- Біздің сұхбат
- 11 Қараша, 2023
«Сезім үшін»: хитке айналған ән қалай жазылды?

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң, «Сезім үшін» әнін қосыла шырқаған жандарды жиі байқайсың.
Сезім үшін, бәрін қиып кетер ем сөзің үшін
Мен өмірді сүйемін керек десең
Жәудіреген бір сенің көзің үшін.
Бір-ақ арман, сені барлық шуақтан құрап алғам,
Мөлдіреген көзіңдей мына аспаннан,
Мен өзіңді аяулым сұрап алғам.
Әннің әр сөзінде мөлдіреген сезім, салмақты ой, ғашық жанның жүрек лүпілі жатыр. Есті ән ғана «жүректен кіріп, бойды алып», өмір ағымынан қалмай, ескірмейтін туындыға айналады. «Сезім үшін» әнін бүгінде осындай туындылардың қатарына жатқызуға әбден болады.
Әсем әннің авторы – композитор Талғат Лес, ал сөзін белгілі ақын Ақберен Елгезек жазған. Бір қызығы, алғашында бұл ән Мейрамбек Басбаевқа ұсынылған екен. Кейін оны әнші Ғазизхан Шекербеков сұрап алады. Сөйтіп Ғазизханның орындауында шырқалған ән әп-сәтте хитке айналған еді. Жақында бұл ән «Таптым-ау сені» фильмінің саундтрегі ретінде таңдалып, Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың шырқауында өзгеше реңк алды. Әннің екінші тынысы ашылғандай әсерде қалдық. Әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, көпшіліктің көңілінен шыққан туындының құдіреті неде? Біз осы ретте талғампаз тыңдарманды тәнті етіп, сезім қылын шерткен әннің авторларын әңгімеге тартқан едік.
Ақберен Елгезек, ақын:
- Сезім үшін әні 2020 жылы жазылды. Әннің авторы – Талғат Лес деген шымкенттік жас композитор. Әнге сөз жазылғасын бір жылға жуық кішігірім той-томалақта, отырыстарда айтылып жүретін. Әнді жаттап алған Ғазизхан бір күні маған келіп: «Аға, мына әнді мен айтсам деп едім? Әнге керемет ғашық болдым. Әнді орындау үшін әбден пісіп-жетіліп тұрмын», - деді. «Ол әннің иесі бар ғой, Мейрамбек Бесбаевқа ұсынылған болатын. Сол ағаңнан рұқсат сұра. Егер рұқсатын берсе, қарсы болмаймын», - дедім. Бір күні Мейрамбекке қолқа салған екен, ол да кеңдік танытып, ағалық қамқорлық танытып, рұқсатын беріпті. Содан ол студияға барып жазып, ертесінде-ақ әнді жарыққа шығарып жіберді. Ән Ғазизханның орындауында хитқа айналды. YouTube- тың өзінде бір арнада он бес миллиондай қаралым жинады. Көптеген кавер нұсқалары шықты. Әртүрлі стористер түсірілді. Бұл да өз кезегінде керемет хит болды. Тіпті, биыл Ғазизханның ән кешіне барған кезде қызық жайтқа куә болдым. Ғазизхан әннің алғашқы жолдарын бастағанда-ақ бүкіл зал жатқа соғып тұрды. Бұрын бүкіл ел қосылып айтады дегенді еститінмін. Бұған дейін «Сүйікті етші» деген әнді халықтың қосылып айтқанын көрген едім. Бірақ бұл әнді де солай орындайды дегенге сеніңкіремей жүргенмін. Соның бәрін өз көзіммен көрдім. Халықтық әнге айналып кетті. Ғазизхан өзіне тән дауысымен, сезімімен тыңдарманға өте керемет жеткізе білді. Жақында ол маған тағы хабарласып: «Дариға Бадықова деген актриса кино түсіріпті, соның саундтрегіне «Сезім үшін» әнін сұрап жатыр. Соған қарсы емессің бе?» - деді. «Бүкіл халық жақсы көріп кеткен ән ғой, айта берсін», - дедім. Олар да клип түсіріп, саундтрек шығарып жіберді. Қазір бұл әннің екінші өмірі, қайта түлеуі деп айтсақ қателеспейміз. Бүкіл ел видео, сторис түсіріп, жаппай қайтадан тыңдап жатыр. Демек, ән ұнаған шығар деген ойдамын. Сол үшін де автор ретінде қуаныштымын. Сөзім халықтың жүрегінен орын алып, елге жетіп жатса,ақынға одан артық қандай бақыт керек?! Екі түрлі орындауға да ризамын. Мына жаңа фильм әннің, ән фильмнің бағын ашады деп ойлаймын.
Бұл да қазіргі заманда поэзияны ән арқылы халыққа жекізуге, халықтың көркемдік деңгейін, талғамын өсіруге таптырмайтын бір құрал деп есептеймін. Өзім әнге сөзді өте сирек жазамын. Сөйте тұра халықтың поэзияға сусап тұрған шөлін қандырғым келеді. Сондықтан әнге сөз жазғанда асқан жауапкершілікпен қараймын. Сондай жақсы ниеттен туған сөз ретінде елдің жүрегінен орын тауып жатқан шығар.
Талғат Лес, композитор:
- Бұл әнді жазғаннан кейін тыңдап отырып, Мейрамбек аға көз алдыма елестеді. Сол кісінің орындау шеберлігіне, өзгелерден ерекше табиғатына келетін секілді көрінді. Сонымен әнді Мейрамбек ағаға ұсынып едім, ол кісі жақсы қабыл алды. Ұнатты, орындап шығам деді. Сосын әннің сөзін Ақберен ағаға тапсырды. Ол кісі де қарсылық білдірмей, сөзін жазып шықты. Кейін әнді өңдеп шығуды Ғазизхан ағаға тапсырған екен. Сол кезде Ғазизхан аға «мен орындап шықсам» деп, Мейрамбек ағаға өтініш айтыпты. Былай қарап тұрсаң, Ғазизхан ағаға бұйырған ән болып тұр ғой. Мейрамбек аға келісімін беріп, менің де пікірімді сұрады. Ешқандай қарсылығым жоқ екенін айттым. Сонымен, 2021 жылы Ғазизхан ағаның орындауында әніміз жарыққа шықты. Ән өз тыңдармандарын тауып, жақсы таралып, қысқа уақытта хитке айналды. Көп ортада айтылып жүргенін байқадым. Осыдан екі апта бұрын Ғазизхан аға маған хабарласты. «Дариға Бадықова кино түсіріп жатыр екен. «Сезім үшінді» саундтрекке сұрап жатыр. Не дейсің? Қарсылығың жоқ па?» - деді. Ешқандай қарсылық білдірген жоқпын. Сөйтіп, әннің қайта орындалуын жұрт өте жылы қабылдады. Қайтадан тез таралып кетті. Дариға ханым мен Олжас ағаның орындауында да бір нәзіктік бар, оның үстіне дуэтке де келіп тұр. Бастысы, халықтың ойы, көңілі, жүрегінен орын тапқанына қуаныштымын.
Гауһар Түстікбаева
«Қазақ газеттері»

2575 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *