Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 20 Қараша, 2023

Біз неге классиктерді оқымаймыз?

Біздің сыныпта бір қыз бар еді. Біз доп  ойнап жүргенде ол кітап оқып отыратын. Бір күні мен ойын кезінде құлап, аяғымды ауырттым да, оның қасына отырдым. 

– Сен қандай кітап оқып отырсың? – деп сұрадым. Ол:

– Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» деген кітабы, – деді. 

Мен таңғалдым. Ондай жазушыны естімеппін. 

– Ұлы Отан соғысының ардагері, батыр әрі жазушы бабамыз туралы білмегенің қалай? – деп ол мені қатты ұялтты.

– Сол кезден бастап мен жазушыларды іздеп, оқи бастадым. Уақыт өте келе көптеген классик жазушылардың шығармаларымен танысып, сіңлім екеуміз бір-бірімізбен пікір алмасатын болдық.

Қазіргі уақытта біз ғаламторда көп отырып, классиктерді оқығанды мүлдем қойдық. Осыған мысал – жастар. Қазіргі жастар кітап оқуды қойды десем, қателеспейтін шығармын. Мен достарыма Александр Дюманың «Граф Монте-Кристо» романы жайлы айтып едім, ешкім оны елемеді. Тіпті кім екенін білгісі келіп, сұрастырған да ешқайсысы болмады.  

Классиктерді оқитын жастар да бар, әрине. Бірде сыныптасым Даянаның қолынан қаланың қарлы көшемен келе жатқан ер адамның суреті бар сұр кітап көрдім. Ол кітаптан бас алмай, қызыға оқып отыр еді. Кітаптың атауын сұрағанымда, Даяна:

– Орыстың ұлы классигі Федор Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасы» ғой, – деді. 

«Біздің сыныптастарымыз да классиктерді оқиды екен ғой» деп таңғалдым. Анама айтып, сол кітапты алғыздым. Анам:

– Достоевскийдің атағын әлемге жайған кітап. Оны оқығаның дұрыс болады, – деді.

Ол кітапты қазір оқып жүрмін. Қатты ұнағаны соншалық, қолымнан тастағым келмейді. Таныстарымның көбі Достоевскийді жапон анимесі арқылы біледі. Көбі оны жағымсыз кейіпкер, антагонист деп ойлайды. Достоевскийдің әлемге әйгілі жазушы екенін білмейді. Мектепте Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқыдық. Поэманың үзіндісін өттік. Құлагер Ақан Серінің бәйгенің алдын бермеген жүйрік тұлпары еді. 

Биыл жазда Алматының 28 Панфиловшылар саябағында орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайына бардық. Онда Ақан Сері, Абай, Махамбет, Дина мен Құрманғазы сияқты әйгілі ақын, әнші, күйшілердің домбыраларын көрдік. «Түпнұсқасы», «көшірмесі» деп тұсына жазып қойыпты.  «Шынымен мына домбыраны Абай, Махамбет, Жамбыл өз қолдарымен ұстады ма?» деп қатты таңғалдым.  Өзіме ұнағандарын суретке, бейнетаспаға түсіріп, құрбыма жібердім. 

Мұражайға кірмей тұрып, саябақтағы көгершіндерді суретке түсіріп едім. Құрбым суреттегі көгершіндерді көріп, Ақан Сері домбырасына көңіл аудармады. «Көгершіндерге қарайды, атақты ақынның домбырасын қалай елемейді?» деп іштей қапа болдым. Үйге келген соң осы ойымды анама айттым.

– Ақан Сері жайлы оқушы кезімде Сәкен Жүнісовтың «Ақан Сері» дилогиясын оқып, сол арқылы біліп едім, – деді анам. – Құлагер – Ақанның ғана емес, и,сі қазақтың мақтанышы болған таза тұлпар. Сағынай байдың асында Күреңбай сыншы: «Апыр-ау, бұл пырақ қой. Аттың он екі қабырғасы болады. Құлагердің он үшінші, бұғана қабырғасы бар екен. Бәйгеге шапқан басқа аттар діңкелеп, болдыра бастағанда екінші тынысы ашылып, адымы жазылады екен», – деп бас шайқағанын естіп, ағайынды Батыраш пен Қотыраш жолдан тосып, балтамен басын шауып өлтірген. Ақан өте талғампаз, кінәз адам болған. Басаралы атты төбеті мен Құлагер Біршек атты қолға мүлде түспеген қасқырды қуып жетіп, олжа қылған. Қараторғай атты бүркітіне арнап жазған әнін Димаштың орындауында тыңдай аласың. Әр әнінің өз тарихы бар. Әрқайсысы керемет. Қазақтың кең даласына аты жайылған Біржан Сал, Жаяу Мұса, Мәди, Балуан Шолақ сынды сал-сері, сазгерлері жайлы мен Зейтін Ақышев, Сәбит Мұқановтай классик жазушылардың кітаптары арқылы білдім. Мектеп оқушылары олардың өмірі мен шығармашылығын, қазақ өнерінің дамуындағы ролін біле ме екен? Анамның бұл сөзіне қатты ойландым. Ал сіздің сүйікті жазушыңыз кім? 

Айнұр ҚУАНЫШҚЫЗЫ, 
Алматы қаласы

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2023

611 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *