Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 10 Қараша, 2023

Әр қазақ мемлекеттік тілге құрметпен қарауы қажет

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы Жетісу аудандық филиалының төрағасы

Тәуелсіздік алған жылдардан бері ұлт мүддесімен қатар көтеріліп келе жатқан мемлекеттік тілдің жай-күйі мен дамыту түйткілдері бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Себебі мемлекеттік тіл – елдің бүгіні мен келешегін айқындайтын іргелі мәселелердің қатарында. Осы орайда біз Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы Жетісу аудандық филиалының төрағасы Әбдірашит Бәкірұлымен сұхбаттасып, қазақ тілінің саяси-қоғамдық тұрғыдағы мән-маңызын өткен тарихымен сабақтастыра отырып айтып беруін өтінген едік. 
 

– Әбдірашит аға, тіл туралы әңгі­меге көшпес бұрын, алдымен бүгінгі күнде болып жатқан реформаларға, өзге­рістерге тоқталып өтсеңіз... 
– Жалпы ХХI ғасыр тұрғысынан айтатын болсақ, әлемде күрделi трансформациялану үрдістерінің өтіп жатқаны айдан анық. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Соның бір көрінісі Қазақстанда жүзеге асуда, оның негізгі форматы «Жаңа Қазақстан» деп аталып, ал мағынасын «Әділетті Қазақстан» құрап отыр. Негізі, «Әділетті Қазақстан» дегеніміз тек тарихи термин емес екенін пайымдай білуіміз керек. Өйткені ол ең алдымен, «Мемлекет құру» парадигмасы ретінде «ел басқару принциптерінің» жиынтық көрінісі. Осы жерде ескеретін бір жайт, бұл – еліміздің тәуелсіздік тарихында жаңа сапаға көшудің бастамасы ретінде қабылдануда. Сондықтан да, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде әлемнің бір бөлшегі болғандықтан, біз жаһандық өзгерістерден тысқары қала алмаймыз. Бұл –бір. Екіншіден, мемлекет қоғам өмірінің барлық салаларын жаһандық деңгейде өзгертуге, өмiрді жаңаша құруға бағыт алғанын, әлемдiк интеграциялану процесі қоғам өмірін жан-жақты қамти бастағанын көріп отырмыз. Қазақстан азаматтары осы процестің толыққанды субъектісі болғандықтан, заманға сай рухани-мәдени өзгерістерге баруы заңды құбылыс деп есептеймін. 
– Еліміз егемендік жариялаған жылдары, тіпті сонау 1989 жылды алатын болсақ, «Тіл туралы» Заң қабылданып, бөркімізді аспанға аттық. Алайда уақыт өткен сайын қазақ тілінің қанаты кеңге жайылып, өз тұғы­рына тезірек қонады деген үмітіміз ақтал­май келеді. Осының себептері неде деп ойлайсыз? 
– Иә, ол рас. Мысалы, кеңес заманында орыс тілі – жеке‑дара ғылым‑білім тілі, өндіріс тілі, банк тілі, әскери тіл, медицина тілі және т.т. боп КСРО күйреу сатысына аяқ басты... Одақтас республикалар шетінен «тәуелсіздік шеруін» бастан кешіп, соның арқасында халықта ұлт тілі мен ұлттық мәдениеттің дамуына жол ашылады деген бір эйфориялық көңіл күй орнады. Алайда ол көп ұзамай басылды. Неге? Өйткені, мемлекет билігінің басына қазақ тілін іс жүзінде ұлттық құндылық деп танымайтын менеджерлер келді. Олар жалпы Қазақстанды тарихи әділеттілікке сай тәуелсіз унитарлы мемлекет ретінде мойындай отырып және Ата Заңымызға «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жарқырата жазып қой­ғанымен, мұның бәрі қазақ тілін шын мәнісінде «мемлекеттік тұғырға» қондыру қадамы болған жоқ. Қонституциядағы «Мемлекеттік тіл» дейтін мәселе тек қана Конституция үшін ғана жазылған болатын. Яғни Конституция бойынша тіл қорғалады, ол әлемдік демо­кратиялық үрдіске сай келеді, оған халық сенеді – сөйтіп, «құда да тыныш, құдағи да тыныш» дейтін мамыражай күй орнайды. Ал нақтысында – үйреншікті орыс тілі өзінің бұрынғы қызметін атқара берді. Сондықтан болар Қазақстан өзінің бұрынғы КСРО кезінде қабылданған «Тіл туралы» Заңымен қала берді. Оған аздаған түзетулер енгізіп, Конституцияға «ресми тіл» дегенді қосып қойды... Иә, қазақ мектептерінің саны қалаларда біршама артты. Бірақ оны «тіл қажеттігінен туды» деуге келмейді. 
– Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз? 
– Ол, сөзсіз, еліміздегі орын алған қате экономикалық саясаттың әсерінен болды. Себебі тоқсаныншы жылдары негізінен ауылда өмір сүретін қазақ халқының өмір сүру ортасы ауылды қирату басталды. Ауыл, тек азық-түлік емес, сонымен бірге қазақ тілінің, қазақ мәдениетінің, салт‑дәстүрінің, оның ұлттық болмысының, ұлттық тәрбиесі мен психологиясының қайнар көзі еді. Ауыл қираған соң, жұрт жаппай қалаға ағылды. Ретсіз миграциялық процестер басталып кетті. Аз уақытта қалада қазақ халқының үлесі еселеп артты. Сондықтан  қалаға үздіксіз келіп жатқан, ауылдық тегінен ажырай қоймаған қазақ отбасыларының талабымен қазақ мектептері де көптеп ашыла бастады.
– Ауыл туралы жақсы айттыңыз. Өйткені тілдің қалыптасып, дами­тын ортасы қашанда алтын бесік ауылымыз еді ғой. Дегенмен өзіңіз атап өткен қазақ мектептерінің көптеп ашылуы сан жағынан болсын мемлекеттік тілдің өркендеп кетуіне оң әсер ете алмағаны ма? Осы жерде бір түйткілді тұс бар сияқты, қалай ойлайсыз? 
– Шынтуайтына келгенде, мектеп қазақ тілінде болғанымен, «мектептен кейінгі өмір» әлі де өзге тілдің ықпалында қалғаны жасырын емес. Ғылым‑білім де, оқулықтар да, қажет ақпараттар да орыс тілінде болды. Қазақ тілінде орта‑орташа‑жоғары білім алған жастар, түпкілікті нәтиже­сінде, бәрібір орыстілді маманға айналушы еді. 
Жалпы жастар тілге тез бейімде­летінін ескеруіміз керек. Ол табиғаттың заңы. Сондықтан бұл үрдіс сол кездегі толқынның санасында аса бір қатты күйзеліс тудыра қойған жоқ. Неге тудырсын – олар ана тілін біледі, ұлттық тәрбиеден өткен, өз тілінде емін‑еркін сөйлейді. Алаңдайтын не бар? Бірақ сол ұлы көштің өкілдері бір нәрсені жоғалтты: ол – күнкөріс үшін жанталасқан заманда «кітап оқымайтын» ұрпақты өмірге келтіре отырып, келесі ұрпақтың ұлттық мәдениетпен, ұлттық болмыспен сусындауына жолды жапқаны болды. 
– Өкінішті, әрине. Бірақ тілге қатысты жағдайды түзеуге болмас па еді? Мысалы, мемлекеттік деңгейдегі арнайы шаралар қабылдау арқылы дегендей...
– Иә, бұл мәселеде нәтиже беретін нақты іс-шаралар жеткіліксіз болды. Соның салдарынан, ғылымда да, білім беруде де, қатынас құжаттарда да қазақ тілін толыққанды, бәсекеге қабілетті тіл ретінде дамыту қолға алынбады. Осы бағытта жасалуы тиіс «Тіл реформасы» да жасалынбады. Бір сөзбен айтқанда, тілдің дамуы стихияның жетегінде кетті. Жұрт «санымыз көбейген сайын тіліміз де қалпына келеді» деген үміт жетегінде жүрді. Ал тілдің жан‑жақты функцияларын үздіксіз жетілдіріп отыратын институттар дағдарыспен бірге тоқырауға ұшырап, тілдің үдемелі дамуын, сөйтіп, қоғамдық қатынастар жүйесінде өзінің лайықты «мемлекеттік мәртебесіне» ие болуын қамтамасыз ете алмай қалды. Өз елінде, өз жерінде. 
– Өзіңіз негізгі түйткілдерін тарқатып айтып отырсыз ғой, енді мына мәселеге ке­лейікші. Қазақ тілі, сөз жоқ, әлемдегі ең бай тілдердің қатарында. Бұл, әрине, үлкен жетістік. Алайда осындай ғажайып тілімізді ғылым тіліне, қоғамдық қатынастардың барлық деңгейінде қолданылатын тілге айналдыра алмай келе жатқанымыз шындық. Бұған қатысты не айтар едіңіз? 
– Қазақ тілі өзінің сөздік қоры жағынан әлемдегі ең озық тілдердің бірі екені аса дәлелдеуді қажет етпейтін факт. Иә, ол – тамаша көркем әдебиет тілі, көркем өнер тілі болудан алдына өзге тілдерді шығара да қоймас. Алайда оны нақты ғылым тіліне «аудару» өте қиын. Ғылым тілімен қатар «әкімшілік тілі», «өндіріс тілі», «банк пен бизнес тілі» және т.т. қатар жүретіндіктен, қазақ тілі де өзінің «әдеби биігінен» төмен түсіп, «шаруа тіліне» айналуы керек еді. Ол оның әдеби құндылығына еш кедергі де емес керісінше, ол «шаруа тілі» бола отырып, өмірдің бар қыр‑сырын бұрынғыдан да бетер дәлме-дәл бейнелеуші еді...
– Десек те, соңғы кездері қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру бағы­тында мемлекет тарапынан белгілі бір тал­пыныстар қолға алына бастаға­нын жоққа шығаруға болмас. Оның бір көрінісі – әлемдегі озық оқулық­тардың, басқа да танымал кітаптардың қазақ тіліне аударылуы. Осы ретте сіздің көзқарасыңыз қалай? 
– Меніңше, бұл бағытта бір кемшілік бар. Мысалы, тілдің терминдік, түсініктік, ұғымдық базасы жетілмей тұрып, көптеген кітаптарға аудармалар жасай бастасақ, онда аударма әлсіз болып, ол қазақ тіліндегі ғылымды дамытудың орнына, оны «кері кетіру» қызметін атқарып кете барады. Сондықтан да, қазір қазақ тіліндегі «аудармаларға» айтылып жатқан сын да өте көп. Ол түгілі, жазылып жатқан оқулықтар да бұрынғы КСРО кезіндегі жаратылыстану пәндері бойынша жазылған оқулықтардан сапасы төмен түсіп кетті. Жыл сайын қайта басылса да, осы бір «тілдік құрсаудан» шыға алмай-ақ келеміз...
– Тілді қоғамнан, әлеуметтік ортадан бөліп қарай алмайтынымыз белгілі. Бір өкі­ніштісі, қоғамның, соның ішінде ұлты қазақ азаматтар­дың тарапынан мемлекеттік тілді қолдауға қатысты белсенділік көп бай­қала бермейді. Осы жайында не айтар едіңіз? 
– Өзіңіз жақсы білесіз, биыл көп жерде ата‑аналар арасында балаларын қай мектепке беру туралы дау‑дамай белең алды. Алысқа бармай-ақ қояйық, Алматы түбіндегі Талғар қаласындағы ашылған жаңа мектепті «Орыс­тілді мектеп» деп ашуды көп қазақ отба­сыларының өздері талап етіпті. Сонымен қатар биыл балаларын орыс мектептеріне берген астаналықтардың, алматылықтардың және басқа қалалардағы тұрғындардың саны күрт артқан. Шындыққа жүгінсек, бұл олардың патриоттық сезіміне селкеу түсті деген сөз емес. Бұл – тіліміздің өзге тілдермен арадағы бәсекелестікке төтеп бере алмай, өз позициясын жоғалта бастауының көрінісі емес пе деген ойға жетелейтін құбылыс. 
– Олай деп бір жақты баға беруге де болмас. Әйтсе де, қауіпіңізді жақсы түсініп отырмын. Өкініштісі, туған тілге қарсылық, оның келешегіне күдік-күмәнмен қараудың астарында бірнеше буын ауысса да кешегі кеңестік кезеңде қалыптасып қалған «құлдық психологияның» сарқыншақтары жатқан сыңайлы. 
– Тілді білмеудің себебі тілдің өзінде жатқан жоқ дер едім. Қазақ тіліне деген салғырт көзқарас, тілден бұрын қазақ мәдениетіне деген астамшыл көзқарастан туындап жатады. Сондықтан біз өзгелердің және көптеген өз қандастарымыздың алдында тілге кедергі болып тұрған «мәдени барьерлерді» анықтап, оларды игеру жолдарын кең форматта жүзеге асыра бастауымыз қажет. Осы тұрғыда еліміздегі «Қазақ тілі» қоғамы үлкен әрі шешуші рөл атқаруы тиіс.
Жалпы тілді жақсы деңгейде дамыту үшін әрбір қазақ өз тіліне жанашырлықпен, құр­метпен қарауды қалыпты жағдайға жеткізуі керек. Бірақ ол өздігінен пайда бола қоймайды. Біз санымыз артса да, тілге қатысты ондай «құрмет шегінен» төмен құлдырадық десек болады. Ендеше, осы жағдайда тілді демографиялық стихия жетегінде жібермей, мемлекет оны өз қолына алып, «мемлекеттік жігер» арқылы іске асыруы тиіс. Онсыз болмайды. Оны тез арада «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа Заң қабылдаудан бастап, барлық мемлекеттік қатынас жүйесін қазақшалау қажет болады...
Сонымен, бір мезетте қазақ тілімен айна­лысатын қоғамдық ұйымдардың жұмысын белсенді етіп, олардың жұмысын әкімшіліктер мен бизнестік сала өкілдерімен үйлестіру жұмыстарын арнайы декреттермен заңдас­тырып қою керек. Ал қоғамдық ұйымдар, бас­пасөз, газет тілді насихаттаудың жаңа форматтарын үнемі тудырып, оны өнім ретінде ұсынуы керек. Бұл бағытта бүгінгі тілмен айтқанда креативтілік өте қажет. 
– Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан 
Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

1502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз