде, жұмыстан қайтқан бетте Глинов қамауға алынды. Нәсір бастаған оперативтік топ Черноносовты Глиновтың үйінде күтті. Түннің біраз уақытты өтті. Черноносов келмеді. Талғат әбіргерленіп, Нәсірге сыбырлады:
– Черноносов бұл үйге соқпай кетсе қайтеміз? – деді.
– Берген телеграммасына қарағанда ол Глиновқа келуге тиіс. Рация, ақша осы үйде, оны алмай ешқайда бармайды. 
Бұл мезгілде Черноносов бақ ішінде, шөптің арасында тығылып жатқан еді. Қалаға келгеніне бірер сағаттай өткен. Соңына түскен қуғыншыны байқай қоймады. Оның үстіне «қауіп жоқ» – деген шартты белгіні білдіретін терезенің қақпағы жабық еді. Черноносовта үйдің екінші кілті болатын. Есікті жайлап ашып, түпкі үйге кіре бергенде, қарулы, мығым қолдар тапжылтпай ұстап, қолына кісен, мойнына темір мойынтұрық салды. Осының бәрі бірер секунттың ішінде жасалды. Жағасындағы улы ампуланы шайнап үлгірмеді.  
Машинаға алып келгенде Черноносов өз қолымен жолда «атып тастап» кеткен Бақытжанды көрді. Артқы кабинада жайбарақат отыр. 
Түнде оқ атылмағанын, алданғанын Черноносов сонда ғана ұқты...
Қазақ орманында және аса қуатты жаңа кеңес қаруы сыналып жатқан дала полигоны маңында түнде енді оқ атылмайды.
Біздің қай-қайсысымыздың да қазақ екенімізді тамырымызды тереңге тартып, адам­дық сойымызды қалыптастырған алдыңғы кезекте «Алпамыс батыр», Абай, Тахауи Ахтановтар екенін мойындасақ бергі тұста кеңес жүйесінің 1960-1980 жылдарында ұлттық бітім-болмысымызды бекемдеп, бекіте түскен қалам қайраткерлері ішінде жазушы Бауыржан Момышұлы, Кемел Тоқаев­тар да бар екені анық. Осы шындық – өнер өрлігіне бағып, ұмытылмайтын әдеби үлгілер қатарына кәміл қоссақ та, туғанына 100 жыл толған кезінде Кемел Тоқаевтың таңда­малы шығармалары томдығын басып шығарсақ игі. Әрине, бұл бізге қатыссыз бөлек нәрсе. 
Өзімнің «Адалдықты аманаттап» атты мақаламның жалғасы, қосымшасы саналар бұл мақаламызды да аяқтап, түйіндеуге көшкенде оны бітіріп, нүкте қоюға мүмкіндік берер қандай жаңа өнерлік-өсерлік өре-өріс ойқастап оқырманға ой салып, нендей өнерлік-өмірлік өлшем өнеге жас буын жазушы, желкілдеген санаткерлерге байқастап бой көтерер еді. Мұның біріншісі және бастысы – қандай қиын-қысталаң, қайғы-қасіретті болса да жарық тіршілік үшін күресіп, жеңілмеу, шегінбеу, қатыгез, қас тағдырды тоқпағынан, қыңбай шыдап, көтеріп, темір қақпанынан құтылу. Біз мұны жазушының өмірбаяндық «Солдат соғысқа кетті» романынан көңілге оқып, жазушының ұлы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әке туралы ой толғауынан» оқып, мысалға келтіргендіктен қайталап жату артық. Рас, жеті жасар Кемел мұндай қайғы-қасіретті, соққыны әкедей болған Қасым ағасы арқасында көтерді, қамқорлығымен жеңді. Десек те аға қан майданда қайтыс болғаннан кейін өмірі жеңілдеп, бағы жанып кеткен жоқ қой. Қан-қасап соғыс қақпанын қайда қоямыз? Десек те әке-шеше, ізін жалғастыру жауапкершілігі, Болтаевтар әулеті алдындағы парыз-қарыз – дәлірек пайымдағанда «мың өліп, мың тірілген қазақтық рух» – оны Тоқаевтар тұқымын, жалғастыруға жетеледі. Міне, мұнысының жемісі мол болып, ғажап, нәтижелерге ұласты. Із жүзінде жалғасып, алға тарам-тарам жолдар тартты. Мұны бүгініне дәт-пана еткісі келді ме, Кемел ағамыз тағдыры сырын жүрек жыры етіп жарыққа шығарып ақ қағаз бетіне төкті. Өнегелі де өр қаламгер болып, қақпайлап, жүйеге түсіре алсаң – нағыз өнер, шырғалаң да шытырман болғанмен, шын да шың шынайы өнер. Алаш пен жұлдызы араз, жаны – жарлы, заңы қанды большевиктер қастандығынан Тоқаевтар түтінін өшірмей, әулетін, сәулетін, дәулетін қайта қалпына келтіру Кемел Тоқаевтың бір батылдығы, ерлігі десек қателеспеспіз, асыра айтпаспыз. Бұл – оның қазақ ретіндегі бір ерлігі болса, қаламгер ретіндегі екінші ерлігі – әдебиет әлемінде де әдемі, әлеуетті, өлмес-өшпес табыстарға жетіп, «Көмескі із», «Тасқын», «Сарғабанда болған оқиға», «Ұясынан безген құс», «Солдат соғысқа кетті», «Соңғы соққы» тәрізді шынайы да шытырман шығармалар жазуы. Негізгі бұлардың да сөнбей, сәулесі әлсіремей бүгінгі күнмен беттесіп, болашаққа да қадам басып бара жатуы. Біз осыны өмірімізде көріп-біліп қана қоймай, болжағандықтан болар, осынау процесс «Адалдықты аманаттап...» деп айшықтап едік. Онымыз – бекер емес-ті, өйткені адалдық, яғни адамгершілік, ар жүрек тазалығы –талантпен бірге автор – жазушыға ең етене, бойына біткен қасиет болуы – сөз өнерінің сымбат-сипаттарының бірі болатын. әдебиетіміздің көсем классиктерінің бірі Ғабиден Мұстафин, міне, сондықтан да «Мейіріңді қандыратын мөлдір шығарма мөлдір көңілден шығады». Ал, оны лас көңілден іздеу – «лай судан балық іздеумен бірдей», – деп пайымдаса керек. Иә, шынайы шығарма – да – алдыңғы кезекте адалдық жемісі. Адал адам – талантты тапшы болса туынды тудырмайды, ол – ең бастысы – бодан емес, бостан, құл емес, азат азамат. 
Осы себептен де өз басымыз кеңес өкіметі кезінде қалам тербеген қабілетті ақын-жазушыларымыз – адасуы, тап баса алмай кеңес насихатына сенуі мүмкін, жаңылысып жаңсақ шығармалар жазуы ғажап емес, алайда олар негізінен адал, азат авторлар деп білеміз. Керек десеңіз қырылып азайған, қаналып құлданған қазақты аман сақтап, қайта оятып адамгершілікке, Алашқа, азаттыққа оралтқан – бірінші кезекте осы ақын-жазушыларымыз десек қателеспеспіз. Абайға ілесіп, жолын жалғастырып, Кенесарыны тірілткен, «Қилы заманды» жазған кім? – Мұхтар Әуезов.
Батыс бардық, Балқан бастық бөктерлеп,
Альпі аттадық, аспан астық көкке өрлеп.
Еуропа аспанында тұрдық біз
Кеудемізді қасиетті кек кернеп.
Бұлай жазған – Батыс барған, Балқан басқан кім? Алаштың асау ақыны – Аманжол­дың Қасымы. Жетісудағы отаршыл жендет казактарды тәубесіне келтірген Алаш Арысы Ораз Жандосовты ұлықтап, бейбіт күніміздің шырқын бұзбақшы жауыз бұзақы, шонжар да шоқ шетел барлаушысы Аркадий Антоновичті құрықтаған – кім? Азат автор, шытырман оқиғалы шығармалар шебері, жүз жасап отырған қаһарман Кемел Тоқаев. Жаза түссек, жалғаса берер бұл мақаламызды соза бермей, енді доғарсақ та орынды екеніне жүгінгенде, «Біз мұнау бүгінгі күні – егемен еркін елдігімізді де бізге әперген алдымен осы жазушы ақындарымыз ғой» деген шындық қылаң берді. Бұл – шындығында да ақиқатқа ағайындасса, аттап кету адамдыққа қоңсы қона қоймас. Ендеше мен өз бағандауымды кесе-көлденең тартпай, біріккен Герман мемлекетін құрушы канцлер Отто фон Бисмарктің мына бір тұжырымын келтірейін: «Төңкерісті данышпандар дайындайды, ал оны жүзеге асыратын – жанкештілер, алайда жемісін көретін – жексұрындар». Қандай көшелі, кемеңгерлік сөз. Мұның да тарих – өмір шындығы екені дау тудыра қоймас. Бұлай болса, бодан халықты ойлантып, оятып, еліміздің тәуелсіздігін дайындаған қабыр­ғасын қалаған қайраткерлеріміздің бірі Кемел Тоқаевқа алғыс айтып, сөзімізге нүкте қойсақ жарасатын болар.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

813 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз