- Таным
- 19 Қараша, 2023
БҰЛШЫҚ ЕТІ ДАЛАНЫҢ
(Эссе)
«Болаттан туған он едік...»
Балуанның күші, ақынның мысы басқанда,
Тіл шығады екен тұншығып жатқан тастан да.
Қаршадай күннен күреске түскен бауырым,
Қазақтың туын көтердің биік аспанға.
(Несіпбек Айтұлы)
Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұран сөзін Құран сөзіндей қабылдап, жас ұрпақтың санасына сіңіре берген жөн. Шын мәнінде, елдік мүддені қорғау жолында табандылық таныта алатын тұлғалардың аты хатта қалады. Жұртқа қызмет ету үшін қажет қайсар мінез адамға ананың сүті, атаның өсиеті арқылы берілсе керек. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қанша айтылса да жауыр болмайтын тәуір сөз бар. Ұяда көрген өнегең мол болса, елге тиер пайдаң да зор болмақ.
Қазақты әлемге танытқан даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов 1963 жылы 18 қарашада қазіргі Абай облысы Жарма ауданы Қалбатау ауылында дүниеге келді. Дәулеттің ата-анасы Болат Тұрлыханұлы мен Мәрзия Айтбайқызы – он бала тәрбиелеп өсірген жандар. «Оңай жолды таңдама, Тірлік – күрес, қатал сын... Адам болсын әр бала, Азамат боп атансын» деп еліміздегі балдырғандардың да, «Балдырғанның» да атасы Мұзафар Әлімбаев айтқандай, олар әр баласының да, бар баласының да тәлім-тәрбиесіне баса мән берді. Көзі ашық, көкірегі ояу Болат атамыз бен Мәрзия әжеміз еңбек, білім және спорт – тәрбиенің үштағаны деп білді. Осы үш мәселеге көп көңіл бөліп, он баланың жөн бала болғанын қалады.
Түске дейін ұйықтау Дәулет пен оның тоғыз бауырының түсіне де кірмеген әдет. Олар таңмен таласа тұрып, тыстағы шаруаға кірісіп кететін. Малды өріске айдау, қора тазалау, су тасу, отын жару, қар күреу секілді күнделікті күйбең тіршілікті қаңтарып қоя алмайсың. Екі ерке қыз – Гүлнәр мен Гүлмира бой жеткенге дейін үйдің ішкі тірлігі де ұлдардың мойнында болды. Осы бітпейтін жұмыстың бел ортасында Дәулет жүретін. Ата-анасының көңіліне кірбің түсірмеуді ойлап, айтқанын екі етпейтін.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі бапкер Болат Тұрлыханұлы балаларын жастайынан спортқа баулыды. Жазда бірге жүгіріп, қыста шаңғы тепті. Ұлдарына тоғыз-он жастан бастап еркін күрестің әдіс-тәсілдерін үйретіп, спорттың философиясын құлақтарына құйды. Оларға Тұрлыхан атасының ақын әрі балуан болғанын, атағы жер жарған Қажымұқанның батасын алғанын үнемі айтып жүрді.
Әкенің еңбегі ақталып, балалары тәуір нәтиже көрсете бастады. Әсіресе, үшінші ұлы Дәулет бозкілемде ешкімге есе жібермеді. Оның бойындағы талантын байқаған әке-бапкер баласының бас қалада шеберлігін шыңдағанын қалады. Ол кезде ілім-білімнің озығы интернетте емес, интернатта еді. Отағасының бұл шешіміне зайыбы: «Болат пен Мәрзия он баласын асырай алмай, Алматыға жіберді деген сөзге қалармыз», – деп уәж айтқандай болды. Алайда Дәулетінің де, әулетінің де болашағын ойлаған көреген әке айтқанынан қайтпады. Сөйтіп, 1976 жылдың тамыз айында ұлын ертіп, Алатаудың баурайындағы әсем қалаға жол тартты.
Әкесі мен баласы Алматыға келгенде, қабылдау мерзімі аяқталған екен. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деп бекер айтылмаса керек. Олар мектептің ауласында интернаттың аға жаттықтырушысы Меркіжан Қошаевты кездестірді. Мән-жайға қаныққан Меркіжан әкелі-балалы Тұрлыхановтарды мектеп директорының орынбасары Анатөлі Құлназаровқа алып барды. Сол жерде қосымша сынақ өткізіп, Дәулетті интернатқа қабылдады. Білікті мамандардың мұндай қадамға баруына сынақтың нәтижесі емес, Дәулеттің жай күндері де жасын ойнап тұратын жанары көбірек әсер етті.
Ауылда еркін күреспен айналысқан кейіпкеріміз мектеп-интернатта Меркіжан Қошаев, Таңат Сағындықов сынды бапкерлерден грек-рим күресінің әліппесін үйренді. Көп ұзамай жақсы жетістіктерге қол жеткізе бастады. Қажымұқан мектебінің қабырғасында жүріп Алматы қаласы чемпионатының қола жүлдегері, ел біріншілігінің жеңімпазы, спорт интернат тәрбиеленушілерінің арасында КСРО жүлдегері атанады. Бұдан бөлек, талай додада өнер көрсетті, жүлдесіз қалмады.
Әдетте балуандар білімге қырын қарап, спортқа серік қоспайды. Бірақ Қасен қажының шөбересі, Тұрлыхан ақынның немересі, Болат ұстаздың ұлы Дәулет оқуды күрестен кем көрмеді, тең көрді. Мұғалімдердің айтқанын құлағына құйып, көңіліне түйіп алды. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысалмен тұздықтай кетейік. Интернатта кейіпкеріміздің сынып жетекшісі болған Людмила Қыздарбекова «Ұлт болмысы» журналында жарияланған естелігінде шәкіртін сабырлы, сөзге берік, үлгілі оқушы болғанын айтады. Ал физика пәнінен сабақ берген Гүлзипа Асылқызы Дәулеттің сабақты жақсы оқығанын, қосымша лаборатория жұмыстарын өзі сұрап алатынын және радиоқабылдағыш құрастырып, сөйлеткен жалғыз оқушы болғанын жазды. Дәукең кейін де білімнен қол үзбеді. Ғылымның бағасын түсініп, қолын дөп әрі көп сермеді. Педагогика ғылымының кандидаты, профессор атанды.
Дәулет мектеп-интернатты 1981 жылы бітіріп, Қазақ сәулет-құрылыс академиясының сырттай бөліміне оқуға түседі. Сол кезеңде оның бойы өсіп, бір жылда он сегіз келі салмақ қосып алған еді. Спорт мамандары жас балуанның болашағына күмәнмен қарап, үмітін үзе бастады. Осындай сындарлы сәтте білікті бапкер Александр Лебедев Дәулетті Армияның орталық спорт клубына шақырып, жаттықтыра бастады. Ол шәкіртінің бабын тауып, жарқын жеңістерге жол ашты.
1985 жылы Набережные Челны қаласында өткен Кеңес одағының жастар біріншілігінде кейіпкеріміз үшінші орынға табан тіреді. Сол тай жарыста грек-рим күресінен КСРО құрамасының бас бапкері, кіл мықтыдан шын мықтыны ажырата білетін Геннадий Сапунов Дәулеттің дарыны мен арынын байқады. Ол қазақтың қайсар жігітін оқу-жаттығу жиындарына шақырып, жас балуанмен жұмыс жүргізе бастады. Соның нәтижесінде, кейіпкеріміз 1986 жылы ересектер арасындағы Кеңес одағы чемпионатының ақтық сынында әйгілі балуан Александр Кудрявцевті айқын басымдықпен ұтып, жеңімпаз атанды. Оның бұл жетістігіне еліміздің спортсүйер қауымы бір марқайып қалды. Әсіресе, өзі білім алған Қажымұқан атындағы спорт интернатының ұжымы қатты қуанды. Себебі 1985 жылы бұл білім ордасының басына бұлт үйірілген еді. Орталық комитет «Чемпион шықпады» деген сияқты сегіз сылтау, жеті желеумен мектепті жаппақшы болады. Сонда ұлағатты ұстаз Лейлә Сопбекқызының ұйытқы болуымен ұжымның белсенділері жоғары жаққа хат жазады. Кеңес билігі мектеп қызметкерлерінің жанайқайына құлақ түргендей болды. Нақты нәтиже талап етіп, бір жыл уақыт берді. «Бірнеше жылда шықпаған чемпион бір жылда қайдан шықсын» деп бәрінің ұнжырғысы түсіп жүргенде, 1986 жылы интернат түлегі Дәулет Тұрлыханов КСРО чемпионы атанып, алтын ұясына араша бола білді.
Қалбатаудағы қара шаңырақ пен Алатаудың баурайындағы білім ордасында көрген өнегесі бала Дәулеттің бойында ізгі қасиеттердің бүр жарып, оның сайыпқыран спортшы және адал азамат болып қалыптасуына зор ықпал етті.
Көк тудың желбіргені...
Арғы атаң қажы, бергі атаң ақын болғанда,
Өз әкең палуан – соққысы қатты сом балға.
