Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Қазан, 2023

Мағжан Қайранбай: Мақсатым – Қазақстанда халықаралық деңгейдегі жасанды интеллект мамандарын шығару

Жасанды интеллект – әлем жұртшылығының зор қызығушылығын  тудырып отырған ХХ ғасырдағы жаңа ғылым.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумында: «Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары.  Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы», - деді. Адам санасын алмастыратын күрделі механизмдерді  жасанды интеллектке жүктеу арқылы адамзат дамудың жаңа прогресіне көтеріліп келеді.  Жасанды интеллекттің қоғам мен ғылымдағы маңызы жайлы Машинаны үйрету/Machine Learning саласында 10 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман, машинаны үйрету бойынша қазақ тілінде  кітаптар жазған жас ғалым Мағжан Қайранбаймен сұхбаттастық. Ол қазір Малайзияда сингапурлық Bolttech компаниясында «аға машинаны үйрету» инженері болып жұмыс атқарады. Мағжанның бұл саладағы жобалары Оңтүстік Шығыс Азия және Еуропа нарығында кеңінен қолданылады екен.

- Мағжан, сұхбатымызды жасанды интеллекттен бастасақ. Бұл салаға не себепті келдіңіз ?

- Математикаға қызығушылығым бар болғандықтан осы саланы таңдадым.  Себебі, ақпараттық технология саласының өзге тармақтарына қарағанда, жасанды интеллект тармағы математикаға толы.  Сонымен қатар, жасанды интеллект саласының жүйелері адам өміріне ерекше әсер ететіндіктен, сол өзгерістің бірі болып, соған ат салысуға бел будым.

Қазіргі таңда жасанды интеллекттің адам өмірінің өзгеруіне тікелей қатысы бар. Өздігінен жүретін авто көліктер, телефон арқылы адам түрін, эмоциясын анықтайтын жүйелер соның дәлелі. Сол жүйелердің барлығы алдымен ғылыми салада мақала ретінде жазылып, сұрыпталып, содан кейін тек үздік мақалалар жүйе ретінде шығарылып, адам өміріне оң септігін тигізді және тигізіп те келеді.

- Қазақ тілінде жасанды интеллект туралы кітап жазған екенсіз.  Сол кітап туралы тарқатып айтып берсеңіз?

- Алға қойған мақсатым – Қазақстанда халықаралық деңгейдегі жасанды интеллект мамандарын шығару. Осы мақсатқа жету жолында келесі  қадамдардан өту керек деп ойлаймын. Біріншіден, Python бағдарламалау тілін жетік меңгеру. Екіншіден, Python тілінде түрлі алгоритмдерді жаза алу дәрежесіне жету. Үшіншіден, «Машинаны үйрету» тармағын меңгеріп, сол салада кездесетін фундаменталды алгоритмдермен танысып, солармен жұмыс істейтін қабілетке ие болу. Төртіншіден, машинаны үйрету тармағын жетік меңгергеннен кейін, Computer Vision, Natural Language Processing сияқты тармақтармен танысу. Бесіншіден, үйренген білімдерді қолдана отырып әлемдік деңгейде мақала жазу немесе жүйе шығару. Әр қадамды толығымен жетік меңгеру мақсатында кітапт жазуды қолға алдым. Қазіргі таңда «Python тілінің негіздері», «Машинаны үйрету», «Жасанды Интеллект саласында мақала жазу құралы» атты кітаптарым электронды нұсқада жарыққа шықты. Алдағы уақытта тағы да кітап жазу ойымда бар.

Болашақта жасанды интеллект қандай да бір мамандықтарды алмастыруы, тіпті, жойып жіберуі мүмкін бе? Адамзат баласына қауіп төндірмей ме деген де мәселе айтылып жүр.

- Жасанды интеллект қарапайым, қайта қайталанатын жұмыстарды алмастыра алады. Сондай жұмыстарда адамдарды жасанды интеллект алмастырғанымен, оның орнына жаңа қызмет түрлері пайда болады. Сол себепті «адамзат баласы жұмыссыз қалады» деген күдіктен аулақ болу керек.  Адам баласының бойында жасанды интеллект алмастыра алмайтын қасиеттер бар. Олар: креативті және сыни ойлай алу мүмкіндігі. Келешекте сондай қасиеттерге негізделген қызмет түрлері көбейеді. Ал жасанды интеллект қарапайым жұмыс жасаумен айналыса береді.

- Алдағы уақытта адам санасының аналогы жасалуы мүмкін бе?  

- Адам баласын толығымен жасанды интеллект алмастыра алмайды деген пікірдемін. Адам миы өте күрделі жүйе. Ол жүйені Құдайдан басқа ешкім жасай алмайды.

- Қазір Малайзияда тұрып жатыр екенсіз. Ол жердегі қызметіңіз жайлы айта кетсеңіз.

- Малайзияда докторлық қорғадым және осында жұмыс істеп жатырмын. ЖИ-ке байланысты түрлі жобалар жасап, адам өмірін жеңілдетуге өз үлесімді қосып келемін деп есептеймін. Сол жобалардың бірі – Малайзиядағы қылмыскерлерді ұстау. Малайзияда авто көліктерге қатысты түрлі қылмыстық іс-әрекеттер жасалатын. «Car sharing» компаниясында жұмыс істеу кезінде сол қылмысттардың алдын алу мақсатында Жасанды интеллект жүйесін құрдық. Ол жүйе жүргізушілердің әрбір әрекетіне қарап, оларды классификациялайды. Бұл жүйе арқылы компания тарапы көліктерге қатысты  жасалатын қылмыс санын аптасына 10-нан 6-ға дейін азайтты. Осылайша, Малайзия полициясынан алғыс хат та алдық.

- Қазақстандағы Сүлеймен Демирел атындағы университетте сабақ берген екенсіз. Жалпы елдегі ғылымның дамуы, ғылымға қолдау көрсету мәселесі жайлы не айтасыз?

- Қазақстан экономикалық тұрғыда дамуы үшін ғылымды дамыту керек. Ол үшін ғылымға қаржылай көмек қажеті рас. Сонымен қатар, мықты мамандармен жұмыс істеп, жастардың дамуына көп көңіл бөлу қажет. Шетелдік ғылыми институттармен бірге жұмыс жасау Қазақстанның тез дамуына үлесін тигізеді. Үкімет тарапынан IT мамандарын көптеп дәріптегені де абзал.

Бір кездері елімізден білімді жастар кетіп жатыр деген мәселені БАҚ жиі көтерді. Сіздің өзге елде тұрып жатуыңызға не себеп? Елде жастарға қолдау аз ба, жалақы төмен бе, әлде басқа себебі бар ма?

- Қазақстаннан өзге мемлекетте тұрып та, Қазақстанға тигізетін үлесім сол қалпында бола береді деп ойлаймын. Себебі цифрлық заманда «адамның тұрып жатқан локациясы» аса рөл ойнамайды. Адам басқа мемлекетте өмір сүріп те өз мемлекетіне көмектесе алады. Оның бір дәлелі ретінде қазақ тілінде жарық көрген кітаптарымды айта аламын. Өзге мемлекетте тұрып, екі мемлекеттің арасындағы экономикалық дамуына үлесін тигізетін адамдар – біз секілді экспаттар. Сондықтан «олар басқа жерде өмір сүріп, елге көмегі тимейді» деген жалған тұжырым.

- Сұхбаттарыңыздың бірінен киізден киім дизайнын жасау туралы  ойыңыз бар екен естіген едім.  Сол жоспарыңыз жайлы айта кетсеңіз.

- Ондай жоспарымның бары рас. Қазақстаннан алыс жерде өмір сүргендіктен,  оны қазір жүзеге асыру қиындық туғызып тұр. Барлығы болашақтың еншісінде.

- Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Туған жеріңіз, отбасыңыз?

- Мен Алматыда туып өстім. Әкем – ақын, жазушы. Анам – үй шаруасымен айналысады. Отбасында бесеуміз. Өзім үйдің кенжесімін. Үш жыл бұрын отбасын құрдым. Қазір әйелім екеуміз Малазияның Куала-Лумпур қаласында тұрамыз.

- Малайзия демекші, қашан елге ораласыз?

-  Түбінде Қазақстанға қайту ойымызда бар, бірақ әзірге қашан екені белгісіз.

 

Сұхбаттасқан:

Гауһар ТҮСТІКБАЕВА

"Қазақ газеттері"

 

 

8571 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз