Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Қараша, 2023

«Өліара»: Бүгін елордада JAN иммерсивті театры ашылады

Бүгін елордада жаңа театр шымылдығын ашады. JAN иммерсивті театрының  алғашқы қойылымы жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Өлара» әңгімесінің желісіне құрылған пьесадан басталады. Өнер одасының ұжымы бұл қазақ театрында бұған дейін кездеспеген өзгеше театр болатынын алға тартады. Театрдың еліміздегі өзге тетарлардан ерекшелігі неде? «Өліара» спектаклінің алғашқы премьера ретінде таңдалуына не себеп? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында «Өліара» әңгімесінің авторы мен театр режиссерінің пікірін білген едік.

Бейбіт Сарыбай, жазушы:

- «Өліара» менің алғашқы әңгімелерімнің бірі. Студенттік кезде 20-22 жасымда жазылған. Бұл енді тура осылай болған оқиға емес. Осыған ұқсас жайт болған. Цифрды шатастыру деген сияқты. Басқасының барлығы кәдімгі өзімнің қимастығым, сағынышым. Шын мәнінде мектеп бітіру кешінен кейін ертесі таудан түсіп келе жатқан кезде менде тура сондай ой болған. Біз енді ешқашан басымыз бірікпеске тарап бара жатырмыз деген сияқты. Сол кездегі қимастық сақталып қалған. Сол сағынышқа ұласқан сезіммен кластас достарды сағынып жүрген кезде жазылған әңгіме ғой. Енді оның «Өліара» деп аталғанына келсек, сондай кезең ғой, мектеп кезінде оқушы боласың, одан кейін студент боласың. Студент болған кезде де нақты бір мамандықтың иесісің. Сен болашақ дәрігер, болашақ инженерсің, мұғалімсің деген сияқты. Ал енді сол бір үш ай абитуренттік шақ  өлара кезең ғой, не оқушы емессің, не студент емессің, не бір мамандықтың иесі де емессің, жай бір болашақ таңдауын жасайтын адамсың. Сол кезді өзімше бір табиғаттағы өліара кезең мезгіл бар ғой, соған ұқсастырып жазған әңгіме. Кейіннен газетке, одан кейін кітапқа шыққан. Әлгі рұқсатсыз жариялай беретін интернет басылымдарда, сайттарда бірінен бірі көшіріп жариялап тұратын. Кейін бір жігіттер хабарласты. Драматург Қанат Жүнісов ағамыздың баласы сіздің әңгімеңізді пайдалансақ деп. Мен ойладым кішігірім нәрсе шығар деп, пайдалана беріңдер деп рұқсат бердім. Алдында бір мектептерде қойып жүретін, сол сияқты болатын шағын дүние шығар деп ойлағам, сөйтсем кәдімгідей жаңа театр, жас театр құрылған екен. Соның бір алғашқы спектаклі ретінде қойылып жатыр. Соның бүгін премьерасы болады екен. Әрине, қуаныштымын. 1 сағат 20 минуттық дүние болыпты дейді. Енді ол режиссердің еңбегі, режиссердің шешімдері болады. Режиссерларға да, актерларға да, осыған көзі түсіп ұсынған адамға да бәріне рахмет, ризамын. Көп адамдардың айтатыны бар, театр аш болса, әдебиетке жүгінеді дейді ғой. Өйткені әдебиетте театрға келетін көп нәрсе бар. Әдеби шығармалар барда театр ешқашан аш қалмайды дейді. Прозалық шығармаларды инсценировкасын жасап, сахналауға болады. Рас сөз негізі. Режиссерларға халықтың ренжитіні сол ғой, ұлтының әдебиетін білмейді деп. Ұлтының әдебиетін білсе көп шығарма табылады деп. Мен бұл жерде өз шығармамды айтып отырған жоқпын. Жалпы, бұрынғы жазушылардың классиктердің бәрінде керемет шығармалар бар ғой. Солар шетінен сахналанып жатса қандай керемет.

Руслан Әліш, JAN иммерсивті театрының ресжиссері:

- JAN иммерсивті театрының көркемдік жетекшісі Ақыш Омар Қоңыртайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері. Театрдың бүгін алғашқы премьерасы өтеді. Өнер ордасының шымылдығы Бейбіт Сарыбайдың "Өліара" шығармасымен ашылады.  Бұл жас театр қазақ театр өнеріне тың жаңалық болғалы тұрған иммерсивті бағытты ұстанады. Басқа театрлардан ерекшелігі сол жанрында, иммерсивті дегеніміз сахнада ғана қойылмайды. Қойылым кез келген жерден басталып кетуі мүмкін және де келген көрермен спектакльге қатысып  кетеді. Актерлермен сырласуы да мүмкін, барлығын күтуге болады. Көптеген жаңалықтар болады деп айта алам.

«Өліара» қойылымының сахналық нұсқа (инсценировка)  авторы, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің түлегі  Бахтияр Тұрсын, қоюшы-режиссер өзім, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актерымын. Кейіпкерлерді сомдаған  Рамазан Жақан, Қанат Егдір, Әзілбек Төлеуғалиев, Біржан Жүнісов, Жәнібек Оралжан. Музыкамен көркемдеуші - Сұлтан Тұрсынбеков. «Өліара» әңгімесін Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде жүрген кезде таңдаған шығармамыз еді. Студенттік жұмыс осылай үлкен инсценировкаға өзгертілді. «Өліара» спектакліне келген көрермен өзін көріп, балалық шаққа саяхат жасап қайтады. Бұл шығармада мектептен кейінгі өмір, емтихан кезеңдері баяндалады. Жығылған кезде басты кейіпкер Алматты кім алға сүйреді, басты кейіпкердің жан толғанысын көрерменге жеткізуге тырысамыз. Алдағы уақытта театрда көрермендерге жақсы, әрі қызықты әртүрлі жанрдағы шығармаларды ұсынатын боламыз. Оны уақыт көрсетеді. Нақты осы деп қазіргі сәтте айта алмаймын. Бірақ бір ерекше жанрдағы театр болатыны рас.

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері"

4185 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз