Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 28 Қазан, 2023

Апаттан зардап шеккендердің отбасына материалдық көмек көрсетеміз - Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.

– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент

Президент бүкіл еліміз бойынша 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.   

– Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

ПрезидентМемлекет басшысының айтуынша, жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету – кезек күттірмейтін міндет. 

Кеншілер

– Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын, – деді Президент. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатқанын айтты. 

КеншілерФото: akorda.kz

2815 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *