- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 21 Қыркүйек, 2023
Қазақстанда үлестік құрылысқа қатысу процесі жетілдіріледі
Қазақстанда үлестік құрылысқа қатысу процесі жетілдіріледі. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов айтты.
«Қазір үлестік құрылысқа қатысу процесін жетілдіру бойынша заң жобасы Мәжілісте жатыр. Біз осы заң жобасы шеңберінде талап ету құқығын тіркеу арқылы үлестік қатысу шарттарының барлығы әділет органдарында тіркеуден өтуді қатаңдататын түзетулер қосқымыз келеді. Әрі қарай біз барлық төлемді тек қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қалаймыз. Сонымен қатар, үлескерлер қаражатын тартуға рұқсаты жоқ жерде жарнамаға тыйым салғымыз келеді», - деді Руслан Лепесов журналистердің сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, қазір тұрғын үй сатып алуға кепілдік бермейтін алдын ала брондау шарттары үлкен қауіп төндіріп отыр.
«Бүгінде жаңа ықтимал проблемалық объектілер пайда болып жатыр, мұндай нысандар туындамауы үшін халықты үлестік қатысу шарттарын ғана жасайтындай реттеуіміз қажет», - деп атап өтті Руслан Лепесов.
Айта кетейік, 2024 жылы 1 қаңтарда заңсыз құрылысты болдырмауға бағытталған бірыңғай қала құрылысы сараптамасы қолданысқа енеді. Яғни, барлық жоба кешенді қала құрылысының мемлекеттік сараптамасынан өтеді.
Сондай-ақ қала құрылысы жобалары бекітілмей тұрып қоғамдық талқылаудан өтетін болады.
Фото: Досжан Балабекұлы
446 рет
көрсетілді0
пікір