Қазақтың туы ешқашан төмен түспейді,
Солардан қалған асылдың көзі сен барда.
(Несіпбек Айтұлы)
Ақиқат – тарихтың темірқазығы. Өткен күннің еншісінде қалған оқиғаларды зерделегенде жақсысын жасырып, жаманын асыруға болмайды. Шындыққа арқа сүйеп, әділдік таныту керек. Осы орайда Кеңес заманын сөз еткенде қара бояуды қалыңдау жағып, төл тарихымыздың тұтас бір тарауын сызып тастамаған жөн. Ол дәуірдің де ұтымды тұстары болды. Мысалы, спорт саласы қарыштап дамыды. Әсіресе, күрестің тасы өрге домалады. Он бес республиканың балуандары боз кілемде тер мен қанын тел төгіп, барын салды. Одақ оғландары төрткүл дүниедегі байрақты бәсекелердің бас жүлдесін бермеді. «Сен тұр, мен жатайын» деп жүрген жалқаулар жоқтың қасы еді. Кеңес одағы чемпионатының беделі әлем біріншілігінен бір мысқал кем болмады. Ол сайыста бас жүлде алу үлкен жетістік саналды. Міне, осындай бәсі жоғары бәсекеде Дәулет Тұрлыханов қатарынан жеті жыл топ жарып, 1986 –1992 жылдар аралығында Кеңес одағының жеті дүркін чемпионы атанды. Өзге республикалардың бапкерлері мен спортшылары оның шеберлігіне тәнті болып, таңдай қақты.
1988 жылы өткен Сеул олимпиадасында Дәулет нағыз бабында болды. 74 келі салмақта сынға түсіп, қарсылас шақ келтірмеді. Алып та жықты, шалып та жықты. Сол жамбасына келгенін сұлатып, оң жамбасына келгенін оңдырмады. Төрт қарсыласын таза жеңіп, екеуін айқын басымдықпен ұтты. Сол қарқынмен ақтық сыннан бір-ақ шықты. Алайда соңғы белдесуде балуаннан емес, төрешіден «таяқ жеді». Біздің батырдың қарсыласы Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Ен Намға төреші Тойволаның бір емес, қос бүйрегі бұрды. Ол Тұрлыхановтың тәсілдеріне сол көзімен қарап, Кимнің күресіне оң қабақ танытты. Соның нәтижесінде, бас жүлде қарсыласына бұйырды. Сайыстың Сеулде өткенін және Кимнен басқа кәріс балуандарының боз кілемде аяғы аспаннан келгенін ескерсек, төрешінің тосын әрекетін түсінгендей боламыз. Бұл – қазақтың қара баласының емес, Матущак, Сапунов, Дымов сынды білікті мамандардың пікірі. Белгілі ақын Дәуірбек Дүйсебаев осы белдесуден айрықша әсер алып, «Олимпиада» атты поэма жазды. Онда шайыр: «...Кеш. Әуежай. Өтуде кісі ағыла, Отырмақ боп Мәскеудің ұшағына, Тұрды Дәулет. Кенеттен Ким келді де, Тартып оны орады құшағына», – деп Ким Ен Намның өзі келіп, кешірім сұрағанын өлеңмен өрді. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қазақ емес пе, батырымыз қарсыласын өзекке теппей, бауырға басты. Осылайша Дәулеттің даналығы мен Кимнің кішіпейілдігінің арқасында боз кілемдегі текетірес ұлы достыққа ұласты. Айтпақшы, сол аламанның ақтық сынында төрешілердің тепкісін көрген жалғыз Дәулет емес. Америкалық Рой есімді боксшы финалда қарсыласын нокдаунға жіберіп, таза жеңгенімен, бас жүлде бұйырмады. Иә, бұл аты аңызға айналған кәдімгі Рой Джонс еді. Ол кейін қазылардың әділетсіздік жасағанынын әр сұқбатында айтып жүрді. Ал Дәулет болса кінәні өзгеге артпай, өзінен іздеді. Еңсесін түсірмей, жатпай-тұрмай жаттығу жасады. Соның нәтижесінде, келесі 1989 жылы әлем біріншілігінде атой салып, чемпион атанды.
1992 жылы өткен Барселона олимпиадасына бодандықтың қамытынан босаған елдер Тәуелсіз мемлекеттер достастығының атынан қатысты. Грек-рим күресінен ТМД құрамасын бұрынғы Кеңес одағы командасының бапкерлері жасақтады. Дәулет Виктор Малов және Мұрат Карданов сынды қарсыластарынан айласын асырып, Олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Алайда дүбірлі додаға екі апта қалғанда жаттығу үстінде Дәулеттің көзіне қарсыласының бармағы кіріп кетіп, қатты жарақат алды. Дәрігерлер көзінің ағын тігіп, ем-дом алуға кеңес берді. Көзі ауырып, қан қысымы жиі көтерілгеніне қарамастан, кейіпкеріміз дайындықты жалғастыра берді.
Белгілі ақын Алмас Ахметбекұлының «Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен ту, Жан емес, маған керегі – Көк тудың желбірегені» деген өлең жолдарын білмейтін адам кемде-кем шығар. Бұл сөздің қадірін Дәулеттен артық түсінетін қазақ жоқ деуге болады. Дүбірлі дода басталар алдында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы» туралы заң қабылданған еді. Сондықтан төрт жылда бір өтетін аламанның ашылу салтанатына өрендеріміздің бірі көк байрақты көтеріп шығуға тиіс болды. Сол кезеңде ел спортының тізгінін ұстаған Қаратай Тұрысов бұл маңызды міндетті Дәулет інісіне жүктеп, айрықша сенім артты. Сөйтіп, Дәулет Тұрлыханов тәуелсіз Қазақстанның командасын тұңғыш рет Олимпиада ойындарына бастап шықты. Күллі әлем қазақтың көк туына қарап тамсанды. Сайдың тасындай жігіттеріміз бен қаракөз қыздарымызға қарап сүйсінді. Қазақстан деген мемлекеттің құрылғанынан хабардар болды. Теледидарға телмірген жұртшылықтың қуанышы қойнына сыймады. Осылайша, егемен еліміздің спорттық жылнамасы басталды.
Ашылу салтанатының әуре-сарсаңымен жүріп, әбден шаршаған атлеттеріміз қонақ үйге түнгі төрт шамасында келді. Таңертең грек-рим күресінен жарыс басталуы керек. Аз-кем көз шырымын алған Дәулет таңғы сағат жетіде салмақ өлшеуге барып, он шамасында алғашқы белдесуін өткізді. Сол күрескеннен мол күресіп, қолаға жетіп тоқтады. Әрине, жарыс алдында жақсылап тынығып алғанда, нәтиже бұдан да жоғары болары сөзсіз еді. Алайда отаншыл азамат өзіне артылған мерейлі міндетке атүсті қарамады. Байрақты биік ұстап, егемен еліміздің өрендерін жарқын жеңістерге жетеледі. Сөйтіп, жүлде мен ту таласқа түскенде, Дәулет Олимпиаданың алтынын емес, қазақтың туын таңдады. Осындайда «Тұлпар мініп, ту алған» деген бабалар сөзі Дәулет сынды ерлерге қарата айтылғандай көрінеді.
Кейіпкеріміз ерекше еңбекқорлығының және қайсар мінезінің арқасында биік белестерді бағындырды. Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы, әлем біріншілігінің күміс және қола жүлдегері, әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы және қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, КСРО біріншілігінің жеті дүркін жеңімпазы атанды. Бұдан бөлек, талай жарыста оза шауып, бәйге алды.
Қайбір жылы спорт журналистикасының сайыпқыраны Амангелді Сейітханның «Жас алаш» газетінде «Діңгек» атты ойтолғауы жарияланды. Сонда Аман аға аты аңызға айналған Александр Карелиннің «Жүз жерден олимпиада чемпионы болсақ та, Дәулеттің жанында күміс жүлдегер секілдіміз. Ресейді айтпай-ақ қоялық. Бүкіл әлем Тұрлыханов десе тік тұрады» деп тебіренгенін жазған еді. Біз бұл пікірді көптеген байрақты бәсекеде бірге өнер көрсеткен Саша ағайдың қазақ бауыры жайлы айтқан жаттанды сөзі емес, жан сыры деп түсіндік. Айтса айтқандай, Алаштың атын әлемге танытуға кейіпкеріміздің қомақты үлес қосқаны сөзсіз.
Күш атасын танымас
Туласа бойда қайрат пен жігер, батылдық,
Жетелер шыңға бабаға біткен батырлық.
Айқасып жатсаң шетелде кілем үстінде,
Айғайға басып аруақты талай шақырдық.
(Несіпбек Айтұлы)
Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау спорт саласын да айналып өтпеді. Дарабозды құлын шағынан баптап, қамау терін алып, аламанға қосатын жүйе келмеске кетті. Сол кезеңде егемендікке енді ғана қол жеткізген мемлекетіміз спортты жан-жақты қолдауға ықыласы болғанмен, мүмкіндігі болмады. Көптеген спортшы бағын басқа салада сынап көруге бел буды. Адал ісіне сенгендер жеке кәсіпке бет бұрды. Қара күшке сенгендер қылмыс әлемінің серкелері мен қошақандарына айналды. Бірқатар спорт түрі құлдырап, көрсеткіштер күрт төмендеді.
Осындай сындарлы сәтте Дәулет Тұрлыханов грек-рим күресінен ұлттық құраманың тізгінін қолға алды. Ол 1993–1999 жылдар аралығында бас бапкерлік міндетін мінсіз атқарып, ел абыройын асқақтатты. Талай талантты жасқа күрестің қыр-сырын үйретті. Олардың шеберлігін шыңдай түсу үшін ұзақ жыл грек-рим күресінен КСРО құрамасының бас бапкері болған білікті маман Геннадий Сапуновты Қазақстанға алдырды. Бәсеке жеңістің бауыры екенін түсініп, Юрий Мельниченко мен Мхитар Манукянды елге шақырды. Жаттықтырушылар мен спортшыларға барынша қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде, балуандарымыз боз кілемде жасындай жарқылдап, қарсыластарының құтын қашырды. Юрий Мельниченко олимпиаданың жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы, екі дүркін күміс жүлдегері, Азия біріншілігінің екі дүркін чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Мхитар Манукян әлем біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы және Азия чемпионы атағын иеленді. Бақтияр Байсейітов әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері, Азия чемпионатының (екі дүркін) және Азия ойындарының жеңімпазы болды. Бұдан бөлек, көптеген балуан байрақты бәйгелерде оза шауып, ел намысын қолдан бермеді.
Кейіпкеріміз бас бапкер ретінде тың тәсілдер қолданып, ұлттық құраманы жарқын жеңістерге жетелей білді. Сөзіміз дәлелді болу үшін Дәулет батырдың маңдай терімен жазылған бір қызық оқиғаны баяндай кетейік. Сексенінші жылдардан бастап Азия құрлығында Оңтүстік Корея командасы көш бастады. Ірі жарыстарда кәріс балуандары командалық есепте бірінші орыннан төмен түспеді. Бұл жағдай намыстан жаралған Дәулетке маза бермеді. 1995 жылы Манилада өткен Азия біріншілігінің алдында бас бапкер бұрын-соңды ешкім бармаған тәуекелге бел буды. «Азия чемпионатында біздің команда бірінші орын алуға тиіс» деп өзіне серт берді. Сөйтіп, команданың мықты балуандарын бір сатыға жоғары көтеріп, қарсыластарын қапы қалдыруды ойлады. Мәселен, 68 келіде белдесіп жүрген Руслан Жұмабековті 74 келіге ауыстырды. 74 келіде қарсылас шақ келтірмейтін Бақтияр Байсейітов 82 келіде белдесетін болды. 90 келі «классик» Сергей Матвиенконы 100 келіге көтерді. Ал өзі 82 келіден аттап, 90 келі салмақта өнер көрсетем деп шешті. Әрине, бас бапкердің бұл шешіміне күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Өз салмағыңдағы мықтылармен белдесу оңай шаруа емес. Ал біздің жігіттер өздерінен ауыр атлеттермен күш сынаспақшы. Бірақ күрестің жілігін шағып, майын ішкен Дәулет өзіне де, жігіттерге де сенімді еді. Манилада Қазақстан командасының құрамымен танысқан Оңтүстік Корея бапкерлерінің көзі атыздай болды. Себебі олар біздің балуандардан қауіптеніп, мұқият дайындалған болатын. Спортшыларын күндіз-түні жаттықтырып, қаққанда қанын, сыққанда сөлін алды. Біздің жігіттер белдескен жарыстардың бейнежазбасын қарап, ұрымтал тұстарын егжей-тегжейлі зерттеді. «Филиппин еліне қазақтарды қалпақпен ұрып аламыз, алтын жүлдені қырып аламыз» деп келді. Бірақ жарыстың алдында жоспарларының тас-талқан болғанын түсінді. Ақырып, ах ұрып, шарасыздық танытты. Сонымен, көптен күткен белдесулер де басталды. Руслан Жұмабеков, Бақтияр Байсейітов және Сергей Матвиенко үмітті ақтап, бас жүлдені жеңіп алды. Енді бапкер әрі балуан Дәулет Тұрлыханов пен Ун Син Ан арасындағы кездесу ғана қалды. Осы сында Дәулет жеңсе, төрт алтын және үш қола жүлдесі бар Қазақстан құрамасы бірінші орын алады. Осыны жіті түсінген Дәулет кездесуде аянып қалған жоқ. Бірақ төреші Дәулеттің тәсілдерін көзге ілмей, қарсыласына болысты. Белдесудің аяқталуына санаулы секундтар қалған еді. Осы жолы жеңілсек, оңтүстіккореялықтар тағы да алдымызды орап кетеді. Таяқ тастам жерде отырған Руслан, Бақтияр және Сергей «Дәуке, біз сөзімізде тұрдық, кезек өзіңізде. Кореяны жеңейік деп шабыт беріп, енді өзіңіз есе жібересіз бе?» дегендей қарап қалыпты. Осыны ойлауы мұң екен, Дәулет қайратына қайта мінді. Өзінен он келі ауыр қарсыласын қапсыра құшақтап, кілемге атып ұрды. Сол сәтте залда отырған ат төбеліндей аз қазақ қиқуға басқанда, жарыс Манилада емес, Мақаншыда өтіп жатқандай көрінді. Төреші кейіпкеріміздің қолын көтерді. Қазақстан құрамасы 82 ұпай алып, командалық есепте бірінші орынға табан тіреді. Дәулет батыр сөзінде тұрды. Бірнеше адамның міндетін бір өзі абыроймен атқарып, жоқтан бар жасады. Мысалы, кәрістердің бас бапкері – Ким Ен Нам, қазақтардың бас бапкері – Дәулет Тұрлыханов, кәрістердің бас балуаны – Ан Хан Бон, қазақтардың бас балуаны – Дәулет Тұрлыханов, кәрістердің бас демеушілері – аса ірі алпауыт компаниялар, қазақтардың бас демеушісі – «Дәулет» кәсіпқой спорт клубы. Міне, кейіпкеріміздің жанкештілігінің арқасында Қазақстан құрама командасы құрлықта көш бастады. Келесі күні Ким Ен Нам Қыдырбек Рысбек ағамызға «Дәулет досым менен қай жағынан да күшті екенін дәлелдеді» деп ағынан жарылыпты. Мықтыны мойындай білген Ким де нағыз азамат екен!
Бас бапкер Дәулет ұлттық құраманы 1996 жылы өткен Атланта олимпиадасына да бастап барды. Өзі де тыңғылықты дайындалып, бағын сынап көрмек болды. Салмағы 80 келіге жетпесе де, 82 келі тартатын мықтылармен күш сынасуға тәуекел етті. Себебі 1995 жылы Прагада өткен әлем біріншілігінде Бақтияр Байсейітов 74 келіде өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанған болатын. Сонда оған Дәулет ағасы Атлантада осы салмақта күресесің деп уәде берген еді. Ол сөзінде тұрып, шәкіртінің 74 келіде күресуіне мүмкіндік берді. Есесіне, өзіне оңай болмады. Жарыстың алдында әбден тер төгіп, салмақ өлшеу кезінде 82 келіге әупірімдеп жүріп әзер түскен қарсыластары, келесі айналымға дейін біраз салмақ қосып алды. Соның нәтижесінде, кейіпкеріміз өзінен анағұрлым ауыр балуандармен белдесті. Намысты қолдан бермеу үшін барын салып, төртінші орынға табан тіреді. Жалпы Дәулет әрдайым ұлт ұпайын түгендеп жүрді. Өз басын төрге емес, команданы өрге сүйреуді ойлады. Әр балуанның көптің бірі емес, пірі болғанын қалады. Кез келген дүбірлі додада команданың жетістігі алтынға қарап бағаланатыны белгілі. Қоланы қырып алсаң да, жалғыз алтынды жырып алған елдің мерейі үстем болады. Тәуелсіздік жылдары грек-рим күресінен Қазақстанның командасы олимпиада ойындарында алты медальды қанжығасына байлапты. Соның ішінде бір алтын, бір күміс және төрт қола жүлде бар. Міне, бізге бұйырған сол жалғыз алтынды Дәукеңнің төл шәкірті Юрий Мельниченко осы Атланта олимпиадасында ұтып алды. Сөйтіп, балуан Дәулеттің алтын алсам деген асыл арманын бапкер Дәулет ақиқатқа айналдырды. Кейіпкеріміз жаттықтырушы ретінде бір Олимпиада чемпионын, бес әлем біріншілігінің жеңімпазын және көптеген Азия чемпионаты мен ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін тәрбиеледі. Ұлттық құраманың балуандарын Дәулет Тұрлыханов баптаған кезеңді еліміздегі грек-рим күресінің алтын дәуірі деп атауға әбден болады.
«Артыңа бұрылып қарама...»
Тау менен дала тегіне тартқан, арысым,
Тұлғаңды сенің болашақ түгел танысын.
Қажымұқанның қасиет тұтып киесін,
Келесің қорғап ұлтыңның ұлы намысын.
(Несіпбек Айтұлы)
Дәулеттей баһадүрді дүниеге әкелген батыр ана, ұлағатты ұстаз Мәрзия Айтбайқызының «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады. Тегі бекзат болғандар, Өмірдің мәнін ұғады. Тұғырында өмірдің, Әрқашан биік тұрады!» деген жақсы сөзі бар. Осы орайда кейіпкерімізді тегіне тартып туған ұл деуге болады. Оның атасы, ақын Тұрлыхан Қасенұлы ел игілігі үшін аянбай тер төккен азамат. Ол ұстаздық етіп, Қайым Мұхамедханов сынды дарынды шәкірттерді тәрбиеледі. Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан өлкелік ұйымын басқарды. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров сынды біртуар тұлғалармен бірге жүріп, ұлт руханиятын өркендетуге атсалысты. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккенде: «Ұямнан ұшқан қыранмын, Өсірген өзің ұланмын. Қайтпас қайсар қазақпын, Халқымдай мен де азатпын» деп ар-намысын аяққа таптатпады. Атасының бойындағы отаншылдық, еңбекқорлық, қайраткерлік, адалдық сияқты асыл қасиеттер Дәулет немересіне көшкен секілді. Ол қай қандай іспен айналысса да, ұлт мүддесін жоғары қойды.
Тоқсаныншы жылдары жоқшылық жағадан алып, таршылық етектен тартқанда, көзі де, қолы да батыр кейіпкеріміз кәсіпкерлікпен айналысуға бел буды. «Дәулет» кәсіпқой спорт клубын ашып, талай таланттың шеберлігін шыңдады. Түлкі заманды тазы боп шалудың қамын ойлады. Тапқан табысының басым бөлігін спортты қолдауға жұмсады. Ол тұста қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген бапкерлердің барар жер, басар тауы Дәукең болатын. Кейіпкеріміз күрес, бокс, дзюдо, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, су добы, гандбол, баскетбол, допты хоккей және басқа да спорт түрлеріне қаржылай көмек көрсетті. Түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуына жәрдемдесті. Олжалы оралған саңлақтар жеңіп алған кубоктары мен медалдарын қамқорлық танытқан ағасына әкеп берді. Қазір сол жүлделер балуанның жеке мұражайының төрінде тұр. Тіпті кейбір дарынды спортшыларға өз қаражаты есебінен де, демеушілердің көмегімен де баспана, көлік алып беріп, олардың алаңсыз жаттығуына жағдай жасады.
Дәулет Тұрлыханов өскелең ұрпаққа да, аға буынға да қамқорлық танытудан жаңылған емес. Ол бірқатар өңірде сәні мен салтанаты келіскен кешендердің бой көтеруіне ұйытқы болды. Бұдан бөлек, көптеген спорт мектебіне қарайласып, қажетті жабдықтарды, спорт формаларын, автобустар алып берді. Қиын-қыстау кезеңде өзі оқыған мектеп-интернатты азық-түлікпен, төсек орынмен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Жастар мен жасөспірімдер арасында жарыстар ұйымдастырып, таланттардың танылуына жол ашты. Спорт ардагерлеріне де көп көңіл бөлді. Қажет кезде қастарынан табыла білді. Денсаулығы сыр берген ағаларының ем-дом алуына көмектесті. Қартайғанда жалғыз қалған бапкері Геннадий Сапуновты Қазақстанға алдырып, әкесінен кем көрмеді. Осылайша, Дәулет үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің озық үлгісін танытып жүр.
Өмірдің өзіне күрестің өлшемімен қарайтын кейіпкеріміз жұртқа жақсылық жасаудан жарысқа түсіп, алдына жан салмай келеді. Зиялы қауымға, өнер адамдарына, қамқорсыз қалған қарттарға, ата-ананың мейірімін көрмеген жетімдерге үнемі қол ұшын беріп тұрады. «СемАЗ» автокөлік құрастыру зауытын ашқанда, алғашқы он тракторды жеке шаруа қожалығы бар көпбалалы он отбасына сыйға тартты. Сөйтіп, жауапты жұмысты сауапты іспен бастады. Бүгінде аталған кәсіпорын табысты қызмет етіп, бес жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Қалың көпшілікті әбігерге салған пандемия кезінде көптеген мұқтаж отбасына жәрдем берді.
Дәулет Тұрлыханов 2000–2004 жылдар аралығында Туризм және спорт агенттігін басқарды. Кейін екі жыл Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне қарасты Спорт комитетіне жетекшілік етті. Ол агенттік төрағасы болып тағайындалғанда, екі маңызды сала – спорт пен туризмді дамытуға жауапты бұл мекемеде отызға жуық адам ғана қызмет етті. Соған қарамастан ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылды. Бір жылдың ішінде екі өте маңызды бағдарлама қабылданды. Атап айтқанда, 2001 жылы елімізде тұңғыш рет Туризмді дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Әдетте, мұндай бағдарламалар бес-алты ғана жылға жететін. Ал аталмыш концепция он сегіз жыл бойы күшін жоймай, еліміздегі туризм саласының тұсауын кескен ақжолтай құжат болды. Сондай-ақ сол жылы Дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2001–2005 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданды. Соның нәтижесінде, еліміздің әр аймағында спорт кешендері салына бастады. Дарынды балалар үшiн мектеп-интернаттар ашу қолға алынды. Бір сөзбен айтқанда, басшы Дәулеттің сала тізгінін ұстаған алты жылда атқарған қыруар шаруасы бір мақала емес, қалың кітапқа жүк болуға жарайды.
Кейіпкеріміз биылғы Парламент сайлауында бір мандатты округтен сайысқа түсіп, көпшіліктің қолдауына ие болды. Ол бұдан бұрын Жоғары Кеңестің және екі мәрте Мәжілістің депутаты болып, халыққа қызмет еткен. Сол тәжірибесіне сүйенген Дәулет жұмысқа білегін сыбана кірісіп кетті. Қазір Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде өте маңызды бірқатар заң жобасын әзірлеуге белсене атсалысып жүр. Әсіресе, ұрпақ санасын улап, ұлт саулығына қауіп төндіретін – есірткі мен «вейп» электронды темекісінің таралуына тосқауыл қою мәселесін мықтап қолға алды.
Дәулет тоқсаныншы жылдары белгілі кәсіпкер Еркін Қалиевпен бірлесіп, «Ер-Дәулет» ақпарат агенттігін құрды. Қыдырбек Рысбек бастаған агенттіктің өкілдері әлемнің әр түкпіріндегі айтулы оқиғалардың ортасынан хабар таратты. Тіпті мемлекет басшыларымен бірге ресми сапарларға барып, жаңалықтар қызметінің міндетін мінсіз атқарды. Желден желінің жылдамдығы жүйрік қазіргі заманда қажетті ақпаратқа қол жеткізуден оңай нәрсе жоқ. Ал халық жарыққа жарымай жүрген ол уақытта бұл өте өзекті мәселе еді. Сондай-ақ агенттіктің қолдауымен біраз ақын-жазушылардың кітаптары, түрлі жинақтар, энциклопедиялар басып шығарылды. Осылайша, «Ер-Дәулет» қиын-қыстау кезеңде әлеуметтің сұранысын өтей білген ақпарат құралы болды.
Жұрттың қамын жеген ерді елі де қадірлейді. Дәулет қайда барса да, батырдың бағасын білетін азаматтар құшағын да, дастарханын да жайып, құрақ ұшып қарсы алады. Тоқсаныншы жылдары көп отбасы балаларына Дәулет деп ат қойып, айдар таққаны – кейіпкерімізге деген шынайы құрметтің шыңы. Дәулет Мұқаев (Дәулеттен), Дәулет Қыдырбекұлы және басқа да Дәулеттер қазір тепсе темір үзетін жасқа толып, ел игілігі үшін қызмет етіп жүр.
Балуан, бапкер, кәсіпкер, меценат, депутат, қайраткер Дәулет Тұрлыхановты соқтықпалы-соқпақты өмір жолында адастырмайтын бір ұлы мақсат бар. Ол – халқына қалтқысыз қызмет ету. Кейіпкеріміз осы азаматтық ұстанымға әрдайым адалдығынынан айныған да емес, айнымақ та емес.
Көңілдің көк дөненіне мініп, өмірінің белестерін шолып өткен кейіпкеріміз сәл тізгін тартып, интернатқа қабылданғанда әкесінің: «Ал, балам, оқуға түскенің құтты болсын!», – деп бұрылып жүре бергенін, тіпті артына бір қарамағанын ерекше сезіммен еске алды. Сонда бізге Дәулеттің жеңісті күндерінің бар сыры осы «бұрылып қарамауда» жатқан сияқты көрінді...
Руслан ЖҰМАН
825 рет
көрсетілді0
пікір