- Біздің сұхбат
- 03 Қараша, 2023
Нұржан АСАН: Өмірде де кемелдікке ұмтыламын

Журналымыздың алдыңғы санында жастар арасында күрес түрлерінен Амманда өткен әлем чемпионатында топ жарып, әлем чемпионы атанған Исхардың жеңісін тарихи жетістікке теңеген едік. Исхардың артынан ізін суытпай, бүгінгі кейіпкеріміз Нұржан да әлем чемпионы атанды. Ол мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында топ жарды. Бішкек қаласында (Қырғызстан) өткен байрақты бәсекеде кейіпкеріміз грек-рим күресінен 82 келіде үздік шықты. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында ел тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған Нұржан Асанның спорттағы ғұмырына шолу жасап көрейік.
АЛТЫНҒА АПАРАР ЖОЛ
Нұржан Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Бала күнінен спортқа жақын болып, Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты қазақ балуандарының өмірбаяндарын зерттей бастады. Зерттеудің соңы күреске деген қызығушылығын оятып, 13 жасында әкесінің жетегімен грек-рим күресі үйірмесіне барды. Күрестің қыр-сырын үйреткен алғашқы бапкері Ринат Исмаилов шәкіртіне үлкен сенім артып, физикалық, тактикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да дайындады. Боз кілемде белдескен сәттен бастап санасына «чемпион боласың» деген сөзді құйып, бойына сенімділік ұялатты. Облыстық, республикалық жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп, көзге түсіп жүрді.
Спорттағы ең үлкен жетістігінің біріне былтыр Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен жазғы сурдолимпиадада қол жеткізді. 77 келіде белдескен балуан құрама қоржынына қола жүлде салып, талай жылғы еңбегінің жемісін көрді. Әрине, алтын алуға әуелі тәжірибенің аздығы, одан кейін физикалық тұрғыдан да қарсыластарына әлеуеті жетпеді. Дегенмен қола жүлдеге масаттанбай, бірден жаттығуына қайта кірісіп, әлем чемпионатына дайындығын бастап кетті. Бішкекке биік тұғырдан көрініп, алтыннан алқа тағу үшін ғана барды. Алғашқы кездесуінде-ақ азулы қарсылас, екі дүркін олимпиада және әлем чемпионы украиналық Роман Ященкомен белдесті. Нұржан 0:2 есебімен ұтылып жатқан жерінен есепті теңестіріп, жеңісті жұлып алды. Жартылай финалда ирандық Мохамед Резаны 4:1 есебімен ұтты. Ақтық айқаста 2017 жылғы әлем чемпионы, Бразилиядағы олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхаммед Ақденизді айқын басымдықпен ұтып, сурдолимпиадалық спорт түрінен әлем чемпионы атанған алғашқы балуан болды. Нұржан бұл жетістікке жету үшін 10 жыл еңбек етіп, тер төкті. Темірдей тәртіп пен жүйелі дайындықтың арқасында діттегеніне жетіп, бапкерлердің ғана емес, жанкүйерлердің де үмітін ақтады.
СУРДОЛИМПИЯЛЫҚ СПОРТҚА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
Нұржан 2011 жылы құлағына суық тигізіп, аса мән бермей, дер кезінде тиісті ем-шарасын жасамаған. Уақыт өте келе есту қабілеті төмендей беріп, бір құлағы мүлде естімей қалған. 2016 жылы екінші құлағына да кері әсерін беріп, екінші құлағының да есту қабілеті төмендеп кеткен. Сөйтіп, есту қабілеті зақымданған спортшылар қатарына ауысуға мәжбүр болды. 2019 жылы сурдолимпиялық спорттың стандартына сәйкес келетін тиісті аудиограммадан өтті. Нұржан сурдолимпиялық спортқа ауысқаннан кейін Қазақстан чемпионатында 10 рет топ жарып, өз салмағының үздігі болды. Тіпті қарапайым спортшылар арасында да сынға түсіп, мықтылығын мойындатып, тәжірибе жинап жүрді. 2021 жылы олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнирде тамаша өнер көрсетті. 77 келіде ақтық сынға дейін жеткен ол финалда жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Вейсал Әюбовтан ұтылып, күмісті қанағат тұтты. Одан бөлек, дәл сол жылы Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған республикалық турнирдің финалына шықты. Дегенмен әр жеңілістен сабақ алған Нұржан биыл ірі турнирлердің бәрінде үздік атанды. Ол 2025 жылы Токиода өтетін сурдолимпиадада топ жаруды көздейді. Елінің үмітін арқалап, көк туды желбіретуді арман емес, мақсат тұтады. Сол үшін де негізгі ұлттық құраманың мықтыларымен бірге жаттығып, солардың да жарысына қатысып жүр. Өйткені есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Мұхаммед Ақдениз, Мантас Синкеевич сынды сайыпқырандар да кәдімгі балуандардың арасында сынға түсіп, деңгейін арттыруда.
КӨЗДЕЙТІНІ ТАБЫС ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ НАМЫС
Нұржан қалың елдің қолдауы мен бапкерлерінің біліктілігі болмаса дәл қазіргі деңгейге, жетістікке жете алмайтынын сезеді. Алғашқы бапкері Ринат Исмаиловтың тәрбиесі мен бағыт-бағдары спортшыны талай жеңіске жеткізсе, Ерназар Қонысбаев та біліктілігін арттырып, жаңа биіктен көрінуіне жол көрсетті. Балуанның өмірде де, спортта да ұстанатын ұстанымы, көздейтіні табыс емес, ұлттық намыс. Әркез намысты алға қойып, сол намыс туын жығуға жол бермеуге тырысады. Сол үшін де өзінен мықтылармен бәсекелесіп, солардың деңгейінен асып түсуді көздейді. Егер дайындық залында оны жеңе алатын спортшы болмаса, ол залда дайындалмайды. Өйткені дәрежеңнен асып өтетін қарсылас болмаса, деңгейі өспейтінін түсінеді. Сонымен қатар рухани тұрғыдан да өзін тәрбиелеп, жастардың тәрбиесіне де айрықша атсалысып жүр. Рухани қорексіз спортшының ынтасы түсіп, күш-жігері бұрыс бағдармен кетіп, толыққанды өз әлеуетін аша алмайды деп санайды. Кеудеде намыс, көзінде от ойнаған спортшы олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, әлем чемпионатында бірнеше рет ұтатынына кәміл сенімді.
Дәурен ТҮЛКІБАЙ

1304 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *