- Таным
- 19 Қараша, 2023
Қазақтан шыққан тұңғыш биолог

Кішкентай Нәйләнің бар есіл-дерті қора жақта. Қыз болып қуыршақпен ойнауды білмейді. Қит етсе әкесінің ізінен ере шығып, қораға қарай жүгіреді. Әкесінің сиыр мен қойды күтіп-баптағанын, ауырып қалғандарына ем-дом жасайтынын қызықтайды. Әредік өзі де үйден қант алып шығып, оны бұзау мен құлындарға береді. Сүйкімді төлдердің тілімен алақанын жалағаны қызық-ақ. Қызының төлдерді айналшықтап шықпайтынына әкесі де риза. Ара-тұра жасап жатқан ем-домын қызына әңгімелеп береді. Оның да сұрағы бітпейді. Бірақ әкесі жалығар емес. Бар білгенін баласына ұғынықты етіп айтуға тырысады.
Сол кішкентай қыз Нәйлә Базанова еді. Әкесі – Оразғұл Базанов. Қазан институтының малдәрігерлік факультетін бітірген Оразғұл Базановтың бүкіл өмірі сол салада өтті. Ал соның бәрін жастайынан үйреніп өскен Нәйлә Базанова әке жолын қуып, кейін қазақтан шыққан тұңғыш биолог-ғалым дәрежесіне жетті. Біз бүгінгі нөмірде оқырмандарымызға Нәйлә Базанова мен оның ғылыми жетістіктері жөнінде әңгімелейміз. Әлбетте, биология – күрделі ғылым. Н.Базанова мен оның ғылыми жаңалықтары туралы шәкірттері мен көзін көрген жандар әңгімелеп береді.
Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы-публицист:
МАЛДЫ АСЫЛДАНДЫРУДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІН АШТЫ
– 1983 жылы «Білім және еңбек» журналында қызмет етіп жүрген кезім. Ұлттық ғылым академиясының академиктерінің атынан олардың ғылыми жетістіктері жөнінде сериялы мақалалар ұйымдастырдық. Шапық Шокин, Ахмет Сафин, Фазыл Ахметжанов және Нәйлә Базанова сияқты ғалымдармен әңгімелесіп, ой-пікірлерін жазып алдық. Бір мақаланы жазу үшін бірнеше күн жүреміз. Жазғанымызды сол ғалымдарға көрсетіп, кемшін тұстарын реттейміз. Мақаланың бәрі сызба суреттермен жарық көретін. Суретті сол кездегі жауапты хатшы, мамандығы суретші Әлібек Асқар салатын. Қазір ол үлкен жазушыға айналды.
Нәйлә апаймен осылайша мақала жазу барысында таныстым. Ол кісі сол кезде Адам және жануарлар физиологиясы институтының директоры еді. Нәйлә апайдың ветеринария ғылымына қызығуына әкесі тікелей ықпал еткен. Өйткені әкесі Оразғұл 1898 жылы Қазан университетінің зооветеринария факультетін бітірген. Одан соң елге оралып, Жетісу облысында малдәрігерлік шаруашылықпен айналысқан. Яғни О.Базанов бүкіл өмірін мал шаруашылығына, малдәрігерлікке арнады деуге болады. Нәйлә апай осылайша әкесінің ықпалымен зооветеринарлық оқу орындарында оқиды. 1945 жылы, соғыс біткен соң ғылыми докторлық диссертациясын қорғады. Сөйтіп, Орта Азия әйелдері арасынан тұңғыш ғылым докторы атанды.
1951 жылы Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі – академик атанды. Ал енді бұл кісі қандай жаңалық ашты дегенге келелік. Апайдың негізгі зерттеген жұмысы – жан-жануарлардың ас қорыту жүйесі. Яғни жан-жануарлардың асқазанының мембранды қатпарлы деңгейде болатынын, ас қорыту деңгейі солардың жиегінің деңгейінде жүретінін анықтады. Сонымен бірге ас қорыту үшін түрлі қышқыл элементтер қосылатын болса, оның қорыту мүмкіндігі артатынын тапты. Бұл дүниежүзі таңдай қаққан үлкен жаңалық болды. Жүгеріні турап, содан ашытып жасайтын өнім бар. Осының пайда болуына себепкер болған да – Нәйлә Оразғұлқызы. Мұнымен қоректенген малдардың тез қоңдануы, ет алуы, сүт беру қабілетінің артуы секілді жаңалықтарды ашты. Осындай еңбектері арқылы мал шаруашылығын дамытты, малды асылдандырудың жаңа мүмкіндіктерін танытты.
Мал асқазанының ерекшеліктері туралы бала кезінен әкесінен үйренген. Әрине, ғалымдық аспаннан түсе қалған жоқ. Бала кезінен көріп, үйреніп, жадына тоқып өскеннен сондай дәрежеге жеткен. Жолдасы Фазыл Мұхамедқалиев те академик, ауылшаруашылығы саласының маманы болды.
Қайрат ИСХАН, ҚҰАЗУ-дің Ветеринария факультеті, академик Н.Базанова атындағы физиология, морфология және биохимия факультетінің меңгерушісі, профессор:
Нәйлә апайдың жетістігін ешкім қайталаған жоқ
– Нәйлә апай Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген соң осы университетте ассистент болып қызметін бастайды. Осы жерде профессор дәрежесіне дейін көтеріледі. Яғни осында ғылым жолы басталды. Қазақстанда физиология мектебін қалыптастырады, көптеген шәкірт дайындайды. Оның ішінде академиктер Тәшенов, Дүйсенбиндер бар.
Бұл кісінің ерекшелігі – малдың асқорыту жүйесін өте терең зерттеді. Асқорыту жүйесіндегі ішектегі асқорыту, қарындағы асқорыту, сілекейдің құрамы мен қасиеті туралы зерттеп, тұжырымдарын жасады. Бұдан соң «Физиология животных» деген оқулық жазды. Ол оқулық кеңес өкіметі кезіндегі бүкіл аграрлық оқу орындарына пән ретінде енді. Осы кітаптың негізінде өзінің шәкірті Төретай Несіпбаев 1990 жылдардың басында «Жануарлар физиологиясы» деген екі томдық оқулықты бекітті. Міне, сол кітап бүгінге дейін оқытылып келе жатыр.
Н.Базанова күйіс қайыратын малдардың асқорыту жүйесіне ерекше мән берген. Тағы бір ерекше еңбегі – мембраналық асқорытуды ашқан Угольков деген орыс ғалымының еңбегіне де үлесі болды. Демек, Нәйлә апайдың ғылыми еңбегі бүгін де құндылығын жоғалтқан жоқ. Жыл сайын 500-600 шәкірт «Жануарлар физиологиясын» оқиды. Соның бәрі асқорытуға келгенде академик Базанованың мембраналы асқорытудың төрт түлікке тән екендігін біледі. Нәйлә апайдан соң бұл салада керемет жетістікке жеткен ғалымдар бар деп айта алмаймын. Физиология, морфология және биохимия кафедрасы 2000 жылдың басында профессор Төретай Несіпбаевтың ұсынысымен ашылды.
Болатқали ТӨЛЕБАЕВ, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент:
ӘЙГІЛІ АКАДЕМИК БОЛСА ДА ҚАРАПАЙЫМ КІСІ ЕДІ
– Нәйлә апай туралы мақалаларды алғаш рет «Қазақстан әйелдері» журналынан оқыдым. Ол кезде оқушымыз. Кейін қазіргі Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінде оқыдым. Сонда «Физиология» пәнін оқыдық. Әлі есімде, сары кітап болатын. Мәскеуде басылған. Сол кітаптың авторлар тізімінде Нәйлә Оразғұлқызының есімі бірінші тұратын. Соған таңғалатынмын. Себебі, қазақ авторларының Мәскеуден кітап шығаруы қиын болатын. Соның өзінен-ақ мықты ғалым екенін түсіндік. 1986 жылы Алматыдағы Мал шаруашылығы ғылыми институтына аспирантураға түстім. Сонда Нәйлә апаймен де, жолдасы Фазыл ағаймен де таныстық. Екеуі де академик. Екеуі екі институтты басқарды. Апай Одаққа белгілі әйгілі ғалым болды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ басшыларын жұмыстарынан босатты. Соның ішінде осы екі ғалым да кетті.
Апайдың физиологияға қатысты кітаптары, әртүрлі басылымдарға шыққан мақалалары көп еді. Соның бәрін қалдырмай оқып жүрдік. Баяндамаларын өз аузынан тыңдадық. Үйінен дәм де таттық. Шайды өзі құятын. Қонақжай адамдар еді. 1989 жылы ғылыми диссертациямды қорғадым. «Сәтті қорғап шықтым» деп апайыма айтып едім, «неге алдын ала айтпадың?» деп қалды. Әйгілі академик болса да сондай қарапайым еді. Келісті, көркем, мінезге бай адам еді. Физиология – іргелі ғылым. Апай соны өмір бойы зерттеді. Ол кісінің еңбектерін қазір де ғылымда пайдаланады. Оқулықтары бірнеше қайтара басылып шықты.
Міне, қазақтан осындай да тұлғалар шыққан. Алақандай ауылдан шығып, күллі кеңес одағына аты жайылған мақтанышымыздың бірі – Нәйлә Базанова. Үлкен жетістікке жету кішкентай қадамдардан басталатынының тағы бір дәлелі осы.
Асылан ТІЛЕГЕН
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2023

541 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *