Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 18 Қараша, 2023

Аманкелді Бисенбаев, академик: Адамның барлық әрекеті геннің қалауымен болады

Әлем халқын у-шу қылған «Ковид-19» пандемиясынан кейін вирус десе үрке қарайтын болдық. Басқыншылық соғыс үдеп тұрған заманда, ешқандай шекараңа қарамайтын, бүкіл адамзатты құртып жіберуі мүмкін одан да сұмдық қауіптің бар екенін шындап сезіндік. Оны зерттейтін биолог мамандарды тани бастадық. Солардың бірі Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры Аманкелді Бисенбаевпен сұқбаттасудың реті келді.
 

– Биология пәнін орта мектепте оқыған кез келген адам ген туралы жал­пылама біледі. Қазіргі ғылымның дамуымен са­лыс­тырғанда ол түсінік тым үстірт секілді. 
– Кішкентай ғана молекула сонда мұрынның көлемі, көздің түсінен бастап, этологияға, яғни мінез-құлыққа дейін түгел қамтылған. Мысалға баланың іс-әрекеті әкесінен, анасынан аумай қалғанын өмірде жиі айтамыз. Соның барлығы ген арқылы тұқым қуалап беріліп тұр. Биолог мамандар кез келген тіршілік иесін, ит, шошқа, бактерия, вирус болсын барлығын, сол гендерге мәңгілік өмір сыйлайтын бар болғаны машина деп көреміз. Адам үйленеді, қартаяды, баласы, немере-шөбересі арқылы гені өмір сүре береді. Ген мәңгілік. Біз миллиондаған жылдардан бергі генді сақтап отырған музей секілдіміз. Ол қасиет әрбір тіршілік иесіне тән. 
Барлық гендердің жиынтығын – геном дейміз. Екі мыңыншы жылдардың басында ғалымдар геномды талдады. Сөйтсе, тіршілік иесі үшін тым көп геннің қажеті жоқ екен. Бүкіл геномның екі-үш пайызы ғана жеткілікті болып шыққан. Қалғаны қоқыс деп ойлаған басында. Олай да емес. Геномде көптеген вирус бар екені анықталған. Мысалы, «лайн-14» деген вирус бар. Оның адам геномында он төрт миллион көшірмесі бар. Ретро вирустар тағы басқаларын айта аламыз. Олардың бәрі бейнелеп айтқанда біздің геномымызда тып-тыныш отыр. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгілік өмір сүруде. 
– Адам ағзасына қаптаған вирустар қашан, қалай енген?
– Жаңағы «лайн-14» деген отыз тоғыз миллион жыл бұрын адам баласының геномына кіріп алған. Мүмкін ол кезде қазіргідей адам болмаған, әлде құрт болған шығар, сол дәуірлерден келе жатыр. Гендер бюрократиялық мемлекет сияқты. Бір жұмысшы геннің үстінде жүз бастық ген отырады. Олар жұмыс ырғағын (шаруашылықты) реттеп отыратын гендер. Жұмыс ырғағында бір қате кететін болса, үлкен физиологиялық, морфологиялық тағы басқа ауыт­қуларға апарады. 
– Демек, әрбір вирустың анық мақсаты бар ғой?
– Бактерия, әлде вирус па, оның жалғыз мақсаты болады. Ол – өзінің геніне мәңгілік өмір сыйлау. Бірақ тек қана көбейген жағдайда мәңгілік бола алады. Вирустар – паразиттер, барлығы тіршілік иесінің клеткаларын пайдалану арқылы көбейеді. Егер адам көбеюге ұмтылып тұрса, ол оның ішіндегі геннің қалауы.
– Биология күрделі салаға айналғанын білеміз. Соларды таратып түсіндірсеңіз.
– Гендегі ақпараттарды зерттейтін биологияның бағытын генетика дейміз. Оның ішінде кейін дүниеге келген бағыт – молекулалық биология. Молекулалық биология дами келе одан гендік инженерия бөлініп шықты. Одан генотерапия пайда болды. Жарақаттан басқа барлық аурулардың негізін гендегі өзгерістерден (мутациялардан) іздеу керек. Мутация десе, жұрттың бәрі жағымсыз дүние деп қабылдайды. Негізі оның жаман жағын ғана көреміз. Жақсылары да бар. Мысалға Шыңғыс хан – мутант. Өзгелерден бөлекше жаралған. Бейімделгіштік қасиет деген бар. Бейімделе алған организм тірі қалады, тірі болғасын тіршілігін жасайды. Студенттерден сұраймын, хомо-сапиенс, яғни қазіргі ең жетілген адамдардағы ең бейімделгіштігі жоғары адам кім? – деп, «білмейміз» дейді. Меніңше, ол – Шыңғыс хан. 16 миллион еркектен оның гені табылған. Леонардо да Винчи қабілет қарымы, дарынымен жақсы мутацияның көрінісі деп есептеймін. Тұқым қуалайтын түрлі ауытқулар көп кездеседі, жаман мутация дегеніміз сол. Ең қызығы – біз зиянды мутация дегенімізбен табиғат одан құтылғысы келмейді. Медицина дамығанына қарамай, олар жоғалмай, белгілі жиілікпен пайда болып отырады. Сөйтсе бұл өте ауқымды эволюциялық деңгейдегі мәселе болып шықты. Ғалымдар «тек әйелдерге және тек ер адамдарға қатысты мутация бар ма?» деген сұраққа жауап іздеген. Зерттеулер нәтижесінде, ондай мутациялар бары анықталған. Эволюция болу үшін жаңа ген пайда болу керек. Алайда ол тек мутацияның арқасында мүмкін екен. Жаңа туған сәбилердің ішінде ер балалар көп шетінейді. Шала туған бала қыз болса, ұлға қарағанда аман қалу ықтималдылығы жоғары болмақ. Сөйтсе табиғат жаңа мутацияны, яғни өзгерісті еркектерде тексереді екен. Адамда үлкен және кіші қан айналу шеңбері болады. Кіші қан айналу шеңбері миды қанмен қамтамасыз етеді. Егер миға қажет мөлшерден көп қан келетін болса, қан құйылып нәресте өледі. Уақыт өткен сайын адам миының көлемі артып отырады. Әзірге ол мутациядан балалар көп шетінегендіктен, оны біз зиянды мутация ретінде қарастырамыз. Алайда мың жылдан кейін ол ең жақсы мутация болып шығуы ғажап емес. Осы зерттеулердің нәтижесінде, ғалымдар, жаңа, яғни мутантты гендердің уақыты келді ме, әлде келмеді ме дегенді табиғат еркектерде тексереді деп болжам жасады. Уақыты келгенде, еркектер беймделгіштікті арттыратын жаңа гендерді әйелдерге береді екен. Қазақ «қыздың қырық жаны бар» дегенді біліп айтқан, алайда ол ерекшелік те ер адамның арқасы деуге болады. 
– Гендердің жынысқа қатысты тағы қандай ерекшеліктері бар? 
– Ұрпаққа деген нағыз махаббат ер адамдарға тән. Бұл пікірмен әсіресе студент қыздар келіспей жатады. Ғалымдар «екі аталық, не екі аналық жыныс клеткаларын өз ара ұрықтандыру арқылы ұрпақ алуға бола ма?»  деген сұраққа жауап іздеген. Қа­зіргі технологиялар оны оңай іске асы­рады. Аталық жыныс клеткаларын өзара, аналықтарды өзара ұрықтандырып, тыш­қанның жатырына салады. Алайда аналық клеткалардан ешқандай эмбрион пайда болмайды. Ал аталық клетка­лардан эмбрион пайда болады. Эмбрион ғана емес, плацента (нәрестені жатырда қоршап тұратын, тамақтануға негіз болатын, қазақша баланың жолдасы, малда шу делінеді – Д.Б) түзіледі. Ол плацента ер мен әйелдің клеткасынан шыққан баланың жолдасынан да мықты екені байқалады. Бірақ толық тіршілік иесі пайда болмайды. Бәрібір аталық пен аналық қосылуы керек. Ол – табиғаттың заңы. Енді жаңағы махаббат мәселесіне келейік. Плацента бір гормон бөледі. Оны инсулинге ұқсайтын даму гормоны дейміз. Ол анасының клеткасымен байланысып, ондағы глюкозаны қанға шығарады екен. Қанда глюкоза көбейгесін эмбрионды тамақтандырады. Бірақ анасының ағзасы оған қарсы жұмыс істейді. Инсулинге ұқсайтын даму гормоны әйелде де, еркекте де болады, әйелдегі гормонның гені жұмыс істелмейді екен. Яғни ер адамның гормоны эмбрионды асырайды, әйелдікі керісінше глюкозаны бөліскісі келмейді, өзімшіл. Сондықтан нағыз махаббат гендік тұрғыда ерлерге тән деймін. 
Геннің химиялық табиғаты – днк. Он сегіз жастан жоғары бір адам бірнеше триллион клеткадан тұрады. Бір клетка бар-жоғы жиырма бес микрометр, соның ішінде екі метр днк бар. Сонда әр адамның днк-сы шамамен елу млрд километр. Енді салыстырыңыз, Күн мен Жердің арасы бар-жоғы шамамен 146 млн шақырым. Демек, адам өте күрделі компьютер.
–Вирустардың мінез-құлқы, орна­ласуы қалай? 
– Қазақта «Жаман жалғыз келмейді» деген сөз бар. Депрессияға түссе, не қатты ауырса, вирустар сол иесімен бірге өлгісі келмейді. Олар көбейеді де, басқаға жұғып, сөйтіп мәңгілік өмірге ұмтылады. Көбейді деген сөз – басқа аурулар пайда болды дегенді білдіреді. Халі нашарлаған адамның ауру-сырқауы көбейіп кететіні содан. Көптеген ғалымдар біздің мінез-құлқымызды бактериялар мен вирустар анықтайды дейді. Өйткені олар өзіне қолайлы жағдай жасауға тырысады. Құтыру вирусы деген бар. Ит құтырса, бәрін қабады. Себебі оның ішіндегі вирус көбейгісі келіп тұр. Көп адамды, жануарды қапқан сайын вирус соларға жұғады, яғни көбейеді. Ол вирустың мида рецепторы болады, сол арқылы басқарады.
Вирустар адам ағзасын бөліп алған деуге болады. Біреулері тек мида болады, аденовирустың белгілі түрі ас қорыту жүйесінде, бауырда, енді біреулері сілекей бездерін, тағы біреулері жыныс мүшелерінің бездерінде мекендеп көбейеді. «Бір-біріне кедергі жасамай, өз аумақтарында қызмет етеді». Тіршілік иесінің жағдайы жақсы болса, зияны жоқ. Физиологиялық, психикалық ахуал нашарласа, олар бас көтеріп көбейіп, өзінен-өзі түрлі-түрлі аурулардың пайда болуына түрткі болады. 
Вирустың аяқ-қолы жоқ, тек геннен тұрады. Корона вирус алдымен тыныс алу жолдарын зақымдайды. Сонда рецепторы бар. Дененің басқа бөліктерінің клеткаларында да рецепторы бар. Корона вирустың рецептор-ангиотензинді конвертациялайтын фермент-2 деп аталады. Ол фермент бізге былайғы кезде де керек. Негізгі бір қызметі – қан қысымы көтерілгенде оны қалпына келтіреді. Тәжі тажал соны таңдапты. Ангиотензинді конвертациялайтын фермент-2 қарттарда көп кездеседі. Қысым көтерілгенде көп мөлшерде синтезделеді. Енді «аталған тәжі тажалдан неге қарт адамдар көп қайтыс болды?» – деген сұрақ түсінікті деп ойлаймын. Оның рецепторы көп болғандықтан, вирус сол арқылы клетка ішіне кіріп, көбею ықтималдылығы жоғары болады. Жастарда қан қысымы мәселесі жоқ болғандықтан, оларда жеңіл түрде өтеді. Ғылыми түрде дәлелденген осы жағдайдан кейін, кейбір елдер тәжі тажалды кәрі адамдарды азайту үшін биологиялық қару ретінде пайдалануы мүмкін деп ойлайсыз. Ол болжамның да жаны бар болуы мүмкін. Рецепторы болмаса, вирус клеткадан тыс ұзақ өмір сүре алмайды, жойылып кетеді. Клеткаға кіре алмаса зияны жоқ. Бактериялар мен вирустардың өте көп түрі бар, жаңағындай ерекшеліктерін пайдаланып, биологиялық қарулар жасап жатқан елдер де бар шығар, мен ол жағын білмеймін.
– Баяғыда саясаткерлер бактерия­лық қару деп қорқытушы еді. Вирустардың да пайдалы жақтары бар шығар? 
– Вирустарды адамды емдеуге де пай­далануға болады. Генотерапия бағыты бар екенін айттық. Көптеген тұқым қуа­лайтын аурулар бар. Қандай дәрі берсең де жазылмайды. Генді өзгертпей емдеу мүмкін емес. Біз өкпемізбен тыныс алмаймыз. Өкпеде тек газ алмасу жүріледі. Гемоглобин оттегін триллиондаған клеткаға апарып береді, соның арқасында әрбір клетка тыныс алады. Тыныс алу нәтижесінде, тіршілікке қажет энергия пайда болады. Мысалы, орақ тәрізді клеткалық анемия ауыруы деген бар. Бұл аурудың себебі, гемаглобин геніндегі мутация. Осы мутация нәтижесінде гемоглобиннің ерігіштігі нашарлайды. Ол эритроцит клеткаларында тұнбаға түсіп, эритроциттің орақ тәрізді кейіпке келуіне ықпал етеді. Аяқ-қолдың ұшына оттегі жетпей, клеткалар өле бастайды. Шіру басталады. Сусамыр да солай. Инсулин болмаса, клетканың ішіне глюкоза кірмейді. Қанда глюкоза көбейіп кетеді. Қуат бармаған клеткалар өле бастауы мүмкін. Гемоглобиннің генін­дегі өзгерісті, яғни мутация негізіндегі ауруды емдеуге болады. Генотерапия әдістері арқылы осындай тұқым қуалайтын ауыру­ларды емдейді. Ол үшін, мутациясы жоқ қалыпты генді вирустардың көмегімен адам мүшелерінің клеткаларына жеткізу керек. 
Осындай жолмен тоқсаныншы жыл­дары генотерапия арқылы туа біткен иммун жетіспеушілігі ауыруына шалдыққан адамды емдеді. Бұл ауру аденозин-деза­миназа деген ферменттің геніндегі мута­циямен байланысты. Ағзаға түскен бөгде затты анықтайтын және оған қарсы иммунитетті жандандыратын Т-хелпер деген клетка болады. Аденозин-дезаминаза, осы Т-хелпер клеткасының жұмысы үшін өте маңызды. Ғалымдар, осы ауру адамнан лимфоциттерді бөліп алып, оған Аденозин-дезаминазаның дұрыс генін енгізіп, оны ағза қанына қайта жіберді. Бұл генотерапияның, тұқым қуалайтын ауыруларды емдеудегі алғашқы жетістіктерінің бірі болды. 
Қазіргі кезде, генотерапия арқылы бірнеше туа біткен ауруларды емдейтін вирустар негізіндегі препараттар бар. Олар әзірге өте қымбат. Мысалы: Zynteglo – бұл β-талассемия деп аталатын туа біткен қан ауруын емдеуге арналған препарат. Препараттың құны 1 575 000 € (немесе 1,77 миллион доллар). Luxturna АҚШ-та қолдануға рұқсат алған алғашқы in vivo гендік терапия препараты (2017 жылы). Бұл дәрі RPE65 генінің биаллельді мутациясынан (геннің екі көшірмесінің де зақымдануы) туындаған тұқым қуалайтын соқырлықтың сирек түрін емдеуге арналған. Оның құны, әр көзге 450 мың доллардан тұрады. Қысқасы молекулалық биологияның сау гендерді енгізу арқылы емдейтін саласын генотерапия дейміз. 
CRISPR-Cas деген әдіс бар. Бактерия­лардың да вирустары болады. CRISPR-Cas жүйесі бірінші рет бактерияларда табылған. Ол бактерияларды бактериофагтардан қорғайтын механизм. Ол жаңалық кейінгі кезде ашылды. Бөтен вирус келіп түссе, оның геномының белгілі бөлігін «кесіп алады» екен де өзінің геномына салып қояды. Яғни ол вирус туралы ақпарат геномында тұрады. Сөйтіп сырттан келген вирустар туралы ақпараттар жиынтығын CRISPR-Cas деп атаймыз. Әлгі жиынтық енді транскрипцияланып, РНҚ түзеді, ол Cas ферменттермен қосылып, полицейский секілді тура өздеріндегі РНҚ-ға сәйкес келетін ДНҚ бар ма, соны іздейді. Бар болса байланысып, оны жойып жібереді, яғни вирустың көбеюін шектейді. Алдыңғы сау генді енгізу әдісімен қоса, соңғы жылдары CRISPR-Cas жүйесі негізінде препарттар жасалынуда. Оны генокоррекция деп атайды. Жаңалықты ашқан ғалымдарға Нобель сыйлығын берді. Әрине, ол тәжірибе әзірге жәндіктерге жасалуда. Адамға жасауға рұқсат жоқ. Жақында бір Қытай ғалымы екі егіздің тууына себепші болды. Бірінші рет геномодифакцияланған (гмо) адам алынды. Бірақ адамға ондай эксперимент жасауға халықаралық деңейде тыйым салынған. 
– Қытай үкіметі рұқсат берген бе? 
– Бермеген, әлгі ғалым білдірмей жа­саған. Ешқандай мақала жарияла­маған. Тек конференция кезінде осындай нәтиже алғанын айтқан. СПИД вирусын жұқ­тырған ата-анадан, ол дертпен ешқа­шан ауырмайтын екі егіз дүниеге келді. Қалай жасады? Ер мен әйелдің жыныс клеткаларын алып, ұрықтандырған. СПИД вирусы Т-хелпер клеткасында көбейеді, өйткені ол клеткаларда оның рецеп­торы бар. Ал ол рецепторды кодтай­тын ген бар. Осы ұрықтанған аналық клетка­сындағы рецептордың геніне өзгеріс енгізеді, нәтижесінде ұрықтанған клетка­дан пайда болған адамның Т-хелпер клеткасындағы рецептор СПИД вирусымен байланыс­пайтындай өзгеріске ұшырайды. Бір ғана генді, СПИД вирусының рецепторын өзгерту арқылы, спидпен ауыратын анасының жатырында жатса да, өмірде ешқашан спидпен ауырмайтын ұрпақ пайда болды. Халықаралық деңгейде оның осы жаңалығын айыптады. Қытай «біз оны соттадық, үй-қамақта болды» деп жауап берді.
– «Осылай өзгелердің керемет­теріне таңырқап жүре береміз бе?» деген сауал туады. 
– Молекулалық биология, гендік ин­женерия соншалықты дамып жатыр. Бізде емес, әрине әлемде. «Мәңгілік ел» деген идея дұрыс. Әрбір қазақ тілейді еліміздің мәңгілік болуын. Демек, үкімет тек бүгінгі күнді ойламау керек. Стратегиялық тұрғыда 100 жылдан кейін не болатынын қамдау қажет. Болмағанда жиырма, отыз жылға ілгері ойлап, соған қаракет жасамасақ, артта қала береміз. Әлемде молекулалық биология, гендік инженерия, генотерапия ауыл шаруашылығында, медицинада, энергетика саласында да жоғары деңгейде дамуда. Болашақта біз адамдарды емдеуде, белгілі бір өнімдерді алуда шетелдерге тәуелді боламыз. Ресей мен Украина соғысында дамыған технологияның қажеттігін, оған тәуелділіктің қандай болатынын анық көріп отырмыз. Пандемия кезінде Қазақстан вакцина шығарды. Көптеген елдер сатып алуға мәжбүр болды. Болашаққа жұмыс істеуіміз қажет. Ғалымдарға «өнімдеріңді бүгін көрсет» дейді. Кейбір ғалымдар өткен ғасырдағы еңбектерді қайталап жарнамалап жатады. Шынын айтқанда, инновациялық еңбектер жоқ. Дамыған елдерде ауыл шаруашылығында, медицинада біз айтып отырған жаңалықтарды пайдаланып жатыр. Медицина дамыған елдерге барып емделу үрдісі пайда болды. Ондай елдер медициналық туризмнен пайда табуда. Менің ойымша, болашақтың сондай технологияларын дамытуға жоспарлы түрде кірісу керек. Бізден бірден өнімді сұрамай, арнайы бағдарламалар жасап дамытуға жұмылдыру қажет. 
«Энергетикаға биологияның қатысы не?» – деген сұрақ тууы мүмкін. Елімізде болашақта, мұнай, газ бәрібір бітеді. Сондықтан бүкіл әлем балама энергия көзін іздеуде. Оның биологиялық, физикалық түрліше көздері қарастырылуда. Мысалға, Батыс елдерінде газахол жанармайын пайдаланады. Ол не деп сұрасаң, бензинге он, он бес пайыз спирт қосады. Спирттің құрамында оттегі болғандықтан, бензиннің жаман компоненттерінің толық ыдырап кетуіне әсер етеді. Оны еуростандарт деп жүрміз. Көмірқышқылдың бөлінуін отыз пайыз, қалдық газдың бөлінуін қырық пайыз азайтады. Сөйтіп, экологияны қорғауға мүмкіндік жасауда. Бізде ауаға бензиннен қаншама газ бөлінуде. Спиртті бидайдан, жүгеріден алады. Артта қалған елдерде күніне миллиондаған адам аштан өліп жатыр. Сондықтан астық тұқымдастарды бензинге жұмсау, адамгершілікке сай емес, деушілер бар. Мен лабораториямда бидайдың сабағынан, шөптен, қағаздан (т.б) спирт бөлінетін гмо-ланған ашытқы алдық. Одан бір оқушым докторлық еңбек қорғады. Бидайда крахмал бар. Ол глюкозадан тұрады. Глюкозадан спирт жасау оңай. Бидайдың сабағы целюлоза деген заттан тұрады. Ол крахмалмен бірдей. Соңында бидайдың сабағынан спирт алдық. Әрине аз мөлшерде. Лаборотория мен өндірісте екі бөлек. Өндірістегідей көп өндіре алмаймыз. Зауыт емеспіз. Азын-аулақ ақша бөлінеді. Жеріміз көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орындамыз. Биоэтанол алуға орасан зор мүмкіндігіміз бар. Қазақстанда 17 млн тонна астық алса, 39 млн тонна сабаны қалады. Оның небәрі бір пайызы пайдаланылады. Қалғанын өртеп жібереді. Одан өте көп мөлшерде спирт алуға болады. Бразилияда автокөліктің 25 пайызы спиртпен жүреді. Көмірқышқыл газы аз бөлінеді. Қалдық газ шықпайды. Олар спиртті қант қызылшасынан алады. Жаңағы бидайдың сабағы секілді өсімдіктерден алынатын спиртті пайдаланып, бензинді азайтсақ, экология жақсарар еді. Өсімдіктерде фотосинтез деген үдеріс бар. Содан сутегі бөлінеді. Қазір BMW сутегімен жүретін 200 автобус шығарды. Сутегі жанғанда су бөлінеді. Ешқандай газ жоқ. Ол керісінше ылғалдандырып ауаны жақсартады. Сутегін химиялық жолмен алғанда қымбатқа түседі. Жаңағы өсімдіктердің фотосинтезін қолдан жасаса арзан болмақ. Мысалы, Калифорнияның технологиялық университеті экспери­менттік зауыт ашты. Кәдімгі бір клеткалы балдырлардан солардың көптеген гендерін өзгертіп, майды керектенетін гендерді жоқ қылып жіберіп, майды синтездеуге қажетті гендерді күшейткен, нәтижесінде, биодизель өндіруде. Балдыр күн энергиясымен тамақтанады. Мұнайдан емес, жердің үстіндегі балдырдан алынған дизельдің өзіндік құны төмен әрі айналаға оттегі таратып тұрады. Қазір олар шамамен 20 тонна дизель өндіруде. Болашақта үлкен өндіріске айналары анық. Көрдіңіз бе, олар табиғатқа зиян келтірмейтін әрі тұтынатын өнім алудың кілтін тауып қойған. Біз әлі мұнайымызбен мақтанып жүрміз. Мұнай біткенде оларға біз кіріптар боламыз.
– «Болашақ» деген мақтаулы бағдар­лама бар ғой? 
– Қазір сол бағдарламамен 500 ға­лым­ды шетелге жіберіп жатыр. Шынымды айтсам, ондай құр туризмге мен қарсымын. Үш айда не үйренеді? Соған шашқан ақшаны лабораторияға қымбат құрал-жабдықтар алуға жұмсаса, біздер бір жыл емес, он жылда қаншама маман дайындар едік. Әрі сол жабдықтардың арқасында ғылыми бағыттар дамыр еді. Бес жүз адам үш, алты айға барып келгенде, мемлекет ештеңе ұтпайды. Мамандарды арнайы келісімшартпен бір жылға емес, ең мықты орталықтарға бес жылға жіберу қажет. Сонда ғана олар, нағыз маман болып елімізде сол саланы дамытуға септігі тиеді. Сосын шетелге баратын ғалымдар мемлекетті өздері таңдайды, олардың баратын жерінде жетілген технология бар ма, жоқ па, құдай білсін. Жоғары оқу орындарының лабораторияларына көптеген қымбат құрал-жабдықтарды ала алмай келеміз. Жаңа технологиядан бірден пайда таба алмайсың. Генотерапия, геноинженерия болашақта адамның өмірін ұзартады. Мысалы, тышқандарға тәжірибе жасалды. Жалғыз генді өзгерткенде олардың өмірі екі есе ұзарған. Оттегі бізге көмектеседі дейміз. Оттегі қартаюдың негізгі себептерінің бірі екен. Неге тауда ұзақ өмір сүретін адамдар көп? Өйткені ол жерде оттегі аз. Ата-бабалары сол жерде өмір сүргендіктен әбден бейімделген. Адам оттегімен демалғанда оттегінің екі пайызы радикалдарға айналады. Оларды құтырған молекулалар деп атайды. Қартаю үдерісі соған байланысты. Болашақта сұлулық салондары емес, генокоррекция салондары пайда болуы ғажап емес. Себебі бұл саладағы жаңалықтар мен ізденістер өте қатты қарқын алуда. Құтыру вирусына қарсы дәрі дайындап жатырмыз. Оның емі жоқ қазір. Ол вирус жұққан адам тірі қалмайды. Оған тек антидене егу керек. Жылқының антиденесі пайдаланылып жүр. Ол аллергия шақырады. Антиденені адамнан алатын әдіс бар, ол қымбатқа түседі. Түйелердің және акулалардың антиденелері біздердікінен өзгеше және адам емдеу терапиясында өте нәтижелі. Біздер, түйелерге инактивацияланған құтыру вирусын егу арқылы, осы вирусты зиянсыздыратын антиденелердің гендерін бөліп алып, вирусты зиянсыздандыратын наноантиденелерді бактерия клеткала­рында өндіретін технологияны жетілдіріп жатырмыз. 
Қазір Дүниежүзілік денсаулық ұйымын антибиотиктерге төзімділік деген мәселе алаңдатып отыр. Егер жаңа антибиотиктер табылмаса, өте ауыр аурулардың бетін қайтаратын антибиотик ойлап таппасақ, 2050 жылдары жылына 25 млн-нан астам адам өледі. Себебі он жеті жылдан бері жаңа антибиотиктер шықпаған. Шыққан­дары бұрынғылардың модификациясы. Сондықтан болашақта жеңіл-желпі ауру­лардан да адамдар өліп қалуы мүмкін. Ал төзімділік қайдан пайда болды? Құстарға, балықтарға антибиотик егеді. Адамдар олармен тамақтанады. Сол ет өнімдері арқылы біздің ағзамызға антибиотиктер түсуде. Олар ыдырап кетпейді. Ағзамызда төзімді бактериялар көбюіне негіз болуда. Біз енді эндолизин деген балама жасауды қолға алып жатырмыз. Оған төзімділік ешқашан пайда болмайды. Ол үшін бекіре балығына тәжірибе жасаудамыз. Оралдағы арнайы орталықтағы бекірелерді емдеп, нәтижесін бәрін зерттеудеміз. Туберкулезге қарсы дәрі жасауды да ойластырудамыз.
– Қазақ руларының генін (тегін) зерттеп жүрген ғалымдар бар. 
 – Ол менің бағытым емес. Канадада үндістердің тұрағына бардым. Түр-түстері, мінез-құлықтары түркілерге ұқсайтынына таңғалдым. Тілдерінде ұқсастық бар екені айтылып жүр. Ғалымдар үндістерге тән генді алтайлықтар мен түркілерден тапты. Сондықтан «үндістер Алтайдан, Азиядан кетті» деген болжам расталды. Олар кеткелі 22 мың жыл болған. Сібір түркілерінде де бізге тән гаплотиптер кездеседі. Ол ол ма, еуропадағы викингтерден де сол гаплотиптер табылған. Жалпы Жер бетіндегі адамзат бір-біріне туыс. Еділ патшаның 180 ұлы болған деседі. Сондықтан Еуропада да туыстарымыз жоқ емес. Жалпы руды тектеуге қарсымын. Гумилевтің бір мақаласын оқыдым. Ол түрмеде көп қазақтарды көрсе керек. «Түрмеде жағдай өзгеріп тұрады» дейді. Психологиялық атмосфераны айтып отыр. Жақсы болса, қазақтар бөлінбейтінін, ал жағдай нашарлай қалса бірден жүзге, руға бөліне қалатынын байқаған. Ғалымның пайымдауынша, ол біздің қатал табиғат жағдайында аман қалу үшінгі қаракетімізден қалыптасқан механизм. Қазір де руға жиі бөлінсек, демек, жағдайымыз онша емес. Сол тірі қалу механизмі күні бүгін жалғасуда.
–Сұқбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен 
Дағжан Белдеубай

 

815 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *