Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 18 Қараша, 2023

«Қызыл шапан» киме, бала...

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, 

«Ana tili 
 

Елімізде қызылшаға қарсы жаппай егу басталды. Өйткені жыл басынан бері 12 671 адамның қызылшамен ауырғаны тіркеліп, оның ішінде 10 563 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар, жасөспірімдер – 354, ересектер – 1 754 екені белгілі болды. Ең қиыны, тіркелген науқастардың 70 пайызы немесе 8 866 жағдай – вакцина алмаған балалар екені анықталып отыр. Статистикаға сүйенсек, вакцинациядан бас тарту себебінен – 5 286, медициналық қарсы көрсетілім – 1 555, егу жасына жетпеу – 1 930, өзге себептер – 93.
Тағы 16 пайыз немесе 2 062 жағдай – белгісіз вакцинация мәртебесі бар адамдар екен. Осылайша, биылғы күз де ауырлау болып тұр. Қызылшамен ауырғандар әлі де тіркеліп жатыр. 

Ауырмаудың жолы – вакцина

Ал қараша айының басынан бастап бас мемлекеттік санитар қызылшаға қарсы екпе науқанын бастау жөнінде арнайы қаулы шығарды.  Көрсетілген қаулыға сәйкес 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚКП) қарсы 6-11 айлық балаларға, желтоқсаннан бастап – қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан, 2-4 жасар балаларға қосымша жаппай иммундау жасалады. Осылайша, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният барлық қазақстандық ата-аналарға балаларын қызылшаға қарсы уақытылы вакцинациялауға шақырды. Шақырып қана қоймай, өзі көпке үлгі болу үшін немересін ертіп Астана қаласының №9 емханасында вакцина алған. 
«Бүгін немерем екеуміз әлемнің көптеген елдеріндегідей біздің еліміздегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қызылшаға қарсы екпе алу үшін қалалық емханаға келдік. Сонымен қатар Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы қыркүйек айынан бастап байқалды, балалар ұзақ уақыт жабық үй-жайларда, мектепке барды. Бұл инфекцияның әсіресе жұқпалы екенін, жөтелгенде, түшкіргенде ауа тамшылары арқылы тез берілетінін ескеруіміз керек. Сондықтан біз соңғы екі айда бұл аурудың күрт өскенін көріп отырмыз. 13 мыңнан астам адам ауырып қалды, оның 83 пайызы негізінен 5 жасқа дейінгі балалар, егілмеген ересектер де бар», – деді Министр. 
Еліміздегі жағдайға назар аударсақ, науқастардың 70 пайызы егілмеген балалар. Министрдің айтуынша, олардың көпшілігі, яғни 60 пайызы вакцинациялау­дан бас тартуға байланысты егілмегендер, медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты 18 пайызы егілмегендер, 22 пайызы егу жасына жетпегендер. Сонымен қатар Министр қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі аясында қосымша иммундау жүргізу туралы шешім қабылданғанын, ол қаңтар айының соңына дейін созылатынын және вакцина жеткілікті екенін де атап өтті. Яғни қызылшаға қарсы профилактикалық екпесі жоқ балалар, инфекция ошақтарында екпе алмағандар егіледі. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі инфекциялық аурудың салдары туралы ескертті.
«Қызылша пневмония, түрлі қабыну, отит секілді, соқырлыққа дейін қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда қызылшаны емдеудің өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы – тек вакцинациялау. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген, біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз», – деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Вакцинациялау ережелеріне сәйкес иммундау педиатр баланы тексергеннен кейін ғана жүргізіледі. Оған анамнез жинау, температураны өлшеу, егілетін адамның жағдайын бағалау кіреді. Содан кейін егуге ақпараттандырылған келісімге қол қойылады. Ары қарай иммундаудан кейін 30 минуттың ішінде егілген нәресте дәрігерлердің бақылауында болады.
Қызылшаға қарсы профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде екі рет егіледі: бала алғашқы егуді 12-15 айлығында, екіншісін 6 жаста алады.
Осы жылы ДМИ шеңберінде вакцинациялау халықтың мынадай топтарына: 6 айдан бастап 10 ай 29 күн болған балаларға, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күн болған балаларға, сондай-ақ бұрын егілмеген медицина қызметкерлеріне (55 жасқа дейін), профилактикалық екпе алмаған 18 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі. Бұл үшін үкімет резервінен қызылшаға қарсы 1 млн доза екпе сатып алынады. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова айтты.
«Қазан айының аяғында бізде қызылшаға қарсы 370 мың доза вакцина болған. Қосымша иммунизацияға 1,5 млн адам жататынын ескеру қажет. Бұл – жасы 60 айдан аспаған 353,7 мың нәресте, 2-4 жас аралығындағы 944 мың бала. Екпе алатын жасында вакцина алмаған 65,3 балаға екпе жасау керек. Одан бөлек 136,8 мың медицина қызметкері бар. Сондықтан Үкімет резервінің қаражатына тағы 1 млн доза екпе мен шприц сатып алынады. Бұдан бөлек 500 мың доза сатып алынған. Осы айдың ортасына қарай қолымызға тиюі керек», – деді Зәуре Ахметова.

Ересек адамға өте ауыр

Вирустың алдын алмаса пневмония, энцефалит ауруларына шалдығу қаупі бар. Сол үшін дер кезінде дәрігерге жүгіну керек. Көбінесе қызылшамен 5 жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ қуысы, мойын тұсы ауырады, көз ауруы барларда соқырлыққа дейін асқыну қаупі болуы мүмкін. Сондықтан учаскелік дәрігер ауруды жиі бақылап тұруға тиіс.
Ауру белгілері байқалса, сау адам­дарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамаларын алғаннан кейін диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Дәрігердің жолдамасымен тағы да қажетті анализдерді тапсыруы ықтимал. Дәрігерлер аурумен қарым-қатынаста болған адамдардың бәрін 21 күн бойы тексереді. «Ал үлкен адамның ауырғаны өте қиын» дейді басынан өткергендер. Өйткені қызылша сүйекті жарып шыққанда ересек адамның жаны екі есе қиналатын көрінеді. Бұл туралы алматылық Ботагөз Сатылхан әңгімелеп берді.
«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деп бекер айтпаған ғой. 29 жасымда қызылшамен ауырамын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмеген. Анам дәрігер болғандықтан, барлық екпелерді алып, барынша барлық аурудан сақтандырып өсірді. Алайда бұл нәрсе түбінде шықпай қоймай ма деп қалдым. Өткен айларда қатты ауырып, ыстығым көтеріліп, тамағым ауырып, жергілікті емханаға бардым. Ондағы мамандар мені алдымен тұмау бойынша емдеді. Екі апта бойы тұмауға қарсы дәрілер мен екпелер қабылдадым. Алайда жазылудың орнына ауруым асқына берді. Үшінші аптада тұмау емес, пневмония екен деді. Енді осы бойынша ем бастады. Менің ыстығым үш апта бойы түскен жоқ, күрк-күрк жөтелемін. Енді үшінші аптада пневмонияның емін бастадық. Отбасыма жұқпасын деп бірден оқшауландым. Жертөле арқылы шығатын есіктен кіріп-шығамын, ыдыс-аяғымды да бөліп алып, жеке тамақтанып, жеке жатып жүрдім. Осылайша тағы екі апта өтті. Менің ауруым асқына берді. Жағдайым күрт нашарлаған соң, жедел-жәрдем шақыр­дық. Олар қызылшаның белігілері барын, бірақ алайда әлі сыртқа қызарып ештеңе шықпағанын айтып, жергілікті емханама қайта баруымды тапсырып кетті. Ертеңіне сүйретіліп, әрең жүріп емханаға жеттім. Сөйтсем, осы кезде менде қызыл бөртпелер пайда бола бастапты. Дәрігерім бірден көрді де, өзі маскасын тағып, мені оқшаулады. Бірден жедел-жәрдем шақырып, мені жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелтті», – деді дейді Ботагөз Сатылхан.
Алайда алматылық келіншек дәрігерлердің дұрыс диагноз қоя алмауы­нан ұзақ уақыт азап шеккеніне қынжылады. Өйткені жұқпалы аурулар ауруханасында да жағдайы бірқалыпқа келе алмай қиналған көрінеді. 
«Қазір көбісі қызылшамен ауырыпты десе, қызыл киім киіп, қызыл көрпе жамылып, қызыл нәрселер ішсе, жазылып кетеді деп ойлайды. Бірақ бұл ойнайтын ауру емес. Өте қауіпті. Ауруханада жатып та, жаным көзіме көрінердей азаптандым. Сай-сүйегім сақырлағанда, тура аттанып кетердей қиналадым. Ол пәле сүйекті жарып шығады екен ғой. Ал үлкейгенде, сүйек қатқанда ауырған тіпті ауыр екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын», – деді дейді Ботагөз Сатылхан.
Қазір вакциналау жүріп жатқаны белгілі. Ботагөз жұқпалы аурулар ауруханасына түскен соң, медицина мамандары ол тұратын аула мен ауданды, оның жұмыс орнын толық тексеріп, айналасындағы барлық адамдарға вакцина салдыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіпті.
Қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның қызылшаны жұқтырып алуы әбден мүмкін. Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Төртінші күні көзі бөртіп ауырып жүрген адам инфекцияны таратушы көз деуге болады. Бесінші күннен бастап вирус адамға жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет сақталады. Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені оның бойында анасынан берілген вирустан қорғайтын ауруға қарсы денелер уақытша сақталады. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы вакцина егілмеген адамда кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.

Балаңызды қорғаңыз

Бұл ауру балалар арасында жиі кездеседі, әрі аса қауіпті инфекция саналады. Өйткені бұл инфекцияның емі жоқ. Қызылша деп аталуының да өз мәні бар. Баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Бұл дерт ертеден белгілі. Қызылша – вирусты инфекция. Статистикаға жүгінсек, вирусты он адамның тоғызы жұқтырады. Сондықтан ол жұқпалы жоғары тыныс алу жолының инфекциясы қатарына жатады  Бұл дерттен менингит секілді әртүрлі асқынулар туындайды. Қызамық пен қызылша аурулары балалар инфекциясы саналғанымен, оның жұғу көрсеткіші аса жоғары. Қазір ол коронавирус тәрізді жылдам жұғып, тез таралады. 
Баласы бала-бақшадан қызылша жұқтырып келген ата-ананың бірі – Жарқын Бахытқызы. Жас ананың тұңғышы Шымкент қаласындағы жекеменшік балабақшаға барады. Айтуынша, баласының ауырып тұрғанын айтпай бала-бақшаға әкеле берген өзге ата-ана жауапсыздық танытқан.
«Бала дүниеге келгеннен кейін алғашқы 3 күнде, медициналық қарсы көрсетілім болмаса, перзентханада БЦЖ және В гепатитіне екі екпе салады. Ерте салынатын екпелер Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдаймен және ауру жұққаннан кейін балаларда болатын ауыр асқынулардың алдын алумен байланысты. 
Ал қызылшаға қарсы екпе туралы дәрігерлер айтқанда, оның құрамы, зияны туралы оқи бердім, бірақ сол аурулардың қалай өтетінін мүлдем зерттемеппін. Мысалы, бала көкжөтелмен, қызамықпен, полиомиелитпен немесе қызылшамен ауырып қалса, не болатынын білмедік. Баламның иммунитетін қатайтып, жақсартып алсам болды, бәрі жақсы болады деп ойлағанмын. Бірақ оны сыртқы ортадан қорғай алмайды екенбіз ғой. Бала-бақшада қызылша жұқтырып алғанда, екпе алмағаныма өкіндім. Барлық ата-аналарға айтарым, балаңыз ауырып тұрса, бақшаға әкелмеңізші, басқа балаларға қиянат жасамаңыз дегім келеді», – дейді Жарқын Бахытқызы. 
Педиатр-инфекционист Мұхамеджан Аброров еліміздің бірқатар қалаларында қызылша індетінің белең алғанын айтып, әрбір ата-ана баласын қорғауы керек деген ойымен бөлісті.
«Қызылша – балалар үшін ең қауіпті аурудың бірі. Жұқтырған кезде дене температурасы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ауыр жағдайларда көз қызарып, дене сусызданады. Нәтижесінде, есту және көру нашарлайды. Ауру пневмония­ға әкелуі мүмкін. Қазір еліміздің бірқатар қалаларында қызылша ауруы көбейгенін байқап отырмыз. Алайда мектептер жабылып қалмас үшін бұл туралы ашық айтпайды. Бүгінгі жағдайда оңалту орталықтарында жатқан церебральды сал ауруына шалдыққан балалардың өзі ауру жұқтырады. Мұндай балалар ауыр ауруға шалдыққан. Бір оқушыда қызылша анықталса, сынып карантинге жабылуы керек», – дейді дәрігер Мұхамеджан Аброров.
Оның айтуынша, қызылшаның таралуына ата-ана да себепші болып отыр. Бүгінде көптеген ата-аналар діни сеніміне байланысты екпеден бас тартады. Ересектер өздері ауырмаған соң, балалары да жұқтырмайды деп ойлайтын көрінеді.
«Бірақ вакцинацияланбаған бала инфекцияны оңай жұқтырады. Бүгінде қызылшамен ауырған балалардың барлығына екпе салынбаған. Мұндай жағдайда ата-аналарға екпеден қорықпауға кеңес беремін. Маман бірінші оқиға мектепте тіркелсе, ең алдымен әрбір оқушының жағдайын бақылау қажет дейді. Өйткені қызылша белгілері бірден пайда болмайды. Сыныпта немесе мектепте қызылша инфекциясының белгілері анықталса, баланы үйде бақылау керек. Өйткені қызылшаның белгілері 10 күннен кейін пайда болады. Температура көтерілсе немесе денеде бөртпе пайда болса, дәрігермен кеңескен дұрыс. Емдеу кезеңінде баланы мектепке жіберуге болмайды. Егер бала 21 күн ішінде қызылшаның клиникалық белгілерін көрсетпесе, вакцинаны беруге болады. Бірақ бала қызылшамен ауырған кезде екпе салудың мәні жоқ. Балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау кезінде де тексеру қажет. Неврологиялық аурулары бар балаларға қызылшаға қарсы екпе салынбайды. Сонымен қатар тамақ ауруы, безгегі  сияқты инфекциясы бар балаларды вакцинациялауға тыйым салынады. Баланың ағзасында әлі де вирустар болғандықтан, екпенің нәтижесі теріс болуы мүмкін», – дейді дәрігер.

Белгілері мен 
себептері

Қазан айының алғашқы аптасымен салыстырғанда, екінші аптасында қызылша жұқтырғандар саны бірден 30 пайызға артқан. Науқастардың 80 пайызы вакцина алмаған. Әсіресе, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Алматы, Ақтөбе қалаларында ауру дендеп тұр.
Қызылша ауруының алғашқы белгілері: құрғақ жөтел, жоғары температура, бас ауруы, жүрек айну, көздің шырышты қабығының қызаруы, әлсіздік және тәбеттің жоғалуы, ауыз қуысында ақ бөртпелердің пайда болуы. Ал қызыл бөртпелер құлақ, мойын аймағынан басталып денеге біртіндеп шығады.
Қызылша желшешекке қарағанда ауыр және есту қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ ауру өршісе науқас бронхит, пневмония, отит, энцефалит, энтероколит, менингитке шалдығады. Қызылшаны емдеуге арналған арнайы препараттар жоқ. Науқастың жағдайына қарай тек симптоматикалық ем жүргізіледі.
Қызылшаның алдын-алу негізгі және ең тиімді әдісі – вакцинация. Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы жоспарлы екпе 12-15 айлық сәбилерге және 6 жасында қайтадан жүргізіледі. Вакцинациядан кейінгі иммунитет – igg антиденелері қанда 10 жастан 18 жасқа дейін сақталады. Қызылшаға қарсы иммунитеттің күшін бақылау үшін ересектер 5 жыл сайын қызылшаға қарсы igg антиденелерінің деңгейін тексеріп отыруы қажет. Бүгінде елімізде қызылшаға қарсы қосымша вакцина салынып жатыр. Вакцинация жергілікті емханаларда жүргізіледі. Соған қарамастан, еліміздегі екі ірі қала мен екі облыста қызылша ауруы қарқынды таралып жатыр. Осы орайда министрлік қызылша ауруының жедел таралуына не себеп болғанын түсіндірді. 
«Тек биыл қызылшамен ауырғандар саны 12 мыңнан асып түсті. Жалпы сыр­қаттанған адамдардың 83 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың басым бөлігі, яғни 85 пайызы екпе алмаған. Сондықтан екпені нығайту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, жақында ғана Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмамағамбетова балаларға қосымша екпе жүргізу туралы айтқан. Бұл ретте, 6-11 айлық сәбилер мен 2-5 жас аралығындағы балаларға екпе салынады», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев .
Оның айтуынша, қызылша ауруының таралуы бойынша Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент және Алматы қалаларында жағдай күрделі.
«Қызылша ауруының таралуы барша әлемде байқалып отыр. Негізгі себептердің бірі – коронавирусқа қарсы іс-шаралар кезінде вакцинацияның жүргізілмеуі. Еліміздің аталған өңірлерінде халық тығыз орналасқан және сәйкесінше бала туу көрсеткіші де жоғары. Тұрғындар санының көп болуына байланысты ондағы ауруды жұқтырғандар санының артқанын байқауға болады», – деді вице-министр.

 

526 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